Мен сендерді іздеймін

0
63 қаралды

Майдангер ақын, әдебиеттану­шы-ғалым Сағынғали Сейітовтің ұлттық мәдениет пен әдебиеттен ала­тын орны ерекше. Соғыстан кейінгі уақытта ұзақ жылдар Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғы­лы­ми қызметкері, Қазақстан Ком­пар­­тиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемле­кет­тік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институ­ты­ның аға ғылыми қызметкері бо­лып істеді. Осы институт қа­быр­ғасында жүріп «Қырық жылда», «Әдебиеттер достығы», «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәс­түрі», «Тоғысқан толқындар», «Туыс­­­қандық туғызған», «Өлең өл­кесінде», «Пушкин лирикасын қа­зақ тіліне аудару дәстүрі», «Қа­зақ-түрікмен әдебиетінің байланысы» монографияларымен әде­биет­тану ғылымына қыруар үлес қос­ты.

Ғалым зерттеулерінде әдебиет­тер байланысы аясында кеңес ха­лықтары әдебиетіндегі Маяковс­кий мен Пушкин дәстүрі тың­ғы­лық­ты зерттелді. Сол зерттеулерден көзге тү­сетін бір мәселе – соғыс даласын­да қан кешіп келген майдангердің ғылымдағы ерлігі. Алаш арыстары ресми ақталмаған, кеңестік дәуір тұ­сында А.С.Пушкиннің «Пай­ғам­барын» қазақ тілінде сөйлеткен
І.Жансүгіров, Қ.Бекхожин аудармаларын Алаш ардақтысы Қ.Ке­мең­герұлының тәржімасымен салыс­тыра сөз ету – майдангер ғалым­­­ның ғана қолынан келетін ерлік еді. Ғалымның қазақ поэзия­сындағы Пушкин дәстүрін 1915 жылғы «Ай­қап» журналында жа­рияланған Қош­ке Кемеңгер­ұлының «Пай­ғам­ба­рынан» бастап сөз етуі орынды.
2010 жылы Институттың Ғы­лы­ми кеңесінің ұсынысымен ға­лым­ның «Қазақ-түрікмен әдебие­тінің байланысы» атты моног­ра­фиясы жа­рық көрді. Араға жиырма жылдай салып жарияланған зерттеу қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесін көтеруімен құнды. 1980 жылдарға дейінгі қазақ-тү­рікмен әдеби байланысы «Көрұғлы» дастаны, ақындар Мақтымқұлы мен Берді Кербабаев шығармалары төңі­регінде тыңғылықты зерттел­ді.
Сағынғали Сейітов туралы сөз ет­кенде, тағы бір мәселені айтпай ке­туге әсте болмайды. Ұлы Жеңіс­тің 65 жылдығы қарсаңында Әде­биет және өнер институты майдан га­зеттеріндегі өлеңдерді жинап, «Майдан жырлары» деген жинақ шы­ғармақ болды. Алматы қала­сын­­дағы Қазақстан Республикасы Ұлт­тық кітапханасы мен Орталық ғы­лыми кітапхана қорында сақ­талған «Отан үшін», «Алға жауға қар­сы», «Жауды жоюға», «Жауға қар­сы аттан», «Қызыл Армия», «Ста­лин туы», «Суворовшы», «Май­дан ақиқаты», «Отанды қо­р­ғау­да», «Майдан правдасы», «Отан үшін ұрысқа», «Қызыл әскер ақи­қаты», «Отан намысы үшін», «Совет жауынгері», «Сталиндік жауынгер», «Дабыл», «Жеңіс туы» сияқ­ты газеттердің тігінділерін жи­настырғанымызда олардың көп­шілігі толық сақталмағанына кө­зіміз жетті. Сол кезде С.Сейі­товтің жеке мұрағатында тұтас сақ­талған «Отан үшін», «Майдан ақи­қаты» газеттерін пайдаланған жайымыз бар. Кезінде от пен оқтың ара­сында жүріп, өзі жұмыс істеген га­зеттерді көздің қарашығындай сақ­тап, кейінгі ұрпаққа жеткізуі – майдандастарына жасаған құр­мет пен ғылымға деген ұқып­ты­лы­ғының белгісі.
Сонымен бірге, ол – ұлттық поэ­зиямызда өзіндік өрнегі бар ақын. Тырнақалдысы 1936 жылы Орал облыстық газетінде жария­лан­ған ақынның 1951 жылы «Бо­ль­ше­виктер» атты тұңғыш жыр жи­нағы жарық көрді. Әр жылдары шық­қан «Жолдас жүректен», «Ортақ ой», «Бетпе-бет», «Өрден өр­ге», «Жаң­ғырық», «Жолдас уа­қыт», «Сәулет», «Серпер», «Сеңгір», «Самғау», «Майдангер көзімен» тә­­різді жыр жинақ­тарымен қазақ поэ­зиясының қоржынын байытты.
Қара нарға үйме-жүйме мін­гес­кен жетіншіні тамамдаған ба­ла­лардың алдынан «Шам жағылған сияқ­танды алдымнан, Шақыр­ған­дай оқу-білім ордасы» деп бейнеле­ген ақын алғашқы өлеңдерін оқиға құра білді. Олардың алдынан жар­қы­раған шам білім сәулесі еді. Сөй­тіп ол алғашында Рабфактан, кейін Абай атындағы Қазақ пе­да­гогикалық институтынан білім ал­ды. Білім нәрімен сусындап «Ұла­нымын ұлы Отанның» деп шат-шадыман өмір кешіп жүрген ли­рикалық кейіпкер 1941 жылы фа­шистік басқыншылар Кеңес Ода­ғына тұтқиылдан шабуыл жа­сағанда Отанын жаудан қорғау үшін қан майданға аттанды.
Ұлы Отан соғысының басынан-ая­ғына дейін майдан шебінде бол­ған ақын шығармаларының дені қырқыншы жылдың қанды оқи­ғаларынан хабар берсе, бірсыпыра өлеңдері қазақ батырлары мен майдандас жолдастарына арналған. Олардың қатарын Бауыржан Мо­мышұлы туралы «Тұлғаңа тозаң жо­латпан», Абдолла Жұмағалиев ту­ралы «Сөнбейді жалын лаулаған» және «Сапер», «Ловать», «Түйелі қа­зақ», «Қолбасшының ескерт­кі­ші», «Қысылшаңда», «Олжадай өрт ішінен алып қайттым», «Танк», «Бе­лоруссия», «Бауырластар бейі­тін­де», «Қыз ажалы», «Байланысшы», «Қыз ажалы», «Барлаушы», «Окоп­та», «Шегінбе», «Майдан блок­нотынан», «Соғыстың соқ­тық­­­палы соқпағымен», т.б. өлеңдері то­­лықтырады. «Қырық бірдің жауы­нында» тұтқиылдан шабуыл жа­­саған басқыншылардың қа­ні­шерлігінен табиғат ананың өзі зар еңі­реп тұрғанын көрсек, «Варшава» өлеңінде ұзаққа созылған со­ғыс­тың жеңіспен аяқталғанын мақ­тан етеді.
Әскери журналистиканың «ши­нелінен» шыққан ол Ұлы Жеңіс­тің 25 жылдығына орай «Сөз сұ­райды солдаттар» атты кітабын ұсынды. Жинақтың беташары «Мәңгі өшпейтін даңқ атты» очеркпен ашылған. Автор Белоруссияның Могилев деген жерінде келе жатып, жер атауы туралы «Арыстан бейіті» деген аңызды тірілтеді. Батырдың бейітімен аталған жерде Ұлы Отан соғысы тұсында елді жаудан қорғау жолында жан қиған Сүндетқали Есқалиевті еске алады. Батыс Қа­зақ­станның Шыңғырлау ауда­нын­дағы «Красный луч» колхозындағы сүйген қызына жазған хаты мен оның өмірі туралы нақты деректер шығарманың шынайылығын арттыра түскен. «Ер жігіт соғысқа кір­­­­­­­генде, өлемін деп кірмейді, жеңе­­мін деп кіреді ғой» дейтін ба­тыр­дың пулеметті кеудесімен тұн­шық­тыруы оның Отанға деген құр­метін, сүйген жарға деген ма­хаб­батын аша түссе, ол туралы нақ­ты деректер шығарманың де­ректілігіне қызмет етеді. Себебі, оған дейін Белорус майданында ерлікпен қаза тапқан батыр туралы деректер дұрыс берілмеген болатын. Оның туған жері, қызмет ат­қар­ған ротасы, «Жеңіс туы» газе­ті­нің 1945 жылғы 18 қазандағы са­­­­нындағы «Ес­қалиев кеудемен Пулеметін дұш­панның Жауып, үнін өшірді» де­ген сипаттамасы Сүндетқали Ес­қалиевтің өмір жолын толық­ты­рар деректер.
«Қанатты қыз» Қырым жаға­лауын, Севастопольді азат ету ұрыс­тарына қатысып 300 рет жауды бомбалаған Хиуаз Доспанова­ның ерлігіне арналған. Екі аяғына бірдей жараланған ұшқыштың соң­ғы 100 ұшу сапары оңай бол­ма­ғанын автор нақты деректер ар­қы­лы көрсеткен. Еліміз егемендік ал­ғаннан кейін Отанды жаудан қор­ғауда ерен ерлік көрсеткен ұш­қыш қызға «Халық қаһарманы» ата­ғы берілгені белгілі.
«Патрон тасушыда» Жұмағали Аб­доллиннің тек оқ-дәрі тасумен шек­телмей, қажет жерінде пуле­мет­ті қолына алып жауға қарсы шық­қандығы, «Жер үйдегі әнде» «Қара торғай» мен «Ғайниды» нә­шіне келтіре орындайтын Меркелік Рахымбай Шаншубаевтың Н. елді пунктін жаудан тазалаудағы мер­гендігі, «Оң бүйірден атылған оқ­қа» Оразымбет Нөсеровтың тіл алып келудегі ерлігі, «Тосқауылда» Оң­түстік Қазақстан облысы, Созақ ау­данының сегізінші ауылдағы «Бірін­ші май» колхозында қой­машы болып істеген барлаушы Құрманбек­тің әдіс-айласы мен мергендігі, «Ке­ке кітапшасына» Тәбіш Қошақ­баевтың қойын дәптеріне жазып жүретін жаудан кек алудағы ерлігі, «Ба­тарея коман­дирінде» соғысқа дейін Орынбор темір жолында ма­шинист болып қызмет істеген Ақ­төбе облысы, Ойыл ауданы, Қызыл адыр ауылы, «Қызыл ту» колхозы­ның тұрғыны, аға лейтенант Ыбырай Шоқановтың 1945 жылдың қысындағы 2-Белорус майданында жа­саған шабуылды шайқастары, «По­льша жерінде» 1944 жылы тамызда, Польша жерін­дегі атқыштар ротасының ержүрек жауынгері Жұмабектің ерлігі, «Қаһармен десе – қаһар­манда» Қорабайдың тіл алып ке­луі, «Жеңіс жұмысшысын­да» сапер Садықов Әлімбайдың жеңіс жо­лын­дағы ауыр жұмысы, «Үш батырда» майдан газетінің 1942 жыл­ғы бір санында «Қазақтың үш батыры жаудың бес танкісін жой­ды» деген мақалаға арқау бол­ған Ахметжанов Жүніс, Байзақов Қарық, Малаев Шүрегей сынды сауыт бұзушылардың ерлікпен қа­за табуы, «Көрегенде» барлаушы Құ­сайын Тасбаевтың бақы­лаула­ры­ның арқасында батареяның жау зең­біректері мен снарядтарын ойсырата қиратуы, «Жекпе-жекте» жауынгерлердің «Король жолбарысымен» бетпе-бет келуі, «Орманда­ғы шайқасқа» Көлбай Толыбаевтың ер­лігі, «Эскадрон көзіне» ат құла­ғын­­да ойнаған қазақ баласы Ра­қым­ша Үйсімбаевтың атты әс­кердің көрер көзі ретінде бар­­­­лаушылық істер атқарғаны, «Бал­­тық төсінде» ұшқыш Тұрар Уақ­­баевтың мерген­дігі, «Арба­суд­а­ғы» «қырдан келген қырғи» атанған Әбділда Берді­бековтың мергендігі, «Жол аузында» зеңбірек көздеуші Зейнолла Уәлиевтің мергендігі, «Сұңқарлар самғағанда» фашистердің оқ-дәрі тиелген үш эшелонына оқ жаудыр­ған Саржан Мұқамбетжановтың мергендігі, «Мергеннің мылты­ғына» Серікбаев Нұрахмет мерген қайтыс болған соң оның ВЕ–338 нө­мерлі мылтығын баулаған шә­кір­тіне беруі, «Бұл қайдағы итте?» жа­сырынған жауды өз иттері көр­сетіп қоюы – міне осылардың бар­лығы да майдан өмірінен алынған шы­найы да шымыр оқиғалар.
Алғашында майдан газеттеріне очерк, публицистикалық мақала түрінде жазылған оқиғалардың бә­рі де кейін ақын поэзиясындағы сюжетті өлеңдерге арқау болды. Оның Әли Сәрсенбаев туралы «Көзді ашып-жұмғанша», Хиуаз Дос­панова туралы «Оқыс оқиға», «Ломжада болған оқиға», т.б. шы­ғармалары қазақ поэзиясын­дағы балладалардың жақсы үлгісі. «Бая­ғыда оралсам да майданнан, От ішінде жүргендеймін әлі де» дейтін май­дангер ақын 2005 жылы ұсын­ған «Майдангер көзімен» атты жи­нағында да майдандас достары мен соғыс даласына қайта-қайта ора­лып, «Мен сендерді іздеймін қару­ластар» деп отырады.
Әлемді дүр сілкіндірген 1986 жыл­ғы Желтоқсан көтерілісі де ақын шығармаларынан орын алды. «Желтоқсанның желі неткен ыз­ғарлы» өлеңінде:
Желтоқсанның сұсы неткен ызбарлы!
Жүрегімде жақпар-жақпар сыз қалды.
Ей, дүние-ай, есіркеймін елжіреп,
Жазығы жоқ жігіттер мен қыздарды, –
деп күйзеледі.
Қазақ тілі – ХХ ғасырдың өзек­ті мәселелерінің бірі болғаны бар­шаға аян. Ана тілінің жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдап, шарқ ұрған зия­лылар қазақ тілінің мерейін өсіру жолында қолдарынан кел­ген­дерін істеп бақты. Өз заманының өзекті мәселесіне Сағынғали ақын да бей-жай қарай алмады. Ақын шығармаларынан тіл мәселесінің орын алуы орынды.
«Тәуелсіздік таңына» өлеңінде сан ғасырлар аңсаған егемендікке қол жеткізген қазақ елінің қуаны­шын ақын былай жырға қосты:
Тәуелсіздік. Бабалардың ұраны,
Бейуақытта бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік. Түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып жанбай қалған шырағы.
Ақынның бірсыпыра өлеңдері есейген шағында жазылғандықтан өмір­ден көргендері мен түйгендері туралы сыр шертеді. Сондықтан олар­да өсиет басым. Ол уақыт туралы «Мезгілмен ойнау – Өзіңмен өзің ойнауың» десе, ел ішіндегі ата-атаға бөліну жөнінде «Бө­лін­генді бөрі алады деседі, Жарыл­ған­ды жау алады деседі» дейді.
«Сен мені іздейсің бе, оқыр­ма­ным?» дейтін ақынның қаламынан туған жыр жолдары қазақ поэзия­сының алтын қорын байытты. Се­бебі, ол – қазақ поэзиясына жаңа мазмұн, жаңа өрнек алып кел­ген ақын. Қандыкөйлек май­дан­дас достары туралы жазылған жыр жолдары мен публицисти­ка­лық мақалалары, очерктері қазақ әде­биетіндегі соғыс тақырыбын нақ­тылық, деректілік, шы­найы­лықпен байытты. «Қанаттас Ди­хан­ның да, Сырбайдың да, Жырда­ғы бір сыңары Болмайын деп» жыр­лаған ақынның қазақ поэзиясына салған өзіндік өрнегі бар.

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы.

Пікір қосу