Ер Қалыбек
12.07.2019
2044
2

ҚАЛЫБЕК МАМАДАЙЫРҰЛЫ, батыр, абыз-би. Жетісу жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге атсалысқан, еліміздің шекарасын айқындау үшін 1759 жылы Нарынқол аймағында орнатылған тарихи белгі «Көк тасты» қоюдың бел ортасында болған. Жан беріп, жан алысқан алапат шайқастарда сан рет ерлігімен көзге түскен. Еркіндік пен бостандық жолында елі мен жерін қорғаған Қалыбек батырдың ауылы жеңістің туын тіккен жер болғандықтан Жалаулы деп аталады.

Жетісу жері – ежелден геосаяси тұрғыдан өте күрделі аймақ. Себебі, бұл өлке тоғыз жолдың торабына орналасқан. Тағ­дыры таласқа то­лы өңірді қор­ғау­дың ауыр жүгін әр дәуірде түрлі ба­тырлар арқалады. Со­ның бірі – Қалыбек батыр.
XVIII ғасырда қазақтың батыс, солтүстік және орталық өңіріндегі саяси жағдайлар туралы Орынбор және Сібір губернаторлығында және басқа да орыс тарихшыларының еңбектерінде көптеген мәлімет кез­де­седі. Оның әрқайсысы ғылыми жағынан негізделген. Қалыбек батыр жайлы көнекөз тарихшы, шежіреші қарттардан алған деректерді жазбаша сақталған мәліметтермен салыстыру барысында көп айырмашылық жоқтығына көзіміз жетіп, ортақ ғылыми қорытынды жасадық. Қалыбек Мамадайырұлы мөлшермен XVII ғасырдың екінші жартысында – 1679 жылы Алатаудың бөктерінде өмірге келіп, XVIII ғасырдың орта шенінде Жетісуда (ел аузында Алматы маңайында деп айтылады) өмірден өткен. Ғұмырының жартысын Әулиеа­та, Шымкент, Ташкент, Түркістан мен Шу өңірінде өткізеді. Ал қазақ-жоңғар соғысы кезінде еліміздің Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Шығыс оң­түс­тік өңірлерін жаудан қорғау, та­зарту жорықтарына қатысқан. Жоң­ғарға қарсы ұлы жүз елінің күштік құрылымдарын басқарған Жолбарыс хан мен Төле бидің қасында ту көтерген батырдың бірі болған. Сонысымен жұрт есінде қалып, еліне ұран болған. Жетісуды жаудан тазартқан батыр, қолбасшы, ел қондырған көшбасшы.
Қалыбек батырдан: «Таулы жерді алмай – талабым орындалды деме, Сулы жерді алмай – шөлім қанды деме,
Орманды жерді алмай – өсіп-өр­кендеймін деме», – деген дана сөз қалған. Қалыбек батыр – ұлы жүз үйсін, албан, айт тармағынан таралады. Албан бозымнан шыққан Әлмерек абызбен замандас. Екеуінің атасы бірге туған, ел аузында Айт-Бозым деп бірге айтылатыны сондықтан.
Ел аузында «Қалыбектің қаһарынан сақта, Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» деген тәмсіл сөз қалған. Сүйіндік Қалы­бек батырдың туған інісі. Би, сөзге шешен адам болған.
Қалыбек батыр 1698 жылы Тәуке ханның басшылығымен Оңтүстік өңірдегі жоңғарларға қарсы соғыста үлкен ерлік көрсетеді. 1710 жылы қазақтың үш жүзінің басы қосылып, Қарақұм жиынын өткізеді. Бұл жиынға Қалыбек батыр да қатысып, жасақ құрып, қолбасшылық етеді. 1712 жылы қазақтар 50 мың жасақпен жоңғарларға қарсы шабуыл жасайды. Жоңғарлар бұл соғыста ау­ыр шығынға ұшы­рай­­ды. Сыр өңі­рін­­де бол­ған шай­қас­та Хангелді ба­тыр­дың әкесі Сы­рымбет батыр қайтыс болады. Денесін Шиелі ауданындағы Жөлек деген жерге жерлейді.
Қалыбек батыр Қазақ хандығының ордасы Түркістанды қорғаушы батырлардың қатарында болды. Жанқиярлықпен ерлік көрсетті. Қазақ жасағы 1726 жылы 60 мың қолмен Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығында жоңғарларға соққы жасады. 1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен жоңғар арасында үлкен соғыс басталды. Хангелді, Қалыбек, Әлмерек, Әжібай бастаған батырлар қалың қолмен Жолбарыс хан мен Төле би басқарған ұлы жүз жасағына қосылып, күш біріктірді. Кей деректерде жас ба­тыр Райымбек атасы Хангелдінің қосы­нында болғаны айтылады.
1735-1736 жылдардан бастап қа­зақтардың жасағы қалмақтарды оңтүстік өңірден шығысқа қарай қуа бастады. Осы кезеңде Жетісуға соғыстан кейінгі ал­ғашқы көшті Хангелді, Қалыбек, Әлмерек, Ескене, Сатай, Қосқұлақ, Олжай, Биеке қатарлы батырлар бастап келді. Қалың қол Жетісудан бастап Аягөзге дейін жайғасқан қалмақтарды қуып, ел қондырды. Біраз ел Аягөз өңіріне жайғасты. Үлкен шайқастардың бірінде Қызылбөрік Әжібай батырдың әкесі Найманбай батыр қайтыс болып, сүйегін Алакөл маңына жерлейді. Шығысқа ел тұрақтаған соң, шамамен 1760 жылдары Үржар өңірінде Хангелді батыр қайтыс болып, сүйегін сонда жерлейді. Аягөзге жайғасқан ел туралы мұрағат құжаттарында 1785 жылы капитан Андреевтің «Орта жүздің сипаттамасы» атты еңбегінде ұлы жүздің қоныстанған орнын көрсетеді. Бүгінде Аягөз, Үржар өңірінен Алжан тау, Алжан көл, Хангелді ауылы, Текелі өңірінен Шажа тауы, Шажа өзені қатарлы жер-су аттары кезігеді.
Ілені қалмақтардан тазарту – XVIII ғасырда Абылайханның, Райымбектей батырлардың орындалмай қалған арманы еді. Ол арман бір ғасырдан соң қанды соғыспен іске асып, Ілеге қазақтар қоныстанды.
Тарихтың сан қырлы соқпағынан өткен Қалыбек батырдың өмір тарихы әлі талай зерттеледі.

Ертай Жомарт,
гуманитарлық ғылымдар магистрі


«Қалыбек батыр» мемориалдық кешенінің ашылу салтанаты 2019 жылы 20 шілде күні сағат 10.00-де Алматы облысы Кеген ауданы Қайқы асуында және Қарқара жайлауында өтеді.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.01.2020 | 18:57

Қалыбек батыр бабамыздың өмір тарихы, ерлігі жайлы шыққан кітап бар ма?Болса қалай алуға болады? Қалыбек батыр туралы фейзбук желісінде жарияланған материалдар бар ма? Жарияланған болса қалай теріп тауып алуға болар екен?

Аноним 03.04.2020 | 10:24

Қазақта ерлігі еленбей келе жатқан батырлар қаншама, солардың бірі Қалыбек батыр. Қалыбек батыр тұтас Жетісуды жаудан азат еткен батырлардың қатарында аты сақталған. Кеген өңіріне алғаш рет ел қондырған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір