Ер есімін елі ұмытпайды
03.09.2015
2401
0
727291_145596088_______________Өз ғұмырын туған халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге арнаған біртуар азаматтың қиын да қызық өмірі бүгінгі жастарға, кім-кімге де үлгі-өнеге болары анық. Елін, дархан жерін шексіз сүйе білген, халқына қадірлі азамат, адал перзент болғанына көз жеткізе білу – бүгінгі ұрпақ парызы. Өз халқының ар-намысын жыртып, ақиқатты айтуы – Кеңестер Одағында 3 мәрте Жоғарғы Советтің депутаттығына сайлануы төккен тердің, елім деп соққан жүректің өтеуі еді. Кәрім аға туралы айтылған естелік, шапағатын көрген адамдар сұхбаты бүгінде аңызға айналды. Ел үмітін ақтаған ер еңбегі қашан да деректі нақты мәліметтерге толы. Бүгінгі жастарға үлгі-өнеге, тәрбие, «ер атағын ел сақтар» мақалының мәні қашан да жарқырай берері сөзсіз. Елін, жерін, тарихын сүйген асыл мұраларымызды ұрпаққа үлгі ете білген Кәрім Нұрбайұлының есімі де солармен бірге аспандай түсері сөзсіз. Талай естеліктерді сараптай отырып, Абай ауылын сөз еткенде Абай атамыздың Жидебай қыстауы, Кеңгірбай бабаның күмбезі, Еңлік пен Кебек жасырынған үңгір, Бөрлі – осылардың бәрі биыл 170 жылдығы өткен Абай тойы қарсаңында ағамен бірге сыр шертеді. Халық қуана, күрсіне еске алады, сабақтастықтың жалғаса беретініне ел сенеді. Аяулы азамат совет қызметінде жүріп, оның 15 жылын Шұбартау, Абай аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшылығына арнады. Кәрім Нұрбаев туралы сұхбат, естеліктерді пайымдай отырып, бар ғұмырын туған халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге арнаған асыл азамат еңбегінің орасан зор екендігін анық аңғаруға болады. Бәрін жазып жеткізу мүмкін болмағандықтан, біз ағаның кейбір істерін ғана бүгін тарқатып айтқымыз келеді. Сол кезде ағаны толғандырған мәселелер бүгінгі күн мәселелерімен сабақтаса өріледі. Бүгінгі Елбасының айтқан үндеуі, тапсырмасы, халық үшін атқарылған игі істер – бәрі соның айғағы іспеттес. Мәселен, кезінде қазақ тілінің өлмей жасай беретініне, түбінде қайта күш алатынына нағыз данышпандықпен сенген ағамыз талай мәселелерді көтеріп, күресе білді. Қазақ тілінің күннен-күнге өркендей, өрісі кеңи түсуде. 1966 жылдың өзінде Абай, Шұбартау, Ақсуат сияқты аудандардан келген балалардың дәрігерлік институтта оқуына көмек керек екеніне баса назар аударып, олардың білім алуына жағдай жасады.

Облысымызға «Е.Қашағанов келіп, қа­зақтардың бойына қан жүгірді», – деген ел арасында сөз шыққанда, ол адам­­ның еңбекқорлығын, басқару қа­білетін, іскерлігін К.Нұрбайұлы қуана, жас­­қан­бай паш етті. Ал пединституттың қа­зақ тілі мен әдебиеті факультетін жабу туралы әңгіме шыққанда: «Абайдың 125 жыл­дық мерейтойы бүкілодақтық деңгейде дүркірей өткелі жатқанда, бұл масқара ғой», – деп қапаланған аға пі­кірі кімді де болса толғандырмай қой­ма­ды. Ел ағаларының қажырлы еңбек­те­рінің арқасында факультет қайта ашыл­ды.
Өнер халықтікі екенін жете ұққан аға ең­бегі ақталды. Абай ауданының өнер­паз­дары 1966 жылы «Халық театры» ата­ғын жеңіп алса, 1968 жылы «Қалам­қас» эстрадалық ән-би ансамблі құрыл­ды. Шетелдерде өнер көрсетті. Олардың ізбасарлары бүгінде баршылық. Кәрім Нұр­байұлының өнегелі істерінің бірі – Шә­кәрім Құдайбердіұлын қазақ хал­қы­ның тарихынан заңды орын алатын уа­қыты жеткенін ерекше айтып,
1965 жы­­лы Қазақстан КП Орталық Комитетіне ко­миссияның қорытынды шешімін жі­бер­ді, бұл – мағынасы зор құжат болып қала берері сөзсіз. Бүгінде Шәкәрім Құ­дайбердіұлының шығарма­ларының мәні мен мағынасын қалың жұрт түсіне, сүйсіне оқып, сусындап жүр. Шәкәрім ой-толғауларының стилі өзгеше екеніне, ешкімге ұқсамайтынына терең бойлай түседі. Мәңгі жасай беретініне сенеді. Осыдан-ақ ақын жанды азамат Абай ау­данында хатшы болып жүргенде Ш.Құдайбердиевті ақтап шығуға көп ең­бек сіңіргенін көреміз.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» Кәрім Нұр­байұлы­ның қиыншылықпен күресе білуі, біліктілігі көпшілікті ұйытып алатын өте іскерлік қабілеттілігі, мол білімі келешек ұрпаққа қашан да үлгі бола бермек. Ең бастысы – адам болу. Осы адам бойында қасиетті қадірлей де, ұғына, түсіне білу. Халық сеніміне, құрметіне ие болу – күрес екенін жастарымыз жете се­зі­неді. «Бала – баға жетпес байлық» еке­нін жете түсінген ағамыздың «Өмірімнің жалғасы» деген өлеңінде:
«Орманым, менің орманым,
Сағына күткен арманым», – деп бір жасқа толған ұлынан үлкен үміт күтіп, ішкі сезімін барынша төгеді.
Кәрім Нұрбайұлының отбасына деген махаббаты – кімге де болса үлгі. Ұр­пақ тәрбиесіне зор күшін жұмсаған адам екенін айқын көруге болады. Отан – отбасынан басталатынына күмән жоқ. Әке үміті қашан да ақтала бермек.
Гүлжазира анамыз ерекше құрмет тұ­татын жан десек, қателеспейміз. Ол – аяу­лы жар болуымен бірге, қайсар да ба­тыр ана. Адалдық пен сүйіспеншілікті, жауапкершілікті қатар меңгерген жан – бүгінде бақытты ана! Бала, немере­ле­рінің сүйікті әжесі. Ол Кәрім аға қай­тыс болғаннан кейін үш баланы барынша күш сала тәрбиелей білді, жанын ая­­­мады, елге мұңын шақпады, сырын аш­пады. Тек алға ұмтылды. Сыртқа «ке­ре­мет келіншек» көрінгенімен, ішінде талай сыр жатты. Бірақ жасымады, қай­раттана, жігерлене білді. Соның нә­ти­же­сін көруге ұмтылды. Өз мақсатына жетті. Асыл ана бүгінде бәріне тәубе етеді. Хал­қы сыйлайтын, жақсы көретін «Кү­ле­кеге» айналды. Аға аруағы да, осы ана­ны білетін жандар да дән риза, бас ие­міз. Әлі де жақсылық болып, балалар мен немере қызығын көрсін дейміз. Әсі­ресе, балалары, келіндері мұны жақ­сы түсінеді. Аналарын аялап күтеді, құр­меттейді.
Герман Титов Абай ауданында 1968 жы­лы жүргенде туған Герман деген ба­ла­сы – бүгінде ел сыйлайтын, білімді аза­мат. «Дарияның жағасында орман бо­лады», – деп қойған Орманы қазіргі таң­да елшілік қызметті абыроймен ат­қаруда. Гүлдариясы – ғалым. Балала­ры­ның қай-қайсысы болсын өз істерін адал, абыроймен атқаруда. Әке үміті ақ­талды деген осы. Осы істі немере­лері жалғастыра беретініне кәміл сенімді­міз.
Тәуелсіз еліміздің жас жеткін­шек­теріне Кәрім Нұрбайұлының өмірі мен ісі қашан да үлгі-өнеге бола береді. Есі­мін ел қадірлеген Кәрім аға атындағы «Ақ­суат орта мектебі» – қазіргі кезде бі­лім­нің киелі қара шаңырағы. Келешекте де лайым осылай бола беруіне тілек­тес­піз.

Төкен ЖҰМАЖАНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры,
педагогика ғылымдарының докторы.
Алматы қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір