Жарқылдатсам жанарымның жай отын…

0
358 қаралды

Мерей ҚАРТ


1989 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. Филология ғылымының магистрі. Абай атындағы мемлекеттік Қазақ музыкалық драма театрының әдеби бөлім меңгерушісі.
«Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Гран-при жүлдегері».
«Үздік поэзия – 2017» номинациясының иегері.


Көктем-Қыз!
Көңілден мұң жоғалады.
Есте қалмас өткен Күз.
Біздің жаққа оралады,
Ай толған соң, Көктем-Қыз!
Кірпіктері – Күннің нұры!
Сөзі – таудың самалы!
Өпсем – аңқыр гүлдің нілі..
Жаңбыр – мөлдір жамалы…
Жан-дүниемді дуалайды,
Жасыл бүршік үрпісі.
Сейілтеді тұман-ойды,
Күндидарлы түр-түсі.
Селдет сезім жаңбырыңды!
Көріспедік көптен біз.
Әнге бөлеп әр күнімді,
Тез оралшы, Көктем-Қыз!

***
Сырластырмай, сыртымыздан көлгірсіп,
Сөзімізді бөле берді жел қырсық.
Жүрегіңнен xабар беріп тұр, міне,
Жанарыңда жалт-жұлт еткен мөлдір шық.
Бізді көріп шықты, сірә, бұлт есі.
Сөне қалды жарық Айдың білтесі.
Көзің оттай!
Сөзің шоқтай!..
Ерінің – қызыл гүлдің үлбіреген күлтесі.
Жарқылдадық қараңғыға қамықпай,
Сағыныппыз көптен бері жолықпай.
О, ғашығым, кеуіп кетіп кенезем,
Жұпар жұттым тамағыңнан мамықтай.
Көңіліңмен – көктем тілі үндескен.
Шашың – анау, қара мақпал түн көшкен.
Бір-ақ сәтте
Бал-бақытқа кенелттің,
О, дариға, бұндай сезім кім кешкен?!

***
Жандүниемде ауысады мезгілдер,
Жабықсам – Қыс, жадырасам – Жаздаймын!
Сен жымисаң жауқазыным тез гүлдер,
Шарбы бұлттай ыдырайды аз қайғым.
Қабағымнан қар жауғыздым өткенде,
Күншуақты мінезіңмен еріттің.
Бір-ақ сәтте айналдырып Көктемге,
Көңіл ішін гүл жайнаттың көріктім.
Сейіл құрсақ түнемейтін баққа мұң,
Өткінші Күз жапырағын сан бастық.
Алыстасақ ақ сезімнің xаттарын,
Кеудемізден құс ұшырып алмастық.
Жарқылдатсам жанарымның жай отын,
Нөсерлейді жүректегі ән-сезім!
Жазқұшақты жапырағын жаятын,
Жалғандағы- жалғызымсың, жан сөзім!
Бұла қыз
Қайран тағдыр!..
Қазбауыр
Бұлттар көшті кіл абыз.
Жанарымда – жазғы ауыл.
Жан-дүниемде – бұла қыз!..
Қошы да ерен түсімнің!
Көңілімде гүл бүрлеп!..
Сүйгеніме ұшырдым
Сөз құстарын бір-бірлеп.
Жұлдыздарды самсаған,
Ой-санама түнеттім.
Айлы мұңды аңсаған
Адасқақтау жүрекпін.
Арманшылмын.
Ал, енді…
Жаңбыр әні жадымда.
Аспан сүйіп төбемді,
Дәт те жудым сағымға.
Мен солайша аңғардым,
Келе жатыр күнә-күз.
Ғашық болып нем бар-ды,
Жындандырды-ау бұла қыз!..

Эдуард Асадовтан
Ішімдегі аңғал Ойды
Несіне мен іркемін!.
Төбедегі тоңғақ Айды,
Көрпе-бұлтпен бүркедім.
Жанымдағы жалын оттан,
Жарқ-жұрқ етер мың ұшқын.
Бұлақтарды, қаны қатқан,
Жылытуға тырыстым.
Сөз шылбырын бір-біріне,
Ат үстінде күрмедім.
Жаурап қалған қыр гүліне,
Қызыр демін үрледім.
Жылыұшырап желтораңғы,
Көзбен өптім қамысты.
Кезіктірген кемтар аңды,
Көздемедім жол үсті.
Қол бұлғадым қайтқан қазға,
Тау басында ырғалып.
Ақмаңдайлым айтқан назға,
Қалдым бірақ шырмалып.

Құсұйқы
Ақкөңіл Ай, әр сәулесі сиқырлы,
Жұлдыздар да қуланады сүйкімді.
Маужыраған бақ ішінде ұрлаттым,
Ащы мұңды және тәтті ұйқымды.
Қара мақпал, қызықтап түн ортасын,
Үміт күтіп, таңға иек артасың.
Ояусың ғой, құсұйқылы қарындас,
Сен де, сірә, жалғыздықтан қорқасың!..
Көкейіңде мейірімді сөз бүрлеп,
Елесіңмен елітесің көз күрмеп.
Кейде жылы, кейде суық кейпіңмен,
Ой ішінде тез соласың, тез гүлдеп.
Кім осындай қайшылыққа кінәлі?
Ешкім айтпас,
Ашылмады сыр әлі.
Түн емес-ау, қырсықтығың себепсіз,
Арамызды қаққа бөліп тұрады.
Қалауыңның дәл басатын тамырын,
Қасиетім аз.
Айналамның бәрі – мұң.
Саған қарай ұшам дейді жүрегім,
Сезесің бе, ұғасың ба жарығым?!
Кірпіктерің байланбаған,
Жатырсың…
Кім деп соқты, жүрек деген ақылшың?!
Таң атқанда, қызды — мұзға айналтқан,
Өмір – сен де қытыгездеу ақынсың!
Алдымыздан бақыт күліп тұрғанда,
Менмендіктің қажеті жоқ, бұлданба.
Сәтін салса, татуласып кетерміз,
Қайырлы таң!
Шуақ түсті бұл маңға…

Көктем
Дала балқып Аспанның жанарынан,
қар еріген қара Тау қабағынан.
Мұртты қияқ жатыр-ау құшырланып,
қыз-бұлақтың қытықтап тамағынан.

Қуланады жасырып сырын бұлақ.
қылтияды гүлдер де құлын құлақ,
Көктем тілін үйреніп бүршіктерден,
менің де ішімдегі құбылды бақ.

Саз сарнатшы тырналар таңдайынан,
сүт аңқиды қырдағы тал-қайыңнан.
Жер-Анамыз жұмақтай мейірленіп,
Күн-әкеміз сүйеді маңдайынан.

Қарайлаймын құс ұшқан жолға тағы,
Ақыл-ойым қиялды самғатады.
Мекіренер мезгілі келіп жеткен,
бұлт ішінде буаз Ай толғатады.

Қандай ғажап толғану әр Көктемде,
Көңілімнен мұз еріп, қар кеткенде,
Тереземнің түбінде мұңайысқан,
Өлең оқып берейін әр кептерге.

Пікір қосу