БАСЫМЫЗҒА ӨЗ БӨРКІМІЗДІ КИГЕНІМІЗДІҢ АРҚАСЫ
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын
Жер бетінде мыңнан астам (кейбір деректерде сәл көбірек) ұлт бар болса, соның 200-інің ғана мемлекеті бар екен. Аллаға шүкір, сол екі жүздің ішінде он миллион қазақ та бар. Саны жағынан бізді бірнеше орап алатын көптеген ұлттардың біреуге жалтақтап отырғанын еске алғанда, өзінің туы, тілі, астанасы, әлемдік нормаларға сай бекітілген шекарасы бар мемлекетің болғанына тәубе дейсің.
1986 жылы мектеп бітіріп, Алматыға келгенде бейне бір жат қалаға келгендей күй кешкенім есімде. Ол кезде Алматы түгілі облыс орталықтарында да өз тілімізде шүйіркелескен адамды сирек көруші едік қой. Осы күні қай жерде де қазақша қауқылдасқан жұртты көріп, шүкіршілік етесің.
1991 жылы 21 томдық «Қарақалпақ фольклорын» әкеліп бергенімде курстасым Әділ Ботпанов саны аз, біреуге күні қараған автономиялы республиканың осыншама байлықты жүйелеп, қағазға түсіргеніне қатты таңғалған. Кейін университет бітіріп, ҚР Ғылым академиясының «Әдебиет және өнер» институтына жұмысқа тұрған сәтімде біздің де мол мұрамызды жүйелеу жөнінде бастама көтеріліп, нақты жоспар жасалғанына куә болғаным бар. Нәтижесінде 100 томдық «Бабалар сөзі» дүниеге келді. Бұл да ең әуелі басымызға өз бөркімізді кигеніміздің арқасы!
Қазір әр облыс өз топырағында туған таланттарды түгендей бастады. Осы ретте 2005 жылы Ақтөбеде сонау Асанқайғыдан бастап бүгінгі біздің қатарымызға дейінгі сөз иелерінің «Жәдігер» атты антологиясы жарыққа шықты. «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен әзірге 23 том кітап шықты. Ақтөбеде енді облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Адырна» атты республикалық әдеби-көркем, көпшілік журналы оқырманға жол тартты.
Музыкадағы Әуезовіміз атанған Ахмет Жұбановқа бірде «Ақтөбеде емес, Қаратөбеде тумаған екем…» дегізген, классик жазушы Тахауи Ахтановқа, одан бергі сан дарынға «Ақтөбе қабылдамайды…» деген шарасыз сөзді айтқызған Ақтөбенің қақ төрінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атақты «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне ескерткіш қойылды. Тахаң мен Қуан ағаның әдемі ескерткіші бой көтерді. Көшелеріміз аруақты бабаларымыздың есімдерін иеленді. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы!
Тәуелсіздік тұсында әдебиетке келген біздің буын, бізден кейінгі буын қал-қадерінше еңбек етіп келеді.
Бір кезде ағаларымызға газет-журналға шығармаларын баспасөзге жариялау қиын болса, қазір ондай мәселе жоқ. Басылымдарды айтпағанда, жаңа ғана жазған дүниеңді әлеуметтік желі арқылы немесе сайт, порталдар арқылы жариялап жіберуге мүмкіндік бар.
Қазір баспалар жақсы авторларға өздері шыға бастады. Осы арада айта кететін бір мәселе бар. Біздің ағаларымыз бұрын 50-ге келгенде барып, мұқабасын қатырма қағазбен, 15-20 баспатабақ кітап шығарса, қазір әдебиетке келгеніне көп бола қоймаған талапкер де сондай мүмкіндікке ие. Баспалар да солай талап қояды. Меніңше, осы мәселеге бір үңілу керек сияқты. Баспа бекіткен көлемді толтыра алмаған жас талапкер жанталасады. Ал бұл өз кезегінде сапаға әсер етеді. Меніңше, жас талапкерге 5 баспатабақ көлеміндегі кітап та аздық етпейтін секілді. Әрине, хас талантқа ешкім тұсау болмайтыны хақ.
Осы кезге қаламақы мәселесі шешілмегені, кітаптардың өте аз тиражбен тарайтыны, өкінішті-ақ. Бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз.