ТАҚИЯ

0
89 қаралды

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

(Әңгіме)

Рәйланің көзіне күйеуінің та­қиясы оттай басылды. Бала шір­кінге бәрі қызық, әңгелектей доп-домалақ басына милықтата киіп алыпты. Қалқиған құлағы да көрінбей қалыпты. Сол сыртқы өрнегі бүлінбеген, тарам-тарам қызыл жібі сәл жіңішкеріп, кір­шең тартқан қызыл тақия. «Е-е-е, шалдың шамасы белгілі болды» деді өмірдің жарты ғасырын артқа тастап, болары болып, бояуы сің­ген қақсал әйел. Тақияны баланың басынан көргені – күйеуінің қал­тасы тақырланғанын білдір­ген­дей… Бұл көз үйренген дағды. Десе де, баланың басына жара­сып-ақ тұр. Өмір бойғы арманы болған бір мұң – тәмпіш танау балаға қарағанда, тұлабойын тағы бір шым еткізді. «Шаңырақ боп өрнектелген қызыл жібі де көмескі тартып қалыпты-ау. Осындай бір тақия киетін қара сирақ болмады-ау…». Тез ішкі бөлмеге барды да, кішкентай қызыл сандықшадан алақандай-алақандай ескі ақшаны жалп еткізіп шығарып, қайта ор­нына салды. «Олар аздан салып ойнайды ғой». Ірі ақшаны орнына қойып, үш сомдық пен бес сом­дық­қа ауыстырды. Бәрінде де күн көсемнің түсі суық бейнесі. Та­қия­ны ақшаға толтырып әкеп, «Жо­ғалтып алма, байқап ұстап жүр» деп, жеті-сегіз жасар бала­ның помази көйлегінің төс қалта­сына үш сомдықты екі бүктеп, сүң­­гітіп жіберді. «Мынаған кәм­пит алып же?» Ауыл шетіндегі на­сы­байшы Қасымбектің не­мере­сі үйден ытқып шықты. Дәл бір айран құйған ағаш тостағандай дөңгеленген тақияны қос қолы­мен дірілдетіп ұстап, абайлап ба­сып барады. Артынан қарап тұр. Борпылдақ көшенің май топыра­ғын тобықтан келтіре кешіп, бар­ған сайын жылдамдыққа жылдам­дық қосты. «Бала шіркін осы­­ны­­сымен қызық қой» деп Рәйла сүзіле қарап қалды. «Бағана насыбайым таусылып қалыпты» деп отыр еді, бастары қосылған екен де. Қосылсын. Одан басқа еркекке не рахат бар бұ дүниеде».
Әлиякбар ауылдағы өндіріс бригадирі. Ерте көктем мен үш ай жаз егін егуден қолы босамайды, кү­ріш ору науқанында көрпе-жастығын ала кетіп, үйге тү­не­мей­ді. Бір сөзбен айтқанда, жұмсақ жері жер иіскемейді. Қызыл қыр­ман мен адам санын бақылау, тұ­рып қалған техниканы түртпектеу, қойшы әйтеуір, бригадир бәріне жауапты. Енді, міне, егін-тегінді жи­­нап, адамзат алтын күзге де жет­­ті. Қол босады. Қыс пен күз ауыл адамы үшін –курорт. Қыста ол­ар етек-жеңді кеңге салып, әр үйге кезек барып арақ ішіп, жаз­дан сүлелеп шыққан зиялысы сүйікті тірлігі – қарта ойнауға кі­ріседі. Насыбайын атып оты­рып, түкіргішке шырт еткізіп бір түкіріп тастап, етке тойып, шәйға қанып ап, түнімен қарта соғады. Шөліркесе, сол үйдің келіні ың-шың­сыз шәйін қойып беріп, қо­на­­ғындай күтеді. Бұл әр үйді ара­лап жүретін дағды. Құмар ой­найтындар бір-бірін алыстан танып, «Қолың қышып тұрған жоқ па?» деп сөз тастаса, «Қышы­ған жерді қасысайшы» деген қыршаңқы жауап естиді. Бір ауыз сөз жетіп жатыр. Айтқан адам жауап берушінің соңынан еріп жүре береді. Қолы бостарға ша­қырту­шы ғып балаларды жүгіртіп жібереді. Бұл – бекітілген ереже. Бұл – адамға да, қоғамға да зияны жоқ кәсіп. Құмар ойынын «күліс» демесе көп жұрт түсіне бермейді. Ақша сап ойнаған ойынға адам­ның құмары қанбайды. Алабажақ қартаны жанын шығарып, бірінің үстіне бірін шып-шып ұрғанда айналаны шіңкілдеген бір жіңішке әуен айналып жүреді. Дәл бір корольдің астында қалған дама мен валет: «Құтқарыңдар!» деп кірпияздық танытып жатқандай көрінеді. Еркек қолы қанша қатты ұрғанмен санаға сарабдал жүйрік­тік керек. Король – дама мен валет­тің үстінде тұрса мерейің үстем, бірақ түсі суық патшаны иілдіру үшін де ақыл мен айла керек. Алабажақ қартаның бәрі дұшпан. Ханшайым – дама сәл жымиса, валет – балта шауып түсіруге әзір тұр. Шып-шып еткен жұқа қартаның тағдыры шын­дыққа кеп тіреледі. Ұтқан адам дүниенің ақшасын уыстап алады. Бірде қолың жүрсе, бірде кедір-бұдыр көп болып, көткеншектей бересің. Кейде қызып кетіп, ас­тын­дағы аты мен қатынын да қартаға тігіпті деген сөз сол ессіз құ­мар­лықтан қалған лақап. Құмар ойынға есеп керек, көңілге бап керек. Зиялылар ойнайтын пре­фе­­­рансты ақ қағазға сызып, түрт­пектеп отырса, байыппен ойнаған ойыншының өң-жүзінен ештеңе байқамайсыз, оның тәкап­парлы­ғы ақ қағазда айқыш-ұйқыш тағ­дыр боп сызылып жа­тады. Оның қасында күліс «шыбық тимес шыңқ етпелердің» ойыны, шып ет­кізіп ұрғанда бәрі­нің күлін көкке ұшырады, беті ашылған үш қарта есесін жібермей есептің көкесі боп биіктен қа­рай­ды. Жо­лы болған адамды «Қолы күліс қой» деп атау көз көріп, ішіне қор­ғасын түйіртпектел­гендердің қитұрқы сөзі. Күліс болу үшін де бас керек, есепке жүйрік зерде ке­рек, айнала жау­дың аңдысын аң­дыған байырқау сезім керек. Қа­сындағының теріс қарата ұс­та­ған үш қартасы мен жерде шашыл­ған асты алабажақ, беті күліп тұрған қартаны әп-сәтте салыс­тырып үлгерген түлкі сезім адамды «төрт көзі бар» дейді таңырқап. Мұндайда айналадан қорықпай ойнайтын еркек мінез керек. Үш қарта – ауыл зиялысы­ның қыс пен күзде айналдырар құмары, жан азығы. Оларды еш­кім де жазаға тарта алмайды.
Әлиякбар – ауыл қартапазы. Соғысқа қатысқан, жау оғынан бір аяғын сылти басқан, алпыстың асқарынан асып кеткен, көкіре­гінде сартап сағынышы бар аза­мат. Ешкімге жаманаты жоқ ауыл зиялысы, елдің аузында жүрген қолы шыққыш қартапаз. Ол ұтпай кетпейді, ұтылса – қара тиыны қалғанша ойнайды, барын беріп, тұлабойын тақырлап, өзінің өзегі өртеніп, өзгені риза ғып шығады. Таңды таңға ұрған ойында ол осы қасиетімен ерекше. Насыбайын атып, құрғаған аузын ыстық шәймен шәйіп, өздерімен бірдей жүретін сол үйдің келінінен де шо­тал­ды аямайды, ұтқан ақша­сынан иілген келіннің қолына уыстап ұстатып, ырза ғып жібе­реді. Шұқшиып, қызыққа елтіп отыр­ған барған үйдің тақырбас балаларына әке-шешсі: «Жаман әдет­ке жолама» десе, бұл: «Өмір­дің өзі үш қарта, бірде ұтасың, бірде ұтыласың» дегенді ішіне түйіп, «Отыра беріңдер, бала шіркін қызық қой» деп, есіней бас­тағанда: «Сен енді ұйықта» деп, алақанын толтырып ақша ұста­тады. Баланың айтқан алғысы күлімдеген көзінен көрініп бара жатады. Бұл – балмұздағы жоқ ауылдағы бір күн сорып жүрер бірнеше қораз-кәмпиттің құны. Ал, бір баланың: «Әлиякбар көкем қартаны ұрғанда селк ете қалдым. Қорықпа! – деді көке, – ештеңе­ден қорқушы болма», – деді де, берген шоталына белесебет сатып алдым» деген сөзі ауылға тарап кетті. Сонда басқа балалардың: «Осы біздің әкеміз неге қарта ойнамайды екен?» деген арманы көз шіркіннің тұңғиынан көрініп қалатын.
Мынау аудан орталығы – Шер­ліден келген қартапаздың үш ойында да қолы шықты. Бәрін біліп отырады, «көзінің ішінде көзі бар» сұғанақтың нағыз өзі. «Ме­нен өткен біреу болды ғой, барды бар деу керек» деп мойын­дап отырып, қалтасының тақыр­ла­нып қалғанын сезді. Қызыл та­қиясын шаш өспеген басынан тастамайды, төбесінде тұрған шү­берек серігін жұлып ап, қасында қызыға қарап отырған сол үйдің баласына ұстатады. «Рәйла апаңа барып кел» деген бір-ақ ауыз сөз айтады. Тақия – ерлі-зайып­тылар­д­ың арасындағы жорамалы жоқ белгі. Рәйла бірден түсініп, жомарттық жасайды. Бір тақия кейде екі тақияның құнын алып қайтады. Ал, ауданға барса, қой­ны-қонышын сықай толты­рып барады. Бала жұмсап жіберуге жол қашық, бірақ тақыр басынан тақиясы түспейді.
– Самат, біздің үйді білесің ғой, – деді табиғи қажеттілікті өтеуге тысқа шыққанда жеті-сегіз жасар балаға. – Мына тақияны Рәйла апаңа киіп бар. Сөйт…
Дене бітімі еркектігін енді біл­ді­ріп келе жатқан балаға басынан алып, тақиясын кигізді. Бас бітімі бөлек торсық шеке адам дастархан басында жалаңбас қалды. Шаш шықпаған қауын бастың бітімі қандай бөлек болса, өмірден көр­ген өгейлігі – ат байлары жоқ аза­­мат екендігі ауылдан асып, қыс­таққа аян. Еркек басымен ай­наға бір қарағанда: «Құдай ме­нің басыма бір тал шаш өсірмей қойғанын қарашы» депті күйзеліп. Ол – өмірден перзентсіз өтіп ба­рам деп уһілеуі. Соғыстан кейін Шым­кентте агрономдық тех­ни­кум­да оқып жүріп, Созақтың қы­зы Рәйламен танысып, үйіне келін ғып түсірді. Жаратқан ә де­генде бір ұл берген, ол қызыл­ша­дан шетінеп, онан кейін екеуі есік­тің тұтқасын ұстап тұл қалды. Сонан бері Тәңірден тілеумен ке­леді. Елуден асқасын «Тоқал ал» деп ақыл берушілер болды. «Жоқ, мен Рәйланың көңілін күйзелт­пеймін, менің ұлым да, қызым да сол, Рәйланы Созақтан Шерліге қалай түсірсем, солай ұстаймын» деп, ақылмандардың бетін қайт­­а­рып тастады. Екеуі көрінбеген дәрігер де, бақсы-балгер де қал­мады. Рәйла елуден асқасын: «Болды енді, бақсыға да, балгерге де ырзамын, енді олар екеумізге кеп қаралсын» деп, сырттай сә­лем айтып жіберіпті қалың ернін қымқырып, өмірге деген өкпесін сыз­дықтатып қана сыртқа шыға­рып тұрып.
Бала ұзамай қайтып келді де, толтыра көже құйып, кілт-кілт етіп әрең ұстап тұрған тостағандай тақияны қолына берді. Айнала­сын­­дағы қою шәй мен жүз грам­ның буына бөккендер балаға мойын бұрып қарамады. Әлияк­бар бір тақия ақшадан бес сом­дық­ты түртіп алып, «Мә, шота­лың, енді ұйықта» деп қолына ұс­татты. Бес саусағына бес сом­дық­­ты қыса жөнелген баланың қуа­нышы тайға мінгенмен бірдей еді.
Шәйдан кейін қайта отырды. Жүз грамның әсері қимылды ширатып, сарт-сұрт соғу басталды. Қою шәй да құр қалмай ми та­мыр­ларын жүйткітіп жарысқа қосып, бұрынғыдан да бетер бұлқынта жөнелді. Аудан орталығынан келген қартапаздың: «Колхозник­тердің түгі қалмады ғой» деген сөзі Әлиякбарға шаншудай қадалды. «Қонақ қойдан жуас» деуші еді, «сиыр сыйлағанды, есек сипа­ған­ды білмейтін» шақ туды деп, сарт еткізгенде отырған төртеудің үлесі түгел Әлиякбардың таланына түсті. «Апырмай, көке, төрт көзі­ңіз бар ма?» – деді іні боп жүретін фер­ма меңгерушісі Таңсықбай таң қала сөйлеп. «Жұрттың сегіз көзі сырқырайтын кез келді» дегенде, ауданнан келген азаматтың жүй­кесі сыр беріп қалды. «Оттамай оты­рып ойнайықшы» деді көзі шатынап. Тағы да: «Отан – от ба­сынан басталады, оттау ұтылған­нан басталады», – деп Әлиякбар үш тұзды қатар ұстап, қолмен тоқылған қып-қызыл кілемнің үстіне сарт еткізгенде, анау: «Мені апарып салатын көлік бар ма екен?» деп күмілжіп қалды. «Қо­нақ­ты жаяу кайтармаймыз, қонақ аш келіп, тоқ қайтады» деуші еді, колхозниктерге ол заң жүрмейді, олар деревня ғой», – деп Әлияк­бар кекете бастады. Бір жағынан сауаттылығын байқатты. Соғыс кө­ріп, шаруашылық басқарған адам қашанда ширақ. Қышыған тілді қыршып алатын өткірлігі бар. Қартадан басқа түк көрмеген қалалық ішін беріп қойды, қал­тасы жұқарып қипақтай баста­ғанда Әлиякбар тағы да үш тұзды қосақтап сарт еткізді. «Құдай бір берсе аямай береді екен ғой», – деді қопаңдап. «Құдай атбайлар бермегенмен тұз береді екен ғой», – деп қаладан келген ескі танысы өзінің өмірдегі бұралмай қалған бір тетігін күлішін таппай жанын ауыртып бұрап қалды. Осы бір көңілінің тетігі өмір бойы бұрал­маған болттай олпы-солпы боп тұрады. Осы сәт «Жоғымды бетіме бастың-ау, Құдайдың бәрін беріп, осыған келгенде таршылық жаса­ғаны несі екен?!» деп, өзінен мін іздей бастады. Адамзатқа қиянаты жоқ, ешкімге залалы тимеген, қарыз берсе де күліп беретін, еш­кім­нен сескенбейтін бір пенде мажығып қалды. Соғыста өз қолын өзі атқан өзбекті де зам­полит­тігін арқаланып, мұсыл­ман­ның бір мүсәпірі ғой деп, қыл­мы­сын құмға сіңген судай білдіртпей жіберді. Окоптың түкпірінде: «Шыныңды айт, өзіңді өзің аттың ба?!» деп еді, «Әка, сөйттім, босқа өлгенше бала-шағамды бір көріп өлейін дедім, әка…». Өзбек қалш-қалш етіп ағынан жарылып, көз жасын бұлады. Өйткені, қолында жақын жерден тиген оқ-дәрінің иісі мүңкіп тұр еді. Қылмыстың ізін суытып, аспаздыққа ауысты­рып жіберді. Өзінің дағдылы кәсі­біне топ ете қалған Ергәш соғыс­тан кейін де ағайын боп араласып тұрды…
– Қой, есің барда, елің тап, қайтайын, – деді қалтасын сипап қалған қаладан келген қартапаз. – Көліктерің бар ма?
– Түтін пұлыңды төлейміз, – деп қып-қызыл он сомдық ұстат­ты. Анау балаша лып етіп, төс қалтасына сүңгітіп жіберді. Сонда да тілін тартпады, өліп жатып сөйлеп жататынның нағыз өзі екен.
– Колхоздың адамдары кең ғой, – деді күңгірт жарық астында көзі шүңірейіп.
– Әй, Таңсықбай, мынаны «ДТ-54»-пен жеткізіп сал. Жолда жақсылап сөйлес. Колхоздың адамы да, шынжыр табаны да қандай екенін көрсін, аяғы ауыр­лап қалмасын, – деп еді, анау сес­кеніп қап:
– Жоқ, өзім мәшине ұстап кетемін. Қалтамда ақшам бар, қол көтерсем қаланың адамын түнде де таниды ғой, – деді биіктен қарап.
– Бірақ, біздің ауылдан аяғың ауыр боп аттансаң әлимент төлей ал­маймыз, – деп, Әлиякбар қалш-қалш етіп есікті тарс жап­қанда, көзіне ұйқы тығылып тұр­ған сол үйдің келіні: «Көке, бір шәй ішіп кетпейсіз бе?» – деді ал­дын кесіп өтпей тұрып қап. «Рах­­мет, қалқам, мә, балдарға кәм­пит әпер» деп, қалтасына қол салып, саусағына іліккен бес сом­дықты ұсынды. «Жаңа бердіңіз ғой шоталды», – деп еді, – «Ақша көптік етпейді, қалқам» деп қою түн­ге сүңгіп, кедір-бұдыры көп тас жолға түсті. Сылти басып, ау­лы­ның тап-таза ауасымен кеу­десін кере демалды. Колхоздың өмірі асфальт көрмеген тас жо­лында еңгезердей жоталы адам­ның құрым етігінің тұмсығы қиыр­­шық тастарды арлы-берлі ұшырып, көзінен шыққан ащы жасты кері қайтара алмады. «Біле­тіндер бетіңе баспай тұрмайды. Қартадан ұтылса да, атбайл­а­рыңның жоқтығын алдыңа тар­тады». Еңкілдеп жылап келеді. Ащы жас ытқып шыққан сайын арқасы жеңілдеп қалды. «Мынау екі тақия боп қайтқан ақшаны бұл өмірде қайда жаратам? Кімге киім әперем?» деп өксіп-өксіп алды. «Бұ жалғанда тапқан ақшаны қуық­тай сандыққа салмай, емін-еркін жаратқанға не жетсін, шір­кін! Бала-шағама түрлі-түсті киім әперсем, ұлыма ат әперсем… Рәй­ла да ақшақұмар емес, тапқа­ның­ды әбден көнерген қызыл сандықшаға санамастан тастай салады. Оның да ақша санай­тын­дай көңілі желдей есіп тұр дейсің бе? Сол сандық бір күні ашылмай қалса неғылам… Өмір бойғы сағы­­­нышым өзіммен кетсе, сол көк қағаз кімге керек?.. Таз ба­сым­да тақиям, басым жалғыз. Пұш­пағы бір қанап, күтумен қан құсқан ұрғашым бар қасымда…». Бір жарым шақырым жолда құрым етіктің тұмсығы тиген қиыр­шық тасты арлы-берлі ұшы­рып, үйіне жеткен көңілі жарым адам есіктен кірген бетте аузына қараған қосағына:
– Рәйла, таң атысымен Ақ­ме­шітке пойызға шығамыз, – деді.
– Қайда барамыз? Тыныштық па?
– Детдомға. Бала асырап аламыз…
– Маған не дайындық керек? Мен дайынмын.
– Бір-ақ нәрсе жетпей тұр ғой… ұрғашының алдында жылап көр­меген еркек қырық жыл құ­шақ­таған қосағының иығына ба­сын қойып, еңкілдеп жіберді. Босап кеткен ер көңіліне қабағын түйген қою түн куә.
– Ертең таңғы пойызға шыға­мыз. Жұртқа көзтүрткі болып-ақ өлетін болдым…

***
Вокзалда өзін танитындар көп екен. «Ассалаумағалейкүм!» дейді тұра қап. Өмірі біреудің сәлемін тастап көрген емес. «Уағалейкү­мас­салам!» дейді үлкенге де, кіш­іге де қолын ұзынынан ұсынып. Бәрі басындағы тақиясына қарай­ды, бұл жарым көңіл адамға ба­сын­дағы жарым баққа біреу үңіліп тұрғандай көрінеді. Ақшасы таусылғанда тақиясын баладан беріп жіберетіндігі күллі қауымға аңыз боп тарап кеткен. «Менің қарта ойнауға емес, перзент іздеп бара жатқанымды осылар білсе ғой» деген жарылуға шақ қалған сыздауықтың шаншуы тағы да көкірегін сыздатып өтті. Әйтсе де, жақсылықтың жақын қалға­нына жаны толқып, 1905 жылы соғылған Қазақ темір жолының құртақандай бекетінде арлы-берлі сылти басып жүріп алды. «Қарызға ақша сұрасаң санамай беріп, санамай алатын Әлекең таң атпай қайда асықты екен?» Пойызға мінейін деп тұрған өзін танитын­дардың ішінде осы ой шыр айналды. «Жол болсын!» десе, «Бәрі­міз де жолаушымыз» деп жауап берді.
Жәй жүретін «есек» пойыз да уақытынан кешігіп келді. Жүрдек пойызды күтуге шыдамы жетер емес. Көз жанары жылт-жылт ет­кен жасқаншақ сәби де тас қор­ғанның арғы бетінде өзін көр­генше асығып жүргендей. «Мейлі, жетер жерге жеткізсе болды» деп, жолсеріктің алақанына билет құнын асыра салып, Рәйланы жұрт­пен бірге отырғызып, өзі екі вагон­ның ортасын қосқан кілт-кілт еткен ашық қуыс – тап-тар тамбурға келіп тұрды. Насыбайын атып, жылт-жылт етіп қара жер көрініп қалғанда сығырайған тесіктен уыты кеткен қалдығын тастады. «Осы қара жер ғой бәрі­міз­дің қонақжай пәтеріміз. Соған шын жылап тұрып шығарып салатын біреуің болса… Мына пойыз да титыңдап жүрмей қой­ғанын қарашы». Қазақ темір жолын­дағы жүз жиырма шақы­рым­дық екі аралық пәниде өзі жүрген ең ұзақ жолдай көрінді.
Осыны айтқан Рәйланың өзі еді. «Бір ұл, бір қыз алсақ. Қаны­мыздан жаралмаса да, «еңбек туғандікі емес, баққандікі» дейді ғой үлкендер. Өлгенде жылап, қатарда тұратын біреу керек. Өскесін қалаға көшерміз», – деді өзіне тән биязылығын басынан асырмай. «Пыш-пыштан қашқан түрі ғой». Ешқайда көшпеймін. «Өз үйім – өлең төсегімде» көзім жұмылса, балам жылап тұрып бір уыс қара топырақ салса… Біздің Рәйла ақылды, ақылды болғанда сұрама. Созақтың қызы ғой. Жынына тисең арқасы ұстап, Соз­ақ көтерілісін де бастап жібе­реді» деп, салдыр-гүлдір вагонның ішінде жанын шүберекке түйіп отырған жанжарын алыста жүргендей сағынып, өң-жүзіне шұқшиып бір қарағысы кеп кетті. «Ұлды өзім, қызды Рәйла таң­дайды, – деді де, жауырын тұсы шым ете қалды. – Жоқ, біз адам таңдамаймыз. Бірінші көргеніміз­ді аламыз. Жетімді жебейміз…». Діні қатты адам сарт-сұрт соққан темір жолдың жылт-жылт етіп қара жер көрінген түкпірінде тұ­рып, еркек басымен еңкілдеп екін­ші рет жылады. «Көрмесін. Еш­кім көрмесін. Рәйла да көр­мей-ақ қойсын. Оның да шыбын жаны шырқырап отырған шығар».
«Есек» пойыз митыңдап жүріп алғанын қарашы.
Тақиясын түзеп қойды.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.