ШАНШАР БАЛЫҚТЫҢ ӨЛІМІ
16.09.2016
1603
0

Саид Фаик Абасыйанык (1906–54) – ХХ ғасырдағы түрік әдебиетінің белді өкілі. Прозамен қатар поэзияға да көп көңіл бөлген. Әсіресе, түрік әңгіме жанрында орны ерекше – үлкен бетбұрыс кезеңін бастаған тұлға-қаламгер саналады. Шығармаларын қоғамның келеңсіздіктеріне емес, адамның қоғамдағы мәселелеріне арнап, адам болмысын түсінуге тырысқан. Ешқандай ағым, мектепке ермеген, еліктемеген. Журналистика саласында да еңбек еткен, аудармамен де айналысқан. Әңгімелерінде құстар мен балықтардың ерекшеліктерін арқау етіп, адам табиғатын ашуды көздеген. «Саид Фаик Абасыйанык – бір сәттік құбылыстан ғұмырлық тұжырым табудың шебері» дейді зерттеушілер.


Саид Фаик АБАСЫЙАНЫК

 

Бәрінің көздері әдемі-ақ. Тірі кез­дерінде бәрінің қабыршақтары әйел­дің көйлегіне, құлағына, алқы­мына тағуға лайық. Алмас, жақұт, ақық, зүмрүт дегендерің не тәйірі!

Әйелдер той-томалаққа тірі балықтың жон арқасының жалт-жұлт еткен түсімен баратын болса ғой шіркін: балықшылар – мил­лионға көміліп, балықтардың даңқы ас­пандар еді. Бірақ өкініштісі, ба­лық жонының жалтырауықтары ие­сімен бірге солып қалады, сол­ғанда да бүріскен қоңыз құсап мыжырайып кетеді.

Мен өлімін баян етпек болып отырған балықтың ондай көздің жауын алар жалтырақ қабыршағы жоқ. Қабыршағы да жоқ о сорлының. Жұқа ғана, білінер-білінбес көкшіл шалған түсі қошқыл тартып тұрады. Балық біткеннің сүйкімсізі. Жұқа ақ нейлон сияқты аузы үлкен, тістен жұрдай. Судан шыққан бойда аузы үңірейіп ашылады. Сол ашылғаны ашылған – қайта жабылмайды.

Түсі қошқылданып тұратынын айттым. Тұрқы жап-жалпақ – оны да айттым ба? Екі бүйірінің дәл орта тұсында бармақ басындай қарауыт­қан дағы барын ше?

Ұрым балықшылары хрисопсарос – Христос балығы деп атайтын бұл балық баяғы өткен заманда қор­қынышты теңіз құбыжығы болған деседі. Иса дүниеге келмей тұрғанда Жерорта теңізін үрейде ұстаған кө­рі­неді. Бірде-бір адам осы балықтан қор­қып финикиялық теңізге жолай ал­маған. Талайлардың кемесі төң­керіліп, талқаны шыққан. Жерорта теңізінің пендеден, айуаннан, дауыл мен жасыннан, нөсер мен бәлекет, тауқыметтен қорқып көрмеген жүрек жұтқан қарақшылары шаншар балықтың атын естігенде қал­тырап қоя берген деседі.

Иса бір күні теңіз жағалап келе жатып, қайықтарын зәре-құттары қалмай тастап қашқан балық­шы­лар­ды көреді. «Не болды?» – деп сұ­райды олардан. Балықшылар шу­лап қоя береді: «Құдай бетін аулақ қыл­сын! Құдай сақтасын мына бәле­кеттен! Қайығымызды қиратты, до­сымыздан айырылдық. Ең сора­қысы – балық аулай алмаймыз, аштан қырылатын болдық».

Жүздеген шаншар балық шор­шы­ған теңіз айдынына Иса жалаң аяқ, жалаң бас қалпында бет алады. Саусақтары салалы қолын салып жіберіп ең үлкенін судан суырып алады. Екі бүйірінен қысып ұстаған күйі еңкейіп құлағына сыбырлайды.

Сол күннен бастап шаншар балық теңіздің түрі қорқынышты, бірақ мінезі көнбіс, ең бір мүсәпіріне айналады. Бұл балықтың тұла бо­йында шеге, балға, қашау, қысқаш, ара, егеу секілді құрал-саймандарға ұқсас шошайған, тікірейген қыл­тық сүйектері бар. Біздегі атауы осыған орай шыққан болса керек. Жаңа­ғы «құрал-саймандарын» ай­нала кестелі жұқа нейлон құса­ған жарғақ көмкереді. Құйрығына қарай бұл үлбіреген жарғақ аздап қалың­дап, реңі қою тартып, балық құйры­ғына айналады.

Қармаққа ілінсе болды өмірінен – суынан түңіліп сала береді. Қандай үрейдің құшағына берілетінін кім білсін? Ол үшін енді өмірдің мәні қалмайды. Қармақтан құтылса да пайда жоқ. Су бетіне қалқып шыға­ды жап-жалпақ боп. Дөп-дөңгелек көздері мұң шаға қарайды адамға. Қайық түбіне түскен соң оның біраз­ға дейін үні өшпейді. Иә, иә, үні! Осы, сосын қарлығаш балық жаны шық­қанша қайық түбінде жатып ап ышқынғандай, ыңырсығандай болады. Жұқа жарғақ аузының ашыл­ғаны – шаншар балықтың түңіл­ге­нінің белгісі.

Бір күні балықшы асханасының алдындағы жары қызыл, жары ақ гүл ашқан қарағанның бұтағына ілінген шаншар балыққа көзім түсті. Басында түсі теңізден жаңа шыққандай қошқыл болатын. Өн бойында еш қыбыр жоқ. Жансыз тас па дерсің. Тек «саймандарын» айнала көмкер­ген жұп-жұқа, жібектен де үлбір жар­ға­ғы ғана дамылсыз діріл қағады. Өмірімде тап мұндай ойын көр­меп­пін. Иә, нағыз ойын болатын. Көзге көрінбес іш лебінің ойыны. Тұла бо­йы сыртында еш діріл жоқ. Тек әл­гі жарғақ үлбірей дірілдеп еріксіз көз тартады. Бір қарағанда адамды қызықтырып, көңілді елітетін бұл діріл, шынында өлім биі еді. Құдды шаншар балықтың жаны лүп-лүп етіп ана жұп-жұқа жарғағынан шы­ғып жатқандай, бір мысқал да қал­ма­ғанша дірілдей беретіндей.

Жаздың кей күндері үп еткен самал жоқта теңіз беті өзгеше түске бөленіп құлпыратыны болушы еді ғой. Мына діріл де тап сондай еліт­кіш еді. Адамның көңілін тербеп, жаныңды жайлылық жайлайды. Алай­да, балықтың өлім аузында еке­­нін ойласаң, бұл дірілдің ішкі мәні мұңға жетелері анық. Бірақ адам ондай ішкі мәнін бәрібір ес­кер­гісі келмейді. Бәлкім, бұл елден ерек тәтті бір өлім шығар. Бәлкім, балық өзін әлі суда, тұңғиықта жүргендей сезінетін болар. Қарын тоқ, уайым жоқ. Ымырт түскен кез. Теңіз түбінің құмы еркелете қытықтайтындай. Төменде аналықтың уылдырығы, үстінде аталық тұқымы ақырын ғана шайқалып тербеледі. Тұла бойы балбырай балқып бара жатқандай… Кенет күтпеген әсерлі нәрсе болды. Балық бірден құбылып ақырын-ақырын бозарып, өңі қашып, қуқыл тарта бастады. Маған солай көрініп тұр ма, жоқ әлде расымен бозарып бара ма деп ойлап, жіті көз жіберемін дегенше болмады, қателеспегенімді түсіндім.

Безекті жарғақтың ойыны кү­шейіп, ал балық бара-бара, сәт санап көз алдымда ағара бастады. Шаншар балықтың құтын алып, жүрегін жай­лаған үрейді іштей сездім. Бұл жан біткенге мәлім өлім үрейі еді.

Бәрін әбден түсінген. Теңіз тү­бінің тіршілік әлемінің біткенін. Ағыс бойымен ығудың да, тұңғиық­қа сүңгудің де, жап-жасыл мүк шо­ғын бүркенудің де, ертеңгілік жоға­рыдан тереңге тамылжи құйылған салқын сәуледен селк ете оянудың да, көк­шу­лан тартып құбылған күн көзінде құйрық ойнатудың да, су бетін көпіршітіп шоршып ойнаудың да, жыбырлаған мүк үстіне жатудың да, ай жарығында шомылудың да… бәрінің көзден бұлбұл ұшқанын, бәрі-бәрінің біткенін.

Шаншар балықтың жаны шы­ғып болмайды, өлімі ұзаққа созылады. Балық судың газ түріндегі біз ауа деп атайтын түріне құдды бой үйрет­кісі келетіндей. Тағы сәл шыдаса, үй­реніп кететіндей көрінетіні бар ма­ған.

Осы екі сағатқа созылатын жан-тә­сілім сәтін төрт сағатқа, төрт са­ғат­ты сегіз сағатқа, сегіз сағатты жиырма төрт сағатқа жеткізсек бар ғой, шаншар балықты өз арамызда бірдеңе істеп жүрген үстінен көретін сияқтымыз.

Оны ауаға – өз суымызға үйрет­кен күн бөркімізді аспанға атамыз. Бізде осындай түрі жаман ұсқынсыз, қорқынышты, ал мінезі өкпешіл, қойдай жуас, жасық, жаны нәзік, көңілшек, айналаға аялай әрі үрке қарайтын бір жан бар деп мақтанып, оны ренжіту үшін қолдан келгенді істейміз. Тосырқағанменен, басында шыдайды. Оны шайырға, тұн­жы­раған, түсініксіз біреуге айналдырамыз. Бір күн сезімін, ертеңіне мейі­рі­мін, үшінші күн ынжықтығын, момындығын жамандап, оны жанынан бездіреміз. Бойында бар бүкіл жақсы қасиетін біртіндеп тастайды. Ыза толы мысқылмен бел ортасын­дағы Исадан қалған бармақ іздерін саймандарымен қырнап кетіреді. Кө­не дәуірдегі құбыжық қалпына тү­седі.

Біздің суымызға бой үйретіп көр­­сін осыдан. Құбыжыққа айналдыру үшін ештеңеден аянбаймыз.

Аударған
Әміржан РЫСБАЕВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір