СӘУІР
12.04.2019
304
0

Есенғали Раушанов

Қазанғаптың «Құс қайтару» деген күйі бар. Ұшып кеткен құсты қайтып иесінің қолына қондыру үшін шыққан деседі. Үсен төре дегеннің. Осы сәуір айын да «Құс қайтару айы» десек, қателесер ме екенбіз? Бұл айдың басты ерекшелігі сонда, жылы жақтан оралатын құстардың бәрі дерлік келіп болады. «Халықаралық құстар күні» деген мереке де осы сәуірдің бірінде тойланады. Әлем халықтарының қай тілінде де бұл айдың аты «көгеру, көктеу», «бүр жару», «гүл ашу» деген секілді ұғымдарды береді екен. Оны айтасыз, Будда да осы айда туған көрінеді. Жер дүние айқай-шу. Сұлулық та осында, сәндік те, асқақтық та осында. Түнімен құрбақа құрылдайды. Ауыл сыртындағы көлшіктен жылқышы ысқырады. Екі көзі желкесінде. Олай болатын себебі, бұл құс үнемі төмен қарап судан, шалшықтан құрт-құмырсқа теріп жүреді. Тұмсығы ерекше сорайып, есесіне көздері артқа шегініп, шүйдесіне тақау орналасатыны содан деседі. «Бір құс бар еркін жүзген көл төсінде, Шіркіннің екі көзі желкесінде» деген жұмбақтың шешуі осы жылқышы құс. Мұны төңіректеп тағы бір «тұмсықты құс» шалшықшы жүреді. Кешке таман көлді айналып ысқыра ұшқанда жерде отырған «ғашығы» жауап бермей, үнсіз қалып сенделтіп қоятыны бар. Егер дыбыс берсе, «жігіті» дереу кері ұшады да қасына кеп қонады. Енді шамалы уақыттан соң ұяда жұмыртқалар пайда бола бастайды. Тоқылдақтың дауысы алыстан естіледі. Кешке қамысты көлден көлбұқаны тыңдау да бір қызық. Орманда бұл кезде саусылдап ұшатын саңырау құрлардың күйтойнағы басталады. Күйтойнақ. Құройнақ. Жаңа қосылған құстардың айқай-шуы, бір біріне өліп-өшуі тіпті керім. Бір қызығы, өмір серігін бір-ақ рет таңдайтын аққу мен қаз ұстамды. Әсіре қызыл тез оңар дегендей жас ғашықтарға, жаңа қосылғандарға байыппен қарайды. Бір біріне ындыны құрып ынтықпайтын секілді. Салмақты. Салиқалы.

Ескі аңыздың бірі «Қазақ қайың сау­ғанда, қырғыз Ғиссар ауғанда» деген өлең­мен басталады. Тарихшылар сол бір қиямет­тей қиын жылдардың қай кезде болғаны туралы әртүрлі жорамал айтады. «Қайың сауған» деген күй де бар. Біздің білетініміз бұл кезде қайыңның шырыны пісіп-жетіліп, аға бастайды. Ертеректе Есентайдың жаға­сында өскен ақ қайыңдардың бұтақтарына ілулі тұрған әйнек банкаларды жиі көре­тін­біз. «Тамшыдан теңіз» демекші, айналасы алты-жеті сағаттың ішінде үш литрлік шыны ыдыс шырынға толып қалатын. Қайың шы­ры­нының қасиетін жақсы білетін қалалықтар сәуірдің осы бір сәттерін сәтті пайдаланып қалуға тырысатыны заңды. Шырын алушы­лар аппақ қайыңның тәніне темір сүңгіні терең бойлатып тығып алады не балтамен ұрып жарақаттайды, «жарадан» сөл аға бас­тайды. Бейне қайыңның көз жасы секілді. Өкі­ніш­ке қарай, шырынды алып болған соң жауып, сырлап, «жараны емдеп» кетудің орынына, сол күйі тастап кете баратындар да кездесетін. Нәтижеде, «ұзақ жылаған» қайыңның «көз жасы» таусылып, ауруға ұшырайды. Келесі көктемде қу бұтағы ғана қалмақ. Бұл айда қайың тоғайларында «түк түк» дауыстарды естисіз. Бұл балташылар емес, бұлар тоқылдақтар. Ағаш діңінен кішентай ғана тесік жасап алып, ұзын тұм­сы­ғымен тәтті шырынды сорып тұратындар да осы ала бас тоқылдақтар. Әдетте, мұндай «қулықтар» қарғаға тән деседі. Қамысты тү­тік­ше ғып жер астындағы құрттарды жи­най­тын ала торғайлар туралы да көп жазылды, ал тоқылдақтар болса «қайың сауады». Және бір қызығы енесі қайсы ағашты «қазса», балапандары да сол ағашты «емеді», өзге қайыңдарды заяламайды. Ғалымдар мұны тоқылдақтың қулығы дегеннен гөрі қыстан қысылып, арып ашып шыққан кішкене организмдердің табиғи қажеттілігі, керек десеңіз өмірлік зәрулігі деп түсіндіреді. Бү­гін­де Алматының маңында өскен қайыңдар­дың сөлін жинауға ешкім құлықты емес, себе­бі экологиясы нашар «мегополистің шы­рыны» табиғи дәрумендерден гөрі зиянды элементтерге бай. Осы жәйтті саңы­рауқұлақтарға байланысты да айтуға болады. Алғашқы қозықұйрықтар осы айда шығады, бірақ бүгінде оны жинайтындар сирек…

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!