Ағамның тортөбелі

0
269 қаралды

Астанадамыз. Қонаев көшесі, 4. Қазақ радиосы. Керей Жәнібек – Ақмешіт көшесінің қиылысындағы №17 Мемлекеттік қызметкерлер жатаққанасында біраз журналист тұрамыз. Өзі арзандау, ішінде жағдайы жасалған. Бір күні кешкісін жұмыстан шығып әріптесім, әрі әнші інім Жасұлан Наурызбайұлы екеуміз әйнекті мерседесімен жатаққа қайттық. Бір кезде Жасұлан: «Аға, досым Даниярдың орындауындағы мына әнді тыңдап көріңізші», – деп гитарамен орындалған әсем әннің ырғағына қосылып отырды. Бұл озық ойлы сазгер Ержан Белғозиевтің «Бауырды сағыну» әні еді. Бұрынырақта Ержанның өз орындауында есітіп, бұл ән менің де көкейімдегі шерімді қозғаған болатын.

Алыста аяулы қалды ауылым,
Аңсаумен күтеді ол да ұлын.
Қапыда қалдық –ау қоштаса алмай,
Мен сені сағындым жан бауырым, –
деп келетін жеріне келгенде қабырғам қақы­рап, бауырым елжіреп сала берді. Жасұланға: «Өте жақсы ән, Ержан бұл әнді бауырына ар­на­ған, өзі бабына келтіріп орындайды», – де­дім…
1992 жылдың маусым айының 22 жұлдызы бол­атын. Теледидардан: «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Жәнібек Кәрменов 43-ке қараған жасында, Қапшағай күре жолының бойында жол апатынан қайтыс болды», – де­ген суық хабар дүңк ете қалды. Арқаны ақжал аяз қарығандай күй кешіп, туыстарына Ал­ладан сабыр, қуат беруін тілеп, ешкімнің ба­сына мұндай қайғы келмесе екен деп тілеген едім. Араға жылдар сала, 1995 жылы өзіммен тете өскен бауырым Садығұл да, қамал бұзар қы­рықтан асқанында сұм ажалдың сұрмергені, көк берен сауытын бұзып, фәнидің есігін жап­қызып, бақидың қақпасынан енгізіп жіберді. Сол уақытта ол да 43-ке қараған еді. 2003 жыл. Оты­зында орда бұзып, қырықтың қамалына бет­теп, 42-ге қараған жасында, ақтаңгер ақын бауы­рым Әзімбек Жанқұлиев та, көк жусандай жай­қалып, елге есті сөз айта бастағанында, әзі­рейілдің ала баулы құрығына ілігіп, кете бар­­ды. Осындай құпия, тылсымы мол, жарат­қан­­ның жазуына, пенденің еш шарасы жоғына қай­ран қаласың. Өзегіңді өкініш өртеп, кер­мек жас кірпігіңді майыс­тырып, ботадай боз­дай­сың, бірақ көнесің. Кеу­демді кернеп, жұ­ды­рық­тай жүректі сыз­датып жүрген ағам жө­нінде мына естелігімді сіздермен бөліскенді жөн көрдім.
1984 жылы Алматы ауылшаруашылық инс­титутының жеміс-жидек факультетін бітір­генмін. 1990 жыл. Алматы облысы, Еңбекшіқа­зақ ауданы, Жарсу совхозында бас аг­ро­­номмын. Жұмыстан кештете келсем, ауылдағы ағам Са­дығұл (Садан) келіпті. Ауыл елді, ағайын туыстың амандығын сұрасып, түннің бір ау­ғына дейін отырдық. Бір кезде ағам: «Әкемнің баяғы тортөбел биесі, теңбіл көк айғыры есіңде ма?», – деп сұрады. Әрине есімде, керемет жылқылар еді ғой деп, қостап қойдым. «Енде­ше сол әкемнің ісін жалғасты­рып, жылқы ұс­тасам ба деймін. Қазір ауылда баяғы жүйрік жылқылардың тұқымы қалмады, осында Бал­табай деген совхозда асыл тұқымды жылқы асы­райды екен, сол жерден жылқы алып, құм­ның қазақы қарабайыр жылқысымен будан­дас­­тырса, керемет жылқы тұқымы шыға­ды, соны қолға алайық», – деді. «Әрине, бірақ ол жыл­­қы­ға қаражатты қайдан аламыз?», – дедім мен. «Менде біраз ақша бар. Ертең сонда ба­райық, сосын көреміз», – деді. Ертесіне Бал­табай совхозының асыл тұқымды жылқы зауы­тына бардық. Кәрі-құртаң биелер, аяқтан қал­ған айғырлар сатылады екен. Бірақ бағасы қым­баттау. Басшыларын таниды екенмін, не ке­рек сол жерден бір байтал, бір кәрілеу бие ал­дық. Ферманың жылқышысы, ұйғыр жі­гітінен «Орлик» деген тортөбел байталды ағам бол­май, қымбатқа сатып алды. Барымыз­ды қо­сып, көрші ауылдарды аралап, базарлап жү­ріп, бір жирен, бір ірі көк бие таптық-ау әй­теуір. Бір жарым ай дегенде, ағам ауылға әрең қайтты. Сонымен тынбай еңбектеніп жүріп, ағам екі жылда жылқының басын онға жет­кізді. Бұл – бір үйір жылқы.
Келесі жылдың көктемінде ағам: «Ауылға ке­ліп кетші», – деп өтініш жасады. Астымда УАЗ-469 машинем бар, таңғы сағат бесте тұ­рып, ауылға тарттым. УАЗ машинесі ұзақ жолға ар­налмаған, ауылшаруашылық машине бол­ғандықтан он сағаттан аса жүріп, шаршап жет­тім. Ол кезде ел іргесі сөгіле қоймаған, сов­­хоздың тірлігі қан базардай қайнап жата­тын. Ағам: «Бүгін демалып ал, ертең жолға шы­ғамыз», – деп қысқа қайырды.
– Қайда?
– Құмға…
– Неге?
– Жақсылықта шаруам бар, соған барамыз.
Ертесіне таңертең шайымызды ішіп алып, жолға жиналдық. Баратын жеріміз қызыл құм­ның іші. Шамамен 90-100 шақырым. Не шаруа екені маған белгісіз. Аң атамыз деп, қос ауыз мыл­тықты да ала шықтық. Көктемнің көк жауыны бірде нөсерлетіп жауып, бірде баяу­лап, ауа-райы құбылып тұр. Ауылдан шыға, Қо­жабаздан ары жиекке дейін, аппақ боп, тұзы шы­ғып жатқан сортаң басталады. Құмға, мал­шыларға бара жатқан машинелер сортаңға ба­тып, тығылып жататын еді. Бұл жолы да со­лай екен. Оншақты машиненің шопырлары шо­шайып-шошайып отыр. Ауылымызда Әбдіханов Әзімбай деген ДТ-75 трактор ай­дайтын ағамыз, оларды кезекпен тартып шы­ғарып жүр. Тоқтап, амандасып, сортаң жерді со­қаша тіліп өтіп, кете бардық. Бет алысымыз – қызыл құмның бел ортасындағы Қылтықты ата­латын жер. Ол үшін алда алар асуларымыз – Астауқобы, Шеңгелді-ой, Опот, Жусанды, Қа­райып, Боздақбай, Есқара атты биік-биік бар­хан құмдар. Жиекке ілінісімізбен жол жөн­деле бастады. Биік белестер болмаса, құм ішін­дегі жолдар татырлау, машине жүр­генге ың­ғайлы. Жолда Жамбыл, Жуалы ау­дан­дарының «Штабтары» орналасқан. Мін­дет­ті түр­де тоқтап, сусын ішесіз. Бұл жерде оншақты үйден бар, бәріне электр сымдары тартылған. Мал­шылардың балалары оқитын мек­теп, ин­тернаты жоғары үлгіде. Магазин­де­рін­де Ал­матыда жоқ неше түрлі зат сатыла­ды.
Құмның көктемгі табиғаты деген, адам айт­қызсыз ғажап. Білмейтін адам, қызыл құм­да не өседі деуі мүмкін. Бірақ аралап, шөптің мың­даған түрін көргенде, өзіңіз куә бола­тын нәр­селер жетерлік. Адам жанына жағымды түр­лі шөптердің иісі француз иіссуынан артық бол­маса кем емес. Жүзген, жусан, құмсағыз, түр­лі шөптер өскен, асу бер­мейтін сүйір тұм­сық – тау шоқыларындай сұлуланып, сұл­бала­нып жатқаны. Бархан-бархан құмдардан асып, түс ауа Жақсылық жездеміз отырған ойға да келіп жеттік. Әпкем Күләйлә, бізді күтпесе керек, қуанышы қойнына сыймай, қысқы со­ғымнан қалған сүрін қазанға салды. Ағамның үл­кені Өмірбек, осы құмда, әпкемнің үйінде. Күн еңкейе құдық жақтан малын жайып келе жатқан жездеміздің де төбесі көрінді. Абыр-сабыр басталып, мал жайғауға көмектестік. Қой төлдеп, жылқы құлындап, сиыр бұзаулаған кез. У да шу базар болды да кетті. Әпкеміз көр­шілерін шақырып үлгеріпті. Күн бата малды жай­ғап болып, бәріміз дастархан басына жай­ғастық. Мейіздей боп сарғайып, бабына келіп сүр­ленген сары қазы, жал, жаядан қиялай ке­сіп, асқазанға ел қонғанша, қарбытып-қар­бытып тастадық. Әпкем бауырлары келгесін не­сін аясын – қаймақ, жент, қарынға сақталған май, құрт – барын салды. Бір кезде барып жездеміз: «Иә, жайша жүрсіңдер ме?», – деп әзіл-қалжыңын араластырып, ауыл елді сұрап жатты. Әпкем сандықтың түбіндегі иісі бұр­қы­раған үнді шайларын да шығарды. Қаймақ қат­қан күрең шайына кіріскенде ағам: «Жақа, Тор­төбел айғырыңды сұрағалы келдім», – деп әңгімесін бастады. Аң-таңмын. Жездеміз біраз үн­сіз отырып: «Қарағым-ау, сол Тортөбел ай­ғырға осындағы бір қауым ел қарап отырмыз, бәр­і­нің жылқысы кешкісін мына үлкен ойға түсе­ді, сосын бәрі Тортөбел айғырға бағынады. Ит, құс дегенің бұл айғыр тірі тұрғанда мұнда жа­қын­дай алмайды. Ал айғырды саған берсем не болмақ?», – деді. Ағам тақымдап болар емес, әпкем бір кезде інісіне жақтасып: «Өмі­рін­де бір рет бұйымтаймен келген екен, неге бер­мейсің, бер», – деп болыса кетті. Мен: «Сә­ке, не деп отырсың, бұл айғырға шағын ауыл елі қарап отыр екен ғой, егер айғырды ал­саң бәрі жылқысынан айырылады ғой, қас­қыр қырып салса қайтпек, олай болмайды», – деп, жездеме жақтастым. Жездем де бергісі келмеді. Не керек, сонымен біз таңертең ауыл­ға қайттық. Жолда келе жатып ағам маған рен­жіп: «Сенің нең бар еді араласып, бергелі тұр­ған адамды айнытып», – деп маған өкпелеп, ауыл­ға жеткенше сөйлемей қойды. Ауылға кел­гесін екі күн ауылымды аралап, ағаларыма сәлемдесіп, мауқымды басып, кейін қайттым. Күздің күні, егін орақ, жеміс жидек терігі аяқ­та­лып қалған кез. Бір күні ағам тағы хабар­ласып: «Ауылға келіп кетсеңші, саған даярлап қойған сыйлығым бар», – деп шақырды. Бұл жолы бала-шағамды алып, бір аптаға баратын болдық. Ертелеп шығып, кештете ауылға жеттік. Ағамның үйі ауылдың шетінде. Мен әскерден келгенде 1977 жылы күзде екеуміз кірпішін құйып, көтерген болатынбыз. Үйінің айналасы биік талдар, сәл әріректе «Көк өзек» аталатын үлкен өзен ағып жатыр. Талдардың көлеңкесінде желіде қатарлап байланған 5-6 құлын. Сәл әріректе биелері, үлкен трактордың дөңгелегінен жасалған астаудан жоңышқа жеп, шыбындап тұр. Көк биесі көк жоңышқаны күрт-күрт шайнап, оқырынып қояды. Ағам сол жақты меңзеп, маған бас изеп, солай жүрді. Мен де артынан аяңдадым. Көк биенің қапталында биемен теңесіп, құйрық жалы жер сүзіп, биік Тортөбел айғыр тұр. «Көрдің ба мы­наны», – деп айғыр жақты сілтеді. Ештеңеге түсінбей, «ол не?» дей бергенімде: «Тортөбелді қара, қалай, сұлу жылқы ма екен?», – деп сәл ма­сайрап, көңіліндегі қуанышын жасыра ал­май, айғырына жақындап, күліп қойды. «Бұл Жақаңның тортөбелі, өткенде сен кеткесін Қойшыман екеуміз қайта барып, орнына өзімнің күрең айғырымды беріп, тракторға басып келгенбіз», – деді де үйге қарай аяңдады. Жанында тұрған жиенім Асқар оны қоштап екеуі мәз майрам боп, күлісіп алды. Жыл­қы­лар­ға жақындап барып, көк биенің жанында тұрған тортөбелді арырақ айдадым. Бөкен тұмсық, қаз мойын, бота тірсек, кеудесі сала құлаш,есікпен төрдей, төбелін кекілі жауып, құйма тұяғы құйған қорғасындай сұлу мүсінді жылқы екен. Үстінен бит домалап түсердей дөңгеленіп тұр. Айғыр оқыранып, құлағын жымитып, мені жақтырмаған кейіп байқатты. Алла тағаланың осы жануардан сұлулықты аямағандығына таңқаласың. Анандай жерде тұрған ағам: «Әй, байқа, теуіп жібермесін, бө­тен­сіп тұр, қой үйге барайық», – деп үйге шақыр­ды. Ағамның даусын естіген тортөбел қозғалақтап, оқыранып, ағама қарай жүріп барып, жанына тоқтады. Ағам: «Қарашы қандай ақылды жануар», – деп маңдайынан сипап, мойынын қасып еді, тортөбел түсінген­дей басын иіп, рахаттанып тұрды. «Құдіреті күшті Алла, адам баласын балшықтан жарат­қан­да, бір уыс балшығы артылып қалыпты да, содан жылқыны жаратыпты. Ұлттармен ұлыс­тарға бөлінгенде қайсысы оны жақсы көрсе соған жақын болады екен» деген аңыз-әпсананың түбінде шындық бар екен-ау деген ойға қалсың кейде.
Батырлар жырындағы тұлпарлар осындай ақ болған шығар-ау! Үйге кіріп, жеңгеміз Дә­нияның ыстап, бабына келтірген бесті қы­мы­зынан кесемен екеуін тартып жібердім. Әкем­нің «Теңбіл көк» айғырынан кейінгі біздің­ үйге бітіп тұрған үйірлі жылқы осы болды.
«Мынауың Арқаның қымызынан артық болмаса кем емес қой», – деп, маңдайдан шып-шып шыққан терімді сүрттім. Ағам: «Кеше осы ауылдың директоры Берден Бай­қошқаров келіп ішіп, ол да осылай деді. Не­мене, Арқадан басқа жердегілер қымыз даярлай алмайды деп, кім айтты сендерге», – деп, аздап намыстанған болды. Асқар жиенім де оны қоштап қойды. «Жердің отына, биенің сүтіне байланысты, сонымен қатар күбіні ыстау, оның пісуі деген тағы бар, таудан киіко­тын алдырам немесе тобылғымен ыстаймыз күбіні», – деп бір қойды. «Екі-үш күндігі дөнен қымыз, көптеу сақталғаны бесті қымыз, ал оған мейіз, сүр қазыдан жұқалап кесіп салып піссең, дөкей қымызың сонда болады», – деп қымыз даярлаудың технолгиясын тізіп шықты. Расында да қаншама жерден қымыз ішіп жүрміз, дәл мынадай иісі аңқыған керемет қымызды сирек кездестірдім. Бала-шағамыз­бен улап-шулап, бір жұма болып, кейін қайттық.
Бұл ағам екеуміз тете өстік. Үй шаруаларын да екеуміз қосылып жасайтынбыз. Кейде үл­кендігін көрсетіп, інім Қойшыман екеумізді төм­пештеп-төмпештеп те алатын.Үлкен әкпем Нә­зімкүлдің баласы, жиеніміз Асқар ала-жаз­дай біздің үйде.
Бабаларымыз, «Бірге тумақ бар да, бірге жүр­мек жоқ екен», – деп бекер айтпапты. Ер жет­кесін, әскер, оқу дедік, не керек жан-жаққа тара­дық та кеттік. Ағам, Тілеу екеуміз – Алма­тыда, Үлкен әкпем Назымкүл, Күләйла, Гүл­ба­хира, ағам Садан, інім Қойшыман ел жақта қал­ды. Әке-шешеміз өмірден ерте кеткендік­тен, бәрімізді үйлендіріп, тойымызды жасап, әке орнына – әке, шеше орнына – шеше бол­ған кіші әпкем Гүлбахира. Бауырларым: «Елге кел, сол жұмыс Таразда да бар», – деп жү­ретін. Бір күндері Таразға келдім. Ойым Облыстың бірін­ші хатшысы Өмірбек Бай­гел­діге жолығу. Ол кісінің баласы Тимур екеуміз СХИ-да, бір факультетте қатар оқыдық. Әкесі бір кел­ге­нінде: «Алда-жалда елге келем десең, жолы­ғар­сың», – дегені бар еді. Тараз қаласын­дағы МАЙ-дың жанындағы бір қабатты ақ кір­піш­тен соққан үйін іздеп таптым. Ол кездің хат­шы­лары, бүгінгі адам танымастай өзгерген, алды-артында қарауылы бар әкімдердей емес, халықпен бірге жасасатын. Баласы Тимур үйінде екен, жақсы қарсы алды. Әкесі шет елге іссапарға кетіпті. «Оншақты күннен кейін келеді», – деді. Жолым болмай, қайтуға ыңғай­ланып тұрғанымда, сарайдан үлкен қара шұбар кавказ күшігі шыға келді. Құйрық, құлақ кесіл­ген, ірі болатыны байқалып тұр. «Кәне кел, мә­шинеме мін», – деп, еркелетіп едім, келді де секіріп мінді. «Ал Тимур, енді сен шақыр, бар­са алып қал, бармаса менімен кетеді», – деп едім, ол да жанұшыра шақырды, бірақ күшік ма­шинадан түспей отырып алды. «Маған бұйы­рыпты» деп, күлдім де алып кеттім. Жо­лай ауылға бардым. Ағам Садығұл үйінде екен, «мына күшігің жақсы екен, маған байла» деді. Болған оқиғаны айтып: «шақы­рыңыз, егер қалам десе қалады, ал қалмаса Алматыға ке­теді» деп, әзілдедім. Шай ішіп бол­ған соң жүру­ге жиналдым. Ағам: «Жол­барыс, Жол­барыс кәне келе ғойшы маған», – деп еді, кү­шік секіріп түсіп, ағамның алдына жатып алды. «Ал сен шақыр енді», – деді. Шақырсам кү­шігім орнынан қозғалған да жоқ. Сонымен кү­шікті тастап қайттым. Бір келгенімде жаңа­ғы қарашұбар кавказ күшігімді танымай қал­дым, арс етіп қауып ала жаздады. Оған арнап ар­найы тамақ жасап, күндіз қараңғы қораға қамап, түнде ғана шығарады екен. Кішігірім тайыншадай, ағам: «Жақын­дама, қабады», – деп бәйек болып жүр. Келесі келгенімде кавказ төбеті көрінбеді. Төбет жайын сұрағанымда ағам қимастықпен: «Құлын­дарды желіге бай­лап, биелерді сауынға қойған болатынбыз. Күн­де кешкісін Тортөбел айғыр келіп, бір ат­дор­ба жемін жеп, құлын­дар­ды бір айналып, кетіп жүрді. Бір күні дарбаза ашық қалып, мен қораға жем алуға кіргенімді көрген айғыр, ол да қораға кіріп келе жатты. Іште жатқан Жол­барыс оны көріп ұмтылып, айғыр үркіп, ит айғырды қуа жөнелді. «Қап, мына арыстандай ит, бір жерін жұлып алар ма екен» деп, ай­ғай­лап мен де ұмтылдым. Ашық дарбазадан өт­ке­сін, құрық тастам жерде, желіде құлындар жа­тыр. Сол мезетте шаңқ еткен төбеттің дауы­сы шықты. Апырайлап, мен де жеттім. Ой­пы­рай, өз көзіме өзім сенбей аң-таң болып, тұрдым да қалдым. Төртөбел айғырым мойнын иіп, осқырынып құлындардың жанында жер те­бініп тұр. Ал жолбарысым болса қорқырап, миы шашырап, бүк түсіп жатыр. Қайсысына жү­гірерімді білмей мен тұрмын. Әркімнің ба­ласы өзіне, құлындарын қасқырға алдырмайды дегенге сеніңкіремеген едім, міне көрдің бе, желідегі құлынның қатарына көк төбет жет­кенде, айғыр қақ маңдайдан дәлдеп теуіп, бас сүйегін тас талқан етіп, миын көбікше шашы­ратып жіберіпті. Сол күні айғыр жем де жеген жоқ, сырттағы үйіріне барып, қайтып келіп, түні­мен құлындардың жанында болды, мен жа­қындасам да жақтырмай, құлағын жы­ми­тып, тебуге әзірленіп, әрең-әрең сипалап, жем бе­ріп жүріп, ашуын бастым», – деп ағам бол­ған жағдайды айтып берді.
1994 жылы Алматы қалалық телекомның шаруашылық мекемесінің директоры болып жүрген кезім. «АЛТЕБА» деп аталатын басқар­ма­ның Бас директоры Сәтеков Әдебиет деген ағамыз еді. Өзі сондай салиқалы, елге жақсы­лық жасап жүретін. Көмекшісі – курстасым Саят Сексенбаев, шаруашылық бөлімінде Аяпов Елеусіз деген тағы бір досымыз бар. Сол мекеменің автобазасының директоры Табын Жұмабек СХИ-дың мехфагын бізбен қатар бітірген бойы биік сымбатты, адуынды азамат. Осылай-осылай, қимас күн­дер, сырғып өтіп жатты. Бір күні ауылдағы әп­кем Гүлбахира: «Тез жетсін», – деп хабар жі­беріпті. Аяқ асты не болып қалды екен деп, Тараз­ға тарттым. Садығұл ағам науқастанып, қаладағы спирт­заводтың анкологиялық ауруханасына түсіпті. Олар операция жасап, шығарғалы отыр екен. Дәрігері В.Ким деген кәріс жігіті: «Ауруын өткізіп алған, ертерек келуі керек еді», – деп қынжылыс білдірді. Ағам­ды Алматыға анко­логия институтына әке­ліп 7-8 ай тынымсыз қараттым. Профес­сор­лар бар амалын жасап-ақ бақты, амал не, дәлдеп келген ажал алмай қоймады. 1995 жылы ақпан айының бесі күні ауылға апаруы­мыз керек болып, үлкен ағам Тілеу, автобаздың директоры Жұмабек – бәріміз ауылға алып кет­тік. Ауылға аман жетіп, үй-іші бала-шағ­а­сымен қауышты. Науқасы қанша ауыр болып тұрса да, еш сыр бермей, мойымай көңілін сұ­рап келген ағайынмен емен-жарқын әң­гімелесіп отырды. Ақпанның сегізі күні Ал­ланың берген дәмі таусылып, аяулы ағам мәң­гіліп сапарға жол тартты. Ағайын, ауыл ұлар­дай шулап қала бердік. Естігесін Алма­тыдан, Қайрат Байбосынов ағам бастап, Ырымтай Бөдесов, Жұмабек Құтжанұлы тағы біраз өнер азаматтары келді. Ауылдан Қас­қыр­бай Нарбатыров, Әбдіразақ Қазаншиев, Оралбек Солтыбеков, Әзімбек Жанқұлиев тағы біраз жігіттер қызмет жасап жүрді. Сол уақытта ағамның жасы қырықтан жаңа ғана асқан. Мәйітті жууға туыстар, құдалар, құр­дас­тары түсетіні белгілі. Бәрі іріктелгенде ағайын­дар арасыннан өзімен бірге оқыған құрдасы, қалыс ағайынымыз Ермахан түссін деп, қос­тырдым. Сол кезде кенже баласы Ғалым­жан, бір жарым жасқа ғана келген еді. Алланың ісі­не амалың бар ма, ағамның жаназасын шығаруға ел дайындалып жатқан. Ақсақалдар: «Ойпырмай мынаны қараңдаршы» деп, таңқалысты. Үйінің жанындағы дуал қоршауды жағалап, Тортөбел айғырынан бастап, жиыр­маға тарта жылқы қатар-қатар көздері боталап, қоштасқандай қарап тұр. Ала шұбар төбеті ұлып, үйді айналып жүр. Көр­гендер аң-таң! Ағам­ды мәңгілік мекеніне жайғастырып кел­ге­сін қарасам, Тортөбелі бастаған жылқылары бастарын төмен салып, құм жақтағы өрістеріне кетіп бара жатты. Ауыл мен құмның арасы 6-7 шақырым. «Ойпырай, иесімен қоштасуға келгендерін қарашы, жылқыдан бекзат жануар жоқ-ау, олар да түсіне­тін болғаны ғой, жыл­қыда он жасар баланың есі болады деуші еді», – деп жатты қариялар. Ағамның жетісін өткіз­гесін жеңгем, інілеріме: «Боз биесін, я болмаса торайғырын тұл ғып күзеп жіберіңдер. Далада жүрген жылқыға ұры-қары тимейтін болады. Жануар­лардың иесіз қалғанын түсінеді», – деп, біздер аттанып кеттік. Кезекті ас жиын­дары өтіп, ағамның жылына жылқысын әзір­леу, тағы да басқа дайындықтар жасауға төрт-бес күн бұрын ауылға келдім. Інім Қой­шыманды ертіп, жылқыға барсам, күзел­ген жылқы көрінбеді. Ашуланып едім, жеңгем ке­ліспеді, жылына құдалар жылқы әкелетін болыпты деді. Не керек, ағамның жылын өт­кізіп, ашулы қайттым. Бұл 1996 жылдың ақпан айының 12 жұлдызы болатын. Наурыз айының ортасында ауылдың бір әйелі Алматыда кез­десіп: «Не болды жылқы табылды ма?», – деп сұрап жатыр. Ештеңеден хабарсызбын. Сөйт­сем жағдай былай болған екен. Наурыз айында ағамның үйір жылқысын ұрылар айдап әкетіпті. Інім, іздей-іздей бармаған жері жоқ, ақыры милицияға хабарлапты. «Ел құлағы елу», – демекші кейін естідік, ұрыларға Тортө­бел айғыр қарсыласып, үйірін айдатпағасын, қан жосасын шығарып сойып, жиырмаға тарта жылқыны ізім-қайым айдап әкетіпті. Ішінде ауылдың азаматтары да болыпты деген сыбыс­тар шығып жатты. Арнайы барып оларға жо­лық­тым. Ант-суын ішіп, мойындамады. Жа­райды бізді қойшы, Алланың алдында, ахи­ретте, ағамның алдында жауып берерсіңдер деп кері қайттым. Әкем: «Сұқ семір­мейді, ұры байымайды, ұры-қары да, иман да, ар, ұят та болмайды, олар дүние үшін елін, жерін сатуға дайын тұрады», – деуші еді, сол рас боп шықты. Әкем Ұлы Отан соғысында бір аяғын тастап, аман келгенін айттым жаңа. Бұл кісі, өмір бойы бес уақыт намазын үзбеді, аяғы жоқтығынан намазды отырып оқитын еді. Біздерге: «Қарғыс алма, алғыс ал», «қарғыс жеті атаға кетуі мүкін», – деп құлағымызға құя­тын. Зар қақсатқан елдің, жетімдердің көз жа­сы қойсын ба, халықтың қарғысы тиген болуы керек, артынша ұрылар ұсталып, түр­меге тоғытылыпты. Артында бар оңалар де­мекші, бауырымнан қалған төрт ұлы да азамат болып ер жетті. Үшеуі отбасын құрып, өздеріне тиесілі жұмыстарында. Кішісі Ғалым­жан Са­дығұлұлы атасы Мұстафаға тартқан атсейіс, көк­паршы. Маңғыстау өңірінде үлкен қыз­метте болған жиеніміз Досжан сол жақта ат спортының дамуына қолдау жасап, Ғалым­жанды апарып, көкпаршылардың қатарына қосып, үлкен додаларға салды. Қазір Респу­блика көлемінде өтетін ат спорты жарыстарына Маң­ғыстау облысы атынан қатысады. ЭКСПО-17 қарсаңында өткен аударыспақтан, екінші орынды иеленді. Міне, осындай алдам­шы өмірдің бағасын кейде біліп, кейде білмей жүріп жатқан жағдайымыз бар.

Зарлы (Қошан)
Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ,
Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақ радиосының және ақпарат саласының үздігі төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.