Түрме түні
09.02.2018
3141
1

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ


Камераның есігі сарт-сұрт ашы­лып жатыр. Әлдебіреу жүгіріп өтті, әркімнің әкіреңдеген боқтық сөзі. Тағы не боп қалды екен деген ма­засыз ой жүйкені жегідей жеген.
«Шық!», – деген бұйрыққа қоса сол қолына кісендісі, қоса жеткен.
Сейілдейтін киіз үйдің онындай алаңша болушы еді, солай қа­рай айдаған. Сол жерде тағ­дыр­лас серіктесім Зейнолла тұр. Е, Құдай, жау емес тірі адамды көре­тін күн де болады екен. Сонау отызыншы жылдардың иісі аңқы­ған, отыз жетінің зары қабырғадан естілетін тас түрмеде сегіз ай бойы жалғыз қамауда болған басыма мынау бір жұмақтай көрінген. Сол камерадан тергеуге ғана апаратын. Көретінім бедірейген тергеуші Мұқанов қана. Артқы жағымнан келіп соққыға жығатындарды да көріп үлгермеймін. Е, бір жолы Мұқановтың сементал сиырдай жап-жалпақ орыс қатынын көр­генім бар. Орындықтың арқасына мені таңып байлап тастаған еді. Соған да іштей қуанғанмын. Соққанда орындықпен қоса құ­лай­сың, тепкенде бірер тепкісі орындыққа тиеді деп іштей жора­мал­дайсың.
– О, боже, – деді көк көз жалпақ сары қатын.
Бөтеннен көрген тірі адaмым сол қатын. Енді, міне серіктесім Зейнолла алдымда тұр. Сенейін бе, сенбейін бе?
– Сен қайдан тұрсың?
– Айтпады ма? Этаппен
жө­­не­л­тетін болыпты.
Алаңшаның бір бұрышындағы темір есік ашылып, ар жағындағы темір қапасты машинаға мінгізіп, ала жөнелді. Қайда апарады? Бәрі жұмбақ. Өткенде тап осы темір машинаға мінгізіп сотқа апарған. Секіріп түскенде ентелеп тұрған овчаркасы жұлып ала жаздаған. Арсылдаған төрт-бес ит, мылтық­тарын сарт-сұрт өткізіп оқ салып дайындаған бір бөлімше әскердің арасынан өткізген еді. Әлдекімнің атымды айтып айқайлағанын естігем. Ал бүгін ше?.. Пойыздар­дың біріне жалғанған вагонзакқа салып жүре берер ме екен? Ең бол­маса үй ішінің біреуімен жолық­тырып, қоштастырмады да ғой. Әйтеуір, жолазық алдыртыпты. Жүрісіміз ұзаққа созылмады. Те­мір жәшіктің әр қабырғасына ке­зек-кезек соққылаған мәшине кілт тоқтады. Кенет есік ашылды.
– Шығыңдар!
Бұрын көрмеген ғимараттың алдына келіппіз. Айнала тегіс тікенекті сыммен қоршалған. Сұп-сұр ғимараттан жаздың осы мез­гі­лі­нің өзінде суық ызғар ескендей. Айдай жөнелген. Тағы да кісі жейтін овчаркалар, тағы да мыл­тық­тарын кезенген солдаттар. Қайда әкелгенін білгім келіп, шы­дам­сызданып келемін. Бір реті келгенде
– Бұл қай жер, – деп қалдым айдаушыға.
– Он алтыны білмеуші ме ең?
– Е, атақты он алтыншы түрме осы екен ғой. Совет одағы көле­мін­дегі ең атақты түрме… Жиырмадан жаңа асқан шағым. Аз ғана ғұмыр, дүние есігін кеше ғана аш­қан шақтан бергі мезгіл көз алдым­нан тізіліп өте шықты. Ендігі ғұ­мыр түрмеден түрмеге түсу болғаны ма?.. Өзі қалап алған жол. Мына орыстың отаршыл зомбылығына қарсы «ЕСЕП» деген ұйым құрды. Туған халқы қырғыннан, атып-асудан есеңгіреп мүлгіп жатыр. Япыр-ау, бір азамат бірдеме деу ке­рек қой. Бұлар өздерін құр­бандыққа шалған топ.
Бас аяғынды! Мылтықтың ұңғысының ұшы арақаға қаттырақ тиді.
Түрменің әлде екінші, әлде үшінші қабатына айдап апарып, бір камераның есігін ашқанда, қолды шешіп, мылтықтың дүмімен итеріп, кіргізіп жіберген. Ка­мера­ның іші бос, тірі жан жоқ. КГБ-ның түрмесі емес, бұзақы-бұзатар­ларға толы түрмелерде әр камерада пәленше адам отырады деп еститін едік, мынасы түсініксіз. Торланған терезенің өзі түстік жаққа қарап тұр. Камераның қай тұсына орналасарымызды білмей сәл аялдадық. Төр, естуімізше, нағыз бандиттің орны. Енді онымен төбелесіп жату орынсыз. Сол жақ қабырғаның орта тұсына жайласқанбыз.
– Тек екеуіміз, ә? – деп Зейнолла таң-тамаша.
– Иә, бұған да шүкір.
Шүкір демеске лаж бар ма? Бұ­за­тардың бір тобын кіргізіп жатса, енді солармен айқасып қалу біз үшін пайдасыз. Біз сияқты саяси сотталғандарға үстеме пәле жал­ғап, «төбелес ұйымдастырды», – деп қосымша кесік жалғай салу түкір­геннен оңай. «Ей, Алла, шүкір!», – демеске болмас.
Бір түрменің ішінде пәленше ай жатсақ та көріспеген екеуіміздің ай­тарымыз жеткілікті. Бірақ, мы­на оңашалауларынан тағы сескен­дік. Әйтеуір, осы камераның бір жерінде бізді көретін көз де, тың­дай­­тын құ­лақ та барын ішіміз се­зе­ді. Бірер сөз айтып қана мыл­қау адамша ым­дасып, аман қалған жолдас-жор­а­лар туралы тіл қатыс­қан болдық. Таудың қуысында қал­ған машинка туралы пианино ойна­ған­дай саусақтарды билетіп, ол ту­ралы еш сезіктің болмағанына риза болыстық. Машинисткамыз Рым­кеш әйтеуір әзірше дін-аман. Ма­­шинканы тыққан жерімізді ұс­та­лардан тура бір ай бұрын ке­лін­­ше­гім Ғалияға жобалап көрсет­кен­мін.
Коридордан тағы бір шу шық­ты. Түрме айқай-шусыз болушы ма еді, тек мына шу біздің камераның алдында болып жатқанға ұқсайды. Біреуді біреу желкелеп жатқандай. «Жазығым не?», – дегенді құлақ шалды. Салдыр-гүлдір есік ашыла бас­­та­ған. Мылтықтың дүмі жауырынына қаттырақ тиген адам еңкеңдеп барып бойын түзеп қалт тұра қалды. Орта бойлыдан жоға­рырақ, сақал-шашына ақ кірген қазақ камераның тура орта тұсына отыра кеткен. Жылдамдата басқа­ны өзгешелеу көрінді. Тап осындай жүрісті біздің жақтың үлкендерінен көрген емеспін.
– Ассалаумағалейкум, ақса­қал.
– Әлейкумсалам, – деп ақсақал бетін бұрды. Көз жанары өткір екен, өн-бойымды тінте қарап шы­ғып, серіктесім Зейноллаға көз тоқтатты. Ақсақал үстіндегі қысы-жазы бірдей киюге жарарлық кө­не­тоз сырма бешпентін шешті де, бір өңірін астына төсеп малдас құ­рып отыра кетті. Мұнысы да таң­қал­дырған. Иә, біз бір-бірімізге бө­тен­біз ғой, ал мына кісі өзін тіп­ті бөтен сезінетін сияқты. Сәле­-
­мі­м­ді алғаны болмаса бізге мойынын да бұрғысы жоқ. Жобасы елуден асып кеткен ақсақал өзінен ширек ғасыр жас біздің кім екені­мізді де сұрамады. «Біздің жақтағы осы шамадағы ақсақалдар үйір­сектеу болушы еді, мына кісінің мұ­нысы қалай?», – деген ой келді.
– Ақсақал, ыңғайсыз жерге отырдыңыз ғой, төрлетсеңізші.
– Е, шырағым, төрлет де… – деп ақсақал күрсінді.
– Жасыңыз үлкен, төрлете отырыңыз.
– Төрге өрлеп болдық қой. Енді бізге төр не қажет? – деген ақсақалдың үнінде жабырқау, түңілу бар. Бетіме тағы бір үңіле қарады. «Неге үңіле береді? Көргенім жаңа, сенбейтіндей не жазып қалдым бұл кісіге?». Айт­пақ­шы, мен өзім де ешкімге сен­беуші едім. Ол жағдайым өзіме түсінікті. Үкімет пен партияға қар­сы жасырын жұмыс істеген соң, өмірім солай болуға тиіс. Ал, мына кісі… Құдай-ау, «совет үкіметіне де осындай бір шал қарсы шы­ғып­ты», – дегенді естіген емеспіз. Ахаң, Әлекең бастаған ақсақалдар отызыншы жылдардан бері асқан жоқ. Сонда, мына кісі кім? Тап Ахаңдар­дың тобынан жазатайым біреуі тірі қалып, түрмеден түрмеге кезіп жүрсе біз сияқты өрімдей жаспен тілдеспей қалмас еді…
– Ақсақал, ең болмаса жақын­дай отырсаңызшы. Тіпті, ұят қой мынауыңыз.
– Ей, шырағым, қайтесін ме­ні­мен араласып, әркімнің өз жөні­мен жүргені дұрыс. Мені бір кер­дең­деген адам деме, бірақ жөні солай болып тұр…
Дегенмен тегін адам емес, ға­лым шығар. Санамды белгісіз күдік биледі. Бірақ, біздің «халық жауын» әшкерелегіш, кешегі досын «жау ниетін білмей қалғыш­тарды» көпіртіп жазатын газеттер әзірге үнсіз. Сонда мына пенде кім? Ол кісімен тілдесіп отырған мен ғана. Серіктесім үнсіз тыңдап отыр.
– Кім деп түсіндік мына кісіні? – деп қалдым оған.
– Білмедім, – деп Зейнолла иығын көтерді.
Бешпентінің бір өңірін астына басқан ақсақал бір мезетте шалқа­лай берді де құлап түсті. Аяқ-қолы ербеңдеп, тыпырлап жатыр. Мұн­дайды көрмеген басым, түрш­ігіп кеттім. Ата-анамның, әжемнің «Алланың пендесіне әркез көмек­тесу парыз», – деп үйреткен. Жү­гіріп көмекке бардым, аяқ-қолын Зей­ноллаға уқалатып, аздаған суымыз бар еді, бетіне бүркідік. Бір кезде көзін ашты-ау… Өзіміздің де жан-теріміз шыққан. Басын көтеріп сүйемелдеп отырғыздық. «Ішіңіз», – деп берген суымызды бірер ұрттап барып дем алып, зорға тауысты.
– Ақсақал, не болды?
– Солай, шырақтарым.
– Ауру ма едіңіз?
– Жоқ, ауруым жоқ еді.
– Енді… – деп біз аңтарыл­дық.
– Басыма бірде соққы тиіп, сонан бері осындай күйге ұшыра­дым.
– Ақсақал, туысқандарыңыз бар ма еді?
– Бар, бірақ тым алыста. Олар мұнда келе алмайды, – деді.
– Ақсақал, айтыңызшы, сіз осы қай жақтансыз, – деп сұра­дым.
– Қарағым, мен Қытай жағы­нан келген қазақпын, тап кәзір Қарабас дегеннің түрмеден әкел­ді.
– Мұнда қалай тап бол­ды­ңыз?
– Е, қарақтарым, тағдыр да. Ал, өздерің бұл түрмеде қалай түс­тің­дер?
– А, ол… – деп бүгіжіктеп бір-бірімізге қарадық.
– Айта беріңдер, менен сөз шық­пайды.
– Саяси қылмыс істеп.
– Не дейсіңдер? – деген ақса­қал­дың көзі шоқтанып кетті.
– Жасырын саяси ұйым құрып, сонан ұсталдық…
– Сонан…, – деді ақсақал.
– Әр жағын тәтпіштеп қайте­міз. Осында бүгін келдік, тағы бір жаққа жіберетін тәрізді. Енді сіз өзіңіз туралы айтыңыз.
– Есімім – Дәлелхан болады.
– Дәлелхан дейсіз бе? Естіген есім сияқты. Бірақ, мұндай есім біздің жақта кездеспейді. Қызық екен. Менің інім бар еді, аты Жә­лел. Тым ұқсас аттар екен, – деп танданысымды жасырмадым.
– Иә, түбіміз қазақ болсақ та, әр жақта түрлі өзгешелік болады ғой.
– Ақсақал бізге жалтақтай қа­раған. Өңінде бір сенімсіздік бар.
– Сіз бұл жағдайға қалай тап болдыңыз? Өзіңіз Қытайдан келген екенсіз. Сізді соттайтындай ұрлық істеп, кісі өлтірген жоқ шы­ғар­сыз.
– Ондай пәледен аулақпын, бірақ тағдыр деген адамның тілегіне көнбейді екен.
– Енді не?
– Екі үлкен вагон түйісіп қалып, – деп Дәкең ақсақал қос жұдырығын бір-біріне соқты.
– Вагоны несі? Теміржолда істеп пе едіңіз?
– Жоқ, теміржолға жолаған пенде емеспін… Әй, шырақтарым-ай, екі дәу вагон түйісіп қалып… – Дәкең қолын сілтей салды.
Ештеңе түсінбедік. Ес жиып алайық, сонан соң тағы сұрармыз. Менің қапшығымда сынық сүйем қазы бар еді, алдына газеттің бірін жайып, азырағын турап қойдам.
– Алыңыз, Дәке, бұйырған ас шығар.
Бір тілімін алды да алақанына салып «бүйтемін деп пе едім?», – деп басын шайқап ұзақ отырды. «Құ­дай-ау, бұл не адам?», – деп бетіне жал­тақтаймыз.
Ақсақал бір кертпе қазыны ау­зына салып, ұзақ шайнады. «Болдым, рахмет!» дегеннің ишарасын білдіріп, қолын сүрте бастаған.
– Елдің дәмі ғой, – деп зор­ла­ғандай тағы бір турамын қолына ұстаттым.
– Әй, шырақтарым, қатерлі жаққа кетіп барасыңдар. Мен аштан өлмеспін. Өлсем, әйтеуір, қа­зақ жерінде сүйегім қалар. Мына азғантай астарыңды ешкімге көрсетпей енді тығып ұстаңдар, әлі қысыларсыңдар, берік болың­дар! Ал, енді маған ешкім көмек­те­се алмайды…» – деген Дәкеңнің дауысы жарықшақтана шықты.
Жарықшақ үнінде шексіз са­ғы­ныш, үмітсіз түңілу жатыр. Ақ­са­қалдың өкініші санамды тілгі­леп, жүрегіме қанжардай еніп бара жатыр.
Дәлізден тағы да шу шықты. Сол шуды қаһарлы да қатігез бір айқай басып барады.
– Қайда деймін? Әлгі …баевты қайда тықтыңдар?
Қаһарлы дауыстың қай «…баевты» іздегенін қалың шудан анық ести алмадық. Не қылса да оның осынша жұлқына іздеген адамы бандиттің өзі шығар деп іштей топшылаймын. Тек Дәкең ақсақал сабырсызданып, қозғалақтап, тізерлей отыра қалыпты.
– Мына камерада, – деген надзирательдің үні естілді.
– Иоп твою… «Оны ешкімге көрсетпеңдер, жолықтырмаңдар!», – дегенім қайда? Сен иттің баласы осы үшін басыңмен…
– Ойбай-ау, осында отырған екі жігіт те 58 статьямен соттал­ғандар. Сіз іздеген шал да 58-дің адамы. Сосын бірге қостық.
Сарт етіп есік ашылды. Тепкі тиген надзиратель етбеттей құ­ла­ған. Түтігіп кеткен еңгезедей дәу қара мен жанындағысы ақсақалды сүйрелей жөнелді. Есіктен аттай бере Дәкең артына мойын бұрып қарауға зорға шамасы келді.
– 58-бап, – деп серіктесім Зей­нол­лаға қарадым. Ол үнсіз. Теріс қарап, темекісін тұтатты.
«Сонда мына аз ғана уақыт біз­бен бірге болған ақсақал қай 58» деймін іштей. Қайы несі? 58 деген бір-ақ бап қой.
…Бала кезімнен естіп-біл­ге­німді, оқыған-тоқығанымды санамда қайта жаңғыртып жатырмын. Біздің үйде әкеммен сырлас, бір-біріне сенетін ақсақалдар бас қосқанда іштегі сырларымен бөлісетін. Оқушымын. Оқулықты бетіме жапсырып, оқыған болып күбірлеп, кейде сыбырға көшкен әңгімелерін үздіге тыңдаймын. Иә, бір жолы үйге Алтыбай, Тұң­ғыш­бек, Тайбектің Омары деген үлкендер келген. Әңгіме өткен жылдар туралы. Белсенділердің талай сұрқия істері айтылды.
– Отыз екі осы Шет ауданының отыз екі мыңнан астам адамын жалмады, – деп қалды Омекең.
– Несін айтасың? Бір ауылдан бір бала қалмады ғой, – деп күр­сінді Тұқаң.
Бәрі үнсіз отырып қалған. Меңі­реу тыныштықта екі бөлмелі аласа үйдің ортасындағы пеште жанған оттың гуілі ғана естіледі. Тырс етіп еденге шоқ түсті. Әкем Жүніс шоқты таяқтың ұшымен әрірек сырғытып қояды. Мен кітапқа үңіліп, күбірімді үдете түс­тім. Үнсіздікті Алтекең бұзды.
– Әй, әлгі самолет құлады деген бар ғой…
– Қай самолет?
– Шығыс Түркістанның басшыларын алып, Мәскеуге беттеген ше?
– Иә, оған не бопты.
– Құлады дегені өтірік екен. Са­молет Ташкетке қоныпты. Ішіндегілерді…
– Әй, оны қайдан естідің?
– Естідік қой.
Қайдан естігені туралы ешкім жіктеп сұрамады. Естіді – болды. Бұлар оны ешкімге айтпайды. Осы азғантай топ ішкі сырларын айтуға әбден сеніскендер, қатал өмірдің сынынан өткендер.
– Ішіндегілерді, – деп қалды Омекең.
– Соттап жіберген шығар. Тұқаң серіктестеріне бажайлай қарады.
Ешкім үн қатқан жоқ. Мәселе­нің шетін шығарған Алтекең еш­теңе естімеген адамдай шақшасын сипалап отыр. Мен күбірлеп кітап оқығансимын. «Кімдер екен?», – деген бір сауал санамның түкпі­рінде қалып қойды.
Енді, міне… Япырым-ай, Дәкең ақсақал солардың бірі болмаса игі еді. Не қылса да осы ақсақал тегін адам емес. 58-баппен сотталған. Талай құқайды көріп, талай арандатуды басынан кешкен адам екеніне енді жүрегім сенген. Сол арандатушының бірі ме деп бізге де сене алмай кетті-ау.
Түрменің күні де түн ғой. Те­резе­нің аты терезе, оған ауызын көкке қаратып қалпақ кигізіп қой­ған. Тұтқынның көзі жарық сәу­ле­ге, әрі-бері ел ағылған көшеге түс­­пейді. Көретіні төрт қабырға, терезені жапқан қалпақтан жаң­бырдың тамшысындай ғана сәуле сығалайды.
Біз отырған камераға тағы бір төртеуді әкеліп тықты. «Әй, осылар қайдан келді?», – деген күдікті ой келсе де, аужайын аңғарғым келіп: «Проходите, парни!» – дедім. Орта бойлыдан сәл жоғары шомбалдауы ызғарлана тісін қайрады.
– Вон там, наши места, – деп тікелей төрге озған. Екінші жіңіш­келеу сары төрдегі орынды қал­па­ғымен сыпырып тастады. Үшінші­сінің де оңып тұрғаны шамалы. Төр­тіншісі тәпелтек біреу, аузы-аузына жұқпайды. Қаңыл­тыр­дай неме желге ұшып кетпей неғып жүр дегендейсің. Бір бұтақтан екінші­сіне секірген шымшық сияқты тыным таппайды.
Азғантай ауқатымыздан ауыз тиіп, жиналып біз екеуміз отырмыз. Келгендердің төртеуі де орыс. Өзара күбір-күбір етеді. Біздің ауыл көк көзді – тұздай деуші еді, шомбалы сол тұздайдың өзі. Неге екенін қайдам, орын ауыстырған­сып, біртіндеп бізге жақындады. Сырғи-сырғи таяқ тастам жерге келді, сосын ұзақ күбірлесті. Ниет­терінің түзу еместігін біз де түсін­дік. Сескенген серігім менің ту сыртыма келіп отырған.
– Мыналар.., – деді ол.
– Иә, беттері солай. Қорық­қа­ның­ды білдірме. Бір айқассыз біт­пейтін түрі бар. Байқап отырмын, шомбал дәудің бокстан хабары жоқ.
Иә, менің де боксер болайын деген ниетім жоқ еді. Бірақ «кім белгендіні» ойлап, біраз жұ­ды­рық­тасқам. Тәп-тәуір нәтижеге де жет­кенмін. Қарсыластарым «соққың қатты», – деуші еді. Енді, міне…
– Мен шомбалды бір ұрғаннан қалдырмауға тырысам. Сен жіңіш­ке сарыға ие бол. Ал, қаңбақ шал өзі безіп кетер. Сен тек қана шыдас бер, – деп қарсы қимылды ойлас­тыр­­ғанбыз. Ақыры бет-ауызы бұ­жыр-бұжыр шомбал қара:
– Ей, сендер тамақтарыңды бізге берің­дер. Оның сендерге қажеті жоқ, – деген ұры-қарының үкімін жет­кізді.
– Ана, киімдеріңді де шешің­дер, – деп сықылықтады қаңбақ шалы.
– Кәне, тездет, – деп бұйырды біреуі.
– Жә! – деп мен сол қолымды көтердім. – Біз «58» деген баппен сотталғандармыз. Ол туралы біле­сіңдер ме? Бұл – саяси бап. Тағы айтамын, біз саяси қылмыспен
отырмыз.
– Мейлі 108 баппен соттал, он­да біздің шаруамыз жоқ. Кәне, орын­да айтқанды, – деп бір тізер­леп таяи түсті. Атып тұруға ыңғай­ла­нып, біз де бір тізерлей қалған­быз.
– Бір минут сабыр ет. Тыңда. Сонан соң көрерсің
– Ал, – дейді шомбалы.
– Большевиктерге революция жасау үшін ақша, қаражат керек болған. Олардың біраз адамдары қаражат табу үшін банкілерді тонаған, вагондарды ашқан, онан да басқа не қилы қылмыс жасап, сотталған.
– Оның бізге не керегі бар, онан­ да айтқанды орында.
– Сәл тыңда. Біз де жаңа революция дайындап жатқандармыз. Жүздеген, мыңдаған адамдарымыз түрмеде. Түрме заңын білесіңдер, сендер бізге істегендеріңді таң атқанша бар түрме біледі. Бірер күннің ішінде совет одағының барлық түрмелері естиді. Сонда сендер барған жерде, сол лагерьдегі біздің адамдар сендерді қалай қарсы алатындарын ойлаңдар. Сендерді қорлап, зорлап ақыры өлтіріп тынады. Ал, келіңдер…
Шомбал қараның көзі ақшиып аспанға шығып кетті, өңі сұп-сұр. Құйрығынан жылжып әрмен қарай шегінген. Қалғандары қалғандай апыр-жұпыр кері сырғыды. Иә, табан асты тапқан айланың пайдасын көрдік.
Петрпаулдың түрмесі, Абылай­дың Ақ үйінде, «камера смертников» деген жазалы орынға апарып тыққан. Ұзыны екі, ені бір метр, тере­зесіз көрдей қараңғы, едені це­мент, ызғырық соққан тар қапас. Бар киімім жалғыз қабат көйлек, аяқта тәпішке. «Бір жендеті келер, бауыздар» деп екі тәулік күтіп отыр­­ғанда Дәкеңнің «Енді маған ешкім көмектесе алмайды» дегені дәтке қуат болған.
Челябінің түрмесінде пышақ­тас­тық, лагердегі карцерде дубинкамен сабалдық, талай құқай бас­тан өтті. «Енді маған ешкім…» Жоқ, қайда жүрсем де есімнен кет­педі.
…Сот кескен мерзімді орындап, елге оралдық. Бұрын бірер жыл оқыған едік, ол жойылып тынған. Институттың сырттай бөліміне қайта оқуға түскенмін. Күні-түні аңдудамыз. Сыртымыздан байқап жүрген Мұқановпен де, Қабдірасов­пен де сан рет «байқаусызда» кез­десіп қалдық. Тіпті, бір жыл Диет асханасының алдында бір стакан қымызға қол жетіп, ішкен едім, сел боп ағып, көйлегім денеме жабысып қалды. Біреудің мысқылдаған дауысына жалт қарасам, ыржыиып мәз болып майор Мұқанов тұр…
КГБ-нің ғимаратына жақын ескі мейрамханада жатамын. Кешке жазғы театрдың артындағы паркке барып қыдырамын. Сондай бір күні майор Қабдірасовпен ұшыра­сып қалдым. Сәл ішіңкіре­ген.. Мені сөзге тарта бастады. Ретін тауып, сол жылы Қараған­ды­ның он алтыншы түрмесінде ойда-жоқта кездескен ақсақал жөнінде сұра­дым. «Енді маған ешкім көмек­тесе алмайды», – деген сөзін де жет­кіз­генмін.
– Е, ол шал шынын айтпаған ек­ен ғой, – деп майор Қабдірасов ішегі қата күлді.
– Ол кім өзі?
– Жоқ, оны айтуға болмайды. Сек­рет. Бар әңгіме осымен біткен. Сөйтіп күдіктің үстіне кү­дік жа­малған. Ұры-қарының, бан­диттің нендей қылмысы болса да есімі айтылар еді. Айтылмағаны – Дәкең ақсақалдың саяси қыл­мыс­кер болғанының айғағы. Оның ішінде мемлекеттер аралығындағы, өзара келіскен, әбден мөрленген құпия. Солай екеніне әбден сенген­мін.
Бұл уақиғаны айтудан жалық­қан емеспін. Тоқсаныншы жылдар­дың орта кезінде Алматыдан біреу телефон соқты. «Сіз Дәлелханмен түрмеде бірге отырыпсыз, соны бі­лейін деп едік», – деген сауал таста­ған. Болған жағдайды айтқан­мын.
Ақыры, Дәкең ақсақалдың су­ре­тін сұратқам, жедел көмектес­кен Дәулеткерей Кәпұлы. Иә, он ал­ты­ның түрмесінде мен көрген кісі – осы адам. Суретте жастау, әрі кү­ті­мі бар адам екен. Біздің көрге­ні­міз тағдырдың бар тауқыметін көріп, қажыған, тарыққан ақса­қал.
Тағдыр бізді Шығыс Түркістан­ның атақты басшыларының бірі Дәлелхан Сүгірбаевпен осылай кездестірген еді. Тағдыр осылай орайластыруының өзін тегін деп айта алмаймын. Кездейсоқтықтың соңында әлем иесіне ғана белгілі заң­дылық, қажеттілік жатады-ау…

ПІКІРЛЕР1
Ақияр 10.02.2018 | 14:12

Атамыз марқұм. Жаны жəннəта болсын! Тағыда тың ақпарат болса бөлісе жатарсыздар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір