Егіз бұрым ба, тоғыз бұрым ба?
13.06.2019
1417
0

Әбдінағым Көшеров

Қазіргі күні өнердегі қазақилықты дәріптеушілер құжаттарға қарамай, тікелей ұлттық «мүддеге» ауысты. Болсын-болмасын мықтыларды тек қазаққа теліп, басқа ұлттың бетке ұстар тарихи тұлғаларымен қатар олардың киім киіс, шаш, сақал, мұрт қою ерекшеліктерін өзімізге «тели» бастады. Мысалы, ұртқа ғана мұрт қою, еркектің шашын әйелдердің шашындай желкеден төмен салбырату секілді.

Бірақ біздер, қазақтар тарихи құжат­тардан асып кете алмайтынымызды еске сақ­тауы­­мыз керек! Қазақтың қасиетті ұлттық тарихын жазып кеткен басқа ұлттың сонау өткен ғасырлардағы, яғни адамзаттың ықы­ла­сы мен көңілі таза кездегі өкілдерін сыйлауы­мыз һәм оларды мұқият тыңдауымыз керек.
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, қазақ болмысын зерттеп, соңына «Опи­сание Средней орды киргиз-кайсаков» деген керемет еңбек қалдырған инженер-капитан Иван Григорьевич Андреевті қазақтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеп жүргендер білуге тиіс деп ойлаймын.
Иван Григорьевичтің қазақ еліне, қазақ ұлтына қалдырған пайдалы еңбегі мол. Оның өмірінің едәуір бөлігі қазақ даласында өткен.
И.Андреев 1797 жылдың 4 қарашасында отставкаға майор шенімен шығып, өмірінің соңына дейін, 27 жыл бойы қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүріне үңіле, маңайдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын шұқшия зерттеп, ғылыми еңбектер жазады.
Мен, И.Андреевті және оның қазақ та­рихы үшін өте құнды «Описание Средней ор­ды киргиз-кайсаков» деген еңбегін көзі ашық адамдардың барлығы да біледі-ау деп ойлайтынмын. Керісінше, оны білмейтіндер өте көп екен. Оның қазіргі Ертіс бойындағы қазақ қалаларын салуға қатысқанын, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, яғни Абылай хан, Сәмеке хан, Ханқожа хан, Әбілпейіз хандардың заманында солтүстік-шығыс қазақ жерінде өмір сүргенін айтсаңыз ғана таңырқай: «Ол не депті?» – дейтіндер бар.
Сол кітаптан бірер үзінді келтірейік. «…де­ви­цы в одеянии имеют сходства с женщи­нами, а только разнятся от оных тем, что воло­сы заплетают кос в семь, или в девять; по том­уж украшенные носят аракчивы, а иногда и совсем головы не закрывают. Во нравах обходительны и ласковы; стыда имеют мало. Ездят верхом по большей части на ино­ход­цах…» Енді «О женщинах» деген тақырып­шадан үзінді келтірейін: «Женщины имеют некоторые довольную красоту; но как народ азиатский, смешанный из разных племен, более калмыковат; телом плотны, к воспи­танию детей весьма способны. Волосы по большей части имеют черные и длинные, заплетают в две косы и навешивают для укра­шения на кольцах шелковые большие кисти, которые достают почти до полу; а по ним ни­жут маржаном, разными корольками и серебреными бляшками, и разных видов бляшками из белых раковин, которые достают от ташкенцов. И такие же украшения имеют на нагрудниках… некоторые носят в носу маленькое серебреное колечко…»
Әне, Дешті-Қыпшақ заманынан бастап Иван Андреев нақты білетін, яғни Орыс қазақ жерін толық және түпкілікті басып алмай тұрған заманда қазақ қыздарының киімдері мен шаштары қандай болғанын көзге шұқып тұрып көрсетіп берген. Бұл кез нағыз біздің қазіргі «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» бастап «Біржан салға» дейінгі, «Қазақ хандығынан» бастап «Жамбылға» дейінгі тарихи кинола­рымыздың көрсетіп жатқан кезеңі.
Ал енді Андреев: «Қазақтың қыздары сол за­манда шаштарын жеті немесе тоғыз бұрымға өріп жүрген, қос бұрымды әйел­дері мұрын­дарына күміс сырға салған», – деп жазып кетсе де, тарихи кино түсіру­ші режиссерлер мен про­дюссерлер, мүсіншілер мен суретшілер бой­жеткен қыздарға қос бұрым тағуын қоймай жүр. Қазақ әйел­дерінің мұрындарына күміс сырға салатындарын да көр­сетпейді. Андреев айтқан­дай, қос бұрымды тек әйелдер ғана өретін болған…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір