Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ

0
604 қаралды

934968_255276703________________________________Талантына тағзым, тәрбиесінен тәлім

Бұл дүниеден дүркіретіп Тұр­сынбек Кәкішев те өтті. Ол кезде уыз­дай жас жігіт еді. Қынаптан суы­рылған қылыштай қылпып тұратын. Үстінде жылт-жылт еткен көкшіл кос­тюм, сол өңдес көйлек, галстук. Әр жер, әр жерін еміс-еміс қырау шалған қара шашы да біртүрлі көгертіп кө­рінетін. Тостағандай көздерін айналасына төңкере қарайтын. Бір жиында оқшау тұрған менің қасыма келді. «Сен әлі университетте оқып жүрсің ғой. Әдебиетшілер арасында мұндай-мұндай бола береді. Басың жас. Әлі талайын көресің. Шыда, сабыр ет», – деді. Артынан көп ұзамай сөз сөй­леді. Орынсыз сыналған маған шы­рыл­дап араша түсті. Ол кезде Ғылым академиясында аспирант еді. Жуырда ғана оның жазған алғы сөзімен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдас­та­рым» атты романы жарық көрген бола­тын. Жастар таласып-тармасып, жабыла оқып жатқанбыз. Осындай абыройы аспандап тұрған жас ғалымнан араша тапқаныма төбем көкке жеткендей қуаныш­тымын.
Одан бері де талай жылдар өтті. Өзі айтқандай, буырқанған әдебиет айдыны еш тыншыған емес. Қашан да ақ көбігі көкке шапшып, бұрқырайды да жатады. Талай-талай буырқанған айтыстардың төрінен бурыл шашын әнтек дудыратып Тұрсекең сөйлейді. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ойындағысын ақтарады. Ұзақ жыл шұқшия зерттеп, әбден көзі жеткенін айтады. Қилы тағдырларды одан әрі қиындатқан жоқ. Қиын гәптерді орынсыз оңайлатқан да жоқ. Арсы-күрсі күрес үстінде өтіп жатқан өмір майданы оның қаламынан барша болмысымен өз қалпында көрінді. Еш боямасыз шыңғырған шындық қалпында көрініс тапты. Алпыс жылдай ғұмырын ақиқат жолындағы арпалыстарға арнады.
Соңындағы өзі түлеткен түлектердің қатары қалың. Алды өзімен тұс­тас ғылым докторлары, профессорлар, академиктер. Бір кезде Тұрсынбек Кәкішев бастап бер­ген өмір, өнер, әдебиет, ғылым, парыз, парасат туралы өрелі жиындар еш­қа­шан толастамақ емес. Өмір жалғаса береді. Оны әлі талай еске түсіреміз. Таланты­на тағзым етіп, тәрбиесінен тәлім іздей­міз. Кәкішев лекциясы қашан да қыз­ғылықты, Кәкішев сабағы қашан да ашық.

Әбіш Кекілбайұлы,
Қазақстан Республикасының еңбек ері.

Ұлт намысын пір тұтқан…

«Алашым» деп «аһ» ұрып, «қазағым» деп қабырғасы қайысып, бар саналы өмірін қа­зақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, ұлт ғылымы мен білімінің дамуына арнаған халқымыздың ардақты перзенті, ғұлама мінезді абыз ақсақалы – Тұрсынбек Кәкішев өмірден озды.
Алып жүрек өз соғысын тоқтатты.
Міне…
Үшінші күн Алатау бөктері мен Алаштың ұлы қаласы мұңайып оянып, Алаштың Ұлы Даласы таңын үшінші күн күрсініп қарсы алып отыр.
Тұрсекең Алладан пешенесіне бұйырған мол дарыны мен қайтпас қайсар мі­незін, ақыл-парасаты мен білік-білімін Ұлт Намысын қорғап, Ұрпақ тәрбиелеуге ар­наған, әрі осы жолда айтарын айтып, жазарын жазып өткен, Абай сөзімен айт­қанда, адамның адамшылық болмысын танытар үш нәрсені: «ыстық қайратты, нұр­лы ақылды, жылы жүректі» ақ қағаз бен қаламның тезіне армансыз арқау ет­кен, елінің сенімі мен құрметіне бөленген сиректеріміздің бірі, бірегейі болатын.
Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналған жиырмасыншы ғасырдың ел басына сал­ған әлегі мен қиянаты мол отызыншы жылдар тұсауын кескен бір ұрпақтың көшін түзеп, көсемсөзі мен шешен сөзін айта білген, арыстарымыздың мұңы мен қа­сіретін жүрегімен сезініп, ой-санасымен қорытқан, өмірінің көп уақытын соларды зерттеуге, солар ғұмыр кешкен кезеңді зерделеуге арнаған әйгілі әдебиет зер­ттеушісінің еңбектері ұлт руханиятының баға жетпес қазынасына айналғаны ақиқат. Сәкен, Мағжан секілді ұлыларымыздың тағдыр-талайларын тануға, тал­дауға мүмкіндік берер іргелі монографиялар соның дәлелі.
Иә…
Тұрсекең табанды ғалым, тағылымды ұстаздықпен қоса, ұлт тұтастығы мен ұр­пақ ойының қанаттанып бекуіне айырықша үлес қосқан жаны таза, жаратылысы бөлек қарымды қайраткер, текті тұлға болатын. Ол жалған сөйлеп, жа­ғым­паздануды білмейтін. Әсіресе, ұлт тағдыры мен ұлт руханияты сөз болған тұста тар­тынбай сөзге араласатын, ойы мен пікірін ашық білдіріп, «бетің бар, жүзің бар» де­мей, айтарын да тура айтатын. «Аузын ашса, жүрегі көрінетін» осы бір адал, аң­ғал қалып, тегеурінді тұлғаларға тән батырлық мінез аяулы аға, ардақты ұстазды әр­кез ел махаббатына бөлеп келіп еді.
Иә…
Қай заман, қай дәуірде де халық өз сөзін айтып, өз намысына ара түсер тумы­сы бөлек жандарға ерекше ықыласпен қараған.
Тұрсынбек Кәкішев жаңа дәуір руханиятын жолға қойып, сорабын арыстарымыз салған, салмағын алыптарымыз көтерген ана дәуірде де ата-бабаларымыздың ар­ман-мұратын арқалап, киіз туырлықты қазақтың басына бақ болып қонған Тәуел­сіздік дәуірінде де ел болу мен елдікті сақтау жайлы ойларын ашық айтқан іріле­ріміздің бірі еді!..
Зиялы қауым – қоғам ойына ықпал етер, пікір қалыптастырар қуатты күш де­сек, Тұрсынбек Кәкішев осы ортадағы өз ойы мен өз сөзін Әділ, Адал айта білген ұлт зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік өкілі еді.
Ол өмірде де, әдебиетте де, ғылымда да Еңбек дейтін киелі ұғым мен Талант дей­тін қасиетті дүниені айырықша бағалайтын.
Ол ондаған ғасырлық бай тарихы бар қазақ көркем сөзінің сыни пікірінің дамуына ерекше ықпал еткен, осы жолда сандаған шәкірт тәрбиелеген үлкен жү­ректі ғұлама ұстаз еді.
Ол адамдар мен адамдар арасын дәнекерлеп, елдер мен елдер арасына руха­ни байланыс орнатудың өзіндік алтын көпірін орнықтырған алаштұлғалы қай­рат­кер – ұстаз, қайраткер – ғалым, қайраткер – қаламгер еді…
Болмысы мен бітімі бөлек Тұрсекең арамыздан Шын дүниеге аттанып барады.
Өз Ақиқаты мен өз Шындығын кейінгіге аманаттап барады. Кемел ойлы, көсем мі­незді ұлт тұлғасының екінші мәңгілік өмірі басталды.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын Алаш жұртының ардақтысы!
Бақұл бол, аға!

Нұрлан Оразалин,
Сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының Төрағасы.

Халқының айтулы перзенттерінің бірі

Қазақ әдебиеті мен ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Руханиятымыздың көшбасшы ақсақалдарының бірі, аса көрнекті әдебиетші ғалым, ұлтжанды бірегей тұлға, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Т.Кәкішұлы 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы Бұланды ауданы, Бөрлі ауылында туған. Еңбек жолын Абмола облыстық Қазақ драма театрында актер болып бастаған ол, 1950-1958 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, онан кейін Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, Қазақ КССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек жасаған.
1968 жылдан өмірінің соңына дейін әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университетінде ұстаздық етті. Осы оқу орнында аға оқытушы, доцент, профессор, филология факультетінің деканы, «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болды.
Т.Кәкішұлының қазақ әдеби сыны мен оның тарихын зерттеу саласында жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылы­ғы жөніндегі көптеген зерттеулері мен монография-
лары, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов туралы жазған кітаптары қазақ әдебиетін зерттеу ғылымына қосылған зор үлес екені даусыз.
Ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1-2-кітап. 1967 ж.), «Қазақ Совет әдебиетінің тарихы» (1970 ж., Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазуға қатысты. «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ. 1972 ), «Сәкен Сейфуллин», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге), «Сәкен сүйген арулар», «Мағжан – Сәкен», т.б. эссе жинақтары ақиық ақынның шығармашылығына деген зор құрмет пен махаббаттан туған зерделі, құнды еңбектер екені сөзсіз.
«Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Сын сапары», «Оңаша отау» атты монографиялары жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып жүр. Қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келген «Сандалтқан садақ», «Ұштасқан үш өзенмен», «Жол үстінде 80 күн», «Санадағы жаралар», «Ескірмейді есте­лік», «Кер заманның кереғар ойлары», т.б. жинақтары ғалымның шығармашылық аясының кеңдігін көрсеткен мән-мазмұны өзгеше зерттеулер болды.
Т.Кәкішұлының әдебиетке, ғылымға, қоғамға сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, Қазақ КССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағына ие болды. «Парасат» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықара­лық жоғарғы мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі.
Көрнекті әдебиетші ғалым, халқының айтулы перзенттерінің бірі Тұрсынбек Кәкішұлының ұлтжанды, азаматтық бейнесі ел жүрегінде сақталады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министр­лігі,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.

Асыл азамат, ардақты ұстаз

Ұлтымыздың ардақты ұлы, көрнекті қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жоғары мектеп академиясының академигі Тұрсынбек Кәкішұлының дүниеден озуы – қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымына ауыр тиді. Осынау зор қайғының салмағы әсіресе, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар ұжымына қатты сезілуде. Өйткені, Тұрсынбек аға жарты ғасырдан астам уақыт осы қарашаңырақта талмай еңбек етіп, университет өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Талапты жастарға жан-жақты мол білім берумен бірге кафедра меңгерушісі, факультет деканы ретінде филология факультетінің университет руханиятының ту ұстаушысына айналуына зор еңбек сіңірді.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдебиеттану ғылымын тың жаңалықтармен байытып, қазақ әдебиетінің классигі, даңқты жаңашыл ақын Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы турасында том-том зерттеу, эссе кітаптарын жазып, Сәкентану ғылымының негізін қалады. Көркем сөз қадірін зерделеудің ақсақалы атанған Тұрсынбек Кәкішұлы студент-жастарға арнап көптеген оқулықтар мен әдістемелік оқу құралдарын да жазып шығарды. Осынау сан-салалы еңбектерінің арасында ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалымның қазақ көркем сынының тарихы мен оның дамуы жөніндегі зерттеу жұмыстары өз алдына бір төбе.
Мен асыл аға Тұрсынбек Кәкішұлымен қазақтың үлкен жазушысы Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы тұсында танысқан едім. Сол кезден бастап ол кісінің қайраткерлік, азаматтық бітім-болмысын жақын тани бастадым.
Тау тұлғалы Тұрсекеңдей абыз ағамыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетіндегі гуманитарлық ғылымның көшбасшысы еді. Қандай бір әдеби, мәдени іс-шаралар болмасын ол кісінің көшелі ойы мен шалқар ақыл-кеңесіне жүгініп, ардақты ұстаздың кесімді шешіміне тоқтайтынбыз.
Өмірінің соңғы сәтіне дейін қаламы қолынан түспеген ерен еңбеккер, айбынды азамат, ұлағатты ұстаз, қайран, аяулы Тұрсекем-ай! Енді, міне, бүгін сан мыңдаған шәкірт­теріңізді, қалың қазақ жұртшылығын терең қайғыға батырып, бақилық сапар шектіңіз. Қайтейік, амал бар ма, қош-қош асыл аға, ұлтымыздың арда ұлы!

Ғалымқайыр Мұтанов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры.

Әдебиеттанудың еңбекторысы еді

ХХ ғасырдың 50-ші жылдары әдебиеттану ғылымына бір топ жас жігіттер келіп, сол кезеңде репрессияға ұшыраған аға ғалымдардың орнын басып, өздерін бірден танытқан болатын. Бұл шоғырдың ішінде З.Ахметов, М.Базарбаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев сияқты белгілі азаматтар жүретін. Солардың ортасында бүгін арамыздан бақилыққа аттанған Тұрсынбек Кәкішев те бар болатын. Қазіргі әдебиеттану ғылымының дамып-өркендеуіне осы топ өлшеусіз еңбек сіңірді.
Әділін айтқанда, ұлылар мен алыптар тобы ұлттық әдебиеттанудың ірге-тасын қалап, өмірге әкелсе, оның керегесін керіп, уығын қадап, жоғары дәрежедегі ғылым ретінде қалыптастырған – осы үркердей ғана топ. Бұл топта өзінің өте маңызды еңбектерімен ерекше көрінген ғалым – Тұрсынбек Кәкішевтің болғанын ашық айту керек. Оның еңбектері бірнеше саланы қамтиды. Ғалым қазақ әдеби сынын тереңінен зерттеп, оны жеке ғылыми салаға айналдырды, арнайы пән ретінде білім жүйесіне енгізді. Тұрсекең архив жазбаларын ақтарушы ғалым болды. Соның арқасында көптеген жаңа деректер тапты, «Садақ» журналын жария етті, қаншама тың ойлар мен тұжырымдар жасады. Әсіресе, Сәкен Сейфуллиннің мұрасына қатысты, Мағжанның тағдырына байланысты өте мәнді де маңызды мәліметтер тапты, екі ұлы ақынның арақатынасын ашып көрсетті. Ғылым саласындағы еңбектері жыл сайын бүкіл одақты аралап, көрген-білгенін қаттап шығарған кітаптары, эсселері, мақалалары ұлттық руханиятқа қосылған үлкен үлес, ол қазақ халқымен бірге жасайтыны күмәнсіз.
Тұрсекең – өр мінезді, ұлтжанды азамат болды. Турашыл ол өмірге әр түрлі құбылыс пен оқиғаға сын көзбен қарай білді, ойын бүкпесіз, тура айтудан тайынбайтын.
Қош, ардақты аға! Алдың жарық, жатқан жерің торқа болсын! Иманың жолдас болсын!

Сейіт Қасқабасов.

Тұлға

Тұлпары әр таң сайын таң асатын,
Аға едің аялаған Алаш атын.
Айналып сен келгенде сексен көлге
Сексен қыз таранса да жарасатын.

Жүрекке жазып кетті асыл атын,
Арнаңнан арманыңды асыратын.
Бұланды бұлттарындай түйілетін
Арқаның аспанындай ашылатын.

Ірі еді жаратылған іргелі елден,
Бәйтерек жұртыменен бір көгерген.
Аңқылдап ақ самалдай алдымыздан –
Жарқылдап сөйлеуші еді мінбелерден.

Жарығың жалғандықпен жағаласып,
Күнің де Көкше қырдан барады асып…
Сәкенді жырлай-жырлай ғұмыр бойы
РУХ-ың ұлы ақынмен араласып.

Тұма бар Тұрсекеңнің тұнығында,
Қасқайып тұрар мәңгі тұғырында.
Айналып кетті білем қазақ үшін –
Сейфуллин, Кәкішұлы бір ұғымға.

Тұлға едің ғибраты мол ғұмыры,
Тұрсынбек Кәкішұлы болдың ірі.
…Біз көрген көнелердің көзі де өзің –
Біз көрген асылдардың соңғы бірі.

– Аға де,
– Арысым де,
– Артығым де,
Ұқсайтын өзінің де қалпы күнге.
Тұрсынбек Кәкішұлы бір білерім,
Ғұмыры сөйлеп өтті АР тілінде.

Басушы ең бар қазақты бауырыңа,
Тойына ниеттес боп,
Сауығына.
Қасқайып сен де тартып кете бардың
Мағжан мен Сәкен ағаң ауылына.

Бос қалды гүл өсірер себетіңіз,
Жатырсың беу, ағатай,
неге тыныш?
Жалғанның жалғандығы осы екен ғой,
Өмірдің қашан-дағы соңы өкініш…

Қош, Тұрсеке!

Ғалым Жайлыбай.

Әдебиеттанудың қажымас қара нары еді

Қай кезеңде де халықтың рухани өміріне леп беріп, қозғау салатын да, өткені мен бүгінін, келешегін салыстыра, сабақтас­тыра саралап, салмақтайтын да – Әдебиет екенін терең сезінген ғалым-ұстаз Тұрсынбек ағамыздың қазақ ғылымындағы орны айрықша. Ұлтты ұлт ететін ең ұлы, ең пәрменді ықпал – Әдебиеттің қайнап жатқан қисапсыз құбылыстарын көз жазбай үнемі барлау мен байыптау екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жауап­кершілігі жүрекке, жүйкеге өле-өлгенше орасан зор салмақ салатын саналы таңдау, қазіргі қаймана жұрт біле бермейтін белсенді бейнет, ұлт мүддесін қорғау жолындағы айрықша қажеттілік, азаматтық борышқа айналатынын Тұрсынбек ағамыз өзінің өмірімен дәлелдеді. Ағамызды сол бейнетке бел шешіп, белшеден батуға «мәжбүр» ететін ұлы күш – адамға, елге деген шексіз құрмет, перзенттік тағзым.
Алпысыншы жылдардың соңына таман студент атанған біздің ұрпақтың алғаш көргені – алыптар тобының өкшесін басқан, жылымықтан кейін қаулап шыққан жастардың есейіп, қырықтың қырқасында марқайған, қайраты мен құлшынысы тайталас ғалым-ұстаздар еді. Сондай ұстазымыз – сол кездегі жас ғылым докторы Тұрсынбек Кәкішұлы болатын. Сөйлегенде қызулы екпіні, пікірін дәлелдеуге дәйегінің молдығы аршынды адымының алымдылығын, ақиқатты іздеу жолында айнымайтын табан­дылығын бірден-ақ аңғартқан.
Тұрсынбек ағамыздың өткен өмір белестерін осындай қаралы сәтте тағы бір еске алғанда, туған елінің тағдыр-талайына қинала зер салудан, осынау жауапты да азапты ұзақ жолда бір сәт тізгінін тартпай, жасып босаңсымай өткен қазақ әдебиеттану ғылымының қажымас қара нары тұлғаланады. Ағамыздың аңсағаны – адалдық, іздегені – әділдік еді. Осы жолдан тайқымай, тайынбай тайталасып өткен ұстазымыздың, әдебиеттанудың көрнекті тұлғасының тағылымы қашан да жадымызда…
Топырағыңыз торқа болсын, пейіште нұрыңыз шалқысын. Бақұл болыңыз, аға!

Бекен Ыбырайым.

Тарих боп кетті тау тұлға

Тұрсынбек Кәкішевтен айырылдық деуге бола ма?
Қазақ пен Тұрсекең ажырамас бір ұғым болып баяғыда тұтасып кеткен!
Таулар алыстаған сайын биіктей береді.
Аруақ алыстаған сайын жақындай бермей ме?!
Тау тұлға тарих әлеміндегі өз орнына жайғасты.
Қазақтың абызы, әдебиеттану ғылымының алыбы, кең ақыл, биік ойлы, турашыл, шыншыл ғұлама, аяулы, саялы ұстаз енді бізге бұрынғыдан да ыстық, бұрынғыдан да қадірлі, қасиетті, киелі күйінде жақындай түскен тәрізді.
Тұрсекеңнің жазған еңбектері, том-том кітаптары бір төбе болса, үйретуден жалықпаған ұстаздығы бір төбе. Ол кісінің тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің алды Алаш ақсақалы атанып отыр. Ал кең далада ана тіліміз бен әдебиетімізді көзінің қарашығындай сақтап, қазақ рухани байлығын, білім нұрын таратып жүрген мыңдаған шәкірттері айбынды да саналы рух күрескерлері емес пе?!
«Шындық ащы ғой! Бірақ керек, амал не?!», – дейтін Тұрсекең ауыр күрсініп. Шындық, әсіресе, тарихи шындық талқыға түскенде табаны таймай, қатпар-қатпар, қайшылықты тағдыр, тарихты ащы-тұщысымен қоса қопара зерттеп, парасат таразысына тарта білген Тұрсекең өмірде де, ғылым, білімде де осы шыншылдық жолынан айныған емес. Ұлағатты ұстаз, асыл азамат ағаның шәкірттеріне ғана емес, бүкіл Алашына аманаты да осы болар-ау!
Жарықтық Тұрсекең жиын-тойда бата берген сайын «Лә хаулә уә лә қууата иллә биллаһ» деген дұғаны жиі айтушы еді. Аса діндар болмаса да, ғалымның аты ғалым ғой. Молдалар: «Бұл – дұғаның төресі!» дейді. Иман нұрына бөленіп, жаныңыз жәннатта болсын, аяулы аға!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.  

Таулар да құлайды екен-ау!

Енгізген ойын сыналап,
Бір өзі – бір мұрағат.
Баспасөзімнің тарихын,
Мектебіңді аштық танитын.
Ішінен көне қатпардың,
«Садақты» тауып ақтардың.
Бейімбетті зерттеп расында,
Сәбиттің жүрдің қасында.
Тайсалмай төктің теріңді
Алаштың сырын ашуға.
Сәкеннің жырын самғаттың,
Аруағын ердің аунаттың.
Алтыннан қымбат сөз жаздың,
Алтындыда туған ардақтым!

Сын болған дедің қазақта,
Өткізбей, зерттеп, бекер күн,
Әдеби сыннан от өрдің.
«Сын сапарына» шықтың да,
«Оңаша отау» көтердің.
Қарыздар қазақ сыны оған,
Емендей сынбай, шыдаған.
Бұлтты күн де өтті басыңнан,
Бұландыда өскен бұла ағам.

Еңбекқор, өткір, өр адам,
Қашан да лайық төр оған.
Ұлтыңның сөзін сөйледің,
Бөріліде туған бөрі ағам.
Қазаннан, Уфа, Мәскеуден,
Троицкіден, Ташкеннен.
Қазақтың тауып іздерін,
Қазақтың сөзін іздедің.
Ұлтыңның ұлы желісін,
Алтын арқауын үзбедің.

Мұқаң менен Сәбеңнен
Әбділда мен Ғабеңнен,
Сүйсіне берген бата алдың.
«Тұрсекең – Ғалым» атандың.
Сенімін елдің ақтадың
Кітап боп шықты тапқаның.
Жұртыңның мұңын мұңдадың,
Ұлтыңның жоғын жоқтадың.
Сәкеннің асыл арманын
Жүрегіңде аға, сақтадың.

Сол ойға халқың шым батсын,
Соныңмен бізге қымбатсың.
Ұлтым деп өткен рухыңа
Қобыздың үнін тыңдатсын.
«Тұрсекең өтті!» – деген сөз
Қазақпын деген әр жанның
Құлақтарын шулатсын.
Ертіс пенен Есілдің
Толқындарын тулатсын.

Өтеді-ау, өмір, өтеді-ау,
Көкшедей көркем көкем-ау!
Зеңгір көкпенен таласқан
Таулар да құлайды екен-ау!

Арқада туған асылым,
Алатаудың бүгін басы мұң.
Екі заманның куәсі –
Бақұл бол, алтын ғасырым!

Бауыржан ЖАҚЫП.

Аманатыңа адалмыз, Ұлық Ұстаз!

Тұрсынбек Кәкішұлы – ұстаздығы мен ғалымдығы, адамдығы мен азаматтығы, санаткерлігі мен қайраткерлігі тұтасып кеткен тұлға! Оның бойындағы бар қасиеттің басын қосып, ыдыратпай ұстап тұрған ұлы құдірет – оның ұлт руханиятына деген шексіз құрметі. Өйткені, ол – ұлт руханиятын, сол арқылы ұлттық рухты көтеруге саналы ғұмырын түгел бағыштаған азамат.
Ғұлама ұстаз саналы ғұмырын әдебиет тарихы мен тарихтың жігі ажырамастай бірлігінен шындық іздеуге арнады. Ұлт мұрасына айналған 30-дан астам кітап осыған негізделген. Ғалым ретіндегі Тұрсынбек Кәкішұлының сәкентануға қосқан аса зор үлесі – Сәкен өмірі мен шығармашылығының «ақтаңдағын» ашу, ақын шығармашылығының табиғатын тануға ең алдымен адамдық болмысын, азаматтық тұлғасын зерделеу арқылы қол жеткізу. Қай зерттеу еңбегінде де Ұстаз көздеген басты мақсат – әдебиеттің қай кезеңіне болмасын, ең алдымен, ақыл-парасат азаттығы тұрғысынан келу. Ғалымның ел ардағы Сәкен мен Сәбиттің бедерлі бейнесіне көлеңке түсірмеу жолындағы күресін осылай ұғынуымыз керек.
Алаштың ақсақалы атанған ғұламаны бүтін бітімге тұтастырып тұрған Ұстаз, Ғалым, Азамат атты үш таған бірлік. Ұстаздың азаматтық келбеті оның ұлтжандылығымен айбынданып тұрады. Сондықтан да Тұрсекең бойында азаматқа лайық мінез бен азаматтық сана біте қайнасқан.
Осынау ауыр қайғы тұсындағы Ұстаз туралы көкіректе түйдектелген ой-сезімді түйіндей келе айтарымыз, Тұрсекеңдей рухы биік санаткер тұлғаны енді қалың елі – қазақ жұрты ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз ретінде ғана емес, ұлт тағдырының сындарлы тұстарында айтарын ашық айтқан, ұлттық ой-сананы оята білген Ұлт Қайраткері ретінде мәңгілік ардақтайды.
Тұрсынбектей абзал ағаның ең жақын шәкірттерінің бірі ретінде Ұстаз мұрасының ел игілігіне айналуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз деп уәде береміз. Ұстаз рухы мәңгілік! Сіздің жарқын бейнеңіз жадымызда сақталады. Қош, қош, Алаш жұртының ардақтысы, ұлық Ұстаз!

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ.

Филология ғылымының алтын діңгегі еді

Шындыққа өмір бойы қызмет ету кез келгеннің қолынан келмейді. Ауыр соқпақ, бұралаңды кездерде шындықтан қалай тайқып шыққаныңды өзің де байқамайтын сәттер болады. Жаңа заманға сай толқынның ырғағында тербелген қазіргі қалың қазақ арасында биіктікке ешкім жете алмастай шынар бойлы, зор тұлғалы қайраткерлер де бар. Солардың бәрінен де биік бойлысы, терең ойлы, берік танымдысы, шынайы түрдегі қазақ тағы­лымдысы Тұрсынбек Кәкішев ағай еді. Қазақтың филология ғылымын әліге дейін аласартпай ұстап келген мамандардың арасындағы төзімді нары да осы жан еді. Шындыққа қызмет еткендерді жаншып тастағысы келетіндер ортада көп. Тұрсынбек Кәкішев өз өмірінде сондайдың талайын көрді. Алдыға кесе-көлденең тұрып алып, ілгері бастыртпай қойған бүкір белді заманалық жағымпаздардың әрбіреуімен текетіреске түсті. Күресе жүріп өзінің ішкі қажып-шаршағанын сырттағыларға көрсетпей, өзінен сүйеніш іздегеннің әрбіреуін барынша ас­қақтата көтеруге тырысты. Тұрсынбек ағай, әсіресе, жас буынның барынша жанашыры болды. Оның бойындағы мейірімділік шексіз деңгейде болатын. Көркем келбеті қандай еді! Айналасына нұр шашып тұратын. Қазақ әдебиетіндегі сын саласын биікте ұстап келген де Тұрсынбек Кәкішев еді. Кәкішевтің қасында болып, әдебиет саласында әңгіме қозғамасақ та, тізгінін осы ағай ұстаған әдебиет жанрының маманы болмасақ та Кәкішев секілді азаматтың қазақ ортасында болғаны айдаладағы физика маманы маған да сырттай сүйеніш секілді еді. Қазақтың нар бейнелі азаматтары кең даланың қайсы жерінде жүргені болса да бәрібір, әйтеуір баршамызға рухани тірек еді ғой. Адамзатқа ең қажеті рухани тірек, рухани дүниені тасымалдаушылар. Сырттай жүріп те рухани нәр алу бірінші қажеттілік. Ал енді әдебиетті өміршең етуші қазақ азаматтарының ортаңда жүргені дүниедегі ең қымбат байлық. Сатып алуға келмейтін зор байлық осындай ағаларымыз еді. Филология ғылымының алтын діңгегі, айналасына шуақ шаш­қан нұрлы бейне – Тұрсынбек Кәкішев секілді азаматтар бұл дүниеге енді қайтып келе ме, ол жағын бір Құдай білер. Десек те, осы сәттегі жан-дүниеңде пайда бол­ған ойық Кәкішевке деген сырттай сү­йіс­пен­шіліктің нәтижесінен. Бұл азаматты бәріміз сыртынан жақсы көретін едік. Қасында жүріп, табақтас болмасақ та оның жарқыраған ақ жүзі, көркем келбеті жүрегімізге нұр себетін. Бұндай аға бізге енді қайдан табылар? Шындықтың діңгегі болған қайран аға, жаныңыз Көк жүзіндегі нұрлы әлемнің ортасына тап келсін! Ғылымға төккен теріңіз Алланың әмірімен сіздің рухыңызды нұрға кенелтсін. Сіз мына біз үшін мәңгілік тірісіз, ағажан!

Мағрипа Шөжеғұлқызы,
физика-математика ғылымдарының кандидаты.

Ақиқатты ту еткен ғалым ағам…

Т.Кәкішұлы кез келген мәселеде ақиқатына көзін жеткізіп барып, құжаттарды сөйлетіп, талдап, тарамдап еңбектеріне пайдалануы арқылы өз көзі жеткен шындыққа өзгенің де көзін жеткізіп, ақиқатына иландыра алған. Ал тарихи шындық, ақиқат қашан да оңай келмейді. Әдебиет тарихын зерттеуші, қарымы мол сыншы, публицистикалық жанрда өзін таныта алған эссеист, сәкентану, мағжантану, жалпы алаш әдебиетін тануда өзіндік қолтаңбасы бар ғалымды өз басым мерейлі аға, үлгі тұтар мұрағатшы, тынымсыз еңбекқор, беделді ұстаз, қамқоршы ретінде таныған едім.
Қайтейін?.. Алланың жазуына амал бар ма?.. Жазмыштан озмыш жоқ. Сөзіңіз ерек сіздің «шындықты ғана жаз» деген фәнилік қағидаңыз бәрімізге қуат берері сөзсіз. Мәңгі сапарға аттанғаныңыз өзекті өртейтін өкініш болғанымен, отбасыңызға Алладан медет болсын.
Жаныңыз жәннаттың төрінен орын алсын.

Ажар Зекенова.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.