КӨРЕРМЕНІН ҚУАНТҚАН ҺӘМ МҰҢАЙТҚАН ҚОЙЫЛЫМДАР
Жанымызды түлетер рухани азық іздеп, өрелі өнерге шөлдесек, бірден-бір барар орнымыз – театр. Театрларымыз да өмірдегі түрлі жағдайларды, өмір шындығын сахналауы арқылы көрерменін қуанта отырып мұңайтудан, күлдіре отырып ойлантудан жалықпай келеді. Қазақ театрларының репертуарлары жылда жаңа дүниелермен байып отырады. Ал, 2018 жылы қазақ сахнасы қандай жаңалықтармен толықты, көрермендерге қандай тың қойылымдарды ұсынды? Бұл орайда көп сөз айтуға болады. Сол себепті, көрермен пікіріне ерекше ие болған қойылымдарға ғана тоқталғанды жөн көрдік.
Бұл қойылым көрермен пікірін екіге жарды. Бірі «қазақ халқына жат тақырып, тәрбиелік мәні жоқ» деп туласа, екіншілері «қай қоғамда да болатын өмірлік құбылыс, ал, көрермен өмір шындығын тануы тиіс» деп ақтап бақты. Бұл – әлемнің талай сахнасында қойылған әйгілі «Анна Каренина». Орыстың алып жазушысы Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» арқау болған психологиялық қарама-қайшылыққа толы трагедия. Классикалық туындыны қазақ тіліне аударған – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссері – Қазақстанның Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев. Шығарманың сахналық нұсқасы да әйелдің қат-қабат қалтарысы көп жұмбақ жанына терең бойлауға, ерлі-зайыптылар арасындағы сырт көзден таса ішкі қарым-қатынасты таразылай отырып зерделеуге, достық пен сатқындық, махаббат пен өшпенділік сынды өмірлік ұғымдар жайында ой толғауға құрылған. Жалпы, «Анна Каренина» қойылымының өзегі не? Отбасылық өмірі әу бастан сезімсіз құрылған әйелдің бақыт іздеп аласұрған, махаббатты аңсап жанұшырған хикаясы ма? Әлде Вронский екеуін бір-біріне ынтық еткен – лап етіп жанып, лып етіп сөнер, артынан өкініші өзек өртеп, кеуде тырналар ессіз құштарлық қана ма еді? Сонда махаббат пен құштарлықтың жанында еріңе деген адалдық, балаңа деген сүйіспеншілік тәрізді биік ұғымдардың еш құны болмағаны ма? Немесе бұл өмірде не нәрсе де жеке басыңның бақытына татымай ма? Міне, көрермен қойылымның өн бойында Аннаның қанша жылдар бойы тұншығып келген жанайқайын естіп, өзімен-өзі арпалысқа түскен өмірін көз алдынан өткізіп қана қоймайды, осы тектес сауалдарға да өзінше жауап іздейді. Қандай шешімді оң санары да – өз құзырында.
Биыл 93-інші рет шымылдығын ашқан өнер ордасының көрермен қауымды бейжай қалдырмаған премьераларының бірі – «Ұлым, саған айтам» драмасы болды. Қойылымның авторы – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан, қоюшы режиссері – Асхат Маемиров. Әке мен баланың арасындағы тамыры тереңде жатқан отбасылық, рухани, әлеуметтік құндылықтың барлығын сыр ғып шертетін екеуара әңгімеге құрылған драма өмірлік һәм ұлттық тақырыптарды сөз етеді. Тас қараңғыда: «Сен қазақпысың?» – деп, майшамның жарығымен көрермен арасынан өз қазағын іздеген, ұлтының жоғын іздеген басты кейіпкердің сөзі – ұлттық ұстанымымыз бен салт-санамыздың заманауи сара жолын табудағы жанталасын танытатын, қазақ елінің біртұтастығын, ұлт пен ұлыстардың татулығы мен бірлігін көксеген Жан сөзі. Басты айтар ойы – ұрпақ тәрбиесі. Ал, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының іргетасы.
Әкемтеатрдың айтпай кетуге болмайтын биылғы сүбелі дүниелерінің тағы бірі – белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына орай сахналаған «Сергелдең болған серілер» комедиясы. Режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев. Баққожа Мұқайдың бұдан біраз уақыт бұрын жазылған шығармасында қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын мораль, әдеп, адамдық қарым-қатынас сынды мәселелер астарлы әзіл, уытты қалжың арқылы сөз болады. Басты кейіпкер – Сайра атты оң жақта отырыңқырап қалған қыздың күйеу таңдай жүріп басынан кешкен қызықты оқиғалары арқылы пьесадағы өзге де кейіпкерлердің қитұрқы мінез-құлықтары жан-жақты ашыла түседі.
Жаңа 2019 жылда да театрларымыз заманауи өзгерістермен, ерекше шешімдермен, тың жаңалықтармен һәм жаңа есімдермен сахна мәртебесін биіктете түсеріне кәміл сенеміз.