ЖАСӨСПІРІМДЕРДЕ СТРЕССТІҢ ТУЫНДАУ СЕБЕБІ ӘРҚИЛЫ

0
128 қаралды

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы,“Bilim Foundation” ҚҚ


Соңғы жылдары елімізде жасөспірімдердің арасында өмірден түңілу, соның салдарынан тіпті бүкіл дүниеден баз кешіп, өз-өзіне қол жұмсау факторлары да орын алып жатқаны жасырын емес. Ұлтымыздың ертеңі – жастардың бұндай шарасыз халге түсуіне не себеп және бұл келеңсіз жағдаймен қалай күресуге болады? Осы төңіректе ізденіп, зерттеу жүргізіп жүрген маман – әлеуметтанушы Айсұлу МОЛДАБЕКОВА  мәселенің басын ашып берді.


 Стресс үлкен адамдарда жиі кездесетіні таңқаларлық жағдай емес,  ал енді ғана өмірге қадам басқан жасөспірімнің стресске түсуінің нақты себебі неде?    – Жасөспірімдік стресстің пайда болу себептері әркелкі болуы мүмкін. Стресс ересек пен бала өміріне де тән ықпал әсерінен туындайды. Сарапшылардың пікірінше, балалар мен жасөспірімдер арасындағы стресстердің туындауына көбіне мектеп кезіндегі және әлеуметтік проблемалар әсер етеді екен. Мысалы,  жақын достармен айырылысу, отбасының тұрғылықты мекен-жайын өзгертуі, құрбы-құрдастарының қысымы, күнделікті өмірдегі күрт өзгерістер, оқу жылының басталуы мен аяқталуы, емтиханға дайындалу және тапсыру, компьютерлік ойындарға деген тым жоғарғы әуестік, әсіресе, агрессивті ойындарға деген қызығушылық.                                        Көңілдегі реніш, күрделі жағдайлар, жасөспірімге көрсетілген кез келген зорлық-зомбылық – осының барлығы да жасөспірім кезеңде стресске алып келуі мүмкін. Жүйкесі толық қалыптасқан ересек адам бұл күйді қиындықсыз өткізсе, ал балада ішкі үрей немесе депрессия пайда болып, психологиялық зақым тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, жасөспірімдік стресстің туындауына көп жағдайда олардың өздерінің физикалық қабілеттеріне көңілдері толмауы (салмақ, бой, сыртқы келбеті, икемсіздік, әлсіздік және т.б.), отбасындағы жағдай (жанжал, зорлық-зомбылық, жақын адамының қайтыс болуы, ажырасу, ұрыс-төбелес, алкоголизм), сыныптастарымен, ұстаздармен қарым-қатынас (бәсекелестік, шамадан тыс талаптар, мектепті ауыстыру, үлгерімнің төмен болуы, достардың жоқтығы), махаббат (жауапты да, жауапсыз да), қауіпті хоббилер (әртүрлі субкультураларға еліктеу, есірткі, алкогольді қолдану) сынды факторлар да әсер етуі мүмкін.                                                                                                         –  Стресс жасөспірімнің өміріне қалай әсер етеді?                                                  – Жасөспірімдік шақ әр адам үшін ең маңызды кезең екені жасырын емес. Өйткені бұл кезеңде бала психикасы серпінді өзгеріп, ересек адамға айнала бастайды. «Жасөспірім» сөзінің мағынасының өзі латын тілінен аударғанда («adolescent») «ер жету» дегенді білдіреді.                                                                           Психологтардың тұжырымдауынша, осы кезеңдегі күрделі стресс өмірлік өшпес із қалдырып, тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына әсер етеді. Мысалы, өзін кем сезіну комплексі (комплекс неполноценности), тұйықтық немесе ересек кездегі фобиялар жасөспірім шақтағы стресстік күйдің салдары болуы мүмкін. Сондықтан, ата-аналар балаларының стресстік күйіне байқампаздықпен қарап, мүмкіндігінше салдарынан гөрі себептерімен күресуі керек.                                                                                       Өз кезегінде стресс адам ағзасының түрлі эмоциялар мен өмірлік ауыртпашылықтарға жауапты реакциясы болуы әбден мүмкін. Адамның жан дүниесі мен тәні тығыз байланыста болғандықтан, стресс тұлғаның басынан аяғының саусағына дейінгі дене мүшелеріне әсер етпей қоймайды. Мәселен, Америкалық психологтар ассоциациясы (APA) 2013 жылы жасөспірімдер арасында жүргізген кешенді зерттеу нәтижесінде кәмелетке толмағандардың стресстің эмоциялық және физикалық симптомдарын бастан өткеретінін анықтаған. Жиі кездесетін симптомдарға шаршау, жүйкенің жұқаруы, жауапкершіліктен бас тарту, міндеттемелерді орындауды кейінге шегеру, негатив ойлардың болуы және ұйқының бұзылуы жатады. Стресстің әсерінен адамның зейіні нашарлап, тамақтану жүйесінде де өзгерістер болатыны белгілі. Ерекше ескеретін жайт – адам өмірінде стресске тап болуы қалыпты нәрсе. Ең бастысы, ол стресстің ұзақ мерзімге созылуы салдарынан депрессия, семіздік пен жүрек ауруларына апарып соғуы әбден ықтимал екенін естен шығармаған абзал. Яғни, стресс жасөспірімнің физикалық, эмоциялық және психикалық саулығына әсер етіп, кейде баланың мінез-құлқында девиацияның пайда болуына ықпал етуі мүмкін.                     – Бізде стресс дегенге көп мән беріле бермейді. Әсіресе, жасөспірімдік шақта баланың ішкі сезімдерімен санасу жағы кемшін түсіп жатады.                            – Дұрыс айтасыз. Негізінен, ғалымдар стресстің екі түрін бөліп көрсеткен. Олардың біріншісі – «пайдалы» деп аталатын эустресстер болса, ал екінші түрі – дистресстер – бұл «зиянды стресс».                                                                                    Әрқайсымыздың өмірлік күнтізбеміз ойдағыдай болуы үшін, «пайдалы» стресстердің белгілі бір көлемдегі дозасы қажет. Бұл күйді «жандану реакциясы» деп атауға болады. Жұмыс белсенділігін арттыру үшін адреналиннің шағын бөлігі қажет. Осы рольді эустресстер атқарады. Ал дистресстер (зиянды стресстер) асқан шиеленіс кезінде туындайды. Дәл осы күй стресс жайындағы барлық көріністерге жауап береді. Жасөспірімдердегі бұл стресс асқынып кетпес үшін, ата-аналар балаларына эмоционалды тұрғыда өзін-өзі реттеу мен ерік-жігерлерін дамытуды үйретуі қажет. Стресс қандай болмасын, «жақсы» (эустресс), «нашар» (дистресс), эмоционалды немесе физикалық (я болмаса екеуі де бір уақытта), оның ағзаға деген ықпалынан түрлі зардап болуы мүмкін.                                                                                          – Ал ата-аналар жасөспірім балаларының стресске ұшырағанын қалай байқауына болады?                                                                                                     – Негізінде, байқау қиын емес. Психологтардың пікірінше, стресске ұшыраған жасөспірімдерге қарапайым сұрақтар қойып, өтініш білдірудің өзі агрессия туындатуы мүмкін. Сондай-ақ, стресске ұшыраған жастарда дереу көңілдерінің төмендеуі, мінездерінің тұйықталуы және іс-әрекеттерінде сенімсіздік, ұсақ-түйекке бола мазасыздану, тынышсыздық байқала бастайды. Көбісінің оқуға деген қызығушылықтары төмендеп, үлгерімдері нашарлайды, ұмытшақ және енжар бола бастайды. Сонымен қатар, шаршау, ұйқышылдық және ұйқының қанбауы, шамадан тыс тәбет немесе оның болмауы байқалады. Жасөспірімдік стресстің басты кемшілік тұсы, шылым шегу, алкоголь қолдану сынды жат әдеттерге алып келе бастайды.               Осы тәрізді психологиялық күйде ұзақ болу жасөспрімдерді үлкен қиындықтарға әкелуі мүмкін. Әсіресе, ұзақ психологиялық стресс көбіне физикалық тұрғыдағы денсаулықтың нашарлауына себеп болады. Стресстік күй кезінде жүрек-қан тамырлары ауруының мүмкіндігі төрт есеге артады. Стресс кезінде жасөспірімдер өзін-өзі бақылай алмайды. Сонымен қатар, стресс кезіндегі импульсивті іс-әрекеттер болуы мүмкін, мысалы, көңілдің түсуі және гипербелсенділік.                                                 – Жалпы, баланың бойындағы стрессті басқа қандай жолмен анықтаймыз. Мінез-құлықтан бөлек, ағзада өзге қандай өзгерістер болуы мүмкін. Қауіптің алдын қалай аламыз?                                                                                                 – Стресс кезінде адам ағзасы өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Сондықтан медицина мамандарының көмегіне жүгініп, бала бойындағы стрессті анықтауға да болады. Біріншіден, адам ағзасы қауіптің алғашқы белгілерін сезгенде бүйрекүсті бездерінде адреналин мен норадреналин қалыптасады. Адреналин үрей, шок, қорқыныш кезінде арта түседі. Ол қан айналымына енген соң, жүрек соғысын күшейтіп, қарашықты кеңейтеді, сондай-ақ ағзаны стресс жағдайына бейімдей бастайды. Бірақ оның ұзақ мерзімді әсері дененің қорғанысын төмендетеді. Екіншіден, мамандар кортизол деп аталатын тағы бір стресс гормонының функциясына назар аударады. Кортизол көлемі, әдетте экстрималды жағдайлар мен физикалық ауыртпалық кезінде ұлғаюы мүмкін. Кортизол аз мөлшерде ағзаның жұмысына көп әсер етпейді, бірақ оның ұзақ уақыт жинақталуы депрессияның дамуына себеп болып, майлы тамақтар мен тәтті өнімдерге деген тәбетті арттырады. Үшіншіден, биохимиялық тізбектен қыздар мен әйелдерге ерекше әсер ететін пролактин атты тағы бір маңызды гормонды шығаруға болмайды. Қатты стресс және депрессия кезінде пролактин көп бөлініп, зат алмасуды бұзады.        – Стресстің салдары соңында неге алып барады? Әлеуметтанушы  ретінде бұған өзіңіздің дәлеліңіз бен дәйектеріңіз қандай?                                                – Әрине, әлеуметтанушылар халық арасында түрлі әлеуметтік зерттеулерді жүргізіп отырады. Сондай зерттеулердің бірі балалардың 10-25%-ы ұзақ және қайталанбалы стресс кезінде ішкі ағзаларында созылмалы аурулардың дамуы немесе асқынуы мүмкін екенін көрсеткен. Балалық кездегі стресс, әсіресе ұзақ кезеңге созылған күйзеліс ересек кезеңдегі көптеген ауыр сырқаттардың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Ғалымдар, жас кезінде осындай жағдайда көп болған ересек адамдар жиі сырқаттанып, оның иммунитеті айтарлықтай әлсіз болатындығын дәлелдеп шыққан. Ата-аналар, педагогтар, психологтар жасөспірімдер арасындағы стресстің алдын алу маңызды екенін сезінуі тиіс.                                                                                                       – Балалар жиі негативті стресстерге ұшырамау үшін не істеуіміз керек?            – Бұл сұрақ көптеген ата-аналарды мазалайды. Осы орайда, дәрігерлер мен психологтар бірқатар маңызды кеңестер береді.                                                Барлығы қарапайым ұйқыдан басталатын болып шықты. Ең алдымен ұйқының гигиеналық ережелерін сақтау керек. Біріншіден, балаларды уақытылы ұйықтап, тұруға үйрету қажет. Екіншіден, ұйықтар алдында су процедураларын қолдануды ұмытпау керек – салқын душ (дененің сәл салқындауы ұйықтау физиологиясының элементі екені жасырын емес). Үшіншіден, балалардың жатын орындарын ойнау, кітап оқу үшін емес, тек ұйықтау мақсатында ғана қолдануын бақылау керек. Және ең соңғысы,  балаларға түнгі уақытта компьютерлік ойындарға шектеу қою керек. Өйткені оларда еліру қасиеттері бар.                                                                                 Сондай-ақ, тұрақты физикалық белсенділік стресспен күресуді жеңілдетіп, ағзаның әртүрлі стресстерге деген төзімділігін арттырады. Интервалды немесе аптасына үш-төрт күндік жаттығулар физикалық белсенділікті дамытады.                                       Дәрігерлердің пікірінше, дұрыс тамақтану стресстің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Көбіне ересектер баланың күнделікті тамақтанатын азықтарының сапасы мен құрамына көп мән бермей, соңында ол ағзаға кері әсерін беріп жатады. Аталмыш жағдайлар күнделікті қайталанып, басқа факторларға қарағанда стресске деген төзімділікті әлдеқайда азайтады. Азық-түлік өнімдері, дәрумендер және микроэлементтер ағзаға тамақпен бірге енуі керек. Олардың қатынасы үйлесімді болуы қажет, бірақ бұл қазіргі заман өмір салтында көп сақтала бермейді. Осының салдарынан жасөспірімдердің милары қалыпты жұмыс істемей, стресске бейімделе бастайды. Қазіргі заманғы тамақтану қалпының ең осал тұсы – минералдар мен микроэлементтердің тиісті мөлшерде жеткіліксіздігі болып шықты. Әсіресе жасөспірімдер мен балалар ағзаларында магний тапшылығы байқалады. Магнийдің жетіспеушілігінен стресстер күшейеді. Бұл өзге факторлардан тәуелсіз жүреді. Құрамында магнийі жоғарғы өнімдерге күнжіт, жержаңғақ, бадам, қарағай жаңғағы, кешью жаңғағы, асқабақ тұқымы жатады. Оларды балалардың күнделікті мәзіріне қосу керек. Дегенмен магнийді көп мөлшерде дақылдардан да алуға болады. Балаларға көп каша жеуді үйрету керек. Өйткені қоңыр күріште, қарақұмықта, тарыда және сұлыда магний мөлшері көп.                                                                                                   Тыныш ұйқы, дене тәрбиесі және дұрыс тамақтанумен қатар, ата-аналар балаларына өз эмоцияларын бақылауды, басқаруды үйретуі қажет. Бұл өз кезегінде олардың біртұтас және үйлесімді тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Егер ата-ана үшін тым қиын болса, психологтың көмегіне жүгінгені дұрыс. Көптеген ата-аналар балаларын түрлі қосымша үйірмелерге жазып, оларға өздері стресс тауып береді. Бала өзіне ұнайтын қызығушылықтарымен айналысқан кезде стресстің мүмкіншілігі минималды болады. Балаға шамадан тыс ауыртпалық салудың қажеті жоқ. Одан гөрі бір перпективалы секцияны ғана қалдырған жөн. Көбіне, барлығы жасөспірімдерден өз ортасында лидер болуы үшін жақсы үлгерім, спорттық және басқа да жетістіктер күтеді. Мұндай жүктемені алып жүру үшін бала көп шаршап, демалудан қалады. Нәтижесінде ұйқы қанбайды, сырқаттану мен стресске тап болуы мүмкін. Бала қабілеттері мен мүмкіндіктерін адекватты түрде бағалау қажет. Ата-ана да, бала да бастысы жетістік пен «бірыңғай» бестік баға емес, барлық жағынан үйлесімді даму екенін түсіну керек. Сондай-ақ, бала өзінің алаңдаушылығы жайлы еркін айтып беруі үшін онымен барынша сенімді қарым-қатынас түзу және оған стресспен күресу жолдарын үйрету қажет. Балалар стрессінің алдын-алудың ең жақсы жолы оларға махаббат беру, көңіл бөлу, түсіністік пен қамқорлық көрсету екендігін атап өткім келеді. Өз жақындарының кез келген жағдайда қолдайтынына сенімді болған жасөспірім «отбасы» және «сүйіспеншілік» деп аталатын сенімді қалқанмен стресстен жақсы қорғалады.                                                                                                       – Әңгімеңізге рахмет!

                                  Әңгімелескен   Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.