Жұмақ
12.01.2018
2168
0

Кикучи Кан
(1888-1948)


Кйоушидегі (Киотоның көне атауы. Ш.Ж.) Муромачианэгакоуджикударуды мекендейтін бояушы Оумия Соубээнің қарт шешесі Окан, 1805 жылы екінші айдың жиырма үші күні, алпыс жасында апоплексиядан кенет көз жұмды. Азапсыз, жеңіл өлім. Күйеуінен айрылғалы бері Окан өлімге жетер күнді асыға күткен. Ата-бабасынан бері дінге берік, өлімнің мәніне жас кезінен имандай сенді. Күйеуі дүниеден озғалы күндіз-түні Онишисамаға (Жұмақтағы өмір ілімін үйретуші пір. Ш.Ж.) сиынумен өткен.

Дінге әбден берілген егде кісілер әдетте келініне күн көрсетпей, жас­тарды «осыдан тезірек құтылсақ» дей­тінге жеткізіп, ығыр қылады ғой. Ал Окан керемет кісі еді. Туыстары осынау ізгі, мейірбан да мейірімді, оған қоса ширақ кемпірдің өмірі жар­ты жыл, бір жылға болса да ұзар­са екен деп тіледі. Оканды жерлеу рәсімінде туыстарының зарлаған дауысынан жалғандық пен жасан­ды­лықтың титтей де белгісі көрін­беді.
Окан жұмаққа деген үмітін ая­лаған күйі туыстарының жүректен шыққан зарымен бірге жайлы өлімге жетті. Ол талай пенде өткерген ақыр­ғы сәттің азабын да сезген жоқ. Бұ­дан артық жайлы өлім болмас. Оканның баяу сөнетін күздей күңгірт санасы бақиға азапсыз аттанғанын сезді.
Соубээнің үлкен қызы, биыл он бірге толатын Ошюн — кемпірдің тұңғыш немересі. Осы немересін ол қатты жақсы көретін. Үздіксіз сұң­қыл­даған дауыс алғаш өлім құшағына еніп бара жатқан Оканның көкірегін қарс айырды. Бірақ сүйікті немере қыздың жылаған даусы Оканның сөніп бара жатқан санасына рухын мәңгілік ұйқыға шақырған ритми­ка­лық бесік жырындай әсер етті. Жастығының түбіндегі дауыстар бірте-бірте алыстап, жанға жайлы, нәзік, торғайдың шырылындай дыбысқа ұласып кетті. Сол арада шйоу үні (Будданың діни құралы. Ш.Ж.) естілді. Сол шйоудың ды­бысы оның тірі кезінде тыңдаған шйоу үнімен салыстырғанда әдемі де нәзік еді. Көзі тірісінде Ко­мон­дзэкисама­ның (Тектілер мен им­пера­тор әулетінің діндары. Ш.Ж.) өзі ұрған шйоудың дыбысы оны осыншалықты рахатқа бөлемеген. Шйоудың дыбысы біртіндеп бәсең­дей берді. Оканның пәнилік санасы өшті.
Сананың қайта оралуына қанша күн, қанша ай әлде қанша жыл кетеді, білмейді. Оканның байқағаны бұнда таңғы сәуле, кешкі шапақ та емес, не күндіз не түнге тән емес, тү­сінік­сіз бір әлсіз жарық қана. Оң жағы да, сол жағы да қою қараң­ғылық. Аяғының асты да лас ескі мақта тәрізді қараңғылық. Оған оң мен сол, жоғары жақ пен төменнен гөрі алды жарығырақ көрінді. Жылт-жылт еткен жарыққа оранған солғын қараңғылық. Окан айналаға қара­мастан тек алға ұмтылды.
Әйтеуір жер асты патшалығына келгенін біледі. Бұл жұмаққа әлде тозаққа барар жол ма деп, күмән­данған. Бірақ Амиданың дуасына сенетін Окан бұл бағыт жұмаққа апарар жалғыз жол екеніне иланды. Ол «намуамидабуцу» деп қай­талап, бар ынтасымен ілгері жылжыды. Жол ұзақ. Уа­қыт та ұзақ. Әл­сіз қа­­раң­­ғылық ішінде түн де, күн­діз де жоқ. Қан­ша жаяу жүр­ге­нін білмейді. Қа­шық­тығын өл­­­шей ал­мады. Уа­­қыт­пен өлшеу­ге шам­асы кел­ме­ді. Тек бар қуа­тын жинап ұз­­ақ жүргенін бі­леді. Бір ғажа­бы аяғы да, белі де тал­мады. Пә­ни дү­ниеде Они­шиса­маға барып, қайт­­қанда үйдің табалдырығынан ат­тауға сүйегі сынып кетердей қал­жыраушы еді. Ал қазір аяғы да, белі де ауыр­май­ды.
Қанша жүрді екен, бағытынан адасты. Тірі кезіндегі уақытқа шақ­қанда он күн әлде жарты ай жүрген шығармын деп ойлады. Бір қызығы қарны ашқан жоқ. Жүріп өткен қашықтықты өлшеу қажет емес. Тек әлсіз қараңғылық ішінде алдағы жылтыраған жарықты ілдәлдә ғып, барынша ілгерілеуден басқа амалы болмады.
Ешқандай бөлінісі жоқ шексіз уақыт пен жолды Окан барын салып жалғастырды. Жол ұзарған сайын батылдықпен ілгеріледі. Айнала қараңғы. Артына бұрылып қараса түйдек-түйдек қараңғылық қалыңдап барады. Алда әлсіз жарық көрінеді. Жол қаншалықты ұзаққа созылса да жұмаққа жетері анық. Өзі талай есті­ген ізгі өсиетте айтылатын бейішке кіреді. Күйеуі Соубээмен он жыл өт­кенде кездесейін деп тұр. Осыны ойлағанда Оканның бойына жаңа қуат құйылып, кәрі аяғына күш бітіп, жүрісін жалғады. Не қараңғы­лық іші, не бұлттың арасы, не жер беті екені белгісіз, жол үстінде қанша күн өткенін білмейді. Күн емес, айды санаса да, қанша ай өткенін біле алмады. Бәлкім он екі жыл өткен шығар. Окан жүріп барады, ойланып барады. Жол өте ұзақ. Бірақ Окан жігерін жоғалтпады. Талмастан жүре берсем, әйтеуір жұ­маққа жетермін деген үмітін үзбеді.
Оканның үміті жүзеге асар сәт туды. Бұған дейін ондаған әлде жүз­деген ри жүрді ме, білмейді. Жұқа қағазды сыдырғандай әлсіз қараң­ғылық ағара бастады. Окан жүрісін бұрынғыдан жылдамдатты. Кәрі аяқтың шамасы жеткенше жылжы­ды. Қадам басқан сайын қараңғылық жұқара түсті. Бір кезде қараңғылық ішіне сүттей ақ сәуле құйылды. Сәу­ле бірте-бірте мола­йып, айнала жап-жарық боп кетті. Окан Күн мен Ай­дың сәулесінен де өткір нұрдың ішіне енді. Алғашында басы айна­лып, заттың сұлбасы анық көрінбеді. Бірақ сәл көзін тігіп қарап еді, ая­ғының түбінде жарқырай сәуле шашқан алтын ұнтақтар мен күміс ұнтақтар Камогава тасындай боп, шашылып жатыр екен. Төбеге қарап еді, алтын көкжиекті әуе кеңістігінде шоғыр-шоғыр күлгін бұлт. Окан жұ­мақ­қа келгенін ойлағанда көкірегін шаттық кернеді.
Байқаса өзі тұрған жерден бір чйоу ілгеріде Онишисаманың Чйокуши қақпасынан он есе үлкен сарай тұр еді. Окан сол қақпаны жұмақтың есігі деп ойлап, жақын барды. Барып қараса қақпа есігі айқара ашық екен. Қақпаның ар жағындағы көрініс ізгі сутрада су­реттелгендей, Жеті қазына көлінен аумайды. Кристалға малынғандай Хакудокусуй (Жұмақтағы қасиетті су. Ш.Ж.) меймілдеп тұр. Су түбіне алтын ұнтақтар төселіп, аспаннан нұр құйылуда. Суды бойлай, дөң­гелек қызыл, аппақ лотос гүлдері қаулап өскен. Суда алтын-күмісі жарқ-жұрқ еткен зәулім сарай қалқиды. Зәулім сарайды айнала маржан мен ақыққа малынған Шичиджиухоуджю асыл ағашы тізі­ліп тұр. Асыл ағаштың бұтағына ақ кугуй, тауыс, шяри, карйоубинга (Жоғарғы бөлігі адам, төменгі бөлігі құс боп келетін Будда дініндегі мифологиялық образ. Ш.Ж.), гумйоу сияқты құстар қонақтапты. Окан жұмақты көрген сәтте қуаныштан көзіне жасы үйірілді. Жұмаққа түскеніне қатты қуанды. Комон­дзэкисамадан бастап Оджоусама өсиетінің ақиқатынан әсерленді. Егер иманы әлсіз боп, бұл бақытты жіберіп алғанда тозаққа түсер ме еді? Тұла бойы дірілдеп кетті. Окан бар пейілімен «намуамидабуцу» деп қайталады. Сол сәтте Амиданйорай пайда болды. Будда қолын созған Оканды күйеуі Соубээ отырған лотос тұғырға бастап әкелді. Окан көптен көрмеген күйеуінің сұлбасын көргенде қуаныштан жылап, бас салды. Бірақ Соубээ ешқандай қуанышты түр көрсетпеді. «Сен де келдің бе?» дегендей, орнынан жылжып, Оканға тұғырдың жарты­сын босатып берді.
Оканның көңілі жайланып, күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі өмірін түгел баяндады. Баласының шаруашылықпен мықтап айналыс­қанын, келіні Офумидің өзіне мейі­ріммен қарағанын, немере қызының сүйкімділігін әбден әңгімеледі. Сөй­тіп пәни дүниенің жыры көп күнге созылды. Бір әулеттің ішіндегі әңгі­мені бірнеше рет қайталады. Таныс­тары мен туған-туыстың жайын да қайта-қайта айтты. Гион мен Кйоу­гокудың өзгерісінен де хабардар қылды. Карйоубинганың нәзік үні шарықта­ған аспан астында Окан шешіле сөйледі. Соубээ қызыға тың­дады. Бірақ бірнеше күн өткенде әңгіменің көбі таусылды. Окан әңгімесін бітіріп, көңілі жайланып, жұмақтың көрінісін қызықтауға көшті. Қайда қараса да жарқыраған сәуле құйылып тұр. Аспаннан нәзік әуен үздіксіз естіледі. Окан елтіп отыр. Қуанышты күндер жалғасты. Ыстық та, суық та сезілмеді. Аш­көздік те жоқ. Жүз сегіз адасу мен азап жүректен түс сияқты ғайып бол­ған. Жүрек тап-таза, мөлдір жұ­мақ аспанындай тұнық еді.
— Шынымен де жұмақ екен. Инемен піскілеген азабы жоқ, — деді, Окан Соубээге бұрылып. Соу­бээ жауап қатпады.
Ұқсас күндер бірінен кейін бірі өтіп жатты. Күн сайын әуеден көк­тем нұры құйылады. Мөлдір тұнық аспанда тауыс құс пен шяри әдемі қанаттарын жайып қалықтап жүр. Пәни дүниенің қайғысы мен азабы жоқ. Жел де соқпады. Жаңбыр да жаумады. Лотос гүлінің күлтесі дір етердей өзгеріс білінбеді. Оканның іштей есебі бойынша, бес жыл бо­лыпты лотос тұғырда отырғанына.
— Қашанға дейін отырар екем? — деді Окан, бір күні Соубээге.
Соубээ қынжылған түр көр­сетті.
— Мәңгілік, мәңгілік…
— Бұлай болмайды ғой. Он, жиыр­ма жыл бойы отырған соң бас­қа әлемге бармаймыз ба?
Соубээ мырс еті.
— Жұмақтан басқа мекен бар ма? — деді де, үнсіз қалды.
Окан Соубээ сөзінің шын екенін ұқты. Қасиетті өсиеттен де, Оджоу­са­маның ғибратнамасынан да жұ­мақтан артық әлем туралы кез­дестірмепті. О дүниелік болған соң одан артық болмыс жоқ деп ойлады ол. Окан бес жыл бойы рахат өмір сүрді. Ол бәрінен де қиындықтың жоқтығына қуанды. Нәзік әуенді тыңдай берді. Бесінші жылы Окан күйеуіне тағы сөйледі:
— Қашанға дейін отырар екенбіз? Басқа мекенге қашан барамыз?
— Мәңгілік, мәңгілік, мәңгілік, — деп, Соубээ бес жыл бұрынғы қалпында қынжыла жауап қатты.
Окан күйеуі жақтырмаған түр көрсеткен соң көңілі түсіп, үнсіз қал­ды. Тағы екі-үш жыл өтті. Ма­мыра­жай, күйбеңсіз, шаттықты күндер жалғаса берді. Окан қамсыз. Бірақ осы қамсыз тірліктен жалық­қан ол Шичиджиухоуджю асыл ағашына да алғаш рет жұмаққа кел­ген кездегідей сүйсінбеді. Енді оған Карйоубинганың шырылы да қызық емес. Бірақ бұнда пәни дүниедегі қайғы мен азап жоқ қой. Сөйтіп тағы бес жыл өтті.
— Қашанға дейін отырар екен­біз? Қашанға дейін, бұнда бола­мыз? — деді, Окан Соубээге.
— Ой, мылжың! Мәңгілік, мәң­гілік! — деді де, үнсіз қалған Соубээ көзін жұмды.
Қамсыз, жайлы күндер жылжып, тағы бес жыл өтті. Он, жиырма жыл да сырғып кетті. Отыз жыл артта қалды. Оканның жұмаққа келгеніне елу жылға жуықтап қалды. Шичи­джиурамоу да, жеті қатар боп тізілген асыл ағаш та Оканның жанына әсер етпеді. Карйоубинганың шырылы құлағына түрпідей тиді. Елу жылға жуық уақыт ішінде өзгеріс болмаған соң бәрін көруден де, естуден де жалықты.
— Расында, қашанға дейін осында отырарымды білмеймін. Жүз жыл ма, мың жыл ма, отыра берерміз, басқа жаққа бармайтын шығармыз.
Окан күмәнді ойын Соубээге білдірді. Үнемі қасында отырған соң Соубээнің түрі де жирендіре баста­ған.
— Ой, мылжың! Мәңгілік, мәң­гілік! — деп, Соубээ баяғы жауабын қайталады.
Оканның тіптен еңсесі түсіп кетті. Пәни дүниеде иманы берік боп, келешекте бейіште туылатынын ойлағанда қуанушы еді. Жұмақты бар пейілімен тілеген оған жерлеу рәсімінде немере қызының қайғылы дауысы да ғажап дұғадай естілген. Пәни дүниеден жұмаққа жағымсыз, әлсіз қараңғылықтың ішімен бара жатып, алдағы бақыт туралы ойла­ғанда бір сәтке де тоқтамап еді. Бір сарынды ұзақ жолмен жүргенде де жүрегі алып ұшып, зерігуді сезбеген. Табандылық рухы жүрегінің түбінде бұрқылдап жатты. Ал енді сол жұ­мақ­қа келіп қараса, расында азап-қайғысыз, кәрілік пен өлім қасіретсіз мекен екен. Тыныш та қамсыз тір­ші­лік мәңгілікке жалғасып жатыр. Окан бұл күйдің ұзағынан жалғасаты­нын ойлағанда қапаланды. Бірақ Окан зеріксе де зерікпесе де бірінен бірі айнымайтын тыныш та мамыра­жай, нұрлы күндер созыла берді.
Он жыл өтті. Окан мен Соубээ есінеп отыр. Окан кенеттен былай деді:
— Тозақ деген қандай болады өзі?
Осы кезде Соубээнің жүзінен де қызығушылық ұшқыны білінді.
— Иә, қандай мекен екен? Қор­қынышты шығар. Бірақ мынау сияқты жалықтырмас.
Осылай деп Соубээ үнсіз қалды. Окан одан артық сөйлемеді. Тозақ көрінісін әрқайсысы өзінше көз­деріне елестетті.
Тағы да оншақты жыл өтті. Жыл­дар жылжыған сайын Окан үшін жұмақтың қызығы да азайды. Елу, жетпіс жыл өтсе де лотос күлтесінің бір талы түсердей өзгеріс сезілмеді. Соубээ де бөтен әңгіме айтпады. Айтылатын әңгіменің барлығы олар үшін ескі еді. Екеуі әлі көрмеген «тозақ» туралы жырға ғана тебіренді. Қиялдарын мейлінше шарықтатып, қан көлі мен істік тау көрінісін майын тамыза сөз етісті.
Екеуі осылайша қолы жетпеген «тозақ» суреттерімен аңсарын басып, лотос тұғырда мәңгілік отырған болар…

Жапон тілінен аударған
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір