Сөйлесем, бейіш үні естілердей!..
08.02.2019
902
1

Батырхан Сәрсенхан

Жуырда, «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Ұлы дала» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды. Осы байқауға еліміздегі қалам ұстаған жас қаламгерлер қатысты. Солардың ішінде топ жарған, поэзия номинациясының лауреаты – Батырхан Сәрсенхан. Оның поэзиясы қазіргі жастар шығармашылығының қай деңгейде екенін сезіндіре алады.

ANXIOUS

Мен ойлаймын.Ойлаймын.Нені ойлаймын,
сені ойлаймын, жо-жо-жоқ, оны ойлаймын,
оны ойлаймын дегенге, түнермеші,
жиі-жиі саған да қарайлаймын.
Сені ойлаймын. Ойлаймын. Шамда ойлаймын,
зауза жұлдыз өшпеген таңда ойлаймын,
таңда ойлаймын дегенге, өкпелеме,
таң атарда ең жақын жанды ойлаймын.
Ойланамын. Сен емес, ой қасымда,
қасымда ойым апта мен ай қасымда,
алты күліп, жетінші жəудірейді,
желкен көңіл кеуденің қоймасында.
Күлімдеймін кей-кейде жол үстінде,
мұңаяр ма сал жігіт ер үстінде,
ер үстінде мұңаяр сері жігіт,
қапелімде етігін теріс кисе.

Өзін көріксіз санайтын ару туралы әңгіме

Ешкім де оны есіне алмады,
ешбірі, әсте, білмеді.
алақандай-ақ жасыл арманы,
алақанында бүрледі.
Ай дейтін оны, күн дейтін оны,
көйлегі ұқсас күлгінге.
Айналар ғана тілдейтін оны,
көре алмастық қой, білдің бе?
Тәңірден жалғыз тіледі жылу,
Жылылық – жанға бойсұну.
Айна, айна айтшы, кім еді сұлу,
жүрегі сұлу, қай сұлу?
Сазарып айна тұрып алғаны.
тағаты бейне, таусылды.
даланың оны гүлі қарғады,
түні қарғады маусымның.
жылады ару, жарадар сезім,
жарығы кеміп бойдағы.
көріксізбін деп санады ол өзін,
көріксізбін деп ойлады.
Көлдерді кезді, орманды кезді,
шашылып сәруар бұлағы.
Таң бөзі шығын тұндырған кезде,
Тұлпарға келді, қырағы.
Жаратылыстың жарасымынан,
жанары тапқан үйлесім.
жылқының мөлдір қарашығынан,
өзінің көрді бейнесін.
Тәңірден жалғыз тіледі жылу,
Жылылық – жанға бойсұну.
Қарашық, айтшы, кім еді сұлу,
жүрегі сұлу, қай сұлу?
Сен деді сұлу,
сен деді көркем,
Әдеміліктің тірегі.
әсемдікпенен мен де күнелтем,
күнелтеді әлем жүрегі!
Талмашы жүрек аласұрудан,
дүниенің ашып бар мәнін.
Өзіңді көрші қарашығымнан,
Сезімді көрші, ардағым!

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.03.2020 | 11:09

Керемет,ерекше жырлау !

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір