Көлеңкенің кететін көкірегі жарылып…
11.12.2018
2106
1

Қалау СӘЛЕМЕТБАЙҰЛЫ

***

Жазылмақ еді бұл өлең бұрын да,
бұрын, бұрын да,
Отырғам еніп мөп-мөлдір ботаның қарашығына.
Қарашығы емес ботаның,
Алтайдың ақық түні еді,
Сақалы талдың қытықтап ақ
бұлақ сақ-сақ күледі.
Көзімнің нұры ұшында Құс жолы көкте ағатын,
Тозаңға тіреп табанын бар ғалам
ғұсыл алатын…
Лапылдап жанып ашық от ұмсынар еді ұшуға,
Арбайтын мені тұрған сөз жалынның
тілі ұшында.
Самал сырын ақтарса ақ гүлдерге,
Тарығып
Көлеңкенің кететін көкірегі жарылып.
Тастағы сипап тағдырын,
Барлығын үнсіз ұғынып,
Жұдырығы Ертістің иірім болып түйіліп…
Ұлыса бөрі тым ұзақ,
(Қарайтын едім жаутаңдап)
Үнімен айды көктегі тұмсығына ұзақ арқандап.
Жеті күн соққан желге де сыймайтын
ұлы бір ұғым,
Жап-жасыл тауды жаңғыртып
кісінеуші еді құлыным.
Тұман боп шөгіп түйсіктер шатқалға
менің алдыма,
Шаршайтын шықтар қонам деп
ып-ыстық алақаныма.
Жап-жасыл мүктер тұрғанда қап-қара
тасты жасырып,
Жел шайқар шалғын ұшымен түгейтін
түн де шашылып.
Жарлауыт екі езуі іргеде қара жол күлед,
Жыққамыз үйді мәңгіге,
Көшеміз ертең соңғы рет…
Қысылып құлын–жүрегім өзімнен-өзім үркемін,
Көтеріп тұрды төбесін күрсініс қана күркенің.
Ауаны жатты алқымдап керексіз енді
құрық-тал,
Қабырға сүйек қураған–буылып
жатқан уықтар.
Киіз үй орны тұр, әне, соңғы мөр жерге басылған,
Соқаның орсақ тістерін жабығар күтіп
жасыл маң.
Еңіреп жатыр ертоқым тұмсығын
тығып шалғынға,
Шақырар жылқы тезегін шашылып
жатқан алдында.
Әкешім жатыр қасымда ұйқтаған
болып көрініп,
Көз жасы болып мөп-мөлдір ұйқысы
қалған төгіліп.
Күркеден бізді шығарған тіршілік
сүйреп балақтан,
Ақ тұяқтағы қанаған күбірткідей боп
таң атқан.
Естелік болып бір тамшы көзімде
қалды тұмадан,
Боранмен бірге булығып жерошақ
ұзақ жылаған…

Таулар түс көргенде

Сыр еді бұл бір,
Налимын
Адамзатқа айтып расын –
Санасы менен сәбидің
Сәулеге ғана сиятын.

Балапан-әлем қалғанда
Байланып қылға…
Құдірет!
Сезгемін оны жалғанда
Жалғыз-ақ рет, бір рет!

Сәби ем тұрған сол бір түн
Ай туар жаққа жол қарап.
Туырлыққа сіңген жұлдыздың
Нұрының нілі сорғалап…

Көзімнен аққан енді көп
Көз жасқа алып емделіп –
Санамда қалған сол сурет
Жатыр ғой сорлап, сөзге еніп…

Кім еді сол сәт есімім?
Бір жанып білем өшкенін.
Қауырсынын үкінің
Күбірлеп оқып кеткемін…

Тарыдай ғана арман-мұң,
Ең алғашқы әрі ақтық ән…
Жанарын жапқан жалғанның
Ақ кірпік бейне ақ тұман…

Қияқтар кенет ысқырып,
Әлде не күтіп тұрды маң.
Жабықтан кіріп сүт ішіп
Кеткенін білдім бір жылан…

Сай-тас қобыз баяғы
Өз үнін өзі сімірген.
Жаныма от құшақ жаяды,
Көлеңке туып күбірден…

Терледі білем ентігіп
Құс жолы бір от шарпыған.
Есіме мені келтіріп,
Қара тау жерді тарпыған…

Қабағын түйді мәңгіріп
Тарихтың толған тыртығы.
Сағынышым боп мәңгілік
Көзінде қалды былшығы…

Таңдайға сүттің нілі кеп,
Тамсанып, ұзақ жұтынып –
Күтемін сені күбірлеп,
Көлеңкелерде жылынып…

Жар қадыры

Не тілер айырбасқа келер бір бақ,
Сендей ерке тағдырға көнем, бірақ…
Қиналам кейде күрек ұстай алмай,
Байласа саусағымды өлең шырмап.

Жетер маған сенің бар сыйлағаның,
Үй суық болғанымен мида жалын…
Көкірегімде қалған бір бос әлемді,
Ұлымның үні тербеп қиналамын…

Қап-қара қар жауғызсам нала-мұңнан,
Қарғалдақты көремін қабағыңнан.
Етігім тесілгенде мәз боласың,
Жер-Анам иіскеді деп табаныңнан.

Қара тұяқ кетіліп ақ шағылда,
Жүрсе де, айтшы, жырдан ақсадым ба?
Ақ жаулығын тосасың тұмсығыма,
Анам жайлы түс көріп жатқанымда.

Құйып ап қиялына қорғасынды,
Қосағың бұл қоғамға зорға сіңді.
Түсіме енген қыз десем,
Сен екенсің
Түндерде сүртіп жүрген көз жасымды…

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір