Уақытты мен жадымнан шығарам…
27.10.2017
1317
0

Роберто Фернандес РЕТАМАР,
кубалық ақын

Терезеңнен қарайсың
Терезеңнен қарап тұрып күлесің,
Сүйген қызын күтіп жүрген жігітке,
Ал, ол болса,
Махаббаттың осындай,
Аңқау күйге түсірерін біліп пе?
Жалтаңдайды,
Сол екен деп әр дыбыс,
Соны алып келетіндей анау әрбір бұрылыс,
Мынау тірлік тынып қалған сияқты,
Тек сол қыздың келуі – үлкен құбылыс.
Сол екен деп жүгіреді,
Машинаның соңынан да ағылған,
Қазір мезгіл сағаттан да жаңылған,
Алып-ұшып тулай соққан жүрегі,
Бара жатыр кеудесіне сыймай да.
Көкірегін сыздатады ұлы арман,
Ақын болып кетсем дейді ол мұндайда,
Бірақ оған,
Өзгелер де күлер еді байқаған,
Мазақ етіп кеткен сол қыз,
Оралмайды. Мына сорлы жаралмаса қайтадан.
Әлін білмес аңқау еді не деген?!
Бұл өмірде күлкілі іс көп,
бәрін оның байқауға,
Жеткіліксіз қарап тұрған терезең…

Аударған
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.


Джон КИТС,
ағылшын ақыны

Сонет туралы сонет
Бұйырғаны рас болса сөз маған –
Сылдырлатқан күн-мерзімнің кісенін.
Белгілі ғой мен тұтқынға түсерім,
Сыңғыр сонет жүрегімді қозғаған.

Зерлі кебіс тігем, бұл жұрт мақтасын,
Поэзия жалаңаяқ қалмасын.
Тексеремін лираның тақтасын,
Әуендердің аялаймын жалғасын.

Жіті назар мейірімін арнасын,
Мидас патша жауып байлық-қақпасын,
Күзеткендей сақтаймыз біз өлеңді.

Өлі шөптер, жоғал, бізді шақырма!
Тұтқындағы Муза, дайын бол енді,
Кісен орнын гүл басады жақында.

Аударған
Ертай АШЫҚБАЕВ.


Чеслав МИЛОШ,
поляк ақыны,
Нобель сыйлығының лауреаты

***
Құдіретті түнсің сен. Сескенбедің,
Отты ауыз, қою қара бұлттан да.
Ұйқы басқан өлкеден естілді үнің,
Нұрланасың, бейне бір күліп таңдай.

Әулие ана түнсің сен. Әлдиледің –
Тәуекелім жеңімпаз боп ер жетер.
Дақпыртсыз да атақсыз әрбір күнім,
Әуенімді үстемдік төмендетер.

Жау басынды, жерім жоқ тарылмаған,
Сен – сүйіктім, сенімдім, ежелгім де.
Жағада өскен бұтағы аю бадам,
Ұшып келген бір жақтан желмен бірге…

Жазықсызды қорлаушы
Қарапайым жазықсызды жәбірлеп,
Ләззат алып қылығыңнан тағы да,
Отырсың-ау арсыз күліп, мәлімдеп,
Сайқыларды жинап алып маңына.
Ол сені қуаттайды, мақтайды,
Даурығысып данышпан деп, дана деп,
Бет-жүзіңді алтынменен аптайды,
Шаттанады бұл күніңе керемет.

Мерейленбе. Ақын жады сөнбейді.
Өлтірсең де – қайта туып, жаңарар.
Бәрін қайта сол күйінде жаза алар.

Сен одан да бет бұрсаң ғой бір таңда.
Күтіп тұрған бұтақ пенен арқанға.

Булат ОКУДЖАВА,
орыс ақыны

***
Ақында бақталас болмайды.
Көшеде демеймін… Тағдырда.
Әлемге айғайлап қоймайды,
Сізді емес – тек өзі жайында.
Жанын жеп, өксітіп өмірін,
Сарп етіп болған соң бар күшін,
Сиынып, сұрайды кешірім:
Сіз үшін емес – тек өзі үшін.

Бірақ кез шегіне жеткенде,
Түнекке кеткенде жаны ұшып,
Бәрі өтіп, бар шаруа біткенде,
Шешерсіз: кім үшін, не үшін.

Тым ащы қайғы ма, бал әлде,
Оты ма тамұқтың, шіркеу ме…
Оныкі болғанның бәрі де –
Сіздікі. Арналған сіздерге.

Аударған
Сақыпжамал ӨТЕҒАЛИЕВА.


Фудзивара САДАИЭ,
жапон ақыны

Таңғы бұлт
Көктемгі түн кезбесімін.
Түс көретін қалтылдаған көпір де
Жол ортада үзілді.
Таңғы аспанда бұлт тізбегі
Шың жұлмалап, бұзылды.

Ай, сакура, қар
Айдың салқын дидары…
Ауыр жылдар қасіретін түсінем,
Сакураның бұтағындай қар астында үсіген.
Алдын-ала гүлге алданып ұнаған,
Уақытт мен жадымнан шығарам…

Үйеңкілер
Сораку тоғайында
Жел шулатқан үйеңкілер
Ұшып кетердей шақ тұрды.
Алқызыл қамқа киімдерін
Изуми өзеніне лақтырды.

Қоштасу жыры
Айрылысу қызықтырды біздерді.
Түнгі Айдың ұмытылмас жарығы
Еске түсіп, налуменен жүрерміз.
Бірге болған күндер құнын
Бөлек кеткен сәтімізде білерміз.

Аударған Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ.


Амрита ПРИТАМ,
үнді ақыны

Өсекшілер
Сөзшеңдер неменеге сүйреңдейді,
Жүгіріп, асып-сасып,
Күйбеңдейді?
Шамасы көрші жігіт
Көрші қызға
Қырындап жүрген шығар үйленгелі.
Сығалап ана жерден,
Мына жерден,
Екі жас кездескенде сірә көрген?
Ұмытып өздерінің от-ошағын,
Бәрі де тыңшы болып шыға келген.

Игі іс боп
Қасиетті рухтағы,
Көрінер өздеріне қылықтары.
Тамызып сөздің майын кезек-кезек,
Тұрады ду-ду етіп құдық маңы.

Көпіртіп көргені мен білгендерін,
Тізеді кімге,
Қашан,
Кім келгенін,
Қай қуыс,
Қай қалтарыс,
Қай тесіктен,
Ұқпайсың қалай көріп үлгергенін.

Бейшара балалар-ай,
Қасиетті от сезім бір-біріне ғашық етті,
Тұп-тұнық, биязы, пәк сол сезімді,
Өсектің өкшелері басып өтті.
Тілдесе қалсаңдар-ақ қара баспақ,
Гу етіп ұзынқұлақ ала қашпақ.
Ұрланған
Ұятсыз көз екеуіңді
Сол сәтте-ақ жібереді жалаңаштап.

Құлақтар түріледі,
Езу күліп,
Еріндер сылпылдайды төзім құрып,
Телеграф сымымен тарағандай,
Сөз шарлар шартарапты кезіп жүріп.

Өсекші шіркіндер-ай
Теріп-бағып,
Кімдердің қамын жеп жүр
Өліп-талып?
Көрші ұл
Көрші қызбен тілдескенін
Шамасы, айтты-ау біреу көріп қалып!

Аударған Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.


Ой тамшы

Тумас ТРАНСТРЕМЕР,
Нобель сыйлығының лауреаты, швед ақыны:

Поэзия туралы

Меніңше, Сізді ешбір кісі өлең жазуға үйрете алмақ емес. «Жоғары Сана» ақынға дарын сыйлайды. Сол арқылы оны өлеңге ынтық етеді. Ақын шығарма жазғанда ол ерекше бір күйге түседі. Қиялға беріледі, шабыттанады… Шын шайыр өз басынан өткізген халді оқырманға жеткізе алғанда ғана ақын деген атқа лайық бола алады. Өйткені, Өлең от секілді. Не өзің күйесің, не өзгені күйдіресің. Өзің күйсең оңбайсың, ал біреуді күйдірсең биік деңгейге жеткенің! Тіл – компонент. Ол сезімді, іштегі алай-дүлейді жеткізудің құралы… Менің Ұлы Поэзия турасындағы таным-түсінігім осындай…


Иосиф БРОДСКИЙ,
Нобель сыйлығының лауреаты, орыс ақыны:

Ақынның міндеті

Бәзбіреулер өлеңді тарихта қалу үшін жазатынға ұқсайды. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар, кім білсін?! Дегенмен, мені шығармашылық адамы ретінде әркез: «Құдай ақынды не үшін жаратты екен?..» деген сұрақ мазалайды да жүреді. Соған жауап тапқандай да болдым, өзімше!.. Муза деген бар!.. Ақындар сол Музаға ғашық болады. Әлгі ғашықтық қаншаға дейін созылса, шайырдың қоғамдағы, жалпы Ғаламдағы орны да соған тікелей байланысты демекпін. Себебі, ақынның міндеті адамгершілік, мейірімділік, тазалық пен арлылықты уағыздау. Сенің келешекте оқылу, оқылмауың да Әдебиетке деген адалдығыңмен өлшенбек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір