Қайыңның безі, қайырымның өзі еді
20.11.2015
1757
0
990271_1415551343_sko-04-05-2014_1Ол шындығында да, Сайын десе – сайын, қайыңның безі, қайырымның өзі еді. Сондай пәк сезім мен қатал адалдықтан жаралған тұлғаны, ал, алғашқы «Райгүл» мен «Менің қарындасым» атты шағын әңгімесімен-ақ Ғабең – Ғабит Мүсірепов сияқты  қаламы сараң, талғамы тас жаратын кербез дегдардың өзін: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында оның жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз» деп сүйіндірген, сол қалпынан жазбай қалың қауымының көңілін қалдырмай сүйіндіріп өткен Сайынды – әдебиет сайынын қалай ғана қаперден шығарып алдық екен.  

Тұарсын ЖҰРТБАЙ, 
жазушы
Таяу күндері ескі ғадетім бойынша сө­ре­де айлап жинақталып қалған газет-жур­налдарды парақтап отырып, Анар Ле­песова қарындасымның «Түркістан» газетіндегі «Сайын Мұратбеков ұмытылар жан ба еді?» (15 маусым, 2015) – деген сондай бір махаббатты жанашырлыққа толы мақаласына көзім түсіп, тұла бойым шымырлап кетті. Сайын қалай ұмытылады, ол – ұмытылатын да, ұмытатын да тұлға емес! – деген уәждің байыбына барға­ным­­да, бұрынғыдан бетер құмығып кеттім. Сөз ретінде, Ғаббас ағамыз да, Аман­хан мен Қуандық құрдастарым да зар сырын айтқан екен. Япырым-ай, неге қаперсіз өмір сүріп жатырмыз, қандай можантопай күйге түскеміз, қалай бойкүйез тартқа­мыз?! – деп налу үстінде, соның бірі өзім екеніне назаланып отыр едім. Одақтың ғимаратына барғанда балмұздақ әперіп, Жазушылар одағының екінші хатшысы, депутат деген лауазымына қарамастан жеке өзін ғана үйге әкеліп тастайтын құр­меттің иесі – ұлым Сұңқар: – Сіз не қарап отырсыз, ұят емес пе? Он­дай жазушы жоқ. Үш балаңның үшеуі де Сайын ағаның жусанын иіскеп өсті. Міне, немерең, кеші­ріңіз, жеке меншіктеріңіз Сайын ағаның кітабын жастығының астына жастап жатып оқып жатыр. Кейін шөберең де оқи­тын болады. Шындығында да ұят екен. Қалған құрдастарың қайда? «Аға, аға!» деп артынан шұбырып жүруші едіңдер ғой. Қазіргі аға да, жаға да сендер емес­сің­дер ме?, – демесі бар ма.
Сөз сүйегімнен өтіп, жүрегіме қадал­ды.
Дариға-ай, үш толқын оқырманның өзегін осындай нәзік сезіммен жалғас­тыр­­ған Сайын ағамның әруағынан айналсам болмас па! Бұл – бүгінгі ұрпақтың әде­биетке, соның ішінде жазушы Сайын­ға, азамат Сайынға, ата Сайынға деген ұлы аңсары емес пе. Ұл-қыздарым  дастархан басында өздерін «Жабайы алма ағашының» көлеңкесінде отырғандай сезініп, немерелеріме Аянның тағдырын қабақтары қиыла отырып әңгімелей бас­та­ғанда, орнымнан жылыстай тұрып, Сайын ағаның суретін алдыма қойып қойып, шұғыл қаламымды қолға алдым.
Міне, жыл аяқталып барады, бірақ Сайынның, иә! – сайын Сайынның мү­шелге толу орайы аталмай аяқталып барады. Көзі тірісінде кімге қадірі өтпеп еді, кімге жақсылық жасамап еді, кімнің көңіліне кірбің түсіріп еді?! Тіршілігінде екі-үш құрдасының қыжырта қабақ шытатынын білетінмін, алайда ол шытылған қабақтың Сайынның талантына, өмірлік ұстанымына емес, шамшыл жеке тұл­ға­лардың екеуара ғана шымшымасы болатын. Бұл марғаулыққа ол марқұмдардың қатысы жоқ, о дүниеде бірінің тілегін бірі тілеп жатпасына кім кепіл? Әйтпесе Сайынның, қазақ әдебиетінің классигі Сайынның, жаныңды жақсылыққа баулы­ған Сайынның, өмір мен өнерге қайыңның безіндей қатқыл талап қоятын, тіршілікте өзегінен қайырым құйылып тұратын Сайын­­ның ескерусіз қалуы – елуінші жыл­­­дардың аяғында әдебиетке келген қазіргі аға толқын жазушылардың ғана емес, бүкіл қазақ руханиятының ескерусіз қалуы деп есептеймін. Соншама қара­пайым, соншама күрделі, соншама шебер, жүйкең мен түйсігіңнің талшығын еріте шымырлатқан таза да, қайсар рух­тың жыршысы қазақта қадау, қадау ғана. Сол қадаудың бірі – Сайын, Сайын Мұрат­беков.
Сайынның көркем әлеміне бір кірген адамның одан өмір бойы шығуы екіталай. Әр оқиғадағы сезім «қылаулары» жаның­ды баурап, үнемі пәк иірімге тартады да тұрады. Кейде жаныңды ауыртпайтын, бірақ тызылдата сыздататын мұңға бер­гісіз әуен ауаныңды әлдилейді. Кейде қылау түспеген қылаусыз жүрегіңе тұң­ғыш рет «Қылау» түсірген кіршіксіз бала махаббатың өзегіңді сондай бір риясыз сағынышымен дыз еткізіп, шым-шым мөлдіретеді. Кейде «Үшқараның» төс­кейін­де, шөмеленің үстінде бір сөзді еркелей үш рет қайталап жұлдыз санағың келеді. Кейде шүпірлеген үрім-бұтағыңның ортасында жұлын-жүйкең бусанып, «Кәмен тоғайдың» ортасында риясыз ата­лық мейірімді сауғызғандай болады. Кей­де татуды араз, аразды дұшпан қыл­ған «Ызғырық» қайдан соғып тұр дегізеді. Ал кейде: Менің көңіл бүркітімді кім соңғы рет соңғы сапардан кейін ас­пан­ға ұшырар екен? – деп таң қаласың іш­тей. Қойшы, мен үшін, мен үшін емес, Сайын әлеміне бір кірген сезімді пенде атаулы Сайын суреткердің аңсарлы әуенін осы ғұмырлық жолында ұмыта қоймай­ты­нына жаным қас.
Оның суреткерлік жаны қандай таза әрі қайталап айтайын, қайыңның безін­дей қатаң болса, фәнидегі тіршілік аясы да сондай ашық, бойына кір жұқтырмай­тын мұнтаздай кіршіксіз және артық пы­сық­тықты басынан асырмайтын тура мінезді кірпияз еді. Кішіпейілдене қал­ған­да – даналығы қайсы, балалығы қай­сы, кірпияздана қалғанда – әкімдігі қай­сы, ағалығы қайсы екені аңғарылмай, аң-таң қалдыратын. Өзі балалықтың қызығына мейірі қанбай жетілгендіктен шығар, балаларды бар қуанышымен бауырына тартатын да, көз қиығын тез қадап жіберіп, болмысын жазбай танитын. Танитын да бір сөзбен қабақ танытатын. Сол түйгеніне орай еркелететін, не сырттатып жіберетін. Сырт түсінен бауыр­малдығы байқалмаса да, ішін жылытып қарағанын көзінен аңғару қиын да емес болатын. Керісінше, баланың аты – бала емес пе, артық-кемін жасыруға әлі түй­сін­беген шикіөкпенің басынан сипай сала­тын жерде, байқамағансып теріс қарап кеткен кезін де шалып қалдым.Шалқалағанға – шалқақ, асқақтағанға – асқақ қарайтын қайыңның безіндей қатаң (қатал емес) Сайын, керісінше: жас­қан­шақ – батыл, жасыған – өжет, жаралы – дауалы, қайғырған – қайсар болса екен деп тілейтін және ол адамды бұрын танысын-танымасын, аралассын-аралас­па­сын, оған қарамай сол адамның мұқ­таж­дығымен бірге өзі де еріп кететін, өз­генің де сол адамға демеу болғанын қа­лайтын.
Жандығымды жаңғыртайын деп емес, жанымды түсінген ағаның жан дүниесінің қылаусыз пәктігін жеткізу үшін айтайын, бұғанам қатпаған, қаламгер қауыммен еркін араласа қоймаған, Сайынмен бетпе-бет кеп қол алыспаған шағымда, он үшінде бір гүлі ашылмаған қарындасым Төлеу ақ қаннан дүние салды. Шарасыз шақта қаланың сыртында қалтарыстағы үйге Сайын аға Бекежан Тілегенов мар­құм­ды (ол кісіні сол арада бірінші көруім) ертіп келіп, көңіл айтқаны әлі есімде. Өзектің уытын қайтарды десем – мүнәпық болар, бірақ түрімді көрмеген жандардың сол бір шақта «қабырғасы қайысып қал­ды ғой, осы баланың» деп іздесең әрең табатын ауылға ат басын бұрғаны, жұбат­қаны қаншалық! Мұндай жанашырлық пен қайырым-мейірімді мен қатарлас­ қа­лам­дастардың дені сезінгені кәміл шын­дық. Көңілді ақылды да, уайым араласқан жұбатуды да қысқа әрі ұғынықты, еш теңеу­сіз, еш эмоциясыз нақтылап қысқа қайыратын. Бұл Сайын – нәзік тамырыңды иітетін жазушы Сайын емес, қарша­дайы­нан қайғы мен қиындыққа қақтала сүр­леніп жетілген жетім Сайын еді.
Бетін екі жаққа бұрмайтын, бір бет­кейді жазбай ұстайтын азамат Сайын мен суреткер Сайынның арасында еш айырмашылық болмайтын. Бір сенген адамына бет бұра сеніп, неғылайынсыз өзімсіне бауыр тартатын. Қай мінезіммен жаққанымды білмеймін, мені де сондай қапысыз алаңмен өзімсіне бауырына тарт­ты. Кейін түсінгенімдей, әр қадамым – ол үшін де, мен үшін де сынақ қадамы болған екен. Соңынан білдім, мұндай қамқор қолтыққа бауырын басқан жал­ғыз мен емес, сол тұста әдебиетке тұяғын іліндірген Сағат Әшімбаев, Смағұл Елубаев, Бақыт Сарбала, Асқар Егеубай, Бе­кен Ыбырайым, Дидахмет Әшімхан, тіпті, аты мен атағы қоса шыққан Оралхан да оның жүрек тұсында бүлкілдеп тұрды. Ортасынан ерте дараланып, кербұғыдай саяқ тартқан шағында да Ор-ағаң Сайын ағасы жаққа бір қарап қоюды ұмыт­пайтын. Сайын ағамыздың әңгімелеріне ғашық Сағат жазушының сыры мен жырын, көркемдік ерекшелігі мен нәзік сезім талшықтарын айтып жеткізе алмайтын. Сол шексіз де риясыз махаббат жазу­шы туралы тереңнен толғаған көлемді ма­қала жазумен аяқталды. Бұл мақала Сағаттың сыни-көркем ойының ең үздік нәтижелерінің бірі болып қалды.
Әр нәрсеге түртінектеп жүрген есерлеу шағым еді, әлгі Сағаттың мақаласы-нан әсерленіп, Сайынның сондай қара­пайым әңгімелеріне теңдес дүниені жазып тастау оңай сияқты көрініп, бір айдай жеңіл бір сюжетті әр түрлі қырынан Сайынның мәнерінде жазып көрдім. Қанша тырыссам да, «кемшілігі әр жерден көрініп» тұрды. Жазушының сөз сиқырын бойыма сіңірейін деп, өзім сүйіп және жалықпай оқитын, оқыған сайын әсерленетін «Қы­лау» әңгімесін көшіріп те шықтым. Көшіріп шыққан соң ғана бұл сиқырдың құдіретін игере алмайтыныма көзім анық жетті.Ақыры Сайынның сол сырлы әлемі туралы мен де мақала жаздым. Сол мақала жазылған күйі жарияланбай қалды, анда-санда көзіме түсіп қалады. Маған сол жарияланбаған қолжазба қалпымен де ыстық көрін­гендіктен де, қазір оған қол тигізгім кел­мейді. Бір орайда өзіне айтып едім, естімеген қалып танытып:
«Өмірдің өзі сөз бен сөйлем арқылы се­зім боп төгіліп тұру керек. Соларды қа­лай жазғанымды өзім де білмеймін. Әлдеқалай шалық қыса бастаса ауылға кетіп қаламын. Сондағы қарапайым адамдардың ішінде жүріп жүрегім елжірейді», – деді. Сол сәтте Қалихан аға­мыздың: «Ой, Сайынның жазар алдындағы мінезін адам түсініп болмайды. Өзі де не істеп, қойғанын білмей қалатын сияқты. «Бес тапал» жұбымызды жазбай түнде­лете жортатын кезіміз. Сонда түннің бір уағында жанымыздағы Сайын жоқ боп шығады. Таңертең үйінен, күндіз жұмыс­тан таппаймыз. Ал кеп содан соң іздеп салбурын боламыз. Бір аптадан соң «Сайын ауылында жүр екен», – хабарды естіп «уһ» дейміз. Сөйтсек, әлдебір кейіпкерінің әлдебір мінезін іздеп, бізді тастай салып, Талдықорғанға тартып тұрыпты ғой. Кейін сабылып іздемейтін болдық, – деген әңгімесінің шындық екеніне сендім.
 Көз қиығынан шығарғысы келмеді ме, әлде, қаяу түскен көңілімді уайымның торына түсіргісі келмей, сергек жүрсін деді ме, білмеймін, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы кезінде жиі тапсырма беріп, шөгел сынақтан өткізді. Марқұм Асқар Егеубай арқылы аптасына бір рет хабар-ошар білдіретін. Бір жолы Лениндік сыйлыққа ұсынылған Ілияс Есенберлиннің «Көшпелілер» трилогиясына шұғыл мақа­ла жазуды ұсыныпты. Талдауға жіберіл­гені­не бес айдай уақыт өтсе де бірде-бір республикалық басылым пікір білдірмепті. Жүрексіндім. Сонда өзі хабарласып: «Ілекеңе білдірмеген пікіріңді кімге білді­ресің? Бұл – ұлттың намысы. Үш күн мұр­са­тың бар. Сын жазып жүргендердің бәрі данышпан емес. Мен саған сенген соң тапсырма беріп отырмын. Болды, айналайын, күтемін», – деп бұйыра қайырды. Сол мақала арқылы сыртымнан үкім шығарып, үйірінен шығарып тастағандар­дың үйіріне мен де қайтып қосылғамын жоқ. Содан бастап жазушы қауымымен қойындаса араласа бастадым. Арасын ұзатпай Сайын аға бастап, Оралхан аға қостап, Жарасқан жаратып «Жұлдыздың» сын бөліміне орналастым. «Жұлдыздағы» солон үш жыл менің өмірімнің де жұлдыз­ды жылдары болды.
Әлі есімде, сексенінші жылдың қара­ша айы болатын. Жазушылар одағының екінші хатшысы Сайын Мұратбеков қазақ әдебиеті туралы «Дружба народов» журналы өткізетін дөңгелек үстелге өзі таңдап Бақыт Сарбала, Асқар Егеубай, Бекен Ыбы­райым, Рүстем Жанғожинді Мәскеуге бастап барды. Өзі де бізбен бірге поезға мінді. Бетіміз ашыла қой­ма­ғандықтан да жүрексініп, тартыншақтап едік, еркімізге қоймады: Жалпы, әдебиет майданында жас, жасамыс деген ұғым жоқ, талантты, талантсыз және өжет не бозөкпе деген ұғым ғана бар, батыл аттамасаң – тасада қаласың, тасада өмір сүрген жасқаншақ талант болғанша, қарапайым мұғалім болғаның халыққа пайдалы. Отыздан асқанша жастардың қатарында аталған ақын – ақын емес, жазушы – жазушы емес, отызда сезім кекселеніп кетеді.Сен­дерге қамқорлық қазір қажет, отыздан асқан соң сендерге мен де қара­маймын. Ал оған дейін әдеби өмірге батыл араласып, адал ойыңды еркін білдір, еркін жүр. Менің қолымнан келетіні – сендерді ортаға тарту, үлкен-кіші жазушы­лар­мен араластыру, Мәскеу мен респу­бли­калардағы тұстастарыңмен та­­ныс­­тыру. Олардың сендерден артып тұрған түгі де жоқ, көріп жүрміз. Тек тілін таба біледі. Сен бұрын Мәскеуді көрмеген шығарсың.Үлкен қаланы алғаш көру ауырға соғады, келінді ертіп ал», – деді. Жалғыз мені емес, бәрімізді де солай қайрапты.
Вокзалға келсек, «бес дос» атанған Сайын, Әкім, Қалихан, Қаб­деш, Рамазан аға­ла­рымыз жең­­ге­леріміз­бен бірге алдымыздан қал­жыңдаса қарсы алды. Әкім ағамыз Ма­леев­кадағы шығар­машылық үйіне жұмыс істеу үшін үш айға кетіп бара­ды екен. Алматыда қалатын үш дос са­пар­ға аттанған екі досты шығарып салу­ға келіпті. Жеңгелеріміз қол был­ғасып сыртта қал­ды. Жамыраса ва­гонға кірдік. Екі кісілік жайлы купеге ығыса-сы­ғылыса отырдық, шам­­пан атылды. Әң­гіме қызық, қы­зық әңгімеге Қал-ағаң араласқан соң тіпті ек­пін алды. Поезд қозғал­ды. Қиыспаған достар бірінші Алматыдан түсіп қалалық десті. Бір уа­қытта поездың екпіні кү­шейіп, зуылдай жө­нелді. Сөйтсек, Алматыдан жиырма ша­қы­рым­дай ұзап кетіппіз. Бесеуі де сабаз ғой, қалай болды, әттеген-ай дескен жоқ. Әй­теуір Қал-ағаң әңгімесін аяқ­таған кезде Ақсеңгір деген бекетке бір минут аялдап, үш ағамыз түсіп үлгерді. Біз алаң­дағанмен, үш ағамыздың сол Ақ­сеңгір бекетіндегі көрген қызығын Қабдеш ағамыз айтып бергенде, ертегі тыңда­ғандай боласың. Үш күндік жол жалық­тырған жоқ. Өзі­мізбен қоса ертіп алған Сұңқар малдасын құрып алып, бір орыс дәрігеріне «Алтын сақа» ертегісін тонын айналдырып көше балаларының орысшасымен айтып отырғанының үсті­нен түстік. Сөйтсек, ба­ла жаңа пәтерге – көп қабатты үйге кө­шіпті, көшкенде сақасын ұмытып кетіпті, машинамен іздеп барыпты, одан машина батпаққа батып қалып, атқа мініпті… Осы әңгімені ертеңінде Асқар екеуміз Сайын мен Әкім ағамызға айтып бергенімізде, Әкім ағамыз жымиып қана қойды, Сайын ағамыз: «Міне, сен әлгі іздеп таба алмай жүрген өмір қиялы осы. Жер үйде тұратын баланың көп қабатты үйде тұрғысы келіп, қиялдаған арманы. Мұнда пәк қиял да, мұң да аралас. Соны пәтерден көрген қия­натыңмен қосып жазсаң, нағыз көр­кем шындық шығады. Өзін осында ша­қыр­шы. Сендерден гөрі Сұңқардың әң­гі­месі татымды сияқты», – деп шығарманың өмірлік шындығының сенімді болуы туралы біраз пікір айтты. Ресторанға апарып, ақшасын да өзі төледі. Балаларға тәттіні де ұмыт­қан жоқ.
Сол жолы бұл бес достың басынан кеш­кен хикаялары жалғыз бұл емес еке­нін білдім. Зады, Әкім ағаның африкалық қонақтарды күтіп алу қарсаңында «там-тамдатып» (киноның аты) жүрген кезі болса керек. «Алматы» мейманханасының мейрамханасынан бесеуі түскі мәзірден шыға келсе бойы көк тіреген зәңгіні кө­реді. Қайсысының түлені түрткенін кім білсін, кім соның құйрығынан тепсе, сол нағыз батыр атанбақ және сый-сияпат та тегін болмақ деп бір қояды. Жеме-жемге келгенде бәрі де тайқып шығып: «Ой, несі бар. Ол да адам баласы», – деп Сайын ағамыз сайланып шығып, бәстің дәтін орындайды. Дайын тұрған қауіпсіздік комитетінің адамдары ұстап алып, абақ­тыға қамайды. Бүкілқазақстандық, бү­кілодақтық шу шығады. Іссапарда жүрген Әди Шәріпов те шұғыл қайтарылады. Пар­тизан атағы бар емес пе, Әдекең Сайын ағамызды абақтыдан шығарып, мыр­зақамаққа отырғызады. Енді  халы­қа­ралық дауды басудың қамына кіріседі. Абырой болғанда әлгі зәңгі аф­рикалық кәсіподақтың үлкен қайраткері екен, өзі кешірім беріп, біздің де жазушылар сондай тентек келеді, – десе керек. Содан Сайын ағамыздың жаны қалып, аяқас­тынан Мәскеудегі Әдебиет институтына ау­дарылып түскені сол екен. Осы әңгіме­лер айтылып отырғанда Сайын аға естісе де естімегенсіп отыра берді. Аң-таң қа­лып біз отырдық.
Сондай қызықты әңгімелерді естіп Мәс­кеуге де жеттік. Қалың халық, жер асты метросы, паң ғимараттар еңсемді басып, мына жұртпен қалай терезе теңестіреміз, – деп үмітсіз құмығып кеттім. Сонда жаны аши жұбатып, жалғыз қалдырмауға тырысты. Бұл сезімді бұрын өзі де бастан кешсе керек. Коломенскідегі шіркеудің мұражайындағы көрмеден: бұл қамалды Тоқтамыс, Сейіткерей, Едіге жаулап алған деген деректі оқып, ата кегім қайтқандай кәдімгідей жеңілдеп қалдым. Қысыла-қысыла пікір алысуды да өткіздік, Сайын аға мен Роллан Сейсенбаев, орыс тілді Рүстем Жанғожин бар салмақты өздеріне алды, айтқан пікірлеріміз «Дружба народов» журналында жарияланды. Кейін Алматы мен Мәскеу арасының шаңын біраз бұр­қы­рат­тық қой, бірақ алғашқы «айқас» еш естен кетпейді. Сол сапарда мені СССР Жазушылар одағының жанындағы сын кеңесінің мүшесі етіп бекіттірді. Ол дегеніңіз: жарты жылда бір рет әлем әде­биетінің дамуы туралы арнайы семинарға қатысу, шет ел жазушыларымен және кеңестік көрнекті қаламгерлермен кездесу, теориялық тәлім алу, әр республикада өткізілетін әдебиет апталығына қатысу деген сөз. Бұл менің әдеби көз­қа­расымды кемелдендірген мектеп болды. Сол үшін де Сайын ағаға қарыздармын.
Сексенінші жылдардың басында жас жазушылардың бүкілодақтық кеңесі өтті. Оған қатысудың өзі үлкен құрмет, өз тол­қы­ныңның ішіндегі жоталысы боп ресми мойындалу да жас талапқа демеу. Сайын аға сол жолы кеңеске Мейрам Асылғазин, Дидахмет Әшімханұлы, Асқар Егеубай, Жүрсін Ерман, Серік Асылбек сияқты жас жазушыларды іріктеп жіберді. Барлығы­ның да шығармалары жақсы бағаланды. «Литературная газета», «Комсомольская правда» газеттерінде аттарымыз жылы лебізбен аталды. Оған Сайын аға да, Мәс­кеудегі қазақ әдебиеті жөніндегі кеңесші Роллан Сейсенбаев та қатты қуанды. Сөйтіп, Сайын мен Әкім аға әкім боп тұр­ған кезінде Кеңес Одағындағы негізгі әде­би орталықтардың денін көзден өт­кізіп қалдық. Сондай қуанышты сапардың бірінде мәскеулік жазушылардың ішінен, өзінше айтқанда, «таңдап жүріп, мүм­кіндігі мол» аудармашыны да тауып берді. Бірақ заман өзгеріп, сексен алтыншы жылдан кейін олардың бізге, біздің олар­ға деген көзқарасымыз өзгеріп, де­меуі­нен бас тартуға тура келді. Ал «Қар ас­тындағы көбелек» атты жинағымды орыс тілінде өзі басқарып отырған «Жазушы» баспасынан шығарды. Баулу, тәрбиелеу, тәлім деген осы шығар.
Тәлім демекші, бір болмашы, бірақ аса тағылымды тосын жай есімнен еш шыққан емес. Жазушылар үйінің екінші қабатындағы терезенің алдында­ғы орын­дық­та мүйізі қарағайдай ағаларымыз қатарласа отырып, әңгіме-сұхбат құратын кез. Біз де сымға тізілген қарлығаштай қоршай қалатынбыз. Әйтеуір бір абыр-сабырлы күн. Олжекеңнің – Олжастың бөлмесіне екі-үш рет кіріп шыққан Сайын аға бір кезде жерге иіле қалып, әлдебір нәрсені алып, шытымен сүртіп жатыр екен. Қасына жетіп бардым, сөйтсем, әлгі «мәпелеп» жатқаны кәдімгі бір тиындық жез бақыр: «Сайын аға! Сізге не болған өзі. Тастаңызшы андағы бір тиындықты», – дедім өзімше намыстанып. «Тұрсын, сен қателесесің. Ырыздықты рәсуә етуге бол­майды, оны құрметтеу керек, ал ақша дегенің сол ырыздықтың бірі, қазына бір тиыннан құралады. Бір тиын бастамаса – бір сом да құралмайды. Сондықтан да мен бір тиындықты қай жерде көрсем де, арланбаймын, аламын. Ал мына арада он сомдық, жүз сомдық жатса қарамас едім», – деді де бір тиындықты әмиянына ұқыппен салып алды. Мен не дерімді білмей орнымда қаттым да қалдым. Бұл – ұсақтық, намыссыздық емес, нағыз тә­лім екенін ұмытпастай боп есімде сақ­тадым. Қазір мен де он теңге, жүз теңге жатса көз қиығымды ғана саламын, ал бір тиындықты көрсем, міндетті түрде иіліп тұрып аламын. Тіпті, сондайда Сайын ағамды сағына еске аламын.
Тіршілікте сан қилы қиылыстар мен бұрылыстар бар ғой, соның бірінде болмаса бірінде екпініңді тежей алмай, не ағысқа еріп, жақын мен алыстың аражігін ажырата алмай қалатын кезді біреу басынан кешіріп, біреу кешірмеген шығар.Ал өз басым «ақылы – мінезінің сауытына сыймайтын» (Абай) ондай ауытқу­шы­лық­тан әлі де айырылмай келе жатқа­ным­ды мойындаймын. Сондай бір сүрегей сәттерде Сайын ағамыз жымиып қойып, жанай жүре, тоқтатып емес, немкеттілеу сөз қатарында жанашыр бір ескертуді айта қоятын. Ол ескерту ешқашан да жеке басыңның кемшілігіне, жіберген ағат­ты­ғыңа қатысы жоқ, ұшқары әдеби-сыни пікірлерді ғана жанап өтетін. Онсыз да іші­нара дос «жанкүйерлерге» мәлім әтте­ген-айларың есіңе түсіп, қыпылдай бас­та­ғаныңда, әңгіменің ауанын мүлдем басқа әуенге ауыстырып жіберетін. Аман құтылғаныңа қуанып, іштей деміңді алғанмен де, бәрібір, өзіңнің ағаттығыңды мойындап тынатынсың. Неге екенін біл­меймін, Сайын аға пендешілік мінез-қылығыңды іштей қостайтын сияқты кө­рінетін де тұратын. Ал әдеби саладағы әр пікіріңді қалт жібермей, қабатын қа­лыңдатпай қағып тастайтын.
Ол барлық жан жылуын – Аянның айтылмай қалған ертегілерін ішінде қоз­да­та сақтап, қаламына ғана сеніп тап­сыр­ған нәзік жанды суреткер еді. Оның осынау бір сырлы да, жырлы, тағдырлы әлемі «Жабайы алмасын» жазған тұста қатпарланып, жазу мәнерімен сөз екпіні қаталданып, өзімен бірге кексе тартты. Иә, кексе тартты! Чеховтың ро­ман­ға бергісіз «Дала» әңгімесі сияқты Сайын­ның «Жабайы алмасын» да лирикадан трагедияға ұласқан ұлы шы­ғар­ма. Сайын жазушының бар болмысы мен бітімі, өмірге деген назы мен наласы, адам­дарға деген өзінің жеке көзқарасы, заман қасіреті осы шағын шығармада барынша қасірет жібі арқылы тоқылған. Мұнда роман-эпопеяға баламалы тағдыр тауқыметі, жанталас, жанығу, қаралы қасірет, қарымды қақтығыс, түңілу, түлеу, күйініш, жұбаныш көзге көрінбейтін сезім желілері арқылы суреттелген.
«Жабайы алмасын» – сезімдер мен қарапайым адамдардың қақ­ты­ғысының эпопеясы. Сіз одан ел көсемін, сөз ше­ше­нін, таппайсыз, мұнда кәдімгі қара­байыр өмірдегі қарапайым ғана адам­дардың бақ пен соры бар. «Алманың» дәмі кермек, бірақ ащы емес. Шырыны тұщы, бірақ тәтті ем­ес. Күйіндіріп – сүйін­дірген, күлдіріп – жылатқан, қайғыртып – жұбат­қан, өмір сүрудің шешімін өзі шығарған, жек көріп – жеріндіріп жарытпайтын, сүйіп – сүйін­діріп жарылқатпайтын кәдім­гі «қу тіршілік» және бұл «Жабайы алма ағашы» сайын Сайын жазушының Ғабең сүйс­ініп жомарт бағалаған «мәуелі бағы­ның» ең шы­­­рын­дысы. Ол осы шығар­масына жа­ны­ның бар шырыны мен шырылын сығып берген. Шын мәнінде, «Жабайы ал­масын» лирикалық эпопеясы – Сайын­ның көр­кем әлемінің жиынтығы. Осы шы­ғар­­ма­да жазушы Сайынның барлық көр­кем жүй­есі бар қырынан барынша келі­сіммен жа­расымын тапқан. Лирика да, дра­ма да, эпика да үйлесе біткен. Тек діңі мен жігін ажырата алсаң болғаны. Өкінішке орай, бұл «Жабайы алмасын» Сайынның оқыр­мандары саялаған соңғы мәуе болды.
Оның ерте басталған шығармашылық жолы ерте аяқталды. Жиырма жасында шығар шыңына бірден шықты да, отыз бес жасында қолын суыта қойды. Иә, қырық­тың қырқасына шыққанда жігіттік соңғы серуен суреттелген бір хикаяты «Жұл­дыз­да» жарияланды. Бірақ ол біз сағынған, біз табынған Сайын емес еді. Бар күшін Са­ра туралы роман жазуға іркіп сақтап, тағдырлы тартыстарды тамырластырып, шиеленістерді ширатып, сондай тиянақ­тылық­пен дайындалып жүрген салбурын шақта қолын суытып алмаудың бір амалынан туған, Әнуар ағасының шығар­ма­ларын аудару барысында алған көңіл-күйдің былауы ғана шығар, кім білсін.
Ол өмірінің соңын, неге екенін қайдам, Алатаудың қыратты жонында оңаша өткізді. Тіршіліктің бар қарбаласынан бойын аулақ салды. Сол бір жеңгей екеуі ғана ұя басқан қиядағы қыстауына іш­тар­та масаттанатын: «Су әкелемін, отын дайындаймын, ағаш бұтаймын, пешке көмір саламын. Содан кейін жазуымды жазып отыра беремін. Баяғыдан осылай істеуім керек екен», – дейтін. Қалаға ке­ліп-қайтуы қиынға соққаны болмаса, сол бір қиядағы аядай ғана үй Сайын ағаның қысылған жанына сая болды. Бала десе өзегі еріп тұратын Сайын өзінің жанына балаған қызы өзінен бұрын дүниеден озғанда өкпе-бауыры езіліп кетті. Абай­дың: «Мағаштан кейін өмір сүрдім дегіз­беші», – деп әкесі Құнанбайдың әруағына жалбарынғанындай тілекпен Сайын, қазақтың Сайыны да дүниеден өтті.
Ол – ұмытпайтын, ұмытылмайтын, ұмыттырмайтын ұлы тұлға. Сайынды еске алу – парыз, тағзым көрсету – құрмет, алғау – аманат.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір