Жұлдыздары жамырап, Ай кетпейтін Астанам…
12.12.2018
1978
0

ЖАҢА АСТАНА

Анау жақтан мойнын созып Көкше шың,
Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн.
Әр күн сайын бара жатыр ұзарып,
Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн.

Самал желi бұйра талды тарайды-ай.

Түнгi шамдар-ұжмақтағы арайдай.
Түнгi Астана сұлулығын қызықтап,
Оңға, солға шығып көрiп қарайды Ай.

Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп,
Бойжеткен үй суға көзiн төңкерiп.
Көшелерден түрегелген фонтандар,
Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп.

Көрiктiден көркi артса неше есе,
Сөнiп қалған оттарымды көсесе.
Шiркiн, деймiн, мына жерге әкелiп,
Есiм ханның ескi жолын төсесе.

Есiлiмнiң көше сынды айдыны-ай!
Сол көшеге төгiлетiн ай нұры-ай!
Қасым ханның қасқа жолы бiр көше,
ол да жатса туралықтан айнымай.

Ұлы елiң сенiм артқан гүл-өңiр,
Сол жолменен сен де тура жүре бiл.
Дiлi менен тiлiн сақтап бабаның,
Тура жолмен келе жатсың ұлы өмiр!

Оңайгүл ТҰРЖАН


АСТАНАДА, АҚПАНДА…

Белім шықпай жатқанда бесікте мен,
Керуен соққан кездерден көшіпті өлең.
Астанада, Ақпанда, Ақ боранда
Аппақ-аппақ түстерді кешіп келем.

Ақпан әні, Астана, көшең де кең,
Ақ бораны – аппақ нұр десем бе екен?
Ел қондырған Есілдің жағасына
Есіл де есіл, есіл жұрт есен бе екен?

Барысқа да ұмтылар бақанды алып,
Қазақ деген – нар халық, атан халық.
Ұтылмаса жарады, жұтылмаса –
жалмауыздың аузында жаһанданып.

Тиер жерге мың тиіп мына маңдай,
Сыңар арман сыңсиды, сыналанбай.
Құйқылжытқым келіп тұр қыстың әнін,
Құстың әнін жырлаған Тұмағамдай.

Үмітіңнің үрлетіп үр шырайын,
Нұр сұрайын саған кеп, жыршы қайың.
Айтулы ағам Айтұлы секілденіп,
«Бәйтеректің» басына бір шығайын.

Айдындардай жағама кеме қашқан,
Ортаймайын… Көлімде көне-дастан.
Қара өлеңнің қазанын қайнатайын,
«Қараөткелде ақын жоқ менен асқан».

Қара өлеңнің қазаны қайнағасын,
Астананың әз жұртын айналасың.
Ақпан киіп кірер ем Ақордаға,
Онда мені күтеді, қай нағашым!…

Есіл жұртта тосайын арысымды,
Есілге әкеп қосайын ағысымды.
Ақ дүниеге сыйлайды – ақын бақыт,
Жақындатып кетейін алысыңды.

Қосын қонғым келеді… қосұдай жыр,
Тоңған шығар жолымды тосып ай-нұр.
Астанада, Ақпанда, Ақ боранда,
Өлеңдетіп қояйын осылай бір…

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ


АСТАНА

Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам…

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Бармасам да, барсам да сағынатын Астанам.

Жадыратып жанымды мұң-қайғы алған, Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен, Астанам…

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?..

Гүлнар САЛЫҚБАЙ


АСТАНА – АРМАННЫҢ АҢЫЗЫ

Мен…
О бастан аппақ арман ем!
(Сезбеген шығар да сол шақта болған ел…)
Бауырлап атқанда Бозоқтың боз таңы,
Сезетін!
Болашақ болмыстың елесін
көретін арда бел.

Тарихтың көне жанары болып
Есіл мен Нұра арнасы,
Жосылып сонау Жібек жолының жалғасы,
Қараөткел қаққан қазықта қалды сол шақта,
Бір күні келер «Тұғырлы таңның» таңбасы.

Серт еткем сонда:
«Арқаның төсінде туымды көкке іліп,
Тұранда тыныштық түйесін шөктіріп,
Жаһанның жанарын өзіне байлар», – деп,
Қазақтай ұрпағың, киелі Көктүрік!

Содан соң,
Өткеннің көз жасын
қайралған кегіммен құрғаттым!
Санамда солдырып қайғының соңғысын.
Дүбірлі той кешкен таңменен бірге аттым,
«Сарыарқа» күй болып болмысым!

…Бүгінге жеткізіп, сан ғасыр, жыл өтті.
Тірімін! Мың жылдық тамырым дір етті!
…Астана – арманның аңызы – ақиқат
Ақиқат осындай – АЛАШ жүректі!

Ажар ЕРБОЛҒАН


Ару қалам

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.
Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің,
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашан да еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!
Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

Қалқаман САРИН


Жас қала

Әр дәуір көктемі жаныңда бүр атып,
Мұратын көтеріп барады ел.
Сақтардың сүйегін мүжуде уақыт,
Ғұндардың қорымын кеміріп қара жел.

Ал рухы айналып ақынның сөзіне,
Сол сөзі жаныммен, қаныммен сезінем!
Бабалар қарайды мұражайға қойылған,
Мыңжылдық бассүйек көзімен.

Қарайды бабалар мың жылдар,
Бір жанып, бір сөніп жатқан шақ жұлдыздар.
Қарайды ең ұлы ескерткіштерге олар,
Қазақтың аспаны астында тұрғызған.

Соларға қойылған ескерткіш жас қала,
Төгілген қанға да, төгілген жасқа да.
Сөнбейді, сембейді Түркінің үміті,
Үмітке қойылған ескерткіш – Астана!

Ғасырлық шаттыққа, ғасырлық мұңға да,
Ұлт үшін құрбандық етілген ұлға да,
О, мәңгі өлмейді Алаштың арманы,
Арманға қойылған ескерткіш бұл қала!

Өткенім – өзекте, бүгіннің меңі – Арда,
Ұят та, намыс та,жүректе, жанарда,
О, мәңгі өлмейді түркінің ертеңі –
Ертеңге қойылған ескерткіш – Елорда!

Ерлан ЖҮНІС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір