Тойыңызға… «ТОЙ-ДУМАНДЫ» ШАҚЫРЫҢЫЗ…
18.06.2019
1141
0

Кеше білуге құмар кішкентай ұлым күтпеген жерден «Анашым, аспанда қанша жұлдыз бар?» – деп сұрамасы бар ма? Қай сауалына да білгенімше жауап беруші ем. Бұл жолы кәдімгідей тосылтып тастады. Тіпті, ақылгөй «гуглдың» да өңі қуқыл тартып, «желкесін қасып», күмілжімесі бар ма? Содан «жердегі жұлдыздардың көктегі жұлдыздардан айырмасы не, экрандағыларын шетінен санай берейін» деген тапқыр ой келіп, «ЖұлдызТВ» және «Той-думан» музыкалық арналарын қостым. Сөйтсем, «көк жәшіктегісінен» сона-а-ау зеңгір көктегісін шотқа салған оңайырақ екен. Ендігі отырысым мынау …есептегіш машинаның да сандары таусылып қалып…

Меніңше, «Жұлдыз» арнасының атын басқаша қою керек еді. Неге десеңіз, мен бұл жерден тек «жұлдыз­дар­­дың» бейнебаяндарын көрем деп ойлағам («жұлдыздар» деп тым төмен­детіп жібердім-ау, дұрысы, «жарық жұл­дыздар»). Мұнда, негізінен, таңер­тең­­нен кешке шейін өнерге енді ғана қадам басқан, аты да, заты да белгісіз жас әншілер ән «айтады» екен. Сол себепті, «Жұлдыз» дегенді «Тәй-тәй» деп өзгертуді ұсынамын. Бір жағынан, солардың көбінің әрі қарай алшаңдай басып кетеріне қаупім де бар. Өйткені даусымен де, әнімен де, дарынымен де елең еткізерлері некен-саяқ. Әй, бірақ, «ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да, талтаңда» деген, қазір «жұлдыз» болу әп-сәтте екенін бесіктен белі шықпаған бала да біледі.
Осы арада сіздерге тегін бір кеңес берсем деймін. Алда-жалда той жасай қалсаңыз, тойыңызға қыруар ақшаға әншілер шақырып әуре болмаңыз. Бәрібір ауыздарын құр жыбырлатып, фонограммамен қатырып кетеді. Дұрысы, тойыңызға …«Той-думанды» шақырыңыз. Анығырақ айтсам, аулаға үлкен теледидарды шығарып, «Той-думан» арнасын қосып қойыңыз. Кешті бимен батырып, таңды бимен атыруға еш кедергі болмасына мен кепіл. Алғашқы ноталарынан-ақ қол-аяғыңыз өз-өзінен ербеңдей жөнелетін той әндерін іздеп әуре болмайсыз. Бірінен кейін бірі дайын тұрады.
Иә, «той – халықтың қазынасы». «Қазақтың тойы бітпесін» деген ақ тілек менде де бар. Ал, тойдың сәні – әнімен. Ертеректе той-томалақта жиылған жұрт «құлақтан кіріп, бойды алар» әсем әндер айтып, көңіл көтеретін. Бүгінде мұндай дәстүрді сирек кездестіреміз. Есесіне, жас та, кәрі де бір-бірінен қалыспай, бидің түр-түрін көрсететін болды. «Би бойдағы жағымсыз энергияны сыртқа шығарады» – дей ме? Мейлі, билегісі келген адам қалағанынша билей берсін. Алайда біз қандай әндерге билеп жүрміз?
«Той-думанның» тойшыл әншіле­рінің «қоржынына» үңіліп көрейікші.
Егер тойда әлдекім шетте жал­ғыз тұрғанын көрсеңіз, Әйгерім Қалау­баева­ның орындауындағы «Өзіңше болма» деген әнді ести сала ыржия күліп, дөңгелей жөнелеріне күмәніңіз болмасын. Ару әнші:
Өзіңше болма, өзіңше, өзіңше,
Сұлу қыздардың көзінше.
Бағалар едім, бабамның кешегі,
Бойыңнан сенің рухы сезілсе, – деп, «наздана» шырқаса, таяғына сүйенген қария да ортаның сәнін кіргізер-ау. «Той-думан» арнасының ресми каналында осы әннің бейнебаянына тыңдар­мандар да «өзінше» болмай, «керемет» деген сөздерін аямай жазыпты. Е-е, «талғамға талас жоғы» рас екен…
Сосын тойда үлкендер жағы «ойбай-ау, мына әнге қайтіп билейміз?» деп аңта­рылып тұрса, Кентал көмекке кел­мек. «Құдағи» әнімен.
Әнші әрі биші Кенжеболатов:
Жігіт жолдас осылай билейді,
Қыз жолдас осылай билейді,
Інілер осылай билейді,
Қарындастар осылай билейді,
Әпкелер осылай билейді,
Аналар осылай билейді,
Анам осылай билейді,
Әкем осылай билейді, – деп, әрқайсысыңызды жеке-жеке атап, биіңізге дейін көрсетіп береді. «Тегін дүниеден біз қалып қоймайық» деп қорықпаңыз. «Ақын» жігіттің (әннің сөзін жазған – әншінің өзі) тізімінде бәріміз де бармыз: қайын жұрт та, нағашы жұрт та, жеңгелер де, жезделер де… Би мәселесі екібастан шешулі.
Жалпы, қазір әншілер жаппай би туралы әндер жазуға көшкендей. Тіпті, қайсысына билегіңіз келетініне тапсырыс берсеңіз де болады. Мәселен, «Битіп биле», «Менімен биле», «Тоқта­май биле», «Жалғыз-ақ биле», «Биле, биле»… Патша-көңіліңіз нені қалайды?
«Той дегенде, қу бас та домалайды» демекші, ойын-күлкіге толы басқосу, қан қыздырар көңілді ән бойыңызға желік бітірмей тұрсын ба? Тіпті, әнші­лер де өз әндеріне өздері елтіп, неше алуан дыбысты «құйқылжытады» дейсіз. Әсіресе, Ахан Отыншиевтің репер­туарындағы «Шудың бойында» әні – тұнып тұрған «оркестр». Әнші жігіт біресе қиқуға басады, біресе ысқы­рады, керек десеңіз, қышқырады. Мұндайда не ойбайларыңды, не «Бақай» және «Азия» топтары «әннен – мән, сөзден – жан, сахнадан – сән» кетірген әріптестеріне базына ретінде шығарған «Опмай-опмай» әніндегідей» опмайларыңды да білмейді екенсің. Иә, «күлейін бе, жылайын ба…» – деп осындайда айтса керек-ті…
Сондай-ақ, екі арнаның да кей бейнебаяндарын көріп отырып, «ғайыптан тайып, кинолардағыдай ескі заманнан бір-ақ шықпадым ба?» деп, айналаңызға алақ-жұлақ ете бір қарап аласыз. Өйткені ауыл өмірі туралы бейнебаяндардағы кемі бес адам сыйып кететін қанар қаптан аумайтын далақтаған шалбар, алыптың алыбына ғана лайық кепка, мыжырайған бәтеңке, т.б. «мұражайда» көненің көзіндей боп сақтаулы тұрған жәдігер киімдер азғана уақытқа «есіңіз­ді жоғалтуға» мәжбүр етеді. Ауыл адамдарын мәдениеттен жұрдай санайтындықтан әнші-актерлерді осылай «бақша қарақшысындай» етіп киіндіріп жүрген стилистер бойыңа шақ келмес киім – күлкі, ойыңа шақ келмес ісің – түрпі екенін білмейді-ау, сірә?!
Бүгінде шұбар ала өлеңге жазылған әндер «Гәккуден» мамырлай «ұшып», «Той-думан», «Жұлдыз» арналарына да келіп жетті. Рахымжан Жақайым дейтін жас әншінің орындауындағы «Жүрегім менің молодой» әнінің тотықұстың қауырсындарындай «түрлі түсті» қайырмасы – осының дәлелі:
Жүрегім менің молодой,
Достарым менің золотой.
Бауырларым бар дорогой,
Пах, шіркін, ғажап қой!
Бір шумағында құрбы-құрдастарын:
Қуанышқа орай,
Арамыз ажырамай,
Билейікші, кәні,
Асса, асса, оппа! – деп, «достық» биіне де шақырады.
Мынадай «қуырмаш» әннен кейін мың бұрала билеу былай тұрсын, шабы­тыңыз оянып, өлең жазып кете­ріңіз де анық. Мәселен, кеше автобуста ойланып келе жатып менен де мынадай «маржан» шумақ төгіліп түскені:
Айтарым дәйім хит-ән ғой,
Фонограмма щитам ғой.
Болсыншы всегда тойымыз,
Хоп-хоп деп билеп қойыңыз.
Құдайым-ау, ән шығару деген түк те қиын емес екен ғой. Міне, сөзі дайын, әуенін өзбек не түрік ағайындардан ала саламыз. Кәні, әншілер, «шаңға аунатпай», іліп түсіңіздер!

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір