«Тіленші, заржақ прозасымақты ұнатпаймын»
19.07.2019
2211
4

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы:

«Айгүлді білмейтін қазақ жоқ, бәріміз білеміз. Жазған дүниелерін қызыға, құныға оқимыз. Ол – жарқын, тың, бітімі бөлек шығармалар тудырудан жалыққан емес. Оның әңгімелері – талмай ізденудің, ұлттық болмысымызға, далалық дархандығымызға өте терең бойлаудың жемісі». Жазушы, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаеваға Әуезхан Қодар осылай деп баға берген екен. Ұлттық тақырыптарға терең бойлай білетін жазушымен жақында әңгіме-дүкен құрудың сәті түскен еді.

15 жасымда проза жаза бастадым

– Айгүл Жолдасбайқызы, байқауымша, сіздің әріптестеріңіз әдеби байқауларда бақ сынай бер­мейді. Ал сіз, керісінше, жиі қа­тысасыз. Неге?
– Орта мектепті 1982 жылы ауыл­да бітірдім. 15 жасымда проза жаза бастадым, сол повесім 1983 жылы республикалық жа­бық конкурста екінші орын ие­ленді. Бірінші жүлде қазіргі қа­зақ әдебиетінің ірі тұлғасы Есен­­ғали Раушановқа тиді. Мектеп бітіре сала жабық конкурстан бағым жанғаны сол уақытта үл­кен сенсация болды. Жүлде құны 1000 сом болатын. Ол уақытта бұл – ірі ақша, мамам жартысынан көбін туыстарға сүйіншіге таратты, қалғанына той жасады. Жастарға әдеби беделді басы­лым­дарға шығудың өзі күш болып жүргенде әдеби ортада бірден танымал болып шыға келдім. Осы конкурстың шарты бойынша үш жыл ішінде кітабым жарық көруі тиіс болатын. 1986 жылы «Жалын» баспасынан алғашқы кітабым шықты. 2001 жылы бір ағамыз: «Сен тік шы­ғып кеттің», – дегені ойымда, әу бас­тан ешкімді жағалағаным жоқ. Прозадан әдеби байқаулар поэзияға қарағанда тым сирек жарияланады. Сондықтан мүм­кін­дікті құр жібермеуге мүдделі­мін. Уақыт өте тығыз болған күн­де де, жазу қабілетіме ерекше әсері бар. Әсіресе, жабық байқау­ларды соншалық жақсы көремін.

– Неге?
– Себебі, жабық байқауларда жолым көбірек болады. Әрі олар ірі, адал конкурстар. Жалпы, әдеби байқауларға қатысу – адамға жақсы стимул береді. Қо­мақты жүл­деге ілікпеген күн­де де, бір көр­кем шығармам жазылады. Мен байқаудан орын ал­масам, түк өкпелемеймін. Бас­тысы – идеясы көкейімде жүрген, қолым тигенде жазамын деп ұзын арқан, кең тұсауға салып қойған бір шығармамның өмірге келуі.

Әдебиет әлемінде… «фильтр» бар

– Соңғы кездері дін тақыры­бына көбірек қалам тербеп келесіз. Осы тақырыпта «Ғибадат», «То­былғысай» әңгімелеріңіз, ішінара «Мұнара» атты романыңыз жа­рық­қа шықты. Әлемде діни жағ­дайлар шиеленісіп тұрған осынау шақта бұл тақырыпты таң­дау­ыңыз­ға не себеп болды?
– Менің түсінігімде, дінді адамның жан-дүниесі қалауы керек. Ал бізде керісінше, сырт­қы формалары көп. Оған ақша мен саясат араласқан уақытта дін – дін болмай кетеді. Бізде Құ­дайға сену ата-бабамыздан келе жатқан, бойымызға ананың сүтімен берілетін қасиет. Мен 2004 жылы «Ғибадат» атты әң­гі­ме жаздым. Бұл әңгіменің лейт­­мотиві адам жаны рухани сенімге қалай ие болады, Құ­дайын қайтіп іздеп табады дегенге саяды. Адамды адам қылатын – иманы, тілі және санасы. Кез келген қоғамда биік мораль болуы керек. Кезінде діни кітап­тарды көркем әдебиет тәрізді қабылдап, оқыған кездерім болған. Әлем – үлкен. Сондықтан онда әр түрлі діни конфе­с­сия­лардың болуы заңдылық. Бір­тектіліктің қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен шығармаларымда адамның иманға келуін, діні­міздің ата-бабамыздың салып кеткен салт-дәстүрлерімен қа­бысып жатқандығын көрсеткім келді. Адам жаны Алла-та­ға­ланың мейірімін, рахымын қалап тұрады. Адам дінге, иманға ақылмен ғана келе алады екен. Бұл әңгімеме Шаһкәрім қажының: «Ақыл­мен сенбей иман жоқ» деген сөзін эпиграф етіп алдым.

– Кезінде осы діни шы­ғармаларыңыз үшін сізге сын айтқандар да көптеп табылды емес пе?
– Иә, кезінде осы әңгі­мелерім үшін маған сын айтқан, тиіскен адамдар да болды. «Көп жері түсініксіз, ой жоқ, құр сөз­бен салынған сурет», – деп те айтқан.

– Сіз бұл сындарды қалай қабылдадыңыз?
– Мен сынға өте шыдамды адаммын. Жұрт жөнін айтса, жақсы әрине, теріс айтса, тіпті қиналмаймын. Көкейінде не тұрғанын сөзінің астарынан жазбай танимын. Әдебиеттің сарнаған тарихын емес, идеялық болмысын, теориясын биік қоя­мын. Қашанда өз пікірімде қаламын. Маған қалай айтса да, өз көзқарасым өзгере қоймайды. Ал жазушы, сыншы, профессор Бекен Ыбырайымов менің сөйлем құраудағы стилисти­калық селкеуліктеріме сын айтса, оны қуана қабылдап, мә­тін­дегі сол тұсын дереу түзеймін. Мұн­дай сын өшірмейді, тек өсіреді.

– Сын демекші, өзіңіз де әдебиет сыншысысыз ғой?
– Дәлірегі – әдебиеттану­шы­мын. Менің сын жазып жүргенім шамалы. Себебі, дәл қазіргі біз­дің қоғамда шалажансар авторға сын айту – өте қауіпті. Айтудың да керегі жоқ деп ойлаймын. Өйткені әдебиеттегі нашар, сол­ғын шығармалар уақыты келгенде өзінен-өзі қоқысқа кеткендей бықсып қала береді. Олармен айтысып-тартысып, уақыт өл­тіру­дің текке қажеті жоқ. Олар онсыз да таланттыны қарадай жек көреді, шамына тиіп, ашындырудан түк шықпайды.

– Қазақта «Тоқпағы мықты бол­са, киіз қазық жерге кіреді» де­ген сөз бар. Сіз «Нашар шығар­малар уақыты келгенде өзінен-өзі қоқысқа кеткендей қала береді», – деп отырсыз. Бірақ кейде сол нашар деген шығармалардың өзі кеңінен насихатталып, бірнеше тіл­дерге аударылып жатады…
– Бұған өте «жайбарақат» қараймын. Неге десеңіз, ондай шығармалар бірінші онжыл­дық­тан өтер, екінші онжылдыққа да же­тер, үшінші онжылдыққа келгенде уақыт сынынан өте алмайды. Әдебиет әлемінде көзге көрінбейтін «фильтр» бар. Қалтасында қаржысы барлар кітабын бәрібір шығарады. Бірақ уақыты келгенде әдебиет әлеміндегі «фильтр» оларды тазалап, іріктеп береді.

– Десек те, мұндай шығар­ма­лар­ды шет тілдеріне аударудың қа­жеті қанша?
– Ол шығармаларды мемлекет аударып жатқан жоқ болар.

– Мәскеудегі Горький атында­ғы Әдебиет институтына түсу үш­ін ҚазМУ-дың «журфагін» тас­тап кеткен көрінесіз. Журналисти­ка­да неге оқығыңыз келмеді?
– «Социалистік Қазақстан» га­зетінің бас редакторы Сапар Байжанов ағам анам жағынан туыс болып келетін. Сол кісі мені 1984 жылы журфакқа түсірді. «Бір жыл бұрын республикалық конкурстан озған жазуы бар жасты оқытпағанда, кімді оқы­та­сыңдар?» – деп үлкен инс­танция­лар­ға айтып, қамқорлық жасап, студенттікке жеткізді. 1987 жылы журфакты 3 курстан соң тастап кеттім. Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет инс­титутында оқығым келді. Ол институтқа жоғары филология­лық білімі бар дипломмен қа­был­дамайды ? Тәуекел қылдым. Арада екі жыл жоғалттым. Елден де біраз сөз естідім. Бәрі мені «ақы­маққа», «басы істемейтін ада­мға» теңеді. «Енді бұл оқу оқымай, ауылында бықсып қа­лады, әдебиеттен біржола кетті», – деп, мазақтап күлгендер де болды. Әдебиет институтында 5 жыл оқып шықтым. Мұнда оқытушылар құрамы өте мықты, дүниежүзілік әдебиеттің тарихы мен теориясы жан-жақты оқы­ты­лады. Бұл – маған Алланың ең үлкен сыйы болды.

– «Журфактағы үш жылым бос­қа кетті-ау», – деп өкінбейсіз бе?
– Жоқ. Алматыда да кілең мықты ұстаздардан оқыдым. Оқытушыларда тектілік, ізгілік, білім нұры бар болатын. Әрі бірге оқыған достарыммен әлі күнге араласамын. Журфакта оқып жүрген кезімде кинотеатрларға жиі баратынмын. Әуелде кинорежиссер болу – арманым еді. Фильмге режиссеріне қарап, таңдап баратынмын.

– Мәскеудегі Әдебиет институтына «Қоңырқаз» атты әңгімеңіз арқылы түскен екенсіз. Әңгіме жанрындағы алғашқы дүниені фантастикалық антропологиядан бастауыңызға не себеп болды?
– Бұл әңгімені 1987 жылы 7 қазанда жаздым. Бұл – Арқадан құс қайтқан мезгіл. Әлі күнге дейін есімде, ауылда орыс тілін үйреніп жатқанмын. 1989 жылы жазда әңгімемді Мәскеудегі иституттың қабылдау комиссия­сына поштамен жібердім. Бір күні Роллан Сейсенбаев аға­мыздан хат келіп тұр. Ол кезде мен ол кісіні жерлесім болса да жүз­бе-жүз танымайтынмын. Сыр­тынан ғана білемін. Хатында әңгімемнің жақсы екендігін, сол үшін шығармашылық емтиханда «бес» қойғандығын айтып, қазақшасын жіберуімді сұрапты. Қабылдау комиссиясына орысша аудармасын жібергенмін. Бірінші курста проза бөлімінде семинар жүргізген орыстың үл­кен жазушысы Андрей Георгиевич Битов осы әңгімеме «Магия­лық реализм», – деп баға бергені жадымда. Расында, әңгімемнің эпиграфында нұсқағандай, идея­сын Ханс Кристиан Андерсеннен алғанмын. Оны еш жерде жасырған емеспін.

– Таласбек Әсемқұлов ағамыз: ««Қоңырқаз» – Айгүл Кемелбае­ва­ның ең үздік шығармасы. Аталмыш әңгіменің несі жаңалық деген сауалға концепциясы жаңа деп жауап қайтарар едім. Аңыздық сарында осылайша жазып шығу, осындай үлкен пайымға бару – жазушыдан үлкен қабілетті талап етеді», – деген екен. Жас кезінен-ақ осындай баға алған қаламгерге Мәскеуде оқу қиынға соқпаған болар?
– Бұл кейіннен айтылған сөз. Эрудит жазушы, күйші Таласбек Әсемқұлов бұл пікірін 2005 жы­лы «Таң-Шолпан» журналында жариялады. Оның интерпретациясына келіспейтін де тұстарым бар. Әдебиет институтында әуелі шығармашылық емтиханнан өтсең ғана Мәскеуге шақырады. Сосын екі пәннен емтихан тап­сыра­сың. Мен шақырту алғанда қатты қуандым әрі қорықтым. Орыс тілін жақсы білмейтін едім. Бағдарламадағы орыс әде­бие­тін түгел оқып, дайындалып жүрдім. Бұрын оқығандарымды қайталап оқыдым. Емтихан сұрағы Гогольден келді. Гого­ль­дің прозасын өте жақсы көремін. Сүрінбедім.

– Шығармаларыңыз көпке дейін баспа бетін көрмей жүріпті. Осы рас па?
– Жоғарыда айтқанымдай, мен әдебиетке тым ерте, 15 жасымда келдім. 18 жасымда ал­ғаш­­қы әдеби жүлде алдым. Сол жүлде бәріне үлкен жол ашып берді. Екінші курс оқып жүрген кезімде «Жетінші құрлыққа сая­хат» атты алғашқы кітабым жарық көрді. 10 мың данамен. Қаламақысы бар. Балаларға арналған повесть болатын. Сол кітабыма әлі күнге дейін күлкім келеді. Өзім де баламын ғой ол кезде. Менің қатарластарым ағаларына барып, газет-журнал­ға жарияланарда алғысөз жаздыртып, шығартып жүрген. Рас, ол кезде газетке шығудың өзі қи­ын еді. Осы кітабым жарық көр­геннен кейін «Енді не жазамын?» – деген ой келді. 1987 жылы жазылған «Қоңырқаз» ат­ты тырнақалды әңгімемді «Қа­зақ әдебиеті» газетіне шығара ал­май қойғанмын. 1994 жылы Мәс­кеуден оралғаннан соң, шы­ғармаларым жарық көре бастады.

Кәсіби аудармашылардың мектебін қалыптастыруымыз қажет

– Бүгінде елімізде есімі ерекше аталатын жазушылардың қатарынансыз. «Біздің әдебиет – қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге жетті, әлемдік аренаға шықты», – деп айта аламыз ба?!
– Қазақ әдебиеті әлемдік аренаға, әрине, шығып жатыр. Бірақ қандай дәрежеде? Бұл жерде барлық мәселе аудармаға келіп тіреледі. Бізде аударма жағы әлсіз. Көркем аударма саласына мемлекет айрықша көңіл бөліп, мықтап қолға алуы қажет. Әдебиет институтын қайта құрылымдап, оның аударма бөлімін ашу керек. Қиын жылдарда Максим Горький негізін салған мәскеулік инститтуттың даяр үлгісін неге алмасқа? Кәсіби аудармашылардың мектебін қалыптастыруымыз қажет. Бізде көркем аудармаға икемді, талантты жастар жетіп артылады. Қаламақысы мол төленетін беделді өнерге айналса, талай адам аудармаға ат басын бұрар еді. Мәскеудегі Әдебиет институты екі-ақ бөлімнен тұрады. Онда факультет деген атымен жоқ. Негізгі бөлім – поэзия мен проза, әдеби сын болса, екіншісі – аударма бөлімі, жыл сайын үш тілге аудармашылар дайындайды. Бес жылда әлемдік 15 тілге үзбей мамандар шығарып отырады. Қазір әлемде қандай мықты әдебиет туындысы жарық көрсе, дереу орыс тіліне аударылады. Жәй аударма емес, жоғары дәрежедегі кәсіби, сауатты аударма. Мен Орхан Памуктың тек қана орысша аудармасын оқи­мын. Шығарма орыс тіліне кәсі­би тұрғыда аударылатынын жақ­сы білемін. Біздің қазақтың аударма саласы осы деңгейге жеткенде ғана төл әдебиет әлем­дік аренаға шыға алады. Сең қозғалды деуге болар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен «Ұлт­тық аударма бюросы» қо­ғам­­дық қоры БҰҰ-ның 6 тіліне қазақ поэзиясы мен прозасын қос том қылып аударуды осы жазда бастап кетті. Бұл халы­қа­ралық ірі жобаға бір эпикалық әңгімем енді.

– Құтты болсын! Жақсы жаңа­лық екен. Сізді «Еуропаша ойлап, қазақша жазады», – дейді. Осыған қандай уәж айтасыз?
– Өтірікті соқпасын! Мен Семейдің Абай ауданында туып-өстім. Құдайға шүкір, менде Еуропаның білімі бар. Бірақ қазақша жазамын. Эссе жанрында орысша жазатынымды да жасырмаймын. Бұйырса, проза жазып байқау ойымда бар. Қазіргі заманғы прозада Еуропа эталон емес. Әлем әдебиетінің географиясы кең. 190 жыл бұрын фон Гете: «Енді әлем әдебиетінің дәуірі келеді», – деп айтып кеткен. Асқан көрегендік! Гетенің айтқан заманы баяғыда туды.

– Сізді «қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуші» деп те атайды екен?
– Шын ба?

– Иә.
– Білмеппін.

– Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Айгүл Ісмақованың сіздің шығармашылығыңыз туралы: «Айгүл өз туындыларына саналы түрде еуропа­лық, мифтік есімдерді де кіргізіп қояды. Онысы эксперимент бол­ға­нымен, өте сәтті пайда­ланыл­ған амал. Өйткені дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол дең­гейде ойлана отырып, қазақша сти­ль­дік тәсілдерді дүниеге әкелу­де», – деп жазған пікірін оқығанмын.
– Мен шығармаларыма негізгі қоректі ауыз әдебиетінен аламын. Тақырып, идея жағынан өз-өзімді қайталаған емеспін. Жаңалық ашқан ештеңем жоқ. Ұмытылған ескі стильдерді жаңғыртқан болармын, мүмкін. Бір әңгімеден екінші әңгімеге жалғасқан шығармаларым жо­ғары бағаланған болар. «Тобыл­ғысай» атты әңгімемнің ішінде бір әңгімеден екінші әңгімеге жалғасқан, орыстардың «мат­решкасы» сияқты төрт әңгіме бар: «Жезтырнақ», «Қақпаншы», «Алмұрт» және «Кірпі». Әңгіме ішіндегі әңгіме – ежелден бар тәсіл. Бұл стиль орта ғасырлардан бері қалыптасқан. Ежелгі Апулей, кейінірек Сервантес, Гоголь, Диккенс, Достоевский, Акутагава осы стильмен жазған. Түп негізінде бұл сарын «Панчатантра», «Мың бір түн» сияқты классикалық үлгілерден бастау алады. Қазақтың ауыз әде­бие­тіндегі фольклорлық дәстүрді, жоқтау сарынын «Көкқия» атты әңгімемнен көруге болады.

– 2017 жылы жазда Германия мемлекетінің астанасы – Берлинге бір айға сапарлап қайттыңыз. Шығармаларыңыз неміс тіліне аударылыпты.
– Алматыдағы Гёте инсти­ту­тының «Әдеби соқпақтар» жобасына қатысқанбыз. Бұл жобаның үйлестірушісі осы институттың белді қызметкері Шолпан Қы­зай­баева. Рахымжан Отарбаев аға екеуміз іріктеуден өтіп, жолдама алдық. Берлин институ­тының арнайы стипендиясын иеленіп, бір айға неміс еліне шақырту алдық. Рахымжан аға­ның үш әңгімесі, менің «Шашты», «Ереймен мен Ақынай» атты екі әңгімем неміс тіліне аударылды. Қос тілде жарық көрген «Жүректен жүрекке» атты сол жинақты Рахымжан ағаның көрмей кеткені өкінішті. Ал «Тігін­ші» атты әңгімем Берлинде шыққан бір жинаққа енген болатын. Бәрі өмірден алынған кейіпкерлер. Әдеби кейіпкерле­рім өмірден алынған, прототипі бар адамдар. Қиялдан туған тек «Қоңырқаз».

– Неміс ұлтының әдебиетке көзқарасы қандай екен? Бізбен салыстырғанда қандай ерек­шелік­тері бар?
– Маған Берлин сапары ер­ек­ше ұнады. Неміс ұлтының әдебиетті сүюі ерекше екен. Ол елде «жерде жатқан» жазушы көрмедім. Әр жазушының өз жолы, оқырманы, аудиториясы бар. Ерекше атап өтерлігі – балалар әдебиеті жақсы дамыған. Мемлекет әдебиетті өте жоғары дәрежеде қаржыландырады әрі ол ақталады. Сондай-ақ, ұлты басқа жазушы сол елге қоныс теуіп, неміс тілінде шығарма жазса, оларға арнайы грант та­ғайындалады екен. Бұл – толе­ранттылық, неміс мәдение­тін әлемге таныту, жақсылықты еселеу арқылы елге келетін рухани игілік. Әлемнің көптеген елдерінде ашылған Гете инсти­тутының да түпкі мақсаты осындай. Мен сол елде жүріп: «Шір­кін, бізде де Абай институты құрылып, филиалдары дүние­жүзіне таралса, осындай ізгі жұмыстар қолға алынса» деп армандаумен болдым. Біздің елде той-бизнес алға озып тұр. Онымен ұзаққа шаба алмаймыз. Неміс еліндегі сияқты қоғамдық мәні бар мәдени шараларды қолға алу қажет.

– Соңғы жылдары ақын-жазу­шыларымыздың арасында Мемлекеттік сыйлыққа талас-тартыс көбейіп барады. Неліктен?
– Мемлекеттік сыйлыққа талас-тартыс қай кезеңде де болған. Өз басым Мемлекеттік сый­лыққа жастардың түсіп жат­қанын құптамаймын. 2016 жылы Маралтай түсіп жатқанда, оның өзіне хабарласып: «Қоя тұр­саңшы. Неге түсіп жатырсың?» – деп айтқанмын. Ол маған: «Бұл заманда жасқа қарамайды. Талантты адамдар жарысқа түсуіне болады», – деп жауап берді. Мүмкін, өзім шығармашылығын жоғары бағалайтын ниеттес ақын досым Маралтайдікі де дұрыс шығар. Бірақ өз басым біздің буынға әлі ертерек деп ойлаймын. Мемлекеттік сый­лықты буын-буынымен, талант күшіне сай ретімен алса, әділетті болады.

– Бүгінгі жас жазушылардан кімдерді оқисыз?
– Маған жас прозаиктерден Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлі­ков, Мұрат Алмасбекұлы, Қанат Тілеуханның жазуы ұнайды. Бірақ қазіргі жастардың басым көпшілігінің прозасында көшір­мешілік көп, дара үні, айтары, ізденісі аз. Ашығын айтайын, қазақтың келешегіне кесірі тиетін теріс сөз, қолдан қиюлас­тырған, туған елге жамандықты қасақана шақырып тұрғандай қара бояу баттасқан зілді, тілен­ші, заржақ негатив прозасы­мақты тіптен жек көремін.

– Қазір қандай шығармалар жазып жүрсіз?
– Мен әрқашан шығармашы­лық бабындағы жазушымын. Жақында бір повесть жазып бітір­дім. Проза, эссе, кинодраматургия бағытында жұмыс жа­саймын. Жұмыс ретімен, амалсыз, аудармамен айналысуға да тура келеді.

– Уақыт тауып, сұхбат құр­ғаныңызға көп рақмет!

Әңгімелескен
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

ПІКІРЛЕР4
Серік Қазанғап 23.07.2019 | 18:45

Неге екенін білмеймін, осы кісінің әңгімелерін оқысам риза боламын. Шынайы жазады. Өзі де қарапайым, жасандылығы жоқ жазушы. Бүгінгі сұхбатын оқып қатты риза болып отырмын. Шыныменде, қазақтың әдебиетін әлемге танытамыз десек, елімізде аударма институтын ашу керек. Сұхбатты алған Нұрсұлтан Мықтыбайға респект, керемет сұхбат екен! Жазушыны жақсы сөйлете біліпті. Айгүл ханымға шығармашылық толағай табыстар тілеймін!

Қонақ 29.01.2020 | 08:39

Маған да өте ұнады.Әсіресе,»»Шашты» әңгімесі.Осы әңгіменің жазылуына түрткі болған жайттар туралы білсем деп едім.Айгүл Жолдасбайқызының эл.мекен-жайын қайдан алуға болады?Көмектессеңіздер,өтіініш!!!!!!!!!!

Қонақ 29.01.2020 | 08:40

Маған да өте ұнады.Әсіресе,»»Шашты» әңгімесі.Осы әңгіменің жазылуына түрткі болған жайттар туралы білсем деп едім.Айгүл Жолдасбайқызының эл.мекен-жайын қайдан алуға болады?Көмектессеңіздер,өтініш!!!!!!!!!! Осы сұхбатты алған тілші мүмкін осы жазғанымды оқыса,көмектесер деген үміттемін. Әділов Бақытнұр,қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі

Қонақ 05.08.2020 | 19:12

Бақытнұр, ассалаумағалейкүм! +77027027600 WhatsApp нөміріне жазыңыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір