Құман Тастанбеков

0
121 қаралды

ЖҰБАТУ
(«Құман – Өлді!» – дегенде )

Қамсыз –
Еліңе,
Қапыл –
Қайрылып,
«Шыққан» –
Есіңді:
Қайта –
Жия тұр?!
Уай!
«Төлегенінен»,
Аңсыз –
Айрылып,
Аза –
Тұтуда:
«Әкем.Театр»!

Аспан да,
Жер де –
Азынап,
Түнектеп –
Тағдыр-Тұманы:
Қайнай да Қайнай –
Қожынап,
«Отынан» –
Түсті…
«Құманы»!

Құйрық-Жалын –
Тұлдап…
«Боз-Аттың»,
«Жібек-Аруы»:
Таусылып –
Жылайды!
Жас-Досым,
Бүгін,
Қазақтың:
Махаббаты –
Өлген…
Сыңайлы!

Мен де,
Өзіңдей –
Ебіл-Дебілмін!
Сабыр –
Ет,
Қалқам,
Сабыр –
Ет?!
Махаббатсыз –
Бос…
Дүние-Жебірдің:
Атасына –
Мың Лағынет!!!

ИРАН-ҒАЙЫП.
18.12.2017.


Дүниеден,
Құман құрдас, сен де кеттің…

Дүниеден, Құман құрдас, сен де кеттің,
Актер болып халқыңды тербеп өттің.
Сен енді бұл өмірден асығыстау,
Мәңгілік сапар кешкен елге жеттің.

Пәниде кешкен жоқсың сағым жолды,
Тағдырың өзің сүйген бағын көрді.
Қазақтың Төлегені өзің болып,
Қазақтың Қыз Жібегі жарың болды.

Шөл даланы кезгендей жұрт қалғыған,
Не бір жолдар өмірде күтті алдыңнан,
Әлім – Шекті – Жақайым Қыз Жібегі,
Тагдырың боп табысып шықты алдыңнан.

Қайда тартып барасың із біледі,
Өмір бұл олай-бұлай жүздіреді.
Төлегендей түлғаның жары болды,
Меруерті – Қазақтың Қыз Жібегі!

Ұланғайыр сапарлы ұлан жолдың,
Ортасында ежелгі Тұран көрдің.
Өтекештің Меруерті Қыз Жібек боп,
Тұлғалы Тастанбеков Құман болдың!

Айналған Алатаудай ақиыққа,
Ұлыны тірісінде таниық та,
Осы тағдыр жетеді бір адамға,
Мәңгілік қалу үшін тарихта!

Өмірде тірлік өтер тосын бәрі.
Сөз етіп, жыр етеді сосын бәрі,
Ол тарих – Төлеген мен Қыз Жібектің,
Ғасырлардан соң қайтадан қосылғаны!

Кидің бе, кимедің бе мол шекпенін,
Аз емес бұл дүниеден енші еткенің.
Сонда да бұл өмірден Құман тұлға,
Өкінішті ертерек жол шеккенің!

Өмір Ұлы – сұлу, әрі нар жігітке,
Жауап бердің бұл күні сан күдікке.
Қазақтың Төлегені тарихқа еніп,
Сен кетіп бара жатсың мәңгілікке!!!

Шөмішбай Сариев


Құман Тастанбековке

…Қыз Жібек – Төлегенінен,
Меруерт – Құманынан айырылды.
Ажырамас қос аққудай еді…
Аққу – сыңарынан айырылды.
Алаңсыз жатқан айдын-көл,
Мойнындағы тұмарынан айырылды.
Құзар шыңдардан ғана құлап ұшатын,
Қазақ – алтын баулы қыранынан айырылды…
Айырылмай қайтсін?.. Азасын айтсын, ал енді,
Өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды…
Қайғырсаң, қабырғаң сөгілердей,
Қамықсаң, қара нөсер төгілердей,
Жабықсаң, жаның егілердей, бұл – өлім;
Сілкіп алды-ау, бар қазақтың жүрегін.
Жұрты қалды-ау, қаралы ту құшақтап,
Жұбата алмай мұңға батқан мына елін…
Жары қалды-ау, қара жауып басына,
Ақбоз аттың жүрегіне ұстап жүгенін…
Арысым-ай, арда өнерді ар көрген.
Тарықпаған тақыр жерден, тар жерден.
Тәңір өзі – сенің тазалығыңа,
Аққудайын адал жаннан жар берген.
Сымбатыңа, сырлы жүзің жарасар,
Сегіз қырлы сиқыр менен сән берген.
Бар қазақтың бақыты үшін жаралдың,
Намысыңды найқалмайтын нар көрген.
Жігерімді құм қылам-ау, жыласам,
Мына қайғы құл қылады-ау, құласам.
Кеше қалай кеш батты екен?
Білмеймін,
…Бүгін неге бір түрлі атты мына таң?!
Өзегімнен өлең – өксік боп шықпай,
Өзімді-өзім енді қалай жұбатам?..
…Меруерт – Құманынан айырылды.
Аққу – сыңарынан айырылды.
Құзар шыңдардан ғана құлап ұшатын,
Қазақ – алтын баулы қыранынан айырылды…
Айырылмай қайтсын, азасын айтсын, ал енді,
Өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды…

Бақыт Беделхан.


Пікір қосу