ӘЛЕМДЕ ӘУЕЛЕГЕН ӘНДЕР
27.05.2016
2860
0

Тиышкүл жеңгей, Әбіш аға, Илья ЖақановҚазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, Халықаралық Жамбыл және Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың лауреаты, дарынды композитор, танымал жазушы һәм музыка зерттеушісі Илья Жақановпен сонау 1990 жылы танысқанбыз. Содан бері ағалы-інілі адамдардай араласып кеттік. Сол рухани туыстығымыздың айғағындай, мен Ілекеңнің ел ішіне кең тараған әндерінің тарихын жаздым. Ілекеңнің    шығармашылығының    қыр-сырына, әндерінің тарихына үңіліп жүргенде байқағаным – композитордың көптеген әндері шет елдерге де кең тараған екен. Әсілі, ән мен әуенге тіл де, сөз де, шекара да бөгет емес. Жүректен шыққан ән жүректерге жетіп, тыңдаушысын елітіп, еліктіріп, әлдилеп, мұңайтып, жұбатып, толқытып, тербеп, ынтықтырып жүре берері рас.
Композитор дүниеге әкелген әндердің әрқайсысы – өз алдына тарих, өз алдына бөлек хикая! Және композиторлардың кез келгені ән салса, қане?! Бұл тұрғыдан Ілекең кешегі сал-серілерше әндерінің сөзін өзі жазады, әнін өзі шығарады, өзі орындайды! Бір сөзбен айтар болсақ, Илья ЖАҚАНОВ шығармашылығы басқа өнер иелеріне қарағанда, қайталана бермейтін өзіндік құбылыс!


Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

 

ҚЫТАЙДЫҢ ШЫҢЖАҢ ӨЛКЕСІНДЕ…

Илья Жақановтың алғашқы әні – «Түн ортасы болғанда» деп аталады. Сөзі Қасым Аманжоловтікі.

Аталмыш әнді орыстың «Одинокая гар­монь» әніне құлай беріліп, сонымен тыныс­тап, қатты қызығып жүргенде жазып еді. Әсіресе, әннің соңғы шумағы:

Может, радость твоя недалеко,

Да не знает, ее ли ты ждешь…

Что ж ты бродишь всю ночь одиноко,

Что же ты девушкам спать не даешь,

деп біткенде таңғажайып бір сурет таң-тамаша қалдыратын. Осы елестен көз жазғысы келмей:

Снова замерло все до рассвета,

Дверь не скрипнет, не вспыхнеть огонь.

Только слышно, на улице где-то,

Одинокая бродить гармонь, –

деп басталатын бірінші шумағы Ілекеңді қайтадан «тұтқындап», тәтті түс секілді тер­бей беретін.

Сол сезім, сол бір лирикалық толғаныс ақы­ры бір күні, 1956 жылдың қоңыр күзін­де:

Түн ортасы болғанда,

Отырсың жігіт нені ойлап.

Кімнің атын жазасың,

Қайта-қайта шимайлап.              

Махаббаттың бұлбұлы,

Жүр ғой сенен алыстап.

Ол естімес үніңді,

Шақырсаң да дауыстап, – деп келетін әні дүниеге келді. Оны алғаш тыңдаған жора-жолдас, құрбы-құрдас, студенттік орта Ильяның ән шығарғанын гулетіп ала жөнелді. Тіпті кейбіреулер оны үйреніп те алды. Баян сүйемелімен сызылт­қандарды да көрді. Өз жүрегінің лүпілі өзге жүректердің де пернесін дірілдете бастады. Осы құбылысқа елтіп жүргенде «Салтанат», оған ілесе «Сағыныш», «Ақ қайың» әндері дүниеге келді.

Бұл үш ән бірден радиоға қабылданды. Композиторлардың ортасына енді де кетті. Бұл 1958 жылдың көктемі.

Сол жылдарда Алматының жоғарғы оқу орындарында Қытай Халық Республика­сының, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағының қазақ жастары оқитын-ды.

Сол жастар жазғы каникулда Шыңжаңға қайтқанда біраз қазақ әндерінің қатарында Илья Жақановтың «Салтанат», «Сағыныш», «Ақ қайың» әндерін алып барыпты. Бұл оқиғаны Ілекең, сол жастардың бірі – бүгінгі көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтен естіп, білді. Содан бастап күні бүгінге дейін композитордың әр жылдарда жазған әндері түп-түгел, қаз-қалпында Шыңжаң қазақта­рына емін-еркін жете берген. Мұны 1993 жыл­дың  ақпан айында композитор Үрімші­ге барғанында анық байқады. Ондағы айтулы әншілер Хамит Ысқақ пен Рәфиладан бастап, қарапайым жұрт кез келген жерде, кездесулер мен жиындарда, отырыстарда бірінен соң бірін айтып, таңғалдырды.

Хамит «Даниярдың әні», «Әсел» әнде­рімен, Рәфила «Еділ-Жайықпен» біраз шет елдерге белгілі бопты.

Әсет Найманбаевтың белгісіз «Ардағын» білетін айтулы ақын Рахметолла Әпшенің үйіне келгенінде ақжарқын мінезді жеңгей: «Өзінен бұрын  әні  жеткен  інімді  маңдайы­нан бір сүйіп алайыншы» деп еміренгені бар.

Үрімшіде болған жиырмашақты күн ішінде шыңжаңдық ағайындардан өз әнін түп-түгел естіп, тыңдап, пешенесінің жазыла, жарқырай түскені, әй, ешқашан ұмытыла қоймас, тегі.

Ақын Рахметолла Әпшенің:

«Біз Москва, Алматы радиосын транзис­тордан тыңдап жүреміз. Сіздің «Жайлаукөл кештеріңіз», «Подмосковные вечера» әні се­кілді бір нәзік лирика, деген сөзі де есін­де.

Илья Жақанов әндерінің шет ел жұрт­шы­лығына шығуы осылайша басталып еді.

 

«ӘЛБЕТТЕ, ӨЗІМІЗДІҢ ӘН!..»

1993 жылдың маусым айында Моңғолия­ның Баян-Өлгей аймағында болды. Мұнда әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университетінің профессоры Тұрсынбек Кәкішев басқарған фольклорлық экс­пе­ди­ция­ның құрамында келді.

Бұл аймақта Абақ керейлер ғана тұрады. Жалпы саны үш жүз мыңдай екен. Соңғы жылдарда оның біразы Қазақстанға қоныс аударыпты.

Бұл жерде Илья Жақанов  ән зерттеді. Өз әндері бұл аймаққа 1958 жылдан бері қарай әр кез жетіп жататын көрінеді. Ілекеңнің «Еділ-Жайық», «Әсел», «Асылым», «Толағай», «Арқаның аруы», «Салтанат», «Ақ қайың», «Жай­лаукөл кештері», «Даниярдың әні», «Ағады Ертіс», «Алматы кешінде», тағы бас­қа да әндерін аймақтың белгілі әншілері емін-еркін шырқайды екен.

Композитор Алматыға қайтар сапарында сол әндерінің біразын, алпыс минуттық концертін пленкаға жазып алды. Баян-өл­гей­лік ағайындар: «Әлбетте, сіздің ән – өзіміздің ән» деп сүйінішті сөздер айтты.

 

РОМАНТИКАЛЫҚ  АРИЯ

1963 жылдың қазан айының    10 жұлды­зы. Сол күні Москва радиосы, таңертеңгілік хабарында: «Известный киргизский писатель Чингиз Айтматов стал лауреатом Ле­ни­н­с­кой премии» деп қуанышты жаңа­лық­пен елең еткізді.

Ілекең қазақ телевизиясында, жастар редакциясында қызмет істейтін. Жұмысқа келді. Телевизияда гу-гу әңгіме. Айтматов жөнінде жиналыс бола қалды. Қазақ ҚСР Теледидары мен радио жөніндегі комитеттің төрағасы Кенжеболат Шалабаев (Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабын аударған өте білімді, білікті, өресі зор, аса мә­дениетті, өткір де жігерлі, әрі жайсаң мінезді, көркем жан. – Т.Ә.):

– Айтматов лауреат атанды. Біздің Мұ­қаң­ның, иә, Әуезовтің тілегі орындалды. Қырғыз жазушылары Айтматовты жазушы деп санамайды. Түкке керегі жоқ пендешілік, ол. Өсетін, өркендейтін ел өйтпейді. Сөздің қысқасы – мен Москвамен байланыстым, бүгін Айтматов өзінің Фрунзесіне келеді. Ал біз оны қырғыздармен сөйлестірмей, Ал­матыға алып келуіміз керек, дәл ертең – 11 қазан күні, Телевизия студиясында қазақ­тың өнер иелері қатысқан баспасөз конференциясын өткізуіміз керек. Ал іске сәт, кірі­сіңіздер, – деді.

Ертеңінде, қазан айының 12 жұлдызы күні баспасөз конференциясы өте қызықты өтті. Мәслихатты, Москвада М.Горький атындағы әдебиет институтында Айтматовпен бірге оқыған ақын Жаппар Өмірбеков жүргізіп отырды.

Осы баспасөз конференциясында Илья Жақановтың, соның алдында ғана жазған жаңа туындысы – «Даниярдың әні» айтылды. Оны орындаған консерватория студенті, тамаша тенор Мәдеш Ниязбеков. Сүйемел­деген пианист Семен Бенедиктович Коган. Ілекең ән орындалып болған соң, ән нотасын Шыңғыс Айтматовқа сыйлады.

Сол жылы, көп ұзамай бұл ән қырғыз ра­диосында қырғыз әншісі Салмарбек Ше­рәлиевтің орындауында беріле бастады.

«Аңсаған менің әнімсің» спектаклінде Даниярдың рөлін ойнаған Арсен есімді актер де жан тебіренте айтқаны сондай, қырғыздар келе-келе оны «Даниярдың ария­сы» деп те атайтын болды.

Бір жолы қырғыздың асқақ үнді теноры Тоқтанәлі Сейдәлиев «Даниярдың әнін»  Москва телевизиясынан шырқады. (Т.Сей­дәлиев Алматы консерваториясын бітірген, профессор Бекен Жылысбаевтың шәкірті. Кейіннен Кеңес Одағының халық артисі атағын алды. – Т.Ә.).

Айтматов Өзбекстанға барған бір сапарында «Даниярдың әнін» Навои атындағы Опера және балет театрының бір талантты әншісі, қарақалпақ жігітіне өз қолымен беріпті.

1964 жылы жаз айында, Алматыда өтіп жатқан Өзбекстанның мәдениет күндерінің қорытынды концертінде, Жұма есімді қара­қал­пақ жігіті «Даниярдың әнін» Өзбекс­тан­ның мемлекеттік симфониялық  оркестрінің сүйемелімен орындап, Қазақстан жұрт­шы­лығын таң-тамаша қалдырды. (Өзбектер өз бағдарламасында оны: И. Жаканов. «Менің Жәмилашым» деп жазыпты. – Т.Ә.).

Ән бірте-бірте жай орындалып, интер оркестрдің репертуарына өткен. Оркестр дирижері Фарух Садықов: «Илья аға, сіздің бұл арияңыз өзбектің тенорлары мен бари­тондарының бағын ашты. Олар бұл арияны бір-бірінен қызғанып, таласып орындап өздерінің атағын шығарды. Нағыз бельканто шеберлері әуелететін сүйегі ірі, әуезі, құштар  сезімі оттай ыстық, иә, Айтматовтың өзі айтқандай «романтикалық» ария! Композитор Евгений Григорьевич Брусиловский бұл әнді «Ария» депті деген сөзді қазақ дирижерлерінен естідім» – деді, 1998 жылы күзде Шымкентте, Шәмші Қалдаяқов атын­дағы ән конкурсіне жюри мүшесі боп келіп, танысып, емін-еркін әңгімелесіп, суретке түсіп сейіл құрып жүргенінде.

 

«БҰЛ АРИЯ ИТАЛЬЯНДЫҚ ОПЕРАДАН БА?»

1984 жыл. Қазан айының 17 жұлдызы. Опе­ра әншісі Қанат Құлымжановтың шы­ғар­машылық портретін жазу мақсатымен Ілекең әңгіме-дүкен құрды.

Қанаттың үні сондай жарқын, аса қуат­ты биік тенор. «Біржан-Сара» операсында Ес­тай партиясын өте сәтті ойнаған сері көңілді, алғыр, алымды әнші.

Сол күні ол әңгімесінің бір тұсында былай деді: «1974 жылдың жаз  айында Сирия мен Ливанда болдық. Біздің делегация құрамында – Бибігүл Төлегенова, Роза Бағ­ла­нова, Бақыт Әшімова, дәулескер-дом­бырашы Мағауия Хамзин, ша­ғын ансамбль – дирижері Малгаждар Әу­бә­кі­ров, опера театры­ның екі бишісі – Лора Мәшекеева мен Феруза Жолымбетовалар бар.

Қай жерлерде болып, қандай концерттер берсек те Бибігүл Төлегенова «Гауһартас» пен «Бұлбұлын» (авторы Латиф Хамиди), Бақыт Әшімова Біржан салдың «Ләйлімін», «Желбір жекенді», орыс әні «Над полями, над чистымиді», Роза Бағланова Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлымын», «Ах, Самара, городок» әнін, Мағауия Хамзин Огинс­кийдің «Полонезін» орындады. Ал мен «Даниярдың әнін» айттым. Аудармашылар ән сөздерін аударып тұрды.

Дамаск қаласында француз телевизиясы келіп, біздің концертімізді сатып алып, ки­ноға түсірді. Сонда бір режиссер «Бұл ария итальяндық операдан ба?» деп сұрады. Біз­дің әншілер мен музыканттарымыз бұл сауалға таңғалды: «Бұл біздің қазақ композиторы Илья Жақановтың әні» деді. Француздар сүйсінген кейіпте бастарын шайқады. «Романтика!.. Романтика!..» деген сөздерді естідім.

Менің бір білетінім – «Даниярдың әнін» лирикалық тенордан гөрі, жо-жоқ, сол лирикалық тенордың өзі-ақ болсын, бірақ ішкі қуаты мығым, әуелеп, өрлей түсетін қайырмасын жан шыдатпас ыстық қуатпен сорғалатып, асқақтата бітірсе кез келген сахнаның  құдіреті ғой, ол! Өзім солай сезі­не­­мін. Ағылып жатқан мелодия! Қайнаған сезім, ол! Махаббаты күшті адамның ро­мантикалық шалқуы, аңсауы, аһ ұруы, ол!

Е-е, айтқандай, Асаура деген қалада кеңес инженерлері Евфрат гидроузелін салып жатыр екен. Бұл жердегі концертімізде де «Даниярдың әніне» ұзақ қол соқты.

Осы әнді жазғанда жүрегіңіз қалай соқты екен, Ілаға, а?! Бірдеме деуге тілім же­тер емес, Ілаға, а?!».

 

«БЕРЕЗКА» АНСАМБЛІ БИЛЕП ЖАТЫР

1974 жыл. Күз айы. Алматы теректерінен алтын жапырақтар төгіліп жатты. Күз лебі білінді. Сол күні Ілекең үйде Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдап, мүлгіп отырды. Көз алдында клавишке төне түсіп, аузындағы дирижерлық таяқшаны рояль қақпағына тіреп қойып, бар дүниеден оқшауланып, сұрғылт өңі қуара түсіп, ал енді бірде сол солған реңіне қан жүгіріп, сәл жымиғандай болып, бір армансыз жандай елжіреген Бетховен!

Илья Бетховенге сүйсіне қарады. Шерлі көкірегі толған арман, соната мөлдіреген жайын жас жігіттей жүзі нұрланып, бір тәтті елеске мәз болады өзінше, сүйінеді, емінеді оған.

Бір кезде осы ұйыған тыныштықты шыл­дырлаған телефон үзіп жіберді елең ет­кі­зіп, бұзып жіберді. Есін алған ғажайып су­реттен әп-сәтте көз жазып қалды, аң-таң боп.

– Алло!

– Ой, Илюша, это же я… Алтынбек! Слышишь, а? Поздравляю тебя!.. Ой, сондай укмуш… только начали… открой телевизор… Москва каналын кош! Дереу, давай… давай, быстро, дорогой!

Ілекең сасқалақтап телевизорды қоса қойды. Қолында телефон.

Алтынбек:

– Көрдің бө? Сениң обонуң «Асылым»! «Березка» ансамблі билеп жатат. Аларға сенин бул обонуңның нотасын былтыр Фрунзеге келип, гастрольде жүргенде мен бергем, Илюша.

«Асылым!..» «Березка» ансамблі толқып жүр мүлде. Биші қыздар лып-лып етіп, сыр­ғиды бір, ұзын шаштары төгіле түсіп.

Алтынбек мәз. Телефонды тастар емес. Би бітті. Жүрек толқулы.

Сол көрініс  күні бүгінге дейін тебіренте елжіретеді.

Алтынбек Жаныбеков Алматы консерваториясында Брусиловскийдің класын үздік бітірген аса көрнекті қырғыз композиторы, профессор досы Ілекеңнің!

Алғаш рет «Әселді», одан кейін «Асылымды тыңдағанда Шыңғыс Айтматов: «Ошол «Асылымды» қайта тыңдалық, а? Бұл обонду тыңдағанда мен емнеге бир «Тополек мой в красной косынке» китебимдеги Кадишанин келбетин көз алдыма келтирем. Өзуң де жакшы айттың, бул обонду Кадишаның образынан жаздым деп. А десе бул жулдыздай жайнаган келинчек кандай сулуу, а? Жар­кылдап тур, ал «Асел» болсо, ол армандуу, муңдуу, Ильястын кенен кокурогунуң Ысык колдей толкуган аңсауы, аңсауы, ошол сезимди «Асылым» жеңилдетип тур… а, карасаң болот Кадишаға, а?! Мимолетная любовь! Аның кучун, кубатын кара, а?!» деп тебіреніп еді, осы сөзі қаз-қалпында есіне түсіп, «Асылым» әніне, оны басқа біреу жаз­ғандай сұқтанатыны бар Ілекеңнің.

«Асылымды» қырғыздар өздерінің ән жинақтарына қырғыз  әні  деп кіргізіп жатады.

Илья Жақанов «Асылымды» 1993 жыл­дың ақпан, маусым айларында  Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтардан да тыңдады.

 

«ЖАЙЛАУКӨЛ КЕШТЕРІ», «ТОЛАҒАЙ», ГДР САХНАЛАРЫНДА

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы­ның «Салтанат» ансамблі бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдарда ел аузына ілігіп, шет елдік гастрольдерге де шығып жүрді. Сондай сапарларының бірі – ГДР-да болды.

Бұл жайды өз көзімен көрген, Қарқаралы қаласындағы № 1 орта мектебінің музыка пә­ні­нің мұғалімі Роза Әмірина: «1988 жыл­дың желтоқсан айының жиырмасыншы жұлдызында, біз ГДР-да, неміс жұртын таң­қалдырған концерттерімізде «Жайлаукөл кештері», «Толағай» әндерін жиі-жиі орын­дадық. Екі әннің нәзік лиризмі немістерді ойландырып тастады. Әндер орындалғанда неміс тіліне қолма-қол аударылып
отырды», – деп естелік жазып берді.

Ол Ілекеңнің архивінде сақтаулы тұр.

 

«НЕНІ ОЙЛАДЫҢ?»  ФРАНЦИЯДА

– 1976  жылы «Салтанат» ансамблі Францияда өтетін 19-шы фольклорлық фестива­льге қатысу құқығына ие боды, – дейді Роза Әмірина.

Біз ол сапарда бір айдай болдық. Фестиваль негізінде Конфолан деген қалада өтті. Оған 22 елден кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымы қатысты. Бұл фестивальді ұйымдас­тыр­­ған фермер Курсаже деген миллионер ек­ен. Мұндай фестивальге қатысу үшін біз өте мұқият дайындалдық. Өйткені, біз тек Қазақстан емес, Кеңес одағы атынан барып едік. Сондықтан да жауапкершілікті жоғары сезіндік.

Біздің репертуарымызда француз халық әндері, орыс әндері, қазақтың әндері мен күйлері бар еді. Осы сапарда Қанат Әділбаева екеуміз Илья Жақановтың, ақын Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазған «Нені  ойладың?» әнін дуэтпен орындадық.

Бір қызық жай ойыма оралады. Дайын­дық  аяқталып, енді москвалық комиссияға тапсырарда алты ай дайындалған осы әннің сөзін ұмытып қалғаным да бар. Бірақ оған қарамастан осы әнді «құлаққа жылы-жылы мелодиясы өте бай» деп алған болатын. Қыс­қасы, фестивальде елуге тарта берілген кон­церт­тердің бәрінде де  «Нені ойладың?» әнін орындадық. Халық өте жылы қабыл­да­ды. Әннің мәтіні француз тіліне аударылып тұрды.

 

«ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ» САМАРАДА

2008  жылы қараша айында Орал облыс­тық Мәдениет департаменті басты­ғы­ның орынбасары, музыкант Марат Қалиевпен сұхбаттасып отырғанда төмендегі әңгімені айтты:

– Мен Самара қаласындағы мемлекеттік өнер мен мәдениет институтында оқып жүрдім, – деді ол. – Юрий Михайлович Пар­шин деген деканымыз  бар. Өте терең білім­ді, дүние танымы кең, талғамы биік, мей­лінше қатал мінезді жан. Классика мен халық әндерін ерекше жақсы көреді. Эстра­далық музыка мен әндерді жақтырмайды. Осы ұстазымыздың талғамынан шығуға тырысатынбыз. Осы бір қиын жан бір жолы бізге ерекше үйірілді. 1990 жылдың  1 мамыры қарсаңында біз концерт әзірлеп, репетицияда гуілдесіп жүрдік. Концерттің бағдар­ла­масына «Еділ-Жайық» әнін қосып, оны гитар, баян, домбырамен сүйемелдеп айта бастап едік, сондай бір репетицияны байқап қалған Юрий Паршин залға кіріп келіп:

– А ну-ка, что это за песня? – деді.

Біз сасқалақтып, жүрексініп, үндей алмай тұрып қалдық. Ол кісінің ойлы жанарынан бір жылылықты сезінгендей болдық па, «Еділ-Жайықты» сызылтып айта бас­та­дық. Паршин ойлана, қиялға бата тыңдады. Терезеден сыртқа көз салған күйі:

– Это, что, казахская песня? – деді, сол толқыған сезімде, жұмсақ сөйлеп.

– Да, Юрий Михайлович! – деп шу ете түстік.

– Это народная или современная песня? – деді Паршин.

–   Да, Юрий Михайлович, современная песня. Автор – Илья Жақанов. Очень популярный композитор Казахстана, – дедім мен.

–  А, он казах что ли? – деді Паршин таңғалып.

– Да, он казах, Юрий Михайлович.

– Классическая песня! Хорошо поют казахи! Хорошо! Молодцы! – деп Паршин толғана сөйледі.

Сол күннен бастап біз «Еділ-Жайықты» институт концерттерінде жиі-жиі айтатын болдық. Юрий Паршин бұл әнді тыңдаған сайын бізді рахаттана мақтап жүрді.

Содан арада он сегіз жыл өтті. Оралда бір музыка фестивалі өтіп жатты. Самарадан ұстазымыз Юрий Михайлович Паршин да сол жиынға қатысты. Сол үш-төрт күнде ол кісі барлық концерттерде «Еділ-Жайықтың» орындалуын қиыла сұраумен болды.

 

…АСТРАХАНЬ ЖЕРІНДЕ

Астраханьда Ақсарай деген жер бар. Бұл Илья Жақановтың ата-бабалары, әкелі-балалы Нәрік пен Шора батыр жайлаған жер. Еділдің бір тармағы Қиғаштың арғы беті. Орыстың белгілі тарихшысы академик Орлов бір зерттеуінде: «Нарик-бай со своими сорококибитичным таминцами переехал с Казани в Аксарай» деп жазды. Осы Ақсарай былқылдап жатқан бір көркем жер. Бұған тиіп тұрған Ганюшкинді Шора өзені қақ жарып ағып жатыр.

«Еділ-Жайық» әнінің барған жері көп-ақ. Бұл әңгіме соның бірі. Осы Ақсарайда Москваға қарай шыққанда жүз шақырымдай жерде Қарабайлы қаласы бар. Сол қалада Ғайнулла деген кісінің қарындасы Әлия тұрады екен. Әлия қырық жасқа толыпты. Осы  қуанышқа орай ағасы Ғайнулла қасын­да әйелі Нағима және Науқан Байқовты (Ақжайық ауданындағы жұрт оны «Левитан» дейді екен. – Т.Ә.) ертіп барыпты.

Әлияның үйінде келісті отырыс болады. Сол жиында жергілікті қазақтар бұлардан «Еділ-Жайық» әнін орындап берулерін өтінеді. Бұлар іркілмейді, әнді айтады. Бір кезде бірге отырған орыс дәрігерлер «Еділ-Жайықты» қайта-қайта айтқызады. Орыс­тар: «Великолепная песня! Какая широта!» десіп таңғалысады.

Бұл – 2000 жылдың күзінде болған оқиға. Ілекең оны 2001 жылдың 28-ші сәуір күні Ақжайық ауданының Бағдат есімді азаматынан естіді.

 

…ТҮРКИЯДА

1994  жылдың  шілде айында Түркияның Анталия қаласында  дүниежүзінің  алпыс­тай елі қатысқан халық музыкасының фес­тивалі өтті. Осы фестивальда Атыраудың Дина атындағы ұлт аспаптар оркестрі «Гран-при» жүлдесіне ие болды. Осы оқиға жөнінде ор­кестрдің бас дирижері Рысбай Ғабдиев былай деді: «Фестивальдің соңғы күні қо­ры­тынды концертте біздің оркестр қазылар алқасының шешімімен Моцарттың «Түрік Рондосын», Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Серперін» және Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әнін орындады.

 

…ИРАНДА

Илья Жақанов 1995 жылдың қаңтар айы­ның бірінші жартысында сол елде тұратын қазақтарды зерттеу мақсатымен Горгон, Бендер – Түркмен, Тегеран қа­ла­ларында болды. Экспедиция құрамында – про­фессор Тұрсынбек Кәкішев, журналист Қоянбек Ахметов және Илья Жақанов бар еді.

Сол күндердің бірінде Горгон қаласында тұратын көшелі, беделді ел ағасы Ақмұрат ақсақал (Ислам Жеменейдің әкесі. – Т.Ә.) шәй үстінде:

– Немістермен соғыс кезінде совет жа­уын­герлері, әлбетте, қазақ  жігіттері «Ақта­мақ» дейтін әндерді айтып жүрді. Одан бергі жылдары Қазақстаннан бірер ғана ән жетті-ау, деймін, – деді әңгіме қозғап.

– Қандай әндер? – деді қазақстандық меймандар.

– Е-е, ол әндер – «Әнім сен едің» мен «Әсел» ғой. Көп ұзамай «Еділ-Жайық» деген ән айтыла бастады. Тыңдаймыз, жылаймыз, елді, жерді сағынып.

Тұрсынбек Кәкішев «Еділ-Жайықтың» мән-жайын айтып, Ильяға қайта-қайта орындатты. Ақмұрат ақсақалдың Испахан қаласында істейтін инженер баласы «Еділ-Жайықты» диктофонға жазып алды, көзіне жас толып отырып.

Бұдан соң Ілекең «Дүние» деп аталатын әнін орындағанда бәрі көздеріне жас алып, мүлде езіліп қалды. Сонда Тұрсынбек Кәкішев:

– Ойпырай, мына ән бүгінгі «Елім-ай» ма, құдай-ау? Әй, Илья, осы әніңді жиі-жиі айт­шы, айналайын! – деді толқып.

 

КЕЛЬНДЕГІ  ҚАЗАҚТАРДЫҢ  ШЫРҚАУЫ…

2002 жылдың 23 маусым күні Ілекең тіл ғалымы, академик Өмірзақ Айтбаевпен кездесіп, сұхбаттасқанда, Өмекең Германияда Кельн қаласында болғанын, онда Илья Жақанов әндерінің қазақтар арасында айтылатынын сөз етті.

Бұл әңгімеден бұрын ондағы қазақтар шырқап жүрген Ілекеңнің  біраз әндерін Уахап Қыдырханов диктофонына жазып әкеліп, өз кабинетінде («Шалқар» газетінің редакторы еді. – Т.Ә.) тыңдатқан-ды. Сол әндердің ішінде есінде қалғаны – «Арқаның аруы», «Жайлаукөл кештері». Бәрі де Қайрат Байбосынов репертуарындағы әндер.

 

…ГОЛЛАНДИЯДА

1995 жылы желтоқсан айында әнші Сәуле Жанпейісова «Окно в Европу»  деген фирманың шақыруымен Голландияда жеке концертін берді. Амстердамда және сол қалаға жақын бір шағын қалада теледидарға түсіп, сол концертте «Еділ-Жайық» айтылды. Домбырамен айтты. Көрермен күшті қабылдады.

Амстердамда Сәуле радиоға жеке концерт берді. (Онда тыңдаушылар эфирде бірге отырады екен. – Т.Ә.) Көрермендер сол жерде сұрақтар қойды. Концертті москвалық орыс жігіті, продюсер Максим Шапошников жүргізді.

Сәуле тағы бір қалада «Толағай» әнін айтты.

Германияның Бранденбург қаласында да  Сәуле Жанпейісованың жеке концерті болды. Мұнда да «Еділ-Жайық» пен «Толағай» әндері орындалды.

Мұнымен қоса Бельгияның көптеген қалаларында болып, концерттің бәрі өте сәтті өтті. Онда да «Еділ-Жайық», «Толағай» әндері шет жұртты таң-тамаша қалдырды.

Сәуле Жанпейісова бұл жолы жиырма күндей концерт берді.

 

…ТҮРКИЯДА

2009 жылдың маусым айының 12 жұл­дызы күні Сәуле Жанпейісова Анкарада, ашық стадионда концерт берді. Онда Сәуле қырғыздың «Сарыби» және Илья Жақанов­тың «Бозқараған» әнін консерватория студенттерінің оркестрімен орындады. Дирижері  Айтқали Жайымов. Ән өте сабырлы темппен шырқалды. Жайымов: «Дәл осы темппен айтса, керемет!» деп тұрып алды.

 

* * *

2003 жылы Сәуле Жанпейісова, сол кездегі Атырау облысының әкімі Аслан Мусинмен, тағы басқа адамдар бар, Астраханьда болып, Володар, Нариман аудандарында концерт беріп, «Еділ-Жайықты» шырқағанда ел ерекше толқып, тебіренгенін сөзбен жеткізу мүлде мүмкін емес.

Бұл – жаз айы еді.

 

…ИТАЛИЯДА

Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры, математик, ірі ғалым Кенжеғали Кенжетаевтың естелігі:

– 2005 жылдың қаңтар айында Италия­ның атақты қаласы Неопольде болдым. Күллі әлем Неополитан әндеріне ынтық. Мұнда  дүниені италян әнімен таңғалдыра­тын небір жезтаңдай тенорлар шырқаған. Солардың ішінде «Ұлы Карузо» фильмінде Карузо рөлін керемет ойнаған Марио Ланцаны айтса да жетіп жатыр. Жалпы, ита­ли­ян­дықтар әнші халық. Жай ғана әнші емес, биік үнді үздік әнші. Тенорлар елі! Олар өзге халықтың  әншілерін онша мен­сіне бермейді. Бізді осы сапар Италияның атақты ғалымы, профессор Джовани Матарацу ерекше ілти­пат көрсетіп, жақсы күтті. Жасы алпыстың ішін­де. Қағылез, арықша келген, өте сыпайы, мәдениеті жоғары се­зім­тал жан. Не­гізгі мамандығы  матема­тик-механик. Көбіне классикалық әндерді тыңдайды екен. Біз де классикалық музыканы көп тың­дадық. Бір қызықты отырыста мен «Еділ-Жайықты» айттым. Италяндықтар бұл әнге таң-тамаша боп, қайта-қайта тыңдады. Әлбетте, біз әнші емеспіз, бірақ менің италяндық профессорым Джовани Матарацу «Еділ-Жайықты» терең түсінді. Оның ойланып отырып: «Өте кең тынысты ән. Адам сезімінің шарықтауы! Биік шыр­қау­ды керек етеді», – деген сөзі есімде қалып қойыпты.

 

…БОЛГАРИЯДА

Ақтөбе облысының Алға ауданында Болгарка деген село бар. Баяғыдан болгарлар тұрады. Олардың фольклорлық ансам­блін ақтөбеліктер жақсы біледі.

Бір жолы Алматыдан «Қазақфильм» студиясының  режиссерлары  осы болгар­ларға келіп, тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың қазақша сөйлеп, ән салғанына қатты қызықты. Он бес адамнан құралған ансамблі бар екен. Он бес қыз-жігіт! Он бес өнер­паз! Соларды қазақша киіндіріп, Қара Қобда өзенінің жағасына барды. Күн бұлтты, жер тойбатпақ, жаңбыр, қақаған қара суық. Осыған қарамай киноға түсіргенде болгарлар «Еділ-Жайық» әнін қазақша шырқады. Бұл оқиға «Қазақфильм» қызметкерлерін керемет тебірентті.

Бұл – 1989 жылдың күзі болатын.

 

…ОРЫНБОРДА

Аслан Мусиннің Ақтөбе облысында әкім боп тұрған кезі. Елеусін Сағындықов облыс әкімінің орынбасары еді. Ақтөбе мен Орынбор туысқан қала ретінде бір-бірімен тығыз байланыста.

1997 жылы Ақтөбенің облыстық Мә­де­ниет басқармасының бастығы Еркін Құр­манбеков жүз елуге тарта облыс өнерпаз­дарын басқарып, Орынборға барды. Бұларды орынборлықтар ағаш үйлерге жайғастырып, керемет күтті.

Сол күндері тамаша концерттер өтіп жатты. Қазақтың ән-күйлері. Небір өнерпаз­дар асқақтата ән салды! Көрерменнің қо­шеме­тіне бөленді ақтөбеліктер. Сондай бір үлкен концертте «Еділ-Жайық» ансамбльмен орындалды. Сол сәтте залдағы жұрт, әсі­ресе, орыс, қазақ бұл әнге дүркіреп тұрып қол соқты. Қайта-қайта орындатты. Бұлар Ақтөбеге қайтқанша орынборлықтар «Еділ-Жайыққа» таңғалумен болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір