ҚАПШАҒАЙДАҒЫ ДОДА…
06.08.2018
1062
0

Өткен аптада Алматы маңындағы Қапшағайдың «Райский берег» жағажайында еліміздегі ережесіз жекпе-жекті дамытуға бағытталған «QAZAQ PRIDE» ұйымы үлкен жарыс өткізді. Ұйымдастырушылар аталмыш доданы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіп, оны жуырда ғана тойланған Қазақ елінің Бас қаласы – Астананың 20 жылдығына арнайтынын жеткізді. Бүгіндері Мемлекет басшысының өзі халықтың денсаулығына ерекше мән беруде. Себебі, «адам – капитал!».


Ережесіз жекпе-жектің басты ерек­ше­лігі – жекелеген спорт түрлерінің әдіс-тәсілін қолдануында. Мұнда сай­дың тасындай іріктелген сайып­қы­ран­дар ғана сайысқа түседі. Аралас жекпе-жек – қазақтың қанында бар өнер. Се­бебі, Біз – заманында жерін жекпе-жек­ке шығып қорғаған батыр бабала­ры­мыздың ұрпағымыз. «QAZAQ PRIDE»-тың ұйымдастыруымен өткен осынау додалар көбейсе, саннан сапа туатыны сөз­сіз. Турнирға арнайы қонақ боп ша­қы­рылған ММА-ның Алматы облы­сын­дағы бөлімшесінің басшысы Евгений Воронин құттықтау сөзінде: «Ұйымдас­тыру­шыларға рақмет! Биікке көтерілген әр жеңіпмаз сендер секілді бастағанын ұмытпаңдар, балалар», – десе, «Айбын» спорт клубының Бас бапкері Төлеген Абы­кенов жас спортшыларға сәттілік тілей келе, ойын былайша қорытты: «Жаңа бастама құтты болсын бауырлар! Ақ­жол! Қазақ спорты өрістесін, дамы­сын, өссін. Ел – аман, жұрт – тыныш болғай!». Жарысқа келген 6-ға тарта спорт клубының өкілдері бар өнерін ор­таға салды. Көрермен небір ғажап кез­десулердің куәсі болды. 55 пен 90+ ки­лограмм салмағы аралығындағы спорт­шылардың бірі – жеңсе, енді бірі – ұтылыстың ащы дәмін татып үлгерді. «Айбын» спорт клубының үкілеген үміті – Қайсар Қуанышбеков қарсыласын мойнынан қылқырдыру әдісімен ұтып, кеш көрігін бір қыздырып тастады. Қап­шағайдағы «Райский берег» жағажайын­дағы құмның үстіне төселген татами мен төрт жағынан керілген арқан адамды ерек­ше әсерге бөлейді екен. Кешкі сағат онда басталған жарыс, түнгі он екі ша­ма­сында аяқталды. Спортшылар медаль мен алғыс хаттармен марапатталды. Жа­рыстың жоғары деңгейде өтуіне атса­лысқан «QAZAQ PRIDE» спорт клубы­ның президенті Ерқожа Меңдияров, сол ұйымның Вице-президенті Ерлік Аппас, WММАА, Панкратион, Греплинг жө­нін­дегі Қапшағайдағы басшысы Талғат Ибрагимовтай ағайындарға алғысымыз шексіз!..

«QAZAQ PRIDE» спорт клубының президенті Ерқожа МЕҢДИЯРОВ:
– Мақсатымыз – ауылдық жерлердегі спортты дамыту, тасадағы таланттарды халыққа таныту, елжанды әрі әдепті ұрпақ тәрбиелеу. Бірақ, ең басты мұратымыз – Алаштың жігерлі жігіттерін «UFC», «Bellator ММА», «К-1», «Strikeforce», «ONE FC Championship», «М-1 Global» сынды әлемдік деңгейдегі додаларға шығару. Биылдан бастап ауыл-ауылды аралап, мықты балаларды іріктеу ойда бар.

Дәуренбек ЖАҚАЕВ, Халықаралық дәрежедегі төреші:
– Жалпы, жекпе-жек 2 раундтан тұрады. Әрқайсысы – 5 минуттан.
Егер де, қос раунд кезінде жеңімпаз анықталмаса, онда экстра-раунд беріледі.
Ол да – 5 минут. Жасөспірімдер арасындағы жекпе-жектің ұзақтығы – 3-3 минуттан. Партердегі қос спортшы тарапынан белсенділік байқалмаса, жерден көтеріп жіберемін. Омыртқа мен шүйдеден ұруға болмайды.

WММАА, Панкратион, Греплинг жөніндегі Қапшағай қаласындағы басшысы Талғат ИБРАГИМОВ:
– «QAZAQ PRIDE» ұйымдастырған жарысқа 16-23 жас аралығындағы жастар қатысуда. Оған Қапшағай атынан «Колизей», Талдықорған атынан «Арыстан», Жаркент атынан «Жаркент», Алматы атынан «Стольной волк», «Қазақ» пен «Айбын» секілді спорт клубтары қатысуда. Спортшылардың жалпы саны – 24, яғни 12 жұп. Енді, бұл жарысқа Бас жүлде мен белбеулер тігіп, оны екі аптада бір немесе бір айда бір рет өткізіп тұру жоспарда бар.

«QAZAQ PRIDE» спорт клубының Вице-президенті Ерлік АППАС:
– Мұндай жарыста шын мықты ғана жеңіске жетеді. Ұйымның атауын неге «QAZAQ PRIDE» деп қойдық? Себебі, біз – тұтас бір ұлтпыз! Және, елге, жерге бөлінбеуге тиіспіз. Біздің символымыз – бүркіт. Бүркіт – еркін құс. Қазақ пен бүркіт сөзі – бір-бірімен мағыналас.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір