Ит тірлік
Есболат АЙДАБОСЫН
(әңгіме)
Қорадағы иттер сүйекке таласып қырықпышақ болды, жотадағы биттер жөңкіліп жорыққа шықты.
Ызғыт бірінің шуылдаған дауысын естіп, екіншісінің қыбырлаған жүрісін сезіп жатыр. Басын көтерместен ызалана ырылдады. Оның ырылы тұла бойын мекендеген «тұрғындардың» жыбырын тоқтатқан жоқ. Керісінше, өршелене түскендей, жан-жақтан жапа тармағай талап барады. Әрбір қылшықтың түбінен түйрегенде бар денесін дуылдатып жібереді. Ызғыт шыдай алмады. Атып тұрып арқасын итмұрынның тікенегіне үйкелеген. Бір-екі рет қыбырлаған немелерді шайнап тастағысы келіп, қабысқан қарнын қаршылдата тістеледі. Тістеді деген аты ғана, сүйек кеміруге қауқарсыз жақ пен мүжілген азу қызыл-шақа болып бөрткен теріні умаждаған да қойған. Ызғыт тіске ілініп, көзге көрінбейтін жауларымен арпалысамын деп әбден әлсіреді. Көзі қарауытып барып тәлтіректей жығылды. Жатқан күйі қалжыраған денесін қара топыраққа қажап бір-екі рет қасынды.
Айбат шекпек болған, тістене ырылдағысы келген. Бірақ бүрге мен битке таланған кәрі тазының үні қыңсылағандай естілді.
Ызғыт
Ызғыт көзін ашқалы әкесін көрмеді. Ал енесі марқа қозыдай ғана бәкене қызыл тазы болатын. Оның қызғаншақ мінезі, мейірімді бейнесі жадында мәңгілікке жатталыпты. Тура қазір келе қалса, бір қора иттің ішінен жазбай таныр еді.
Ызғыт кенже туды, екі ұяласына қарағанда сидаң еді. Сондықтан болар енесі Ызғытты көп еркелететін. Тар ұяның ішінде таласып ойнап, астаң-кестеңін шығаратын әлгі екеуді ашуланғанда желкеден алып лақтырып жіберетін, ал Ызғытқа тіс батырмайтын. Ызғыт тентек туыстарымен құмары қанғанша ойнап та жарытқан жоқ. Бауырын көтеріп жүгіре бастаған кезде-ақ айырылысқан. Содан жолдары түйіскен емес. Сол бір сәт Ызғыттың еміс-еміс есінде.
Арқа қызып, жер жіпсіген ерте көктем болатын. Сүтке тойған үш күшік шанақтарын шәнтитіп, ана бауырында маулығып ұйықтап жатқан. Дабырласып, даурығысқан адамдар оятты. Бірі айқайлап шешесін шақырды, өздеріне күнде тамақ әкелетін қожайынның дауысын барлығы таныды. Анасы аяғын санап, сақтана басып үйшіктен шықты. Бұлар да жылы-жұмсақ болса асап, сүйек-саяқ табылса тістеп қалайық дегендей соңынан ілескен. Бірақ далаға шығып үлгермеді. Көк желкеден бүріп ұстаған әлдекім қол-аяғын жерге тигізбей көтеріп әкетті. Ызғыт төрт аяғын тыпырлатып, тырбаңдады да қалды. Әлдеқайдан шешесінің қыңсылаған үні естілді. Қарулы қолдың уысында тұрған Ызғыт алақтап жан-жағына қарағанда өзінің күйін кешкен екі ұяласын көрген. Көздері алақтап, тілі салақтап кетіпті. Күндегі тентектігінен із де қалмаған. Адамдар екеуінің бұтын талтайта ашып қарады да, әлдене деп сөйледі, біреуі ризашылықпен қарқылдап күлді. Ал Ызғытты көтеріп тұрған кісі мұның шатына қол жігіртіп, домбал саусақтарымен борбайын түрткілеп көрді де, жерге атып ұрды. Борпас топыраққа жотасымен соғылған Ызғыт бір аунап тұрып, үйшігіне қарай жүгірген. Әлгі долы адамның ашулана боқтағанын, мұрнын бырқырата бір тартып алып, жерге жалп еткізіп түкіргенін, ол түкірікке дән арқалап бара жатқан қара құмырсқа малтығып қалғанын көрген жоқ.
Бұл оқиғадан кейін Ызғыт біраз күнге дейін елегізіп жүрді. Далада тықыр естілсе, есіктің алдына жетіп баратын. Бірақ екі ұяласы сол кеткеннен мол кетті. Енесінің бар емшегіне жалғыз иелік еткелі Ызғыт бірер күнде домаланып семірді. Ал шешесі қызғаншақ, ызақор болып алған. Аттап бастырмайды. Әсіресе, адамдар келе жатса желкесінен тістеп, үйшігіне тығып, өзі есік аузында күйгелектеніп, күзетіп тұрады. Жақын келгендерге азуын ақситып айбат шегеді. Тек үй иесінің кішкентай баласына кеңқолтық.
Тақыр басты қара баланың ертеңмен істейтін екі шаруасы бар, бірі – үйді айнала бере май топырақтың шаңын бұрқылдатып шаптырады. Шаптырып тұрып: «Ызғыт, Ызғыт», – деп айқалайды немесе ысқырып белгі береді. Жас досының оянғанын білген Ызғыт та далаға құйрығын бұлғаңдатып еркелей шығатын. Бала бұлардың үйшігіне құр қол келмейді. Кішкене қалтасына томпитып бірдемелерді сала келеді. Тістелген бауырсақ, шала мүжілген сүйек секілді тіске басар азықтарды қарны тоқ болса да Ызғыт құмарта жейді, құшырлана қажақтайды.
Бала кей күндері әй-шәйға қарамай Ызғытты көтерген күйі үйіне алып кетеді. Ондай кезде Ызғыт қоржын тамның ішінде алаңсыз ойнақ салады. Көбіне екеуі көкпар тартысады. «Мә, мә.., тіште…тіште…» – деп былдырлаған бала бөстектің бір ұшын Ызғытқа береді. Бұл да үйреніп алған, жармаса кетеді. Ол күшене тартады. Кішентай күшіктен күш асырмақ болып долдана жұлқиды, үйдің ана басына бір, мына басына бір дырылдатып сүйрейді. Ызғыт та тістеген жерімде тісім қалсын деген шақар. Төрт тағандап, айырылмайды. Кейде жағы талып бара жатса жібере салатыны бар. Ондайда тақыр бас бала құйрығымен жер сүзе құлайды. Тоңқалаң асып жатып тырқылдап күледі. Қайтадан тұрып, қос «көкпаршы» доданы бастайды.
Бір күні әдеттегідей Ызғыт пен қара бала үй ішінің әптер-тәптерін шығарып жатқанда бейтаныс екі адам алқын-жұлқын кіріп келді. Үйдің үлкендері мал қоралап жүрген, бала әлгілермен үлкен кісілерше қол берісіп амандасты. Өзара күбірлесіп сөйлесті. Бір кезде бала аяғына етігін кие салып, далаға жүгіріп кеткен. Ызғыт соңынан ілеспек болып еді әлгі екеуі қақпайлап жібермеді. Бір қатерді сезгендей жиюлы тұрған жүктің артына қарай қашты. Бірақ жетіп үлгермеді, біреу шап беріп ұстады да басын тұмшалап қоржынға сүңгітіп жіберді. Қыңсылап үн шығарайын деп еді, тұмсығын қарулы қолымен қысып қалды. Тынысы тарылып, тұншығып барады. Төрт аяғын ербеңдетіп тыпырлады. Қарулы қол сәл-пәл босаңсыды. Сыртта адамдар күбірлесіп сөйлесіп жатыр. «Ызғыт, Ызғыт», – деп шырқырап жылаған қара баланың дауысы әуелгіде тура жанынан естілді, бара-бара алыстан талмаурап жеткендей болды да, мүлдем тынды…
Сол күні ат сауырында шайқалақтап ұзақ жүрді.
Киізбет
Киізбет жылына бір рет Шу өзенін кешіп өтіп, Тоқпақтағы Жекшенбек досына баратын. «Қазақ пен қырғыздың қырыпсалы қосылғанда, Шу бойының аң-құсы құдайына жалбарынып шуылдайды», – десетін жұрт. Маусымның ортасында мал-жанды Кенжәліге аманаттап, тазы мен төбеттің буданынан шыққан Құйын деген дүрегейі мен жарғаққұлақ Жойқынын ертіп, Құрқойынның ішімен күнгей асты. Желсаздағы қойшылар ауылына бір қонып, ертеңіне арғы бетке өтті. Баруын барғанмен, Жекшенбек үйінде емес екен. Атының қан-сорпасын шығарып іңір әлетінде жеткен. Удай мас. Хал сұрасуға да шамасы болмай, түпкі үйіне сүйретіле барып құлады. Түнімен сөйлеп шықты, түнімен әлдекімді балағаттады.
– Көрерміз, – деп тістенеді. Тас шайнағандай сарыала темір тістерін шықырлатады.
– Революция ашам, Ленинннен кейінгі революцияны мен бастаймын, – деп ара-тұра атып тұрып, кеуде тоқпақтайды. Жекшенбектің мұндай «өнерін» Киізбет бұрындары талай көрген. Аузына арақ тисе, адам танымайтын ақикөздің нақ өзі. Талай мәрте төбелесіп, татуласты. Тілі тотияйындай ащы, мінезі дүлей демесең, арамдығы жоқ. Қазақтан дос таппаған Киізбет осы бір тайғаншы қырғызды туған бауырындай жақын тартады.
Жекшенбектің жан азабын ертеңіне естіді. Күшікке таласыпты. Тоқпақ бойындағы тайған ағытып, бүркіт салатын үш қырғыз Қарабалтадағы әлдекімнің әйгілі тазысы күшіктеді дегенді естіп, «бір-бір жабағыдан сатып аламыз», – деп хабаршы жібереді. Межелі күнде өздері де атқа қонады. Жол-жөнекей бөліске салады.
– Кенжесі менікі, – депті, өркеуде Жекшенбек өзгелерге дес бермей. – Қалған екеуінде таласым жоқ.
Барлығы осы сөзге тоқтаған. Қас қылғанда кенже күшік ұрғашы болып шыққан. Борбайында безі болмағандықтан ұясына атып ұрып, атына мініп жүре берген. Артынан қуып жеткен екі серігімен де сөзге келіп, қамшы сілтесіпті. Кәмпитке өкпелеген баладай томсырайған бұны әлгілер келемеждеп күлген. Тумысынан басынан сөз асырмас дойыр қырғыз соған кектеніп екі күн бойы үйіне келмей арақ ішіпті. Ақыры қайраулы қылыштай лыпып тұрған Әскер інісін жіберіп, әлгілерге бұйырған қос күшіктің біріне ине жұтқызып, бірін күшәләмен улап өлтірген. Содан қайтқан беті осы.
– Иттің баласы… Иттің баласы… Иттің баласына қастық қылғаның не? – деп Киізбет шоршып түсті әңгіменің осы тұсына келгенде. Жекшенбек міз баққан жоқ. Қырлы стақанға толтыра құйған арақты қағып салып, еліктің қуырдағын қарбыта асады.
– Қорасынан қой емес, тайған өретін ол екеуі қайдағы бір бауырын жаңа көтерген күшіктер үшін нали қоймас, – деді бейқам түрде.
– «Қырғыздың тілі майда, діні қатты» деуші еді. Мынау шынымен де дінсіз екен, – деді Киізбет күбірлеп. Жекшенбек мән бермеді, май-май қолымен кеудесін нұқып:
–Ішім, ішім… Ішіме шоқ тастап кетті, – деді, шандырды малжаңдай шайнап.
– Сол шоқты кектің суымен өшірмесе боооолбойды,– деп даусын созды.
– Әйтпесе, өртеніп өлемін… Әй, маңқа қазақ, сен кекті ұмытқансың. Әйтпесе Кенесары атаңның басын даулайтын жөнің бар еді ғой.
– Тоқтат!
Киізбет өзінің қалай атып тұрғанын сезбей қалды.
– Атаңа нәлет, ит қырғыз, жон арқаңнан таспа тілейін бе? – деп қамшысымен осып-осып жіберді. Жекшенбек жайындай денесін жалтыратып жалаңаш отырған. Ыршып түсті. Бірақ қарсылық танытудың орнына қарқылдап күлген.
– Атаңның қасында басың қалсын демесең отыр, – деген ашуын күлкіге жеңдіріп. Киізбет қарайлаған жоқ. Атын ерттеп мініп, жүрді де кетті. Арада ай өткенде Жекшенбек жеткен. Жетегінде жирен байталы бар, қоржынында – қызыл күшік. Киізбет жиренді бір айналғаннан-ақ бармақ елі қазы байланғанын шамалаған, күздік соғымға жаратуға болады деген іштей топшылап. Бірақ айыбын тартып келген қырғызға қасарысып қабақ бермей қойды. Тек қызыл күшікті көргенде қылықты қызды жолықтырған жампоз жігіттей қутыңдап кетіп еді. Сүйегінен жазбай таныды. Кәдімгі бала күнінде көрген ши тазының* тұқымы. Атасы марқұм қасқырға саламын деп арандатып алған Ұшардан түр-тұлғасы аумайды. Одан бері де мынау ши тазы дегеннің талайын біледі. Бірақ бірінің қаны таза емес, қырықсідік шата екенін құлағы түгілі, қылшығынан-ақ аңғаратын. Өзінше қазақ даласында ши тазы жоғалып кеттіге жоритын. Енді, міне, жоғалғаны қырғыздан табылды, іздегені өзі келді. Тек бар айыбы – заты ұрғашы.
– Өткенде алмай кеткен күшік осы!– деді Жекшенбек маңғазданып. – Бәрібір біздің тауларда тайған жүгіреді. Мынадай қортық тазылар қолтығынан қарға көміліп, малтығып қалады.
– Атаңның басы, – деді Киізбет тістене. – Түлкі батпас күртік үстінде бұлар жүгірмейді, сырғанайды, – деп мұрын астынан міңгір етті.
– Өййй, рас! – Жекшенбек, өз күлкісіне өзі тұншыға шиқылдады. – Бұлармен біздің ауылдың балалары сары тышқан аулайды, – деп көзін ежірейтіп, дарақыланды.
Киізбет қу тілді қырғыздың сыңарезулеп қақпайлағысы келіп тұрғанын сезіп, қысыр сөзге құлық танытпады. Салалы саусақтарымен қалтасынан сабан ақшаны қобыратып алып шықты да, санамастан Жекшенбекке ұстата салды.
– Қарғыбауын* ал да, әйда, қайқай! Әйтпесе күшігіңмен қосып ұшықтаймын, ит қырғыз!
– Әй, мына жынды қазақтың қорлығы өтті-ау… Өз үйіңде өзіңді сабап кеткен бұл әумесерге сот жоқ-ау, сот жоқ, – деп Жекшенбек шомбал денесін селкілдетіп ыржалақтады. Бірақ оның бұл қылығы да Киізбетті иліктірген жоқ. Қабағын ашпастан қатқыл тіл қатқан.
– Тайған менен дүрегейлер бүркіт болғанда бұл жарықтық ителгі мен қаршыға іспетті. Тұрқы кіші демесең, жүрегінің шайлығып, жүгіргенде шаршап-шалдыққанын көрмеппін. Ал әбжілдігіне келсек, сенің тайғаның бір тістегенде бұл үш рет қыршып үлгереді.
Жекшенбек дауласпады. Қабан мінезді қазақпен тағы шарпысудан тайсақтағандай ши тазының түп-төркіні қырғызға қазақтан барғанын айтып, көлгірсіді. Күшікті айналып-толғанып тұрған Киізбеттің қасына тақалып, өсек айтқан қатындарша алақанымен көлегейлеп құлағына сыбырлады. Не дегенін кім білсін?! Әйтеуір бағанадан бері шәлкем-шалыс келіп тұрған екеудің арасын осы бір құпия сөз бітістіріп жіберген. Күнгейдің қарындай жібіп сала берген Киізбет бас шұлғып, құптаған сыңай танытты. Екеуі де жымиып күлді.
Ызғыт
Бұл үйде адамнан гөрі ит көп екен. Бірақ Ызғыт өзінің ұяластарын кезіктіре алмады. Салпаң құлақ, сидаң аяқ тазылар, еңгезердей төбеттер, кішкене кәндектердің кейбірі бос жүрсе, кейбірі шынжырмен байлаулы. Бос жүргендердің бірі бала тазыға мүсіркей қараса, енді бірі менсінбеген түр танытып, аяғын кердеңдей басады. Байлаулы тұрғандары арпылдап үріп, ызалана ырылдап, қасына жолап кетсең бас салатындай ашулы. Ал адам баласынан ақсақ сары мен қара сақалды кісі ғана көзге жиі шалынады. Көп иттің қожайыны осы екеуі. Ақ ит, көк ит, қара, сұр иттер осылардың қас-қабағын бағады. Тастаған тамағына таласып, қызыл-шеке болып төбелеседі. Енді бірде бір-бірінің бетін мысықша жалап, дос бола қалады. Осындай көріністерді көре жүріп Ызғыт та бұл ортада өмір сүруге бейімделді.
Бір күні қара сақалды адам қызғылт-сары түсті бір мақұлықты қорадан көтеріп шықты. Өлген күшік секілді. Ызғыт салпаң құлағын бір қағып орнынан қарғып тұрған. Мұндай күшікті көз ашқалы көрмеген, иісі де біртүрлі жат, құмарлықты оятып, қолқаны қытықтайды. Ызғыт қара сақалдының қасына жетіп барғысы келді де, оның қаһарынан қаймыққандай тоқтап қалды. Қарасақалдың әрбір қимылын қалт жібермей алыстан бағып отыр. Қолындағы бәкісін жарқ-жұрқ еткізіп тасқайраққа жанып алды да, әлгі сары мақұлықтың терісін лезде сыпырып тастады. Құйрығы ұзын, үлпілдеген әдемі екен. Ызғыт қызыл-сары құйрыққа балалық әуестікпен тамсана қарады, тістелеп ойнағысы келіп қызықты. Бұл кезде қожайынның қолынан ет асап үйренген қорадағы бүкіл иттер де ұйлығыса қалған. Қарасақалдың қасына жақындап баруға ешбірінің дәті шыдамайды. Мінезі нашар. Ашуланса басқа теуіп, сойылдап, тіпті атып тастаудан тайынбайтын дүлей. Қарасақал қызыл мақұлықтың ішін жарды да қолын тығып жіберіп, уысын қанға толтырып шықты. Оның қолынан тамған қанға тамсанған көп иттердің ішіндегі ашқарақтау төбет шыдамады білем, жетіп барамын деп сыбағасын алды. Қарасақалдың гүрілдеп жекігені мен төбеттің қаңқ еткен дауысы қатар шыққан сәтте қаптаған иттер тым-тырақай қашқан. Қарасақал өзгелерді қуалап жіберген соң көп бөгелмеді. Тура Ызғытқа қарай бет алды. Сөйлеп келеді, күліп келеді. Ал қолына шеңгелдей ұстаған қошқыл заттан аққан қан дірдектеп сорғалайды.
«Күшігім, күшігім», – дейді қарасақал. Еркелететін секілді. Күледі. Күлген кезде қара мұрт жапқан аузынан сойдақ-сойдақ аппақ тісі әрекідік көрініп қалады. Ызғыт ет жеймін деп дәмеленіп, құйрығын бұлғаңдатып қарсы жүрді. Қарасақал қасына тақалған бетте желкеден ұстады да, жерге алып ұрды. Құлағынан бұрап, тұмсығын аспанға қаратты да, әлгінде қолынан көрген қарақошқыл затты мұрнына тақай берді. Жандәрмен тыпырлап жатқан Ызғыт, әлдебір сұйықтықтың танауына құйылғанын сезді. Удай ащы екен, кеңсірігін қуырып жіберді. Жөтелді, қақалып-шашалды. Қарасақал күбірлеп сөйлеп жатыр, сүйкімсіз тістерін ақситып күлгенсіді. Артынша аспанға көтеріп алып, қос құлағын жарып жіберердей барқырап айғайлады.
Кенжәлі
– Ызғыт, Ызғыт, – деп дауыстады Киізбет, күшіктің тұмсығына түлкінің өтін құйып болған соң… Қос құлағына үн салып, үш реттен ат естіртті.
– «Қарабалтадағы қойшының баласы Ызғыт деп атапты, сонымен қалсын» – деген Жекшенбек кетерінде.
– Мейлі, болса болсын! Баланың сөзі – періште тілегі. Ызғытарсың әлі-ақ, – деп мақұлдаған.
Қызыл күшіктің бабын Кенжәліге тапсырды. Кенжәлінің ит жарату тәсілін бұл өңірде ешкім білмейді. Тумысынан бір аяғы екіншісінен кем жаралған тойтық, алдыңғы күректісі ырсиып тұратын қоянжырық жігіт Киізбеттің алыстау жамағайыны. Жастай жетім өскен байқұсты балалар үйіне әкеткелі жатқан жерінен Киізбет қолына алған. Содан бері де осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Қара жұмысқа мығым, тындырымды. Көп сөзі жоқ. Қолы құтты, соғым байласа – табан шығады, қой бордақыласа – ақтарылып түседі. Ал ол баққан иттің алдынан аң қашып құтылған емес. Иттің бабына басқа түгіл Киізбеттің өзін араластырмайды. Талабы қатал. Бабы келмеген тазыны тай мінгіземін десең де аңға жібермейді. Қайбір жылы Киізбет Сұркиік атты қаншықты бой бермей алып кеткен, сол жолы қанжығасы бос қайтты. Үйіне келгенде Кенжәліні таппай қалған. Мал-жанды тастап жайлауға шығып, сайрандап кетіпті. Бір қойшыға помчабан* болғалы жатқан жерінен алдап-сулап әзер әкелген. Содан бері Киізбет өзге шаруа бойынша Кенжәліге ұрысып-зекісе де, иттің бабына келгенде дауласпайды. Оның жырық аузынан не шықса, соған көнеді.
Кенжелі тазыларды тамақтан тартпайды, өзге аңшылар секілді адамдардың табағына телміртпейді. Олар үшін басқа қазан көтеріледі. Тек аңның етімен қоректендіруге құмбыл. Сүйегі мығым, тістері жақсы жетілсін деп деміл-деміл кіл сүйектерден сорпа қайнатады, қант араластырып қатық жалатады. Киізбеттің міндеті – қажетті азықты дер кезінде жеткізіп тұру. Аңның еті мен қатық, сүттен таршылық көрмесі белгілі. Бір апталық саяттан-ақ Киізбет қоян мен елік, қарсақ-түлкінің етін үйіп тастайтын. Тек Кенжәлінің сұрамайтынды сұрайтыны бар кейде. Қайдан үйренгенін кім білсін, күшікке балықтың майын ішкізеді. Дәріханадан алынған майды жаратпай, өзім қайырам деп кердеңдейтіні бар анда-санда. Бұл аймақтың өзенінде балық тұрмақ бақа болмайтынын біле тұра «балық тауып бер», – деп құңқылдайтын көмекшісіне Киізбеттің кей-кездері қаны қараяды.
– Барды бер де, отыр! – деп ұрсып тастайды ара-тұра қалжыңға сүйегенсіп. Бірақ Ызғытқа балық жегіземін дегенде Киізбеттің де дегбірі қалмады. Алғашқы қансонар күні-ақ Қаншеңгелді бетке алып Бақанасқа қарай түсіп кеткен. Араға он шақты күн салып, Топардың бойындағы тышқан аулағыш орыстардан екі қоржын балықты теңдеп әкелді.
– Әй, жырық неме, міне балығың, күшігің екеуің қыстай соғым қылып, сорпаланыңдар, – деп тастай берген. Кенжәлі құнжыңдап бөктірілген сұлыны ат дорбаға салып жатқан.
– Жәрәйді, – деді мойын бұрмастан. – Жүн-жүн болмай ары кетші, балықтан арман сасып кетіпсің, – деп Киізбетті де бір түйреді. Жалпы, Кенжәлі Киізбеттің сөзін сөз деп елемейтін. «Жырық», «шойнақ»,– деп тілмен қажап жатқанда да қабақ шытқан емес. Есесін де жібермейді. Киізбетті – киізбет атандырған да осы. Дап-дардай Сәулет деген есімі бар еді, оны бүгінде бүкіл аймақ ұмытты. Сәулет те шомбал дене, көзінің айналасынан өзге жерді сақал басқан, өң-тұрпаты далалықтан гөрі таулықтарға келетін жігіт ағасына жараса қоймайтын ныспы. Сондықтан Киізбет қырықтан асқанда Кенжәлі қойған атқа бой үйреткен.
Кербесті әрең көтеріп келген екі қоржын балықты Кенжәлі ерінбей-жалықпай күні бойы отырып сойып шықты. Киізбет иісі құрсын бәлекеттің деп саусағының ұшын да тигізген жоқ. Бірақ сырттай аңдыды. Кенжәлі алдымен балықтардың іші-сыртын тазалады. Артынша ет турағышқа салып сүйегімен қоса бытырлатып майдалады, соңыра бүкіл етті бір ыдысқа салып тоңазытқышқа тықты. Содан кесіп алып, аптасына екі мәрте Ызғытқа асатады.
Иттің тәбеті тартылып, бұратылып қалса, өзгелер жүн жұтқызады. Құрты түссін, қоясы кетсін деп қойдың жүні, аттың қылын майға орап береді. Ал Кенжәлі сақалға үйірсек. Сақал болғанда да көнеріп, кеуіп кеткендерін жаратпайды. Киізбеттің қыр соңынан қалмай жүріп, қауғадай сақалынан қырқып алатыны бар.
– Оның не? – дегендерге: – «Енергиясы бойында тұрады», – дейтін сақауланып. Тоғыз кластық білімі бар, иттен басқа жан баласымен жуыспайтын жетім жігітті Киізбет ондай кезде жерден алып, жерге салады.
– Енеңді ұрайын, «енергия» сенің не теңің? – дейтін келеке етіп. – Әлде борбайдағы қоржының енергияға толып кетті ме?!
– Үбаай, долақ неме, бетіңдегі жүнді аяйсың ба? – деп Кенжәлі де қалыспайды. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламынды» айтып, жырық ернінен тілін жылмаңдатып, қутыңдайды ондай кезде.
Қайбір жылы Киізбет ұйықтап жатқанда сақалын кесіп алғаны бар. Бір ұйықтаса, батырларша көсілетін, көтеріп апарып көрге тығып жіберсе де, білмейтін уайымсыз аңшы сақалының жартысы бар, жартысы жоғын оянғанда бір-ақ білді. Мамық төсекте маулығып жатып, иегін қасып, сақалын саумалаған. Уысына ешкінің құйрығындай бірдеме іліккенде шоршып түсті. Атып тұрып, айнаға жүгірген. Омырауын жауып тұрар қалың түктің жартысы қолды болғанын көрді. Далаға дамбалшаң дедектеп шықты. Көкжендетті қарғыбауынан жетелеп, жүгіртіп жүрген Кенжәлінің қасына күйекке түскен бурадай алқынып жетті. Бұның жеткенін күткендей Көкжендет талтайып тұра қалып, лақылдата құсты. Киізбет тазыдан түскен қояның арасынан өзінің қап-қара сақалын таныды. Кенжәлі иттің аузына қолын тығып жіберіп, тіс арасында қалып қойған қыл-қыбырды тазалап жатыр. «Қасымда адам бар-ау» демеді, есіл-дерті итте… Киізбет ләм деместен, бұрылып жүре берді. Кешкілік ас үстінде сақал керек болса оңды-солды қиқаламай әдемілеп кесіп алсаңшы деген емеурін танытып, ескерту жасады. Ал қоясы түскен Көкжендет сол қыста мейіздей қатып, бабына келген. Жер аяғы кеңіп, мал төлдегенше он екі түлкі алды.
Ызғыт пен Кенжәлі
Ызғыт бірер күнде Кенжәліге бауыр басып кетті. Етігін тарпылдатып, шойнаңдап келе жатқанын көрген бетте, құйрығын бұлғаңдатып қарсы жүгіреді. Киізбет те Кенжәлі секілді айналып-толғанбағанмен, ара-тұра келіп басынан сипап, жон арқасынан ұстап кетеді. Кейде аузын ашып, бармағын сұғып, азу мен сойдақ тістерін тексереді. Ара-тұра балаша елпектеп кететіні бар. Ондайда ауыл сыртына қотандағы бүкіл итті ертіп шығады. Өзі атқа мініп алып далақтап шабады, бұлар соңынан ілеседі. Бір күні әдеттегідей Киізбетпен жарысып келе жатқан. Ызғыт қақпанға түскендей қалт тоқтай қалды. Танауына әлдебір таныс иіс келді алыстан. Тұмсығын жоғары көтеріп ауадан тартты. Иә, сол. Киізбеттің үйіне алғаш келгенде көрген қызыл иттің иісі. Қызыл иттің емес, соның зәрінің иісі. Ызғыт бір жыл бұрын танауына құйылған ашқылтым сұйықтықтың әлі күнге таңдайынан кетпей тұрғанын сезді. Денесі тітіркеніп кетті. Қасындағы жарғақ құлақ пен қайыңқаптал тазы да елеңдесе қалды. Барлығы қарсы беттегі жотаға құйғытып шықты. Қызыл ит көрінбеді. Келесі белеске өрмеледі. Тағы жоқ. Осылайша аласұрып жүргенде тау етегін тарамдаған сайдың бірінен сары алтын сырғанап аққандай жарқ ете түскен. Қос тазы қуа жөнелді. Ызғыт соңынан ілесті. Неге қуып бара жатқанын білген жоқ, әйтеуір, қызық көретін секілді. Кеудесінде желік пайда болған, сол түртпектеп тыным берер емес. Қызыл ит жүйрік болып шықты. Құйрығын бұлғаңдатып жеткізбеді. Ызғыттың бойын ашу кернеді. Қазір қуып жетіп, басып озбасам ба деп кіжінді. Бар күшімен жүгіріп, қос серігінен қара үзіп шықты. Қызыл итке тақала бергені сол еді, әлгі жалт бұрылмасы бар ма?! Ызғыт ызғытқан күйі өте шықты. Қарсы алдындағы үлкен қара тасқа соғыла жаздап барып, әзер тоқтады. Қайта айналып келемін дегенше қызыл итті қос тазы жұлмалап жатқан еді. Ызғыт ызаланды, сыбағалы сүйегінен айырылып қалғандай долданды. Сол күні Ызғыт қызыл итке кектеніп қайтқан.
Ертеңіне ауыл сыртына Кенжәлі алып шықты. Атын шоқырақтатып шаба жөнелгені сол еді, оның артынан қызыл иттің жүгіріп бара жатқанын көрді. Кешегі кеткен ыза мен кек бойын кернеді. Ештеңені ойламады. Өзгелерден бұрын қуып жетіп, ұстай алғысы келді. Бірақ тақала беріп, еді, қызыл ит ыршып кетті, Ызғыт жер қауып қалды. Қаны басына шауып, көзі қарауытты. Қайта жетті. Ендігіде ананың секіруіне жол бермеу керек. Аңысын аңдып тұрып секіре бергенде бұл да ырғып барып, үстіне қона түсті. Тіске бір басып, умаждай жөнелді…
*Ши тазы – Бүгінде сирек кездесетін тапал бойлы тазы тұқымы.
*Қарғыбау ақысы – Ағайын, жегжат адамдар бір-біріне күшік сыйлауға тиым салынған. «Итше ырылдасып» «араз болып кетеміз» деп сақтанған. Сондықтан күшік алғанда қарғыбау ақысын беріп, сатып алдым деп санаған.
*Помчабан – Кеңес үкіметі тұсындағы қызмет түрі. Қойшының көмекшісі.
(Толық нұсқасын газеттің №28 (3662) санынан оқи аласыздар)
ПІКІРЛЕР1