АСАНӘЛІНІҢ ҚОС ТОМДЫҒЫ
ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толуына арналған шара аясында «Асанәлі Әшімұлы» екі томдық кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Іс-шара ҚР Ұлттық кітапханасының Өнер бөлімі жанындағы «Інжу-маржан» клубы аясында ұйымдастырылды. Кездесуді жазушы, журналист, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жүргізді. Алматы қаласы Әкімдігі қолдауымен жарық көрген екі томдықтың тұсаукесерінде қала әкімінің лебізін Мамай Ахет жеткізді. Қазақстанның халық әртістері: Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, ақын Шөмішбай Сариев, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл және т.б. тұлғалар тұсаукесер рәсіміне қатысып, Асанәлі Әшімовтің өнердегі, өмірдегі тұлғалық келбеті жөнінде әңгімелеп, ақындар жырдан шашу шашып, өнер адамдары тұсаукесерді әндерімен тербетті. Сондай-ақ, сахна өнерінің саңлақтары, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова, «Гүлдер» ансамблінің әншісі Сағат Әлдекенов, әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты Айбек Мұхаметалиев, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібай және т.б. әннен шашу шашты. Рәсім соңында А.Әшімов сөз алып, оқырмандарына жүрекжарды лебізін жеткізді.