Ұлт-азаттық көтеріліс

0
729 қаралды

1916-3Үлкенсаз жайлауындағы жиыннан кейін, Ырғайты болысының бұрынғы биі – Әли Нұрғожаұлы да, ауыл-ауылға хабар беріп, қарулы көтеріліске шығуға жігіттер жинай бастаған болатын. Көп ұзамай, 1916 ж. 17 шілдеде Ырғайты болысына қарасты Көлқамыс бекетінде Бекет қорғаушы орыстармен жергілікті халықтардың арасында қақтығыс болады. Бұл – ел арасында «Көлқамыс бекетіндегі көтеріліс» – деген атпен қалған. Осы бекеттегі шайқасқа қатысқан ақын Кенен Әзірбаев өз көзімен көрген оқиғаны: «Он алтыншы жыл» атты өлеңінде: «Ат қойды Көлқамысқа үш мың кісі, патшаның солдаты екен тамның іші. Мылтықтан қалың елге оқ жаудырды, ойсырап кейін қашты топтың күші», – деп жазды.

Осы оқиға жайлы Ырғайты  болысы­ның №12 ауыл тұрғыны Қаймолда Айна­құлов жазып қалдырған қолжазбаны Айнақұлов­тың қызы Кеңес апайдан алып, Жандарбек Қарабасов түп нұсқасын өзгертпей, «Ноғайбай шешен» атты еңбегіне енгізген болатын. Айнақұловтың осы қол­жаз­ба­сындағымәліметке қара­ғанда, 1916 ж. мау­сым жарлығына қарсы Ырғайты бо­лысы­ның ауыл азаматтарын қарулы кө­теріліске бірлесіп шығуға шақырып, Қор­дай болысынан Кенен Әзірбаев пен Көшекбаев бастаған бір топ жігіттер және Шу болысынан Беке Базарбаев пен Садық Түктіқұртовтар да бір топ жігіттерді бастап Көлқамыс бекетіне келеді. Олар келісімен Ырғайты елінің 11-12 ауылының Әли Нұрғожаев, Байназар Тоғанасов, Сейдалы Орманов, Жарыл­қасынбай Тә­жиев, Төлек Жанұзақов, Әділбай Әдекеев, Жантұрсын Мәсірханов, Көпшілбай Жұмашов, Тайлыбай Байсалбаев, Қай­молда Айнақұлов, басқа ауылдардан келген жігіттер де қосылып, Көлқамыс беке­тінің маңына жинала бас­тайды. Олардың бұл іс-әрекетінен сескенген Әрсе (Арсений), Бабыл (Павел) дегендер Бекеттің (орыс­тардың орталық бай­ланыс  үйі) басшы адамдарын шақы­рып, там ішіне кіріп, Бекет маңына жиналып жатқан қазақ жігіттерінен құралған топқа қарсы оқ жаудырады. Міне, осы 1916 ж. 17 шілде күні болған қақтығыста, орыстар жау­дырған оқтан Байназар Тоғанасов пен Кордайдан келген Көшекбаев қаза тауып, ал Боқбасар Нұрбеков пен Сейдалы Орманов жараланады. Бұны көрген қалың бұқара түгелдей бекеттегілерге қарсы ша­буылға шығады. Бірақ күн батып, түнге айналады. Бекетке тығылған оқ  атушылар қаша бастайды. Шабуылшылар оларды қуып, іздеп жүріп түнгі сағат 12 шамасында бір пошташыны тауып алып, оны Ақбұзау дегеннің шыңырау құдығына тастап жібереді. Сол түнде  Әли Нұрғожаев, Әйнебек, Байториев Есімқұл, Қаймолда Ай­на­құловтар төрт адамын тағы да ұс­тайды. Олардың біреуі – бекеттің билеуші төресі, екіншісі – сол төренің әйелі, үшін­шісі – сол төренің старшыны, төртіншісі  – байланыс бөлімінің баласы екен. Ерте­ңі­не, яғни 18 июльде көтеріліс күшейіп, атыс үдей түседі. Өйткені, оларға көмек келіп, орыс әскерінің саны көбейіп, атыс күше­йіп, өлім көбейе бастағандықтан, көте­рі­лісшілер бет-бетіне қаша бастайды. Ал 19 июль күні көтеріліске қатысқан бас-аяғы 42 адам тауға қашып шығады. Тау ішінде  40 күндей болып, атыс тоқтағаннан кейін, Нұрбек Бөкешұлы, Мұңайтбек Солтанаев, Бекбала Дүйсенбаев, Әділбек Жайсаңбаев, Төлек Жанұзақов, Жарыл­қасын Тәжиев, Әділбай Әдекеев, Мәсір­ханов Жантұрсын, Көпшілбай Жұма­шов­тар, т.б. келсе, Көлқамыс бекетіндегі бай­ланыс үйіне келген орыс шенеуніктері сол жерде тұратын 12 жігітке окоп қазды­рып, оларды бір-бірлеп шақырып алып, атып өлтіріп, бәрін бір окопка салып кө­міпті. Солардың ішіндегі Бөшеннің ұлы Маулыбай деген жігіт кедей шарулардың жоқтаушысы екен. Көлқамыс бекетінің жанында Манапбай Саурықұлы, Аманбай Әбденұлы, Найзабек және тағы бір кісі бар, төртеуін де атып, бір құдыққа тастап ке­тіп­­ті. Айнақұлов қолжазбасының соңын­да, Көлқамыс бекетіндегі қақтығыстан кейін,тамыз айының басында Сарықойын деген жерде № 11 ауылдың 17 адамын және Сулы Қоянды сайының аузында Калыкел Мұстафаұлы мен №11 ауыл старшыны Сыбанқұл Тойшыбеков екеуін де орыс жендеттерінің атып кеткені туралы айтылады (Қарабасов Ж. Ноғайбай шешен. Зерттеу еңбектері – Алматы. «Алматы Болашақ» АҚ. 2014. 156-б.).
Осы Ырғайты болысының Сарықойын шатқалында орыс жендеттерінің № 11 ауылдың 17 адамын атқандарын көзімен көрген Бүркітбай қарияның жары – Нұрлайым апа бұл оқиға туралы былай деп айтқан: «Көлқамыс бекетіндегі қақтығыс аяқталған соң, тамыз  айында тауға қа­шып, үріккен елдің жақын арадағысы ауылдарына қайта қоныстана бастаған кез екен. № 11 ауылға орыс жендеттері келіп, әр үй­ден ер адамдарды жиып, Сарықойын шатқалының аузына айдап апарып, атқандардың ішінде Бүркітбай да болыпты. Жендеттердің атқан оғынан ол кісі жеңіл жараланып, құлап жатқан жерінде, өлген-өлмегенін анықтау үшін, жендет­тердің біреуі жамбас тұсынан мылтықтың штыгімен тағы бір шаншып, «өлді» деп ойлап, кетіп қалады. Ауыл жұрты оларды күндіз барып көруге батпай, кеш түсе барып қараса, жалғыз Бүркітбай ғана тірі екен. Оны қансырап жатқан жерінен ауылға әкеліп емдейді. Ол кісі сол жарақа­ты­ның салдарынан бір аяғынан кемтар болып қалыпты. Сол күнгі шейіт болған­дар­ды ел жиылып, Сарықойын шатқалын­дағы Шетенді бұлағының бойына (қазіргі Жаманты ауылының маңы) жерлепті.
1916 ж. Көлқамыс бекетіндегі көтеріліс­тің артынша, тамыз айында Көлқамысқа жақын Самсы бекетінде де айтарлықтай бас көтеру болады. Өйткені, Жетісу облы­сы­ның әскери губернаторы Фольбаум 1916 ж. 3-ші тамызындағы бұйрығымен Ботбай болысының  басшысы Қалдыбай Ағадаев­ты майдан жұмысына алынатын адам­дар­дың тізімін жасап беруден бас тартқаны үшін қызметінен босатып, оның кандидаты Қасен Әжібаевты тағайындайды (7.ҚРОММ. 44-қ., 1-т., 19743-іс). Бірақ бұл істің беталысын өзгерте алмайды, ашын­ған халық шиті мылтық, айбалта, сойылмен қарулана бастайды. Жаңадан та­ға­йын­далған болыстың 5-ші тамызға ша­қырған жиыны өтпей қалады. Сол күні, Бот­бай болысы басқарушысының кандидаты Бейсебай Канапияұлы, бұрынғы болыс Ақкүшік Жолдыбаев, би Досым Боқбасаров, Хасанай Әдербеков, Қалды­бай Тайторов, Әбдіжапар Самылтыров, Жақыпбай Бекбердин, Кетембай Рысқұл­беков, Әлдеке Бейсенбинов, Қасым Қара­жанов, т.б. елге сыйлы ақсақалдары мен байларына қосылған Кастек болысының бұрынғы болысы Шірікбай, бұрынғы ха­лық  соты – Шалтабай қажы Құдайбер­генов, Аршабек (Беспаев), Қашаған билер, Тайторыдан – бұрынғы халық соты Темір­бектер қатысқан, Самсы өзенінің төменгі сағасында Ырғайты, Тайторы, Батыс Қастек, Шығыс Қастек, Ботбай болыстарынан жиылған топтың жиыны өтіп, майдан жұмысына адам бермеу және бірлесіп қарулы көтеріліске шығу жөнін­дегі мәселе талқыланады. Олардың көте­ріліс жоспары бойынша, орыс селоларына шабуыл жасап, қаруларын тартып алып, Самсыдан Отар, одан Қордайға дейінгі байланыс сымдарын үзіп, Үшқоңыр жай­лауын­дағы ұлт-азат­тық күресінің басшысы – Бекболат Әшекеевке қосылып, орыстардың көп жиналған жері – ұлықтары мен жандаралдары және әскерлері орна­ласқан Верный қаласына аттану еді.Бірақ 1916 жылы 6 тамызда Ботбай елінен май­дан­ға жігіт жинауға келген патша шенеунігі – Отар учаскесінің приставы Гилевтің отрядына жергілікті ботбайлық тұрғындар «майданның қара жұмысына адам бермейміз», – деп қарулы қарсылық көрсетеді. Самсы маңына жақын жердегі Ырғайты, Батыс Кастек, Шығыс Кастек, Тайторы болыстарының көтерілісші жігіттері ботбайлықтарға келіп қосылған осы шайқасқа Нұрқа Қосынов бастаған Шамалған болысының №9 ауыл жігіттері мен  Жайылмыс болысының №4  ауы­лының қазақтары, Мойынқұм болысының бұрын­ғы басшысы Жолдыбай Майлы­баевтың басшылығымен 470 адам, Үлкен Алматы болысының бұрынғы басшысы Байбосын Тамабаевтың көтерілісші жі­гіттері қосы­лып, Самсы бекетін қоршап алып, пошта станциясын өртеп, Ташкент, Пішпек, Верныймен байланыстыратын телеграф сымдарын қиып, Отар учаскесі­нің приставы Гилевтің отрядымен шайқасады (ҚРОММ. 797-қ., 1-т., 36-іс. 158, 160-161-п.). Көтерісшілердің бір тобы Фольбаумның көмекке жіберген 170 берданкалары мен 40 мың патрон тиелген көлігін қолға түсіріп, патша әкімшілігін жақтаған бірнеше орыс көпестері мен мұжықтарын  тұтқындайды
(Джусупбеков  С. Город Верный. Алма-Ата, Казахстан, 1980.-88-стр.). 1916 ж.
6 та­мызда Түркістан өлкесінің генерал-губер­наторы А.Н.Куропаткинге жолдаған жеделхатында Фольбаум: «Бүгін кешкісін Верный уезінің Ботбай, Тайторы, Қастек, Батыс Қастек, Ырғайты болыс­тары­ның тобырланған қазақтары Самсы­ның маңында Отар учаскесінің приставына бағынбай, дұшпандық жасап, телеграф желісін қиып, пошта жолын бөгеп тастады… Жергілікті полицияның хабарлауынша, қолына қару ұстауға жараған бірде-бір қазақ көтерілістен тыс қалған жоқ. Бүлік­ші­лерді жазалау және орыс селендерін қорғау үшін әскер жіберілді» деп хабар­лаған (Востание Средней Азии и Казахстане, М., 1960.). Самсы елді мекенінде болған шабуыл саябырсыған кезде пошта бастығы Никитин тобы мен Гилев отряды 7 тамыз күнгі таңғы сағат 6-да қоршаудан қашып шығып, Казано-Богородское (қаз.Ұзынағаш) станциясына барады. 7 тамыз күні Верныйдан Самсыға жедел түрде кө­те­рілісшілерге тойтарыс беріп, тарату үшін есаул Бакуревич басқарған әскери отряд жіберіліп, күш-қуаты тең емес екі жақтың шайқасы басталады. Айбалта, қылыш, бақан, шоқпар сойылмен, ішінара мыл­тық­пен ғана қаруланған көтерісшілер жазалаушы отрядқа қарулы қарсылық көрсетеді. Әйтсе де, зеңбірек пен винтовка­дан жауған оққа төтеп бере алмай, едәуір шығынға ұшырап, көтеріліс басшылары мен біраз ауыл жігіттері тұтқындалып, жеңіліс табады. Өйткені, Верный іргесін­дегі көтеріліс ошақтарын іштей ыдыратып, халық толқуын жедел түрде басып-жаныштауға ұмтылған патша өкіметі көтерілісшілерге қарсы зеңбірек, пулеметтермен қаруланған жазалаушы отрядтар жіберіп, оларды аяусыз қатаң жазалануын талап етеді.
Көтеріліс басылғаннан кейінгі Ресей әкімшілігінің әрекеттерінің бірі – «устрашение» болған. Мәселен, Жетісу облысы­ның әскери-губернаторы Фольбаум: «тәр­тіп орнату үшін бүлікшілердің бірнеше жүзін қырыңдар» деген қатаң талап қоя­ды (ҚРОММ. 44-қ.,1-т., 19575-іс, 80-п.). Көп ұзамай хорунжий Александров жүздігі мен прапорщик Махонин басқарған рота келіп, алдынан шыққан ауылды өртеп, елді көтеріліске қатыссын-қатыспасын «басқалар қорқу үшін» атып, жойып, малын айдап, дүние-мүлкін тонап, Самсы төңірегіндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратады. Сөйтіп, хорунжий Александ­ров­тың жазалаушы отрядының қолынан ботбайлардың үш бірдей ауылы жойылып, еңкейген қарттан жөргектегі балаға дейін қырылады (Қырғыз Респ.ОММ. 75-қ., 1-т., 50-іс. // ҚР.Президент мұрағаты. 811-қор. 23-іс.149, 143-б.б.). Бұл әрекеттері туралы бір ресми құжатта: «хорунжий Александров со своей сотней уничтожил три аула, сжег стойбища, угнал скот» – делінген (Востание Средней Азии и Казахстане, М., 1960.; 662, 663-б.). Сонымен бірге, көте­ріліс­шілерді басып, жою үшін Фольбаум небір құйтырқы әрекеттерге барады. Атап айт­сақ, жергілікті халықтың арасынан агент­тер (тыңшы) мен дружиналарды қалай дайындау жайында нұсқаулар дайындалып жөнелтеді (ҚРОММ 44-қор. 20071-іс). Осы Самсы төңірегінде орын алған көте­ріліс – тарихта «Самсы» немесе «Ботбай» кө­т­ерілісі деген атпен қалған.
Т.Бокин 1916 жылғы көтеріліс жетек­шілерінің бірі болды. Тоқаш Бокин Самсы бекетіне шабуыл кезінде топтың артқы жағында болды, оның айтуымен телеграф сымдары үзілді. Сөйтіп, Қордайға дейінгі бүкіл желі зақымдалды. Ол туралы
С.Жүсіп­бековтың «Город Верный» атты кіта­бында: «Водной из справок верненский полицмейстр сообщал: «получены, но не проверено сведения, что Токаш Бокин находился позади толпы и якобы по его инциативе был порван телеграф». Семиреченский полицмейстр не ошибался, Токаш Бокин действительно находился среди повстанцев и руководил боевыми действиями», – деп жазылған (Джусупбеков С. Страницы истории. Алма-Ата, Казахстан, 1980. 87-стр.). Сонымен қатар, Верный полицмейстрі Поротиков Тоқаш Бокиннің көтеріліске қатысы барын анықтау үшін 15 тамыз күні іссапармен орыс селендерін аралап келген облыс архитекторы А.А.Пугаченковтан сұрап біл­мек болады. Пугаченковтың берген жауабы тіркелген хаттамада: «8 шілде күні Бургун (Самсы) селосына келгенімде, орыс шаруалары Тоқаш Бокинді осы жерде көргенін және оның жараланғандардың жараларын таңуға көмектескенін айтты. Ал қайтар жолымда, Т.Бокиннің Самсыдан Верныйға жеткенше қазақ болыстарын аралай, жол-жөнекей орыс селоларына тоқтап, патша әскерлері туралы дерек жинап, олардың қимыл-жоспарын сұрас­тыр­ғаны туралы орыс шаруаларынан естідім», – делінген (ҚРОММ. 51-қ., 1-т., 98-іс.). Бұл дерек «Т.Бокин Самсы көтері­ліс­­шілерінің ішінде болды» дегенді айғақ­тай түседі. Осы көтеріліс жайлы қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Тұрар Рысқұлов: «Көтерілістің бір күшті болған жері – Отар ауданы (учаскесі) мен Самсы төңірегі, бұл жерлерде Ботбай, Батыс Кастек, Шығыс Кастек, Ырғайты, Тайторы деген қазақ болыстарының елі көтеріліс жасады».
(Т.Рысқұлов. «Ақиқат» журналы, №1, 1992. 55-бет).
Отар учаскесінің приставы Гилевтің 18 қыркүйек күні Верный уезінің әскери-губернаторына жазған мәлімдемесіне жү­гін­сек, Батыс Қастек болыстығының 14 ауылының 60% -ы алыс-жақын жерлерге қоныс аударып кеткен. Сонымен қатар, Гилев Самсы маңындағы көтеріліске қатысқан Батыс Кастек болысының 40-тан астам адамы тұтқынға алынғаны жай­лы мәлімдеп, әр ауылдың көтеріліс басшылары мен қатысқандарының  аты-жөнін атап өтеді (ҚРОММ. 797-қор. 1-т., 45-іс).
Осы жоғарыдағы мәліметтер мен мұра­ғат құжатындағы дерекке қарағанда, Көлқамыстағы қақтығыс пен Самсы ма­ңын­­дағы көтеріліс кезіндегі патша өкіме­тінің жазалаушы отрядының іс-әрекетіне ыза-кегі бар Ырғайты көтеріліс­шілері  Отар маңындағы орыс мұжықта­ры­ның қолындағы қару-жарағын тартып алу мақсатымен Әли Нұрғожаев бастаған
№ 11, 6, 2 және 8 ауыл жігіттері бірігіп, ата­­қоныстары Тес-Шеле, Шетенді, Күр­кі­реуде малшаруашылығымен айналысып отырған орыс мұжықтарының «Осташ-
­ки­н­ско-Сергиевское» атты ұжымына
1916 ж. 7 тамыз күні шабуыл жасап, малдарын айдап әкетіп, өздерін байлап, №11 ауылға әкеліп, бір киіз үйге қамап, маңына қа­рауыл қойып, содан кейін орыстардың хуторларына барып, әйел, бала-шағасын әкеліп бәрін бір үйде ұстап, сырттарынан 20-дай адамды қарауылға қояды. Ертеңіне бүкіл ауыл үдере көшіп, өздерімен оларды тауға апарып, тағы да жеке үйде ұстайды.Бір күн өткеннен кейін Ырғайты болысы­ның қазақтары – Сәрсебек Жарасов, Мал­ғара Құрымбаев, Ш.Мұсабеков, Сандыбай Карпыков, Ш.Тұрлыбаев, Бошқұл Аламановтар Отар учаскесіне барып, «орыс шаруаларымен өзара келісімге келеміз» деп, тұтқында ұстаған 16 орыс мұжықтарын босатып, бала-шағасын мал-мүліктерін қайтаруға уәде береді. Тұтқыннан оралған орыс шаруалары хуторларын тас-талқан болып, қирап тоналған мүліктерін көріп, Отар учаскесінің приставына келіп, ауызша арыздарын айтады. Сөйтіп, 7 жылқы, 204 бас ірі қараны және тағы басқа дүние-мүліктерін аман-есен қайтарып алады.     Әйтсе де, іс сотқа жетіп, 15-ші тамыз күні Казанско-Богородское  селосына сотқа­ша­қырылған Осташкинско-Сергиевское» ұжымының шаруалары Н.И.Переверзов пен М.Кушнарев сол оқиғаны сотқа былайша мәлімдейді: «Хуторымызға шабуыл жасаған қазақтар, үй мүліктеріміз бен бірге төрт мылтығымызды және ауыл­ша­руа­шылық машиналарымызды қиратып, темірлерін майыстырып,  инструменттеріне дейін алып кетіпті. Хуторға шабуыл жасауға қатысқандар: №11, 6, 2 ауылдар және 8 ауылдың бір бөлігі. Солардың іші­нен  танығанымыз №11 ауыл старшыны Сыбанқұл Тойшыбеков пен № 6 ауыл биі болған Әли (Нұрғожаев) болды», – дегенді айтады. Ал сол күні «Осташкинско-Сер­гиевское» атты ұжымының мүшелері­нің атынан Верный уезінің 7-ші учаскелік сотына Владимир Полумыскин бұл істің тоқтатылуын өтініп, арыз береді. Онда: «біз­дің хуторларға шабуыл жасап, талқа­нын шығарып, тонаған Ырғайты болы­сының №11 ауыл тұрғындарының басшылары: Сыбанқұл Тойшыбеков, Калыкпай Базарбаев, Тортай Айтуев, Беспай Абенов, Мүлкаман Байтасовтар екені анықталған соң, бұларды тыныштандыруға келген жазалаушы әскери отряд оларды ұстап, атып кетті. Ал №6 ауылдың жігіт­тері­нің басшылары – Ноғайбай Жамболов, Қалиасқар Ноғайбаев, Келдібай Айнекеев және Тайты Нұрбаевтар тауға қашып кетіпті. Кейін, олар да ұсталып атылды. Бұл іске қатысты айыпкерлер тиісті жазасын алды, мал-мүліктерімізқайтарылды. Егер заңға қайшы келмейтін болса, іс кешіріммен тоқтатылса, біз қарсы болмаймыз, делінген (ҚРОММ. 102-қор. 1-тізбе, 6в-іс). [Ал мұрағат құжатында Ырғайты болысының №7 ауыл биі Жапар Тоңға­қов, №11 ауылдың старшыны Сыбанқұл Той­шы­бековтың бүлікшілік кезінде қаза бол­ғаны туралы бұйрық бар» (ҚРОММ. 41-қор 2-т., 24-іс., 52,53-п.)].
Осы «Осташкинско-Сергиевское ұжы­мы­на  шабуыл  жасалған  оқиға жайында  №6 ауыл тұрғыны Әлидің туыстарының ай­туынша, Жаманты тауына тығылып қа­шып жүрген Әли Нұрғожаұлы мен Ноғайбай Жамболұлы  және  оның  баласы Қалиасқар­ды ұстап беру үшін, орыстарды жақтаушы Бәймен болыс «табысуға келсін» деген сылтау айтып, кісі жіберіп шақыртады. Әли «таудан түссек өлтіреді» деп келмей қояды. Ал Қалиасқарға әкесі Ноғайбай «сен де түспей-ақ қой» десе, ол «жоқ, мен түсемін» деп әкесін тыңдамай қояды. Әкесі оны жалғыз жібергісі келмей, «онда мен де түсемін» деп таудан екеуі де түседі. Сөйтіп, олар Ақтеректің аяғындағы Көлқамыс базарына келген жерінде Баймен болыстың көрсетуімен Қалиасқарды  жендеттер  атады. Баласының өлігін құшақтай, үстіне құлай кетіп, зар еңіреп жатқан Ноғайбайды да атып, екеуін де бір шұңқырға тастайды. Ал Әли Нұрғожаев пен Ахмеджан Бестыбаев  тауда  болғандық­тан бұл жолы тұтқын­ға түспей аман қалады.
Жоғарыдағы мұрағат құжаттағы мәлі­мет­терге қарағанда, 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліс кезінде Ырғайты елін кө­теріліске үндеп, қол бастап шыққан ба­тыр­­дың бірі – Әли Нұрғожаев жастайы­нан хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу, ел билігіне араласқан, батыл қимыл­ды жігіт болған. Ол патша жарлығы шыға салысымен патшаға бағынбай, қарсылық көрсетуге ауыл жігіттерін ұйымдастырып, алғашында Көлқамыс бекетіндегі қақты­ғысқа, одан кейін, 6 тамыз күні Самсы маңындағы Ботбай ауылдарына майдан­ның қара жұмысына жігіт жинауға келген Гилев отрядымен болған шайқасқа қатысады. 7 тамыз күні орыс мұжықтары­ның «Осташинско-Сергиевское» атты ұжымының хуторларына шабуыл жасау арқылы мылтықтарын алып кетеді. Сол күні келіскен жоспар бойынша, телеграф сымдарын жою мақсатымен Әли Нұр­ғожаев жасақтары мен Отар станциясына шабуыл жасап, күзетуші  топпен шайқа­сып, пошта үйін қоршап, ішіндегі адамдарды сыртқа шығуға мүмкіндік бермей, Отар мен Қордай арасын байланыстыратын телеграф сымдарын үзіп, бағаналарын қирата бастайды. 8 тамызда Ырғайты жігіттерінекеліп қосылған қордай­лық­тар­мен бірігіп, Отардан Қордайға дейінгі теле­граф  желісін үзіп, бағаналарын қи­ратып, талқандайды. 9 тамыз күні таңғы сағат 6-да Пішпектен көмекке келген күзет тобының басшысы прапорщикМелешкеевичпен шайқаса отырып, телеграф желісі Ұзынағашқа дейін талқандалады (ҚРОММ. 44-қ. 1-тізбе, 20072-іс.).
Мұрағат құжатында Верныйдың полицмейстрі Поротиковтың 11 тамызда көтерілісшілерді тергеп, сұраққа алған хаттамасында: Ырғайты болысының көте­рілісшілерінің басшысы Әли Нұрғожаев болды», делінген (ҚРОММ. 1-т., 51-қор. 98-іс). Сондай-ақ, Әли батыр 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Ырғайты өңіріндегі ауыл жігіттерін көтеріліске ұйым­дасқан түрде шығуға шақырып, жүздік топтар құрып, оларға қолбасшылық еткені туралы, жоғарыдағы мұрағат құжа­тындағы  деректерді  1916 жылғы көтеріліс­ке қатысқан осы өңірдің тумасы ақиық қазақ ақыны Кенен Әзірбаевтың «Әли батыр» жырдастанындағы мәліметтер толық­ты­рары хақ. Осы 1916 ж. дүрбелеңде Әли Нұрғожаұлы бастаған Ырғайты, Қордай көтерілісшілерінің жыршылары – Кенен Әзірбаев пен Есдәулет Қандеков болды. Сол үшін Есдәулет ақын 20 жылға жер аударылады. Бұл айдаудан ол Қазан революциясынан кейін ғана оралады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ауыл халқын көтеріліске үндеп, Әлидің жаса­ғына қосылуға шақырған ақын Кенен Әзірбаевтың «Аттан» атты өлеңінде: « …Ел жұртым, бас қосалық, аттаналық, Әлидің жасағына сапталалық. Қорлықтан соғы­сып өлген артық, Патшадан кегімізді ап қала­лық. Аттаныңдар-ау!» – деп шырқа­лады.
1916 жылы қазан айында қолында қаруы бар орыс отрядтарының күшінің басымдылығынан Жетісудағы көтеріліс басылып тасталған соң, орыстардың қарулы әскерінің тегеурініне шыдамаған қазақ көтерілісшілері қырғыз асып, тауға тығылып, бас сауғалаған. Нүсіпбай мен Майсап оққа ұшып, жау қолынан көтеріліс кезінде қаза тапқан.1916 жылғы көтеріліс кезінде Әлидің әйелі, бауыры және балалары патша жендеттерінің қолына түсіп, қатты азап шегеді. Ырғайты өңірінің көтеріліс басшысы – Әли Нұрғожаұлы қырғыз жерінде жасырынып жүруге мәжбүр болған. Кейін ұсталып, Верный түрмесіне жабылғаны туралы мұрағат құжатында көрсетілген. Сол құжаттағы дерекке қарағанда, Әли Нұрғожаевты 31 октябрь күні тұтқынға алып, Отар учас­кесіне жеткізеді. Верный уезінің 7 учас­келік соты оны 7 ноябрь күні Верный түрмесіне жабады. Әли соттың сұрағына былай деп жауап береді: «Ботбай болыс­тығының Сарыбастау деген жеріне барып келсем, шешем: «Ырғайты болысы­ның басқарушысының жігіттері — Садуақас Сәтов және қасында 3 солдат бар, Келдібай Нұрғожин және Ноғайбай Жамболов, Қалиасқар Ноғайбаев, Тайты Нұрбаевты ұстап әкетті. Сені  де іздеп, «тұтқындаймыз» деп біраз күтті», – деді. Соны ести сала, Ахметжан Бестыбаев екеуміз ауылдан 5-6 шақырым Жаманты тауына қашып кеттік. Ертеңіне сол тұтқынға түскен «туыстарым жайында біліп кел» деп Бестыбаевты жібердім. Сөйтсем, туыстарым жендеттер қолынан қаза болыпты. Содан кейін Бестыбаев екеуміз қырғыздарға кеттік. Ол жақта екі  ай тұрдым. Ол жақтан мені «із­деп тауып әкел» деп болысымыз бауырым Жапарбекті жіберіпті. Ертеңіне өзім кел­дім» (ҚРОММ. 102-қор. 1-тізбе, 6в-іс).
Көнекөз туыстарының айтуынша, Әли қолға өзі келіп түседі. Оны Алматыға әкеп түрмеге қамайды. 1917 ж. Ақпан төңке­рі­сінен кейін түрмеден босап шығып, үш жыл­дан соң, өз ажалынан қайтыс болады.
Әли батырдың ерлік істерін тереңдете зерттеу және өнеге тұтып, ұлықтау жас ұрпақтардың алдағы міндетінің бірі болып тұрғанын да ескерте кетейік. Өйткені, Әли Нұрғожаұлы секілді қазақ халқының азаттығын аңсап, елім деп еңіреп өткен ерлердің есімі – олардың туған жерінің халқы бар да, аттары өшпек емес. Бұл – артында жақсы сөз, өнерімен өшпес із қалдырған ақиық халық ақыны Кенен атамыздың да арман тілегі болар.
1916 ж. шілде  айының  басында Үш­қоңыр жайлауында болған жиыннан соң, Жайылмыс болысына қарасты №4 ауыл тұрғыны Бекболат Әшекеев – әкесі Әше­кей би Дайырбековтың аманаттап қалдыр­ған ақ шүберектен жасалған туын тігіп, жақын болыстықтардан көтеріліске жігіт­тер жинап жатқан болатын. Сол кезде Үлкен Алматы болысының бұрынғы болыс басшысы Байбосын Тамабаев та өз бо­лысының жігіттерін көтеріліске үндеп, жасақ құрады. Байбосынның өз руластарынан құрылған жігіттері қолына түскен мылтық, айбалта, қылыш, бақан, шоқ­пар­мен қаруланып, қазақ пен қырғызды бірлесіп күресуге шақырып жатқан Бекболат Әшекеевтің қолына келіп қосылады. Оның жасақтарының құрамында Қоралас Шобалов, Жүсіп Бабаев, Әбдірахман Атекеұлы, Сүйінші Сандықбаев, Әбді Шіл­мамбетов, Әлсейіт Байғабылов, Жұма­діл Ақымжанов, Наурызбай Күзем­баев, Алдаберген Таласбаев, Ағыбай Төлемісов, Еспол Таңатов, Әзірбай Ахметов, Жақаш Қибаев, Омар Нартбаев, Нұрғали, Нұрнияз Бибатыровтар, Әзімбай, Ниязбай Келменбетовтер, Әмірқұл Мық­ты­беков, Оразалы Сабитов, Әбілда Қып­шақ­баев, Әбди Малыбаев, т.б. жігіттері болды.
Көтерілістің қаншалықты өршіп бара жатқаны туралы Верный қаласының іздестіру пунктінің меңгерушісі Жетісу облысының әскери губернаторына 16 тамыз күні берген мәлімдемесінде: «При семъ имею честъ представить Вашему превосходительству агентурныя сведения, посланные мне 11 августа, но виду отсутствия почтового движения полученныя мною 15 августа: от Чамалганской волости к бунтующим присоединился аулъ № 9, ево повел Нураха Косунов. Ушли в горы
5 августа; от этого аула 7 кибиток остались верными законности. Аул № 12 также ушел в горы (1 кибиток), но к бунтующим пока не присоединились; из этого аула подбивают к бунту Каспак Бай Джайтеков и старшина Базарбай. Из мутящих волость известно Джибетек (ф.н.), Байсын (ф.н.) и Коскулак Бозумов. От Джалимышевской волости в толпахъ бунтующихъ киргизъ бывшихъ 6 августа около станціи Самсовъ были киргизы аула № 4. Теперъ же вся волость бунтуетъ за исключениемъ №17 аула, от 17 же аула к бунтовщикамъ присоединились Кельмембет (ф.н.) и Абдумалик (ф.н.). Въ Больше Алматинской волости поднял мятежъ Байбосынъ Тамабаевъ (ныне арестованъ вместе съ поднятыми имъ киргизами. Восемъ старшинствъ этой волости спокойны. Мало Алматинской волости спокойна. Отъ Моюнкумовской волости въ толпахъ мятежниковъ подъ Самсами было 470 человекъ подъ предводительством Джолдыбая Малибаева (бывшій волостной управитель) и Баянды Урдобаева. Каргалинская волость присодинилась къ мятежникамъ после стычки у ст. Самсовъ. Изъ Ботбаевской киргизъ Карымбай хаджи Диханбаевъ обратился съ писмомъ къ киргизу Больше Алматинской волости Мади Кожагулову прислать помощь мятежникамъ своихъ джигитовъ (оба рода Чагатай). Письмо было послано 6 августа, но какъ къ нему отнесся Кожагулов – неизвестно», делінген. Ары қарай болыстықтардың әр ауылынан көтеріліске қатысқандардың аты-жөні көрсетілген тізім тіркелген (2.ҚРОММ. 797-қор. 36-іс, 158-160 п.п.).
Осы Үшқоңыр тауында жиналған көтерілісші жігіттерді соғыс өнеріне үйретіп, ұстахана ашып, темірден түйін түйіп, қылыш, найза, айбалта сияқты ер қаруларын жасай білетін Үлкен Алматы болысының көтерілісшілерінің бірі – Әбілда Қыпшақбаевқа қару-жарақ жасатып, көтеріліске дайындалып жатқанбола­тын (Бүркітбаева Ү. Жетісуым – жеті құтым ырысым: тарихи деректер. – Алматы: «Нұрлы әлем» 2009. 256-б.). Көтеріліс басшыларының жоспары бойынша, Ботбай, Ырғайты, Тайторы, Б.Кастек,
Ш.Кастек, Күрті, Ұзынағаш, Бидалы болыс­та­рының көтерілісшілері Бекболат Әшекеев басшылық еткен Жайылмыс көте­рілісшілеріне қосылып, Верныйға аттануға тиіс болған. Бірақ олар Бекболат Әшекеев бастаған Жайылмыс көтеріліс­шілеріне түгел қосыла алмаған. Өйткені, басқа көтеріліс ошақтары секілді Самсы көтерілісі басылып тасталған соң, көте­рілісшілер  быт-шыт болып, жан-жақ­қа тарап кеткен болатын. Сондықтан Тоқаш Бокин мен Ораз Жандосов болыс­тықтарға қайта барып, ауыл адамдарын жиып, жігіттерін Бекболат сарбаздарына қосы­луға үгіттеп, патша әскеріне бірігіп қарсы тұруға шақырады. Оның айғағы ретінде, көтеріліс куәгерлерінің жазбала­рындағы мына деректерге тоқтала кетсек. Мысалы, 1958 ж. 30 шілде айында 1916 ж. көтеріліс куәгелері, 1920-1921 жылдары Күрті бо­лысының ревкомның төрағасы бол­ған Ыбырай Мүсірепов, көтерілістің бел ортасында жүрген куәгер – Қалдыкөз Шал­ды­баевтың 1 желтоқсанда ҚР Партия мұра­ғатына өткізген мәлімдемелеріне қара­ғанда, «Бекболат көтерілісшілері жаппай атқа мінгенше, Жандосов Күрті Ботбай елін бастап, Бекболаттарға қо­сылуға ­тиісті екен. 1916 ж. тамыз айының бас кезінде Күрті болысына Ораз Жандосов келіп, көп адамды шақыртып, патша­ның қазақтарға істеп жатқан зорлық-зомбылығын айтып, көтеріліске шығуға шақырды. Осы көтерілісті мақұл көріп, қолдамаған адам болмаған. Ораз Жандосов, Ыбырай Мүсірепов пен Бейсебай Қаратаев екеуін Күрті елінің жігіттеріне қолбасшы етіп, жоғарғы Ақсеңгірдегі Бот­байлармен бірігіп, Бекболатқа қосылуға аттанады. Ал көтеріліс куәгері Қалдыкөз Шалдыбаевтың мәлімдемесінде: Жандосов Күрті болысының көтерілісші жігіт­терін атқа қондырып, Самсыдан Ұзын-
а­ғашқа дейінгі телеграф сымдарын қиып, Бекболатқа жеткенше, Ботбай көтеріліс­шілерін бастаған Бейсенбай Қарынбаевтар бір қателік істеп, жер шенеуші төрені өлтіріп тастапты. Одан кейін Ұзынағашқа келіп бір кеңсені өртепті. Көтерілісшілер Бекболатқа жеткенде, бұл әрекеттен хабардар патша өкіметінің әскерлері де келіп қалған екен. Көтерілісшілер бірігіп, жазалаушы отрядқа лап қойып, қарсы шыққан бұл кездесудің ақыры қызыл қырғын со­ғыс­қа айналады. Көтерілісшілердің ал­дыға салып, айдаған жылқылардың шаңы­нан не болып, не қойғанын байқал­май, соғысу қиынға түсті. Бірақ басым күш қоймады. Көтерілісшілердің күші азайып, быт-шыт болды. Ы.Мүсірепов: «Орыстар­дың біреуі көтерілістің ту ұстаушысы Иісбайды атып жықты. Ту құлады. Бізде жараланғандар мен өлгендер көп болды, олардың қай ауылдан, кім екендерін біл­гізбеу үшін тауға әкетіп үлгердік. Ақыры, жеңген жазалаушы отрядтар Жайылмыс ауылдарын шауып, ойран ботқасын шы­ғарды. Бірнеше адам қолға түсті. Ішінде танығаным: «көтеріліс басшысы Бекболат Әшекеев, Қырбай Бозымбеков, Бейсебай Қаратаев және Сәт болыстың ағасы Кембай Ниязбеков, Күрті болысының басшысы Қожбанбет Қилыбаев, Асқар Ыбы­райымұлы бар. Жазалаушы отряд  көтеріліс басшыларын қолға түсіріп, масаттанып, Верныйға жаяу айдап бара жатқан жолда Ораз Жандосов пен Бейсенбай Қарынбаев бастаған Ботбай жігіттерінің атты тобы Қырғауылды бөлдегінен лап қойып, шабуыл жасап, тұтқынға түскен көтеріліс­ші­лерді – көшек руынан Қырбай Бозымбековты, Күрті болысының көтеріліс бас­­шысы Бейсебай Қаратаевты босатып алдық. Бірақ күзетшісі күшті Бекболатты босату мүмкін болмады. Кейін Ботбай көтерлісшілерінің жасақ басшыларының бірі – Бейсенбай Қарынбаев пен Шәрәпи Құснидиновты ұстапты,  ал көтеріліске басшылық етуші, саяси жағынан дем беруші Ораз Жандосов пен Тоқаш Бокин екеуі аман құтылыпты. Кейін, Тоқашты да ұстап қамапты», – дегенді естідік» (КРПА. 811-қор. 4-тізбе, 265-іс, 22-24-п.п.; Сонда. 276-іс, 4-9п.п.).

Үміткен Сүйіншіқызы,
Жандарбек Қарабасов.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.