Наурызбай «Бестөресі»
29.01.2016
1423
0

maxresdefaultХХ ғасыр тұтасынан тұнып тұрған қа­рама-қайшылық емес пе! Әсіресе, жиырмасыншы-отызыншы жылдары адамның түсіне кіруді де тілемейтін жан шошырлық уақиғалар. Қазақ даласы қасірет жамылған. Асау аттай сайын даланың самалына төсін тосып, бұлқына өмір сүрген қазақты бұғаулап көндіре алмаған қызыл туды жамылған шовинистер оны енді біржолата қырып тастаудан тайынбаған.

Қырып тастаудың алдында әлем хал­қының көзін бояп, еркін қазақты «ци­вилизацияға» «жаңа мәдениетке» же­тектегісі келгендей кейіп танытты. «Же­телеу» үшін өздері «тағылық» деп тү­­­сінген көшпелі елді көне мә­де­ние­тінен, дінінен айыру жоспарланды. Қа­зақтың көне мәдениеті жаңа тұр­патты мәдениетке сәйкес келмейді – міс. Сол мәдениеттің үлгісін ұстаған аза­маттардың, арман еткен саяси тұл­ғалардың көзін жою ісі аяусыз жүр­гізі­ліп жатты.
Қазақтың қоңыр үнді домбырасы да қара жамылды. Әсіресе, сезімге то­лы Ұлы Даланың сағымға толы бейне­сін де, мөлдіреген көгілдір аспанын да, баяу ескен самалын да, құлдырай кі­сі­не­ген құлынының үнін де, жайқалған жай­лауын да сағындырып, санаға серпіліс беретін, жүректі мұңға толтыра отырып өмірдің тамашалығын да, бұл жалғанның жалғандығын да еріксіз мойындататын қазақтың шертпе күйі «ату» жазасына кесілді. Шертпе күйді күй өнерінің шыңына шығарған Қыз­дар­бектің жеті-сегіз шәкірті бірінен соң бірі атылды. Сембек күйшіні Жам­былдың Сарыбұлағында «Сезбес» деген соңғы күйін шерткізіп отырып атып тастады. Әбдиді елге келген осы зауал­ды күймен бейнелеп, «Қарғыс» деген күй шығарғаны үшін Қарқаралы түр­месіне қамап, көшеге айдап шығып, есалаң жұртқа таспен ұрғызып, атыптастады. Әбікен Хасенов өз ауылында бір күнде 27 адамды атқан күні үйінде болмай қалғандықтан аман қалып, Се­мей, Павлодар, Өскемен асып, ақы­ры Алматыға жасырынып аман қалды. Қыз­дарбек күйшінің ізбасарлары Ма­қаш, Кенжеғара, Ақмолда, Кәрі­бек­тер­ де опат болды.
Сөйтіп, шертпе күй, «ату» жазасын бас­тан кешірді. Ешкімді аяған жоқ. Бұл жазып отырғанымыз бар ел таныған ай­тулы тұлғалар. Олардан басқа домбы­раны көлденең ұстаған қаншама қазақ ба­ласын кез келген жынды-сүрей өзін «үкімет пен партияға» адал беріл­ген­дігі таныту үшін оққа байлады. Оның есебі жоқ. Есі дұрыс көрге айдалды, есуас төрге озды. Мылтықтың кү­ші­мен әркімнің жүрегіндегі оты өші­ріліп, құлдық психологияның қа­мы­ты ки­гізіліп, тышқан тірлік қанға сіңір­ілді. Құдай-ау, осы құлдық психологиядан қашан құтыламыз. «Шортанбай жыраудың керегі жоқ» деген директор болғанды, соны қостап мырс-мырс күлген әдебиетші, мәдениет саласының қызметкерін, сондайды қоздырып отыр­ған аудан әкімін көзіміз көрді. Шор­танбай жырау – қазақтың мұңын азынап жоқтаған әруақ. Әруақ – киелі. Оған тіл тигізген тағынан аударылып, бірінің ырысы шашылып, тағы бірінің отбасының берекесі кетіп жатса киеге ұшырамады демеске болмас. Сайтан су­ға малынып, боқтасып, баласымен от­тасып жүргендер арамызда. Мұның бас­тауы сол отызыншы жылдарда.
Шертпе күйге мылтықпен тыйым са­лынды. Қыздарбек пен шәкірттерінің атын атауға болмайтын заман туды. Тәт­тімбеттің жайсаң күйлерін тартатын адам жоқ. Өткен ғасырдың елуінші жыл­дары Киікті ауылында тұратын Шы­рын деген ақсақалдың жұрт алдына шықпай өз үйінде оңаша ғана отырып, шерткен күйлерін тыңдауға сәті кел­ген еді. Оңа­ша­да, қамы­ғып отырып ертеден түске дейін тарт­қан ақсақалдың кө­зінен аққан жас бір тыйылмады. Мектепті жаңа бітірген балаң жігіт ме­нің:
– Ақсақал, неткен шерлі күй­лер. Кімнің күйлері
бұл, – де­геніме:
– Е, шырағым, қайтесің оны. Біз­бен бірге кетеді де бұл, – дегеннен бас­қаны айтпады.
Өз басын әрең сақтап қалған Әбікен Ха­сенұлы ұлы күйші Қыздарбектің мол мұрасын тегістей білсе де, атын атау­ға тыйым салынған заманда Қыз­дар­бектің күйлері деуге бара алмай, ха­лық күйлері, Тәттімбеттің қосбасары деп тартып жүр дегенді Қази ақыннан, Әбдіғали молладан, Сухибек ұстаздан т.б. сан естіп өстік. Иә, осы Сухибек мұ­ғалімнен алғаш рет әріректе өмір кеш­кен Итаяқ күйшінің атын естіген едік.
Жетпісінші жалдардың орта кезінде Шал­таста өткен шопандар тойынан кейін Ақтастың мамыражай сайында бас қосқан ақсақалдардың арасында болудың реті келді. Әлі деген ақсақал­дың төрінде Әбдіғали молла, оң ті­зе­сінде талай дастанды жатқа айтатын Қа­сен ақсақал. Көбін танымаймын. Әб­діғали молланың қолында қазақи дом­быра. Сәлем берген маған «Кештете жеттік-ау» дегенді айтып қал­ды. «Кештете жеттің-ау»-дың ар­жа­ғында менің Итжеккенге барып келуім де жатыр. Жас та болсам жанына отырғызды. Бар әңгіменің иесі Әбе­кеңнің өзі. Күй өнерін Қыздарбектің із­ба­сарлары Сембек пен Ақмолдадан үйренгенін айтып отыр. Мен естімеген бір күйді төгілте шертеді де, сол күйдің шы­ғу тарихын тамылжыта баяндайды.
– Мына күйді сен тартшы, – деп өзі ұстаздық еткен Дәулетбек Сәдуа­қа­с­ұлы­на домбыраны ұсынса, келесі жо­лы Дәулескер күйші болатыны шер­тісі­нен көрініп тұрған Ағысбай деген жі­­гіттің қолына ұстататын. Бұл бір күй­ге ар­налған жайлаудағы түн болды. Әңгіме өрістей-өрістей Итаяқ, Қыз­дар­бектен асып Тәттімбетке жеткен. Әбекең молла Тәттімбеттің «Көкей­кес­ті» күйін Тәтті-екеңнің күйші баласынан үйрен­генін айта отырып, «осы күнгілер бұл күйді дұрыс тартпайды», – деп, домбы­ра­ның құлақ күйін тағы бір қоңыр әуен­ге келтіріп, шектен шық­қан ғажа­йып әуенді алақанның жұмсақ еттерін тигізер-тигізбестей етіп сөн­ді­ріп-жандырып, қобыз ойнағандай мен естіп көрмеген сырлы әлемге айналаны толтырған еді.
Үй иесі Әлі ақсақал Әбекең молладан «Бестөрені» шертіп беруін өтінген. Әбе­кең молла күрт тұнжырап, терең күр­­сініп:
– Қайран ерлердің атын өшірген заман болды ғой. Кенесары – Наурызбайдай көзсіз ер, жайсаң жандар енді қай­тып болар деймісің, – деп домбыра­ны қолына алды. – Бұл «Бестөре» Нау­рыз­байдың күйі ғой.
– Қалай? – деп қалды Ағысбай.
– Иә, – деп Дәулетбек Әбекең мол­ла­ны қоштап басын изеді.
Күй күңіреніп кетті. Қысылтаяң шақ­ты жүрегіңмен сезгендейсің. Әл­де­бір беймәлім шабыс… әлдекімдердің кезектескен толғанысты, қапалы үнде­рі құлаққа жеткендей. Күй тебіреністі хал­дың шешуін таппағандай бір сағы­нышты үнмен біткендей болды.
– Мұны Тәттімбеттің күйі деп жүр ғой, – деп Ағысбай тағы сөзге килік­ті.
– Демеске шара не? Күйді жеткізуші өзіміздің Әбікен Хасенұлы. Қыз­дар­бек­тің айналасының оққа байланға-нын көзі көр­ді. Басына түссе бас­пақ­шыл деген мына «Бес­төре» Наурызбайдың күйі деп қалай айтады. Өнердің осындай айтулы туындысы өлмесін деп, жер­де қалмасын деп Әбікен «Бес­төрені» Тәттімбетке теліді. Мұны осы жақтың азаматтары Бектің Орынбегі де, Сәкен де біледі. Солар да іштей қос­та­ды да қойды.
– Япыр-ай! Солай ғой, солай, естіп жүр­міз ғой, – десіп үй толы қонақтар да­бырласып барып басылған.
Заман айтқызбай кеткен өнердегі тұл­­­ғалардың есімі аз ба. Солардың ішін­­де есімдері өшуге бет алған Қыз­дар­бек, Әбди, Сембек күйшілердің аты жет­пісінші жылдардың басында еміс-еміс естілген. Осындай күйшілер бопты деседі. Бұлар орта ғасырда өмір сүр­гендей елес болып жазылады. Өз­де­рін де, күйлерін де іздеп, зерттеп жат­қан және ешкім жоқ.
Санасында сәуле бар жан үшін күй өнердің асыл қазынасы. Оны өлтіру қия­нат қана емес, халықтың рухын өл­тіру. Рухы өлген халық өзін-өзі жояды. Не істеу керек деген сауал алдымда көл­денең тұр. Қит еткенімді аңдып КГБ-ның тыңшылары жүр. Үйімде бо­лып тұратын тінтулерден де әбден ығыр болғанмын. Сонда да… Иә, сонда да басты бәйгеге тігіп, Қыздарбек күй­ші­нің мұрасын іздеуге кіріскенмін. Со­нау Мойынтыда Қыздарбек күй­шінің немерелері Мәтімұса, Иманмұса дегендерді бар деп естуім бар. Солардың үйіне тоқтап, бұл маңның бар тарихын жатқа соғатын Қази ақынды іздеп тап­тым. Қази ақыннан Қыздарбектің өмір жолы туралы мол мәлімет алдым. (Со­ның негізінде жазған «Көксеу» деген повесім «Жұлдызға» шығып, кейінірек кітап болып басылды). Қази ақын за­ма­нында ән салып, домбыра тартқан атақ­ты сері болған. Қазір жасы тура тоқсанда. «Мынау Қыз-ағаңның мынандай күйі еді» деп домбыраны қолға алғанымен ісініп кеткен сау­сақ­тары икемге келмей, еріксіз тоқтайды. Қыз­дарбектің талай күйлерінің шығу та­рихы туралы тамаша әңгімелер ес­тідім. Ара-арасында «Бестөре» жөнінде де сөз қыстырдым.
– Әу, сен білмеуші ме ең? – деп қарт ақын ренжіп қалды. – Ол әлгі қазақтың маңдайына сыймай кеткен Наурыз­бай­дың күйі ғой. Кенесары мен Нау­рыз­­байды қырғыздар ай бойы тірі сақ­тап, тіпті ұрпақ алып қалмақ болып Кене ханның қойнына қыздарын да салған ғой. Сонда осындай күйге түс­кендеріне налып, атадан өжет боп туған Наурызбай осы күйді шығарған. Тыңдашы өзің міне, «Бестөреде» бес адамның үні бар. Міне,.. – Қази ақын икемге келмейтін саусақтарын зорлап иліктіріп «Бестөре» күйінің алғашқы бөлігін орындап берді. Ірі денелі, дауысы зор Қази ақынның кемсең ете қал­ға­ны көз алдымнан кетпейді.
Арада екі айдай уақыт салып, Бе­гімсал күйшіні іздеп бардым. Жанымда аудандық газет редакторының орын­басары, Бегімсалды немере інісі Есен Орынбеков. «Бекең ағам бес жасында Қыздарбектің тізесінде отырып домбыра шерткен», – дейді Есен. Бегі­м­салды жасырақ кезімде «отызжылдық» колхозының басқармасы Қалкен Ыбы­райұлының алдына ақ киіз жайдырып, домбыра шерткенде көргенмін. Апыр-ай, бір күйді екі рет қайталамай түс ау­ғанша сансыз күйді төгілдірген осы адам­ға таң қалып, «мынау адам емес, пе­рі шығар» дегенім де бар.
Бегімсал жұпыны үйінде қарсы ал­ды. Шау тартыпты. Жетпістің жуан ор­тасында екен. Көзіндегі нұр да сөн­ген. Саусақтары күс-күс жарылып кет­кен. Өмірін домбыраның әуеніне ар­на­ған Бекең әр жерде үзіп-жұлып қа­на жұмыс істеп, «трудовой» деп ата­ла­тын еңбек книжкасы болмай, пен­сия­ға да шыға алмай қалыпты. Кейі­ні­рек үй­лен­ген әйелінен туған бала-шағасы да жас. Оларды асыраудың қа­мыты мойын­ға әбден мінген. Қыста каче­гар, жазда елдің малын бағады.
– Неге кеш келдің? – тағы алдымнан шықты. – Мен домбыраны таста­ғалы,.. – деп күс-күс саусағын жайып, бала-шағасын нұсқады.
– «Күй өлмесін» дегенді құлағына сіңіре жүріп, сырғауылға іле салған дом­бырасын алдырып, перне мен іше­гін тағып, Бекеңнің он саусағын жылы суға малып, жылқының майын жағып, екі-үш сағат әуреміз. Бекеңе ақыры домбыра ұстаттық. Шерте бастайды да, келмейді деп басын шайқайды. Шерт­кендері үзік-үзік әуен. Баяғы естен тан­дырған сарын жоқ. Бір өзі отыз ки­лодан кем емес магнитофонды дайындап, сарыла күтіп отырмын. Бекеңнің де әуре болғанына сағаттан аса уақыт өтті. Байқаймын, жүзі нұрлана баста­ған сияқты. Домбыраның үні де өзгер­ген. Илікпеген саусақтары пер­нені бойлап, ішекпен бірге ді­ріл­дейді. Басын изеді-ау бір кезде.
– Беке, күйдің атын өзіңіз айтып оты­рыңыз. Ертең менімен дауласа ке­те­тін біреу табыла кетпес үшін, – деп жа­тырмын.
– Мына Қыздарбектің «Беу дүние, бір қиял» деген күйі дейді Бекең. (Осы күй­ді күні бүгінге ешкім игеріп, қайта тарта алмай жүр. Ғажап сарын).
Бекеңнен Қыздарбектің өзінің жә­не Қыздарбек тартып жүрген жиырмаға жуық күйді магнитофонға түсіріп алдым. «Мынау Қыздарбек тартқан «Бес­төре?» Бұл Қыз-ағаңның күйі емес, Наурызбайдың күйі» дегенді Бегімсал қадап айтты.
1987 жылдың қысында «Жазушы» бас­пасында Жүсіп Алтайбаевпен жүз­дестім. Ол кісі Ағыбай батыр туралы жаз­ған кітабы жоспарға іліксе де сексен алтының декабрінің уақиғаларына­ байланысты шықпайтын болғанына қа­па болып жүр екен. Бәрін қойып, ел әң­гімелеріне бет алдық. Менің Қыз­дар­бек күйлерін зерттеп жүргеніме ри­зашылығын білдіріп, Әбікеннің «Қоңыр» күйі туралы әңгіме қозғады. «Әбі­кен бұл күйді алғаш рет 1938 жыл­дың жазғытұрымы маған тыңдатты. Сон­да күйді «Қайран азаматтар-ай» деп тартқан еді, мен ондай атаумен тартса күй­дің де, күй иесінің де құритынын ба­са айтып, тоқтаттым», – дейді Жүсе­кең. Осы жерде жазушы Жүсіп Алтайбастан «Бестөре» күйінің иесі Наурызбай екенін тағы естідім.
Қыздарбектің шәкірттерінен тәлім ал­ған Ілияс молла Абылай ханның «Дү­­­ние ғапыл», «Қайран елім» күйлерін сақтап, бізге жеткізді. Бүгінгі күнде бұл күйімді ҚарМУ-дің филология бөлі­мі­нің деканы Ілекеңнің баласы Мұхам­мед­қали Әбдуов орындап жүр. Мұны жа­зып отырған себебіміз, Қыздарбек күй­шінің шәкірттерінің өнерге деген адал­дығы. Ешкім білмейтін осы күй­лерді Ілекең не өзінің, не бір бабасының мұрасы десе ешбір жан дауласа алмас еді. Мұндай ізеттілік, адалдық күй құ­ды­ретін меңгерген адамдарға тән ғана құбылыс.
«Бестөрені» Наурызбайдың күйі деп, «Дүние ғапылдығы» Абылай хан­ның күй деп сақтаған Қыздарбек күйші мен оның ізбасарлары. Иә, әр күйшінің өзіндік үлгі-стилі, орындау мәнері өзгеше. Ол оның дүние танымына, ой­лау жүйесінің ерекшелігіне, құдай бер­ген айрықша қасиетіне, өзі өмір сүріп тұрған заман кезеңін қабылда­уына байланысты болар. «Бестөренің» де Тәт­тімбеттің барлық күйлерінен бас­қа­ша көріністе екенін жұрт түсінген. Өйткені, оның иесі бөлек. Оның иесі қазақтың маңдайына сыймай кеткен (айнала дұшпан сыйдырмаған) туа біткен сері, көзсіз батыр Наурызбай.
Әр өнер иесінің қолтаңбасы өзінше. Оны айыру қиын емес. Абылай ханның «Дү­ние ғапылы» Қыздарбекке сыймас еді. Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» Қыз­дар­бекке еш уақытта тели алмай­сың, Қыз­дарбектің «Өткіншісін» Тәт­тім­бет­ке сіңіре алмайсың. Бұлар жаны бө­лек дүниелер, жеке-жеке әлем.
Жазушы Қалихан Ысқақұлының мен оқып көрмеген бір бет қағазын әке­ліп алдыма тастаса, үш-төрт сөй­лемнен кейін-ақ мен иесін жазбай та-
уып берер едім. Сөз саптау, сөзбен сурет салу ерекшелігінен, өзіндік бояуы­нан, сөйлем құрамынан-ақ Қалихан­ның өзіндік ізі атойлап көрініс беріп шыға келеді.
Иә, «Бестөре» Наурызбай күйі де­ген­де біздің мақсат – Тәттімбеттің мол мұрасын ортайту емес, бір жанын бү­гін­гі қазақтың баласы үшін қиған, өнер­дің де саңлағы болған Наурызбайдан қалған жалғыз мұраны соның әруағы үшін өз иесіне қайтару ғана.
Отаршыл ел бізді бір-бірімізбен ала­көз етіп, қасақана жауластырып, ұлы­ларымызды ұлықтатпай, қасиетті мұ­рамызды талан-таражға салып, бүл­діріп бақты. Орны толмас ойранды істерді қолымыздан келгенше түзесек деген ғана ниеттеміз. Алла ізгі тілектің сәтін салсын.

Кәмел қажы Жүністегі,
жазушы, «Құрмет» орденінің иегері.
Шет ауданы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!