МОЦАРТТЫҢ «РЕКВИЕМІ»

0
116 қаралды

…Бірде кешқұрым Моцарттың үйіне басынан аяғына дейін қара киінген белгісіз бір адам келеді. Аты-жөнін айтпастан, келген бойда ұлы композиторға азалы музыка жазуға тапсырыс береді. Сөйтеді де, үстел үстіне алтын ақшаларды (50 не 100 дукат) үйіп тастай салады. Реквием дайын болғанда тағы осынша беретінін айтып, үйден шығып кетеді. Кетер алдында, жоқшылықтан қиналып жүрген шағында бейнебір тағдырдың тосын сыйына тап болғандай мелшиіп отырып қалған Моцартқа өзінің бұл келісін құпия ұстауды ескертеді. «Музыка құдайы» көп ұзамай жаңа шығармасын жазуға кіріседі. Әрбір нота жазылған сайын осыдан аз уақыт бұрын тұла бойын құрсап алған белгісіз дерт меңдей түседі. Ал жұрт арасында «Моцартқа өлім періштесі келіп кетіпті» деген үрейлі әңгіме тарап кетеді…

«ӘЛДИЛЕ, ӨЛІМ, ӘЛДИЛЕ…»

Мен осы жолдарды өлім дейтін мәң­гілік ақиқаттың құдіреттілігін бар мән-маңызымен асқақтата «жыр­лайтын» ғаламат музыканы тың­дап жазып отырмын. Мо­царт­тың музыкасын. Моцарттың «Ре­к­вие­мін». Композитордың «аққу әнін­дей» болған соңғы, аяқталмай қал­ған шығармасын. Өлім әуенін һәм «жаназа күйін»…
«Реквием» – австриялық әйгілі ком­позитор Моцарттың он екі бө­лім­нен тұратын, латындық канон­дық мәтінге арнап жазылған, шір­кеу музыкасынан концерттік дең­гейге жеткен теңдессіз туын­ды­сы. Тыңдап отырып мұңаю, қай­ғы­ру, тебірену, елжіреу, үрейлену, қи­мас­тық, үміттену секілді түрлі се­зім­дерге бой алдырасың. Оркестр құ­рамындағы бассетгорн, тромбон, тру­ба, литавра аспаптарының баяу да мұңлы, күңгірт те күшті ды­быс­та­ры ә дегеннен сілтідей тын­ды­ра­тын шығарма бірте-бірте бойыңа үрей ұялатуға көшеді. Әсіресе бар­ған сайын екпін алып тасқындай жө­нелетін қуатты хор әні ешқашан шы­ға алмас қараңғы, суық, тар қа­пасқа тап болғандай діріл қақ­ты­рады. Сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе құйқаңды шымырлатады. Осы­нау аянышты да бейшара халің­ді қапалы үнді ер дауыстардың ара­сынан естіліп қалатын «Олардың ал­дынан мәңгілік сәуле жарқырата гөр!» деп шырыл қағатын жіңішке әйел дауыстары күшейте түседі. Тек ара-тұра бірнеше рет қайталанып айтылатын «Мені Өзіңе шақыр!» деген бір ауыз жалынышты сөз ғана ша­расыздық пердесін түріп, Жа­ратушыңның рақымына деген се­німіңді күшейтеді, тәубеңе келтіре оты­рып көзіңе жас алдыртады. Мағ­жан ақын «Сұм өмір абақты ғой са­налыға» дегендей, мәңгілік ме­кен­де мына өмірдің бар бейнеті ұмыт боп, мәңгілік тыныштыққа бө­ленетініңді ойлап, беймәлім бір ра­қатқа батасың…


СІЗ КІМСІЗ, ҚАРА КИІМДІ МЫРЗА?

Моцарттың өмірбаянына үңіл­сек, ол реквиемді жазу кезінде бей­не­бір өзіне арнап жазып жатқандай әсер­де болыпты. Оның сол кездегі іш­кі күйінен хабар беретін, Лоренцо де Понте атты досына жазған мына ха­тын оқып көріңізші:
«Менің миымда хаос орнады. Ой­ларымды жинақтау қиынға со­ғып жүр. Бейтаныстың бейнесі көз ал­дымнан кетер емес. Ол өтініш ай­тады, талап етеді, табандап тұрып ала­ды. …Мен соңғы сағатымның жа­қын қалғанын сеземін. Мен өлуім керек. Менің бұған сенім­ді­лігім сонша – бұған тіпті ешқандай дә­лел де керек емес. Мен өзімнің та­лантыма қуануды қойдым. Ал өмір қандай тамаша еді, иә?! Оның басы сондай жарқын болашақтан үміттен­діретін. Алайда ешкім де өзі­не тиесілі тағдырын өзгерте ал­майды. Үнсіз бойсұну керек. Со­нымен мен өзіме арналған жаназа әнін аяқтаймын. Оны аяқсыз қал­дыруға құқым да жоқ.

Вена, 7 қыркүйек, 1791 жыл».

Кейін, реквиемді ешқандай елес те, өлім періштесі де, зұлым күш иесі де емес, кәдімгі тірі пенде – Франц фон Вальзегг атты ақсүйек жұ­байы, марқұм Анна фон Флам­берг­ті (1791 жылы ақпан айында дү­ниеден өткен) еске алу құрметіне ар­найы жаздырғаны белгілі болады. Ал небір мифтің тууына себеп бол­ған 1791 жылғы шілде айының бір кү­нінде тапсырысты жеткізген қара киімді адам – графтың Лойтгеб дейтін қызметшісі екен. Вальзеггтің өзі де музыкадан алыс болмаған. Флейта мен виоленчельде ойнаған. Тіпті жұрттың өзін композитор са­нағанын қалап, композиторларға тап­сырыс бойынша өз атынан шы­ғармалар жаздыртқан.
«Реквием» халық алдында ал­ғаш 1793 жылы 14 желтоқсанда ой­­налады. Бір деректерде сол кезде партитурада «граф фон Вальзеггтің реквиемі» деп көрсетілген делінсе, енді бірінде афишада Моцарттың есімі тұрғаны айтылыпты.
Айта кететін жайт – Вальзегг Штуп­пахтың «қара киімді» елші-қыз­метшісі Антон Лойтгеб кейін құ­пия жағдайда көз жұмған.


«ЖАНАЗА КҮЙІ»

Моцарт өз «Реквиемінің» тоғыз бөлімін ғана жазып үлгерген. Қал­ған үш бөлімін Йозеф Эйблер мен Франц Ксавер Зюсмайер аяқтаған. Виртуоз музыкант өлер алдында шә­кірті Зюсмайерге «Реквиемді» қа­лай аяқтау жөнінде нұсқаулар бер­ген дейтін пікірлер де бар.
Әйелі Констанцаның айтуын­ша, «Реквиемді» жазу кезінде Мо­царттың жағдайы күрт нашарлай бас­таған. Ол тіпті кей кездері жа­ры­ның қолынан партитураны жұлып алу­ға мәжбүр болған. Компози­тор­дың өзі де ара-тұра «Реквиемді» тоқ­татып қойып, өзге шығар­ма­ла­рына көңіл бөлген. Констанцаның тағы мынадай естелігі жазып алы­ныпты: «Пратерде серуендеп жүр­генімізде Моцарт көзіне жас алып, «Реквиемді» өзіне арнап жазып жат­қанын айтты. Сосын «Мен өзім­нің ұзаққа бармайтынымды сезіп жүрмін. Өйткені маған у берді. Осы ойдан арыла алар емеспін», – де­ді».
1791 жылы 20 қарашада Моцарт төсек тартып жатып қалады. Дерек­тер­ге сүйенсек, ол 5 желтоқсанға дейін – көз жұмғанынша төсегінде жа­тып реквиемді жазуды жал­ғас­тыра берген. 4 желтоқсан күні Мо­царттың үйіне Шак, Хофер, Герль ат­ты достары келеді. Олар ком­по­зи­тордың төсегінің жанына жи­на­лып, «Реквиемді» әндетіп айта бас­тайды. Басында қосыла шыр­қа­ған Моцарт соңғы 9-ыншы бөлі­мге келгенде көңілі босап, шығармасын аяқтай алмай кететініне налыпты. Алай­да көптеген музыкатанушылар да­рабоз музыканттың өмірбая­нын­дағы «Шактың хабары» де­лінетін бұл мәліметке сенбес­тік­пен қа­райды. Өйткені сол кездері ком­позитордың жанында болған бал­дызы Софи Вебердің (Хайбль) ай­туынша, ол 4 желтоқсан күні өлім аузында жатқан. Әйтсе де, осы сю­жет суретшілер арасында кең тарап ке­теді. Моцарттың өмірінің соңғы сәт­теріне арналған картиналардың бар­лығында дерлік «Реквиемнің» орын­далып жатқаны бейнеленеді.


МОЦАРТТЫҢ ӨЛІМІ

Антонио Сальери

Моцарттың өліміне қатысты сан жұмбақтың бірі – оның қара­пайым болса да жеке зиратқа емес, он­даған қаңғыбас, қайыршылармен бір­ге орға көміле салуы. Соншалық тез, асығыс. Оған тым құрығанда киелі Стефан соборы капель­мейс­те­рінің көмекшісі, сарай капель­мейст­рі ретінде еш құрмет көр­се­тілмеген. Тіпті денесі собор ішіне кір­гізілмеген. Қоштасу рәсімі ғи­ба­датхананың алдыңғы бөлігіндегі Айқыш капелласында өткен. Ком­по­зитордың денесі қаралы әуен қыс­қа қайырылғаннан кейін киелі Ма­рк қорымына апарып қойылады. Капеллада және қорым басында азғана адам – барон Свитен, ком­по­зиторлар Сальери, Албрехтс­бер­гер (кейін Моцарттың орнына кие­лі Стефан соборы капель­мейс­те­рінің көмекшісі болған), Зюс­майер және т.б. болған. Алайда олар­дың ешқайсысы қорымға дейін бар­маған. Деректерде бұған арты қар­ға ұласқан күшті жаңбыр кедергі бол­ғаны айтылыпты. Жерлеуге «қай­ғыдан есеңгіреп қалғанын» не­гіз етіп, әйелі Констанцаны қа­тыс­тырт­паған. Бірнеше күнге таныс­та­рының үйіне жіберілген. Артынша оған жерленген жерге айқыш қойыл­ғанын айтыпты. Егер шы­ны­мен солай болса, онда неге жесір әйел марқұм күйеуі жатқан зират ба­сына тек бірнеше жылдан кейін (1808 жылы) ғана барған? Бұған дейін ол жерді қалың шөп басып, еш белгі қалмағаны айтпаса да түсі­нік­ті. Оның үстіне, Моцартты жер­ле­ген қабір қазушы да әлдеқашан қай­тыс болып кеткен еді.
Деректерге сүйенсек, Моцарт­тың жатқан жеріне досы Иоганн Георг Альбрехтсбергердің жұбайы бір­неше жыл қатарынан ұлымен бір­ге барып тұрыпты. Сол кіш­кен­тай бала өскен соң, композитордың ту­ғанына 50 жыл толғанда із­деу­ші­лер­ге жерленген жерді көрсетіпті. 1859 жылы ол араға фон Гассердің жо­басымен әйгілі «Жылап тұрған пе­ріште» ескерткіші орнатылады. Ком­позитордың жүз жылдығында оны Венадағы Орталық қорымның «музыкалық бұрышына» апарып қоя­ды. Бұрынғы орында біраз уа­қыт Киелі Марк қорымының қарау­шы­сы Александр Кругер жасатқан ша­ғын ескерткіш тұрғанымен, кейін «Жылап тұрған періште» қай­та әкелінген.


МОЦАРТҚА У БЕРІЛГЕН БЕ?

Моцарт өлген соң сол уақыттағы «Бер­лин музыкалық апталығында» мы­надай ақпарат басылады: «Мо­царт өлді. Ол Прагадан дімкәс боп орал­ған еді. Содан бастап әлсірей бер­ді. Өлгеннен кейін денесінің ісі­ніп кеткені соншалық – оған у бе­ріп өлтірген деген болжам бар…».

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың Алматыдағы ескерткіші. Мүсінші – Н.Далбаев

Иә, Моцарт көз жұмғалы бері «оған баяу әсер ететін у берілген» де­ген әңгіме айтылып келеді. Ол ал­ғаш 1791 жылдың маусым айы­ның аяғында әйеліне өзін нашар се­зініп тұрғанын, әлдекім өзіне у бер­гендей сезімде екенін айтқан. Сол жылы қыркүйекте бірте-бірте қол-аяғы, сосын бүкіл денесі ісіне бас­таған. Яғни өлім халіне жет­кі­зе­тін көп мөлшердегі у сол қыр­күйек айында Прагада сапарлап жүрген кезінде берілген сыңайлы. Зерт­теу­шілер оған сынап берілген деген пі­кірде. Композитордың ауруына қа­тысты жазбалардағы бас ауруы, бас айналу, есінен тану, құсу, жүрек айну, салмақтың азаюы, ашу­шаң­дық, мазасыздық секілді белгілердің бәрі – осындай ойға әкеледі. Ауы­рып жатқан кезінде тұла бойы қал­шылдап, дірілдеп тоңуы да басты дә­лел бола алады-мыс. Сондай-ақ не­ден өлгенін анықтау үшін денесін сойып көруге сасық иіс мүмкіндік бер­меген дейді. Себебі у бар ағза­ның мүшелері іштей шіри бастайды. Ал өлім сағаты келгенде иіс тіптен күшейеді.
Зерттеушілер қоштасу рәсімі­нен кейін жиналғандардың қорым басына баруына қолайсыз табиғат құ­былысы кедергі келтіргені жайлы әңгіме мына себептерге байланысты же­леу етілген дейді: композитордың жер­ленген жерін ешкім таппауы үшін және оған у берілген деген қауе­сеттің рас-өтірігін тексеру мақ­сатында эксгумацияны болдырмау үшін.
Моцартты қаңғыбас, қайыр­шы­лармен бірге жерлеу барон Сви­тен­нің шешімі болыпты. Дәулетті ақ­сүйектің сол уақыттағы сарайдағы жағ­дайы мәз емес-тін. Ол компо­зи­тордың өліміне қатысты өзіне және ай­наласындағы біреуге күдік кө­леңкесі түскенде императордың қаһа­рына ұшырайтынын білді. Сол се­бепті Моцартты қалай болса со­лай асығыс жерлей салған. Бір кем дүние…


МОЦАРТТЫ КІМ ӨЛТІРДІ?

Моцарт төсек тартып жатқан ке­зінде емдеушісі болған Клоссе жә­не Саллаба дейтін дәрігерлер оның ауруын «асқынған безгек» деп тауып­ты. Кейін көп зерттеушілер «жо­ғарғы тыныс алу жолдарының ин­фекциясы асқындырған буын рев­матизмі, бүйрек ауруы» деген тұ­­жырым жасайды. Алайда за­ма­науи өнертанушылар: «Моц­арт­тың неден өлгенін нақты анықтау енді мүм­кін емес», – дейді. Тек болжам­дар ғана. Осы орайда мистиктер мы­­­надай қызықты пікір айтады: «Моцарттың өмірі о бастан бағ­дар­ламаланып қойылғанына және қа­терлі санның ықпалында болғанына сенімдіміз. Ол кешкі сағат 8-де ту­ған. Сол кезде Күннің аспандағы биік­тігі Суқұйғыш шоқжұлдызы бойынша 8 градусты құраған (аст­рологтар Суқұйғыш жұлдыздық белгісінің 8 ақпанда пайда болға­нын айтады). Ол 35 жыл өмір сүрді. Ал 3 және 5 сандарының қосындысы 8-ге тең. Осының бәрі жай ғана кез­дейсоқтық дей алмаймыз».
Мистиктерді былай қойып, енді зерт­теушілер Моцарттың өліміне қа­тысы болуы мүмкін деп кімдерді атай­тынын білелік.
Антонио Сальери. Моцартқа у берілген деген әңгіме атақты ком­по­зитор Сальеридің 1823 жылы шір­кеу қызметшісіне өзінің Мо­царт­қа у бергенін айтып ақтарылып, ар­тынша өз тамағын өзі орып жіберіп өлмек болған әрекетінен кейін тіптен күшейе түседі. Бұған қоса, тағы бір әйгілі композитор Бетховеннің күнделігінде ұстазы Сальеридің өзін Моцарттың өлі­міне себепші болғаны туралы айт­қан сөзі бар. 1791 жылы күзде Мо­царт төсек тартып жатып қалған кез­дің өзінде Сальериге «сен у бер­дің» деген айып ашықтан-ашық та­ғылған. Себебі ол қашанда әріп­тесінің жолына кесе-көлденең тұру­ға тырысқан. Моцарттың әкесі Лео­польд 1786 жылы 18 наурызда қы­зына жазған хатында «Сальери жан­дайшаптарымен бірге қойы­лымды (Моцарттың «Дон Жуанын») болдырмас үшін тағы да тозақ ор­натуға дайын» деп мұң шағыпты. Осы тектес жайттарды кейін бір­не­ше зерттеуші де жазған. Мәселен, австриялық композитор, музы­ка­танушы Бернхард Паумгартнер былай дейді: «Антонио Сальеридің есімі музыка тарихында Вольфганг Амадей Моцарттың есімімен тығыз байланысты. Моцарттың қаржы­лық қиындықтарға тап болуына оның тікелей қатысы бар делінеді. Ол өз бақталасынан қорқып, түрлі қи­тұрқы істерге барған деп толық­тай айта аламыз». Алайда мұнымен келіспеушілер де жоқ емес. Өйткені Сальери сол кездің өзінде бірінші композитор саналған. Ол импе­рия­ның бірінші капельмейстері болған. Оны қарапайым халық та, им­пера­тор сарайындағылар да, жалпы, бү­кіл Еуропа құрмет тұтатын. Со­сын сол уақыттағы веналық газет бы­лай деп жазыпты: «Біздің Салье­ри есінен ауысты. Ол тіпті сан­ды­рақтаған кезінде Моцарттың өлі­міне өзін кінәлайтын болыпты. Бұ­ған ауру шалдың өзінен басқа бас­қа ешкім де сенбейді».
Жалпы, көп зерттеушілер Мо­царт­тың өлімін басқа адамдар ас­тыр­тын ұйымдастырғанын, оған Сальеридің тек қатысы ғана бол­ғанын айтады.
Кейін композиторды ар-ұяты ма­залай бастағанда «олар» оны «есі­нен ауысты» қылып, күшпен қайы­рым­дылық үйіне (бір деректе жын­дыхана) жіберулері мүмкін.
Сондай-ақ, Сальериді ақтау­шы­лар және даттаушылар дейтін екі топтың барын ескеруіміз қажет. Кейінгі топ Сальериді жындыханаға және әлгіндей ақтарылуларға дейін қыр соңынан қалмаған, әбден жүй­кесіне тиген «қанішер» дейтін жал­ған айыптаулар жеткізгенін айтады. Кім білсін… Әйтеуір, өз кумирле­рі­нің атын ақтап алуға барынша ты­ры­сып, өз дәлелдерін алға тартуда. Талпыныстары нәтижесіз де емес. 1997 жылы Италия сахнасында ағыл­шын драматургы Питер Шеф­фер­дің Сальериді жауыз ретінде көр­сететін «Амадей» пьесасы қойыл­ғанда композитордың отан­да­стары бұған қатты наразылық біл­діреді. Нәтижесінде сол жылдың мамырында Милан консер­ва­то­рия­сының бастамасымен миландық Әділет сарайының бас залында сот процесі өтеді. Сөйтіп, Антонио Са­лье­ри Моцарттың өліміне қатысты «кінәсіз» деп танылады. Әйтсе де, медицинада адамның басқа біреудің жетістігін қызғанудан туатын пато­логиялық агрессиясымен сипат­та­ла­тын «Сальери синдромы» деген тер­мин бекіп қалды.
Франц Ксавери Зюсмайер. Мо­царттың шәкірті. Моцарттың ғана емес, бір уақытта Сальеридің де шә­кірті болған. Біраз жыл ұстазы­ның үйінде тұрған. Зерттеушілердің ай­туынша, ол сол уақыттары Мо­царт­тың әйелімен көңілдес болып­ты. Тіпті екеуінің арақатынасынан дүниеге сәби келген. Моцарттың 1791 жылы 26 шілдеде дүниеге кел­ген кенже ұлы Франц Ксавер Вольф­ганг –Зюсмайердің ұлы болуы мүмкін. Ұстазы өле сала Конс­танцамен қарым-қатынасын үз­ген Зюсмайер бірден сарай капельмейстрлігіне шақырылады. Моцарт бұл дәрежеге жету үшін біраз жыл еңбектенген. Ал оның бұл шәкірті аса танымал емес, жай ғана дарынды музыкант болатын. Қызығы сол – бірнеше жылдан кейін ол да белгісіз аурудан көз жұм­ғанда оған қатысты портрет, хат, кей құжаттар жұмбақ жағдайда жоқ болып кеткен.
Хофдемель. Моцарттың әріп­тесі, жақын досы. Композитор өл­ген күні өз та­мағын өзі орып жіберіп өлген. Бұл орайда зерттеушілер оны бі­реулер өлтірген деген бол­жам жасайды. Өйткені, ол көп нәрсені білген секілді. Сальери де шындықты айт­пақ болғанда оны да әл­декімдер өлтірмек бо­лып, артынша жағдайды өз-өзіне қол жұмсау ретінде көрсетуі мүмкін. Әйтсе де, Моцартты Хофдемель өл­тірген деген пікір де ұшы­ра­с­ып қалады. Неге десек, оның әйелі біраз уақыт Моцарттан сабақ алған. Сол кездері ұстазы мен шә­кіртінің арасында жасырын байланыс орнайды. Мұны біліп қалған Хофдемель қыз­ғаныштан Моцартқа у беріп келген. «Бақталасы» өлген соң, жүкті әйелінің қолын, бетін пышақпен тілгілеп жа­ралап, артынша өз-өзіне қол жұмсаған.
Масондық бауырлар. Тағы бір бол­жам бойынша, Моцарт өзінің масондық бауырларының құрбаны болуы мүмкін. Масондар оның «Си­қырлы флейта» операсында өз­дерінің құпия белгілерін жария қыл­ғанын кешіре алмаған. Ком­позитор 1784 жылы масондық ложаға мүше боп кіреді. Олардың қатарында әлгінде айтып өткен барон Свитен мен Хофдемель де болған. Алайда кей зерт­теушілердің пікірінше, масон­дықтар, керісінше, өздері қудалауға ұшырай бастағанда Моцарттың «адамзат бауырлас­ты­ғының мұрат­тарын» қалың жұрт­шылыққа музы­ка тілімен жеткіз­геніне риза болған. Олар ком­пози­торға әрдәйім қолдау көр­сетіп отырған. Ол өлгеннен кейін, 1792 жылы сәуірде ложаның қаралы отырысын өткізген.
Император сарайындағылар. Моцарт­тың жұмбақ өлімі – ма­сондық қозғалыстың белсенді мүшесі ретінде көзін құртпақ бол­ған император сарайын­да­ғылардың астыртын ісінің салдары болуы да ғажап емес. Император ІІ Леопольд пен оның айналасындағылар ма­сондық қозғалысты мемлекеттік тәртіпке де, өздеріне де қауіп көр­ген. Өйткені Парижде құпия ұйым өкілдері – якобиншілдер само­дер­жавиені құлатып, «Бүкіл халық­тардың еркіндігі, теңдігі және бауыр­ластығы!» деген ұранды жа­риялаған болатын.
Міне, Моцарттың өліміне қа­тыс­ты көп болжамның бір парасы осын­дай. Не десек те, анығы бір Құ­дайға ғана аян.


МОЦАРТТЫҢ ӨЛІМІ – ӘДЕБИЕТТЕ ЖӘНЕ ӨНЕРДЕ

«Өз «Реквиемін» айтып отырған Моцарт»
Томас Шилдс. 1882 жыл

Жылдар өте келе Моцарттың өмір­баянынан орын алған «қара киім­ді адам» бейнесі, Моцарт – Сальери әңгімесі әдебиетте және өнер­де көрініс таба бастады. Со­лардың ішіндегі ең белгілісі – орыс ақыны А.Пушкиннің «Моцартқа Сальери у беріп өлтірген» деген әңгімені өршіте түскен «Моцарт пен Сальери» атты «Шағын тра­гедиясы». Пушкин драмасының әсерімен С.Есенин өмірінің соңғы кезеңінде жұмбақ сырға толы «Қара киімді адам» поэмасын жазады. Композитор Н.А.Римский-Корсаков болса, Пушкин драмасын аздаған өзгерістер енгізіп, аттас операсы­ның либреттосы ретінде пайдалан­ған. Ал қазақ әдебиетінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың көле­мі шағын болғанымен кең құлашты, пәлсапалық мазмұны терең «Мо­царт. Жан азасы» атты реквиемі ба­рын көзіқарақты оқырманның бә­рі біледі. Бұл орайда Марат Қа­банбайдан асып ештеңе айта ал­масымыз анық: «Мұқағалидың жер жүзінің әдебиетінде теңдессіз, алабөтен бір шоқтықты шығармасы бар. Ол – «Жан азасы». Білетіндер ау­руханада ажалын тосып отырып жазған деседі. «Жан азасы» – ақын­ның жарық дүниемен жылай-жы­лай қоштасуы әрі бізге қалдырған өсиеті, оның үстіне, бұдан былайғы мәңгілік мекені – қара жер қойны – көрге ізетпен сәлем беруі-тін…».
Реквием сынды күрделі жанр қа­зақ музыкасы үшін де жат емес. Мәселен, композитор Балнұр Қы­дырбектің 2014 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленген «Реквиемі».
Пушкиннің Моцарт – Сальери оқи­ғасы бойынша түсірілген «Ама­дей» фильмі (режиссері Милош Фор­ман; сценарий авторы Питер Шеф­фер; 1984 ж.) «Оскардан» бө­лек бірнеше киножүлдені жеңіп алған.
Ал Моцарттың «Реквиемі» көп­теген шетелдік фильмдерге («Лю­си», «Икс адамдары 2», «Бөгелек», «Елизавета», т.б.) саундтрек ретінде қол­данылып келеді.


БІР АУЫЗ СӨЗ…

Көңілге түрлі күй кештірген «Рек­вием» де аяқталды. «Моцарт­тың реквиемі» жайындағы бая­ным­ның соңғы нүктесі де қойылды. Көзіме мөлтілдеп жас та келіп қал­ды. Жақсы ат өлгеннен кейін ғана бұйырған Мұқағали күнделігіндегі: «…Мен өлімнен қорқам ба? Қор­қам. Қорқатын себебім: өмірдің қуан­ышын татып көргем жоқ. Бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылық­тан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу қорлық қой» деген жолдар, әлде «музыка» атты патшаға өлшеусіз қызмет еткен Моцарттың көңілсіз ноталармен аяқталған тағдыр-партитурасы ма екен, әсер еткен… Бәлкім, қанша бұлтарғанмен, тірі пенденің қай-қайсысы да, әйтеуір, бір күні өлім тұзағына түспей қой­майтын ортақ жазмышымыз болар толғантқан… Кенет… тере­зеден күн сәулесі жылт ете қалмасы бар ма?! Жарық сәуле! Одан «бас­қаның бәрі бекер» дейтін «жарық сәуле»! Әп-сәтте кеудем құштар­лыққа толып, бәрін-бәрін ұмытып (әзірге!), мынау жарық дүниеге, мынау аппақ дүниеге көз алмай қарай бердім…

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.