Эддимен ДИДАРЛАС
23.10.2018
1029
0

«Жас тұлпардың» бұл бөлімі жас әдебиетшілерден құралған «Солақайлар» әдеби клубына арналады. Әлем әдебиетінде «Көл мектебі», «Имажинистер», «Футуристер» секілді әдеби үрдістер қалыптастырған іргелі топтар болған. Жас ақын-жазушылардан құралған «Солақайлар» әдеби клубы ұлт әдебиетінің әлем көкжиегіне қанат сермеп, ғаламдық ойлау жүйесіне қосылуда көп еңбек сіңіреріне сеніміміз мол.


Джером Дэвид СЭЛИНДЖЕР

(Әңгіме)

Элленнің ванна қабылдап шық­­қаны сол еді, оның жатын бөл­ме­сін тап-тұйнақтай етіп жинас­ты­рып үлгеріпті. Тіпті бей­бере­кет­ әжетхана үстелінде тұратын түнде жағатын кремі мен қағаз саль­фет­калардың қиындысы да орнын босатқан. Айнадан бе­зеусіз бей­неленген диван мен түр­лі-түсті жастықтардың бедері ша­ғылы­сады. Егер күн ашық болғанда қабырға қаптамасы да шұғылаға шағы­лысып, әсем көрінер ме еді…
Есіктен ебедейсіз Элси қыз­метші кіріп келе жатқанда ол шашын тарап тұрған болатын.
– Бобби мырза келді, ханым, – деді Элси.
– Бобби?! – деп қайталай сұрады ол. – Мен оны Чикагода деп ойласам. Халатымды әперіп жіберші, Элси. Және мырзаңды шақыра сал.
Жа­лаң­аш­танған ұзын сирақ­та­рын ақшыл-көк халатпен жаба са­лып, Элен тағы да шашымен айналысып кетті.
Есіктен еңгезердей, ақшыл-сары түсті шашты бір еркек ене бер­ді. Кіре салысымен қарсы бет­тегі киім ілгішті құлатып ала жаз­дап, сұқ саусағымен әрең іліп қал­ды. Оның абайсыз қылықтарын айнадан бақылап отырған Элен:
– Сәлем – деді, – оны жаңа ғана тазартқан. Мен сені Чикагода екен десем
– Кеше кешкісін ғана келдім, – деп жауап қайырды Бобби. –Құ­дайым-ау, қалай шаршағаным­ды білсең ғой
– Қалай жеттің? – деп сұрады Элен. – анда бір қыз ән салып жатқан сыңайлы ма қалай?
– Солай шы­ғар… – деп рас­тап қойды Бобби.
– Сонымен, қалай болды?
– Тарыққан. Дауыс жоқ.
Элен тарағын қойды да, ақырын тұрып барып Боббидың аяқ тұсында жатқан өрік түстес диванға сылқ етіп отыра кетті. Сосын халаты­ның қалтасынан тырнақ алғышын шығарып, ала бастады.
– Тағы не жаңалық? – деп жалғады сөзін.
– Сол…баяғы. Ештеңе… – деп кібіртіктеп қалды Бобби.
Бобби қатпар пальтосының қалтасынан шылым шығара беріп, әлдене есіне түскендей қайта салып қойды. Сосын бөлмеге енді ғана түскен шуақты көлеңкеле­гендей, пальтосын диван үстіне лақтыра салды. Элен аяғынан көз алар емес. Бобби кіреберістегі орындықшаға отырып, асықпай шы­лым шегіп алды да, қайта атып тұр­ды. Бөлмеге самарқау түскен күн сәулесі екеуін де аймалаған бо­лады: Күн сәулесі Эленнің бал­ғын терісіне шағылысса, жігіттің шашындағы қайызғағына түседі.
– Жұмыс істеуге қалай қарай­сың? – деп үнсіздікті бұзды Боб­би.
– Жұмыс? – Ол басын елеусіз көтерді,– Қайда сонда?
– Эдди Джексон жаңа шоуына дайындықты бастап жатыр екен. Мен оны кеше кездестіріп қалғам. Оның қалай азып кеткенін көрсең ғой. Менің қарындасыма жұмыс табыла ма деп едім, табылып қалар деді. Онда мен де сені іздеп қалар­мын дедім.
– Жақсы, бірақ «іздеп қалар­мын» деп нені меңзедің? – деді Элен сұраулы жүзбен, – ол қандай жер? Бәлкім сол жақтан үшінші, бәл­кім одан да нашар шығар, қай­дан білесің?
– Ештеңе білмеймін, бірақ, бұл әйтеуір еш­теңе істемегеннен жақсы емес пе?
Элен жауап қатпастан аяғымен әуіре бола берді.
– Неге қаламайсың?
– Мен қаламаймын деген жоқпын.
– Ендеше неге Джексонмен жолықпасқа?
– Бұдан былай кордабалетке қатысқым келмейді. Оның үстіне Эдди Джексонды суқаным сүй­мейді.
– А-а-а, – дей салды Бобби тү­сіністік танытқандай. Іле-шала есікті құлаштап ашып, Элсиді шақырды;
– Маған кофе әкелсеңіз!
– Мен сенің онымен кездес­ке­ніңді қалаймын… аяғыңды бір минутқа болсын жайына қалдыр­шы, сайтан алғыр!
Элен бәрібір тырнақ алғышын тастамады.
– Мен сенің онымен бүгін кез­дес­кеніңді қалаймын, естіп тұрсың ба?
– Мен онымен бүгін де, ертең де, тіпті бүрсігүні де кездесуге құ­мартып тұрғаным шамалы – деді Элен аяғынан көз алмастан, – бұйырайын дегенсің бе?
Бобби шала жұмылған жұ­дыры­ғымен тырнақ алғышты қағып кеп жіберді. Элен кілемде жатқан тырнақ алғышты көтер­меді, назар да салмады. Жай ғана әжетхана үстеліне қайта отырып алып, шашын тарауға көшті. Қы­зарақтап қалған Бобби ашулы жанарымен түйіліп айнадағы Эленнің көзіне қарады.
– М-е-н саған Эддимен бүгін кез-де-се-сің деп тұрмын, естіп тұр­сың ба, Элен?
Элен шашын тарай берді.
– Кездеспесем не істейсің?
Жігіт дәл осы сұрақты күтіп тұрғандай еді.
– Сен шынымен соны айтқа­ным­ды қалайсың ба? Сен шыны­мен менің не істейтінімді білгің келе ме?
– Иә, мен шынымен сенің маған не істейтініңді білгім келеді, – деп қайталады Элен.
– Кекеме мені, әйтпесе әдемі маңдайыңа обал болады. Одан да көмектеспейсің бе? – деп қойды Бобби мүсәпір түрге көшіп.
Артынан қайта қызынып:
– Мен сенің онымен бүгін кез­дес­кеніңді қалаймын, кездесіп, ан­ау қарғыс атқыр жұмысына келі­­сім бергеніңді қалаймын.
– Ал, кездеспесем ше? – Элен баяу қайталады. Осылай жауаптасу екеуіне де ұнап отыр­ғандай.
– Кездеспесең, кездеспейтін болсаң… – Бобби дегбірсізденген кейіпте Эленнің айнадағы жүзіне назар салды. – Кездеспейтін бол­саң, мен сенің анау боқмұ­ры­ның­ның әйеліне бәрін айтып беретін боламын…
Эленнің күлкісі келді.
– Мархаббат! – деді тағы кеке­сін­мен. – дәл қазір-ақ айт. Ол сенсіз де біледі оны, ақымақ!
– Біледі дейсің бе?
– Білгенде қандай, сосын Фил­ді боқмұрын деп атаушы бол­ма, сен оны көре алмайсың
– Боқмұрын, айлакер, шөп­жел­ке. Міне, сенің «доссымағың».
– Айта бер, сенің бұндай сөзіңді есту де бір ға­ни­бет.
– Сен бір рет те болсын оның әйелін көріп пе ең?
– Көрсем не бопты?
– Сен оның түрін көрдің бе?
– Оның түріне не бопты?
– Ештеңе. Жай оның бетінде сенікіндей келісті оймағы болмаса да сүйкімді дейін дегем… Неге саған оның шөпжелкесін жайына қалдырмасқа?
– Шаруаң болмасын!
Осы сәтте ашуға булыққан қарулы жігіт оң қолымен қыз­дың жауырын тұсынан шап бер­гені сол еді, қыз да қалыспай әлсіз болса да тарақпен қолынан ұрып үлгерді. Жігіттің тынысы тарылып, басқа айлаға көше беріп еді, арт жағынан өзіне кофе әкеле жатқан Элсиге назары түсіп кетіп ол ойын тоқ­та­тып тастады. Элси жайпақ тақтай­дағы ыстық кофені Элен тырнағын алған креслоның жа­ны­на әкеліп қойды да, келген ізімен қайта шы­ғып кетті. Сабырға кел­ген Бобби кесені сол қолымен ұстап отырып, ыстық қою кофені ұрттап алды. Элен ештеңе бол­ма­ғандай тағы әжет­хана үстеліне жайғасып алып, шашын әрі қарай тарауға көшті. Әдетте ол сәннен қалып кеткен кепештерді кигенді ұнататын.
Элен соңғы шаш қыстырғы­шын қысқанша жігіт те кофесін тауысып болды. Кеудесінен жар­ты­лай ашылып қалған халатын қай­та иығына іле, қыз нәзік басып Боббидың жанына отырғысы кел­ді. Бірақ шатқаяқтап барып, жігіт­тің мойнына қолын қойып, едәуір байсалды түр танытып сұрады:
– Жаңағым үшін кешір мені Боб­би, өзімді ұстай алмай қалдым. Қолың ауырып тұр ма?
– Қолыма түкіргенім бар, – деді жігіт қалтасынан қолын шы­ғар­май.
– Бобби, мен Филды шынымен де жақсы көремін. Сенің жай әуейі болып жүр деп ойлағаныңды қала­май­мын. Бізде шынайы қарым-қа­тынас. Олай ойламашы, өті­нем..!
Бобби үнсіз.
– Бобби,сен Филдың қандай жақсы адам екенін білесің ғой…
Бобби қызға бұрылды.
– Сенде бәрі керемет ғой. Сен­де басқа да керемет жігіттер бар емес пе? Мысалы анау Клив­­-
лен­д­тағы жігітті алайық. Аты қалай еді? Ааа, Ботвелл…! Гарри Ботвелл. Ал, анау әнші Билл Ка­сиди туралы неге сөз қозғамай­мыз? Міне, көр­дің бе, қазірдің өзінде сенің көңі­лің­нен шығатын екі жігітті тауып қойдық… – Боб, сәл бәсеңсіп қал­ды. – Элен, Құдай үшін….
– Боб, – деп тыйып тастады Элен. – Ол кездегі жастық қателі­гімді бетіме баса берудің қажеті жоқ. Мен ол кезде албырт едім… ал бұл жолғысы шынайы, адал, ақыл тоқтатқан адамдардың ара-қатынасы. Оған мен сенімдімін. Боб, сен өзің де менің онымен ақ­ша үшін жүргеніме сенбейсің ғой, солай емес пе?
Боб маңдай терін сүртіп тас­тап, еріндерін қайта сөйлеуге дайын­дады.
– Чикагода не естігенімді біле­сің бе? – деп сұрады ол.
– Не, Боб?
– Мен сен туралы екі жігіттің әңгімесін естіп қалғаным бар еді. Сен оларды танымайсың. Олар сен жайлы және сенің анау жыл­қыға ұқсайтын Хэнсон Карпентер дей­тін көңілдесің жайлы өсек со­ғып тұрған болатын! – Ол тілін тіс­теп қалды. Артынан: – онымен де әуей болдың ба? – деді төте­сін­ен.
– Боб, бұл барып тұрған жал­ған, өтірік – деп ақталуға көшті Элен, – Боб, мен анау Хэнсон Кар­­пентерді білмек түгілі, онымен аман­даспаған да шығармын.
– Мүмкін. Дей тұрғанмен осын­дай қауесетті есту ағаңа оңай деп пе едің. Бәріне күлкі болғаным соншалық, кіруге тесік таппай кетем…
– Бобби, бұл өсекке сенбе. Тіп­ті соған назар аударып нең бар? Ондай ойдан шыққан өсекке құлақ түрудің де қажеті жоқ.
– Мен сенемін деген жоқпын, мен олардың осы өсекті айтып жатқанын естідім. Сондай жиір­ке­нішті емес пе?
– Енді, барлығы ондай емес, – деп қарсыласты Элен – маған шылым әперіп жіберші, а?
Ағасы оған бір қорап шылым­ды лақтыра салды. Ол түті­нін бұр­қырата шегіп алып өлеу­сіреген шоғын сілекей дымда­ған саусақ­тарымен пыссс еткізді.
– Сен сондай үлгілі қыз болған едің, – деп көңіл білдіргендей үн қатты Бобби.
– Солай де…қазір ондай емес­пін бе сонда? – деп күлкіге айнал­дырғысы келді Элен.
Боб­би үнсіз қалды.
– Элен, күнім, тыңдашы мені. Мен мұнда Чикогоға Филдің әйелін кешкі асқа шақырған едім.
– Солай ма?
– Ол сондай ақжарқын жан. Білсең ғой.
– Ақжарқын дейсің бе? – деп тағы өз қайталауына басты Элен.
– Иә, енді мені тыңдашы. Эд­димен кездесші өтінем! Бұдан ешкімге зиян келмейді. Жай кездессең болды, сол ғана…
Элен тағы да темекі шекті.
– Мен Эдди Джексонды жек көремін. Ол үнемі сипалағанды жақсы көреді.
– Тыңдашы мені, – деді Бобби отырған жерінен тұрмай, – егер саған керек болған жағдайда сен өзіңе керекті қабылдай­сың. Ол қарындасының алдана тізерледі, – маған кету керек, мен әлі кеңсеге барған жоқпын…
Элен де диваннан тұрып, ағасы пальтосын кигенше, қимылынан көз алмады.
– Эддимен кездес! – деп қайта есіне салып қойды Бобби. – сен мені естіп тұрсың ба? – ол пальто­сының түймесін кіргізді. – мен саған хабарласамын…
– Ол маған өзі хабарласа ма? – деп кейіді Элен. – Қашан хабар­ласады? Төртінші шілдеде* ме?
– Жоқ, одан бұрын. Менің жұмысым сондай көп. Айтпақшы, менің бас киімім қайда? Аһ, иә, мен бас киімсіз келген екенмін ғой.
Элен оны есік алдына дейін шығарып салып, лифтіге отырған­ға дейін қарап тұрды. Сосын есікті мықтап жауып, асығыс жатын бөлмедегі телефонға қол созды. Асықпай әлдебір нөмірлерді теріп;
– Қайырлы күн! – деді. – мистер Стоунды бола ма? Мисс Мейсон хабарласып тұр деңіз. Сәлден кейін ол ер адамның да­уысын естіді. – Фил? Тыңдашы, Фил! Маған жаңа ғана ағам Бобби келіп кетті. Оның не үшін келгенін білесің бе? Сенің сүйікті әйелің оған сен екеуміз жайлы айтып беріпті. Иә, тыңдашы мені, Фил! Маған бұл ұнамайды. Бұған сенің қатысың бар ма, жоқ па, ол мені қызықтырмайды. Маған бұл тек ұнамайды. Жоқ, олай істей алмай­мын. Мен келісіп қойдым, кешке онда бола алмаймын. Ертең хабарласшы, өтінем. Маған да ыңғай­сыз, әрине. Ертең хабарлас­шы дедім ғой, Фил. Жоқ…жоқ дедім ғой, жоқ. Сау бол, Фил!
Ол трубканы орнына қойды. Аяғын айқастырып, сәл ойланып отырып сұқ саусағын тістеп алды. Сосын есік жаққа айқайлады;
– Элси!
Элси тарпылдатып бөлмеге жылдам жетті.
– Бобби мырзаның кесесін құртшы!
Элси шыға салысымен ол тағы бір нөмірлерді терді.
– Хэнсон? – деді сұраулы жүз­бен.- Бұл мен ғой… Біз… Бізді… Сен сұмырайсың!..

Ескерту: *Төртінші шілде – АҚШ-тың тәуелсіздік күні.

Орыс тілінен аударған:
Еркін Жантас,
«Солақайлар» әдеби клубы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір