Тауы – ұлы, өзі – ірі еді

0
293 қаралды

..1988 жылдың жайма-шуақ жайнаған жазы. Жадыраған жаз мезгілі болғанымен, біздің көңіліміз алаңкөбең. Өйткені, біз кең байтақ қазақ даласының әр қиырынан асқақ Алатаудың бөктеріндегі ару қала – Алматыға арман қуып келген абитуренттерміз, яғни, біз дегенің «Балмұздақ – 88»! Журналист болуды армандап, қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырған қыз-жігіттердің арасында Жезқазғанның өрені, Ұлытаудың түлегі Дүйсеков Мақсұт Төлешұлы да бар еді. Маған Мақсұтты алғаш көргенде «Шашы бұйра, көз-жанарының аясы кең мына жігіт Валерий Леонтевке қатты ұқсайды екен» деген ой келді. Иә, сол кездері совет эстрадасының жұлдызы, әнші Валерий Леонтьевтің айдарынан жел есіп, оның танымалдығы дүниежүзінің алтыдан бір бөлігін алып жатқан мемлекеттің аумағында нағыз шарықтау шегіне жеткен еді.

Қайыр-хош, сол жылы біразы­мыз­дың жолымыз болып, студент атан­дық. Әуелі оқуға әскерге ба­рып келгеннен кейін түскен 4-5 жі­гіт бірге жүретінбіз. Осы ат тө­бе­ліндей аз ғана топтың ішінде Мақ­сұт та бар-ды. Кейін біздің төңі­регімізге курстастар түгел топ­тасып, біз курстың көшбас­шы­ла­ры­на айналдық.
Мақсұт атжақтылау келген ор­та бой­лы, қою қара қасты, қой көз­­ді, қыр мұрынды, жұқалтаң ерін­ді, бір сөз­бен айтқанда дене біті­мі мен кес­кін-келбеті келісті кө­рікті жігіт бо­ла­тын. Оның ша­шы­ның бұйралығы шаш­тараздың ең­бегі екендігін бірер ай­дан кейін бір-ақ білдік. Шынында ол кездері ша­шын химиялық жолмен бұй­­ра­лату жастардың арасында керім сән болды. Бұл жағынан әсіресе, қыз­дар алдына жан салмайтын. Бі­рақ іші­нара кейбір жігіттер де ша­шы­на­ бұйра салғызатын еді. Со­лардың бірі біздің Мақсұт-Мақай бо­лып шықты. Бізбен бірге бес жыл бойы тағы бір бұй­ра шаш, яғ­ни, қозы бұйра «қо­ша­қан­бас» оқы­­ды. Ол бүгіндері байтақ ел біле­­тін танымал журналистке ай­нал­­ған семейлік досымыз Се­рік­қа­ли Мұ­қашев. Кейін Мақсұт Се­рік курс­та­сымызға, «Секе, сенің ша­шыңның бұй­ралығы табиғи, Тәңір­дің сыйы, Құ­дайдың бергені, ал менің шашым­ның бұйралығы үкі­меттікі», деп әзіл­деген көріне­ді.
Әлқисса, тамыз айында Қос­та­най об­лысына барып, екі мәрте Со­вет Ода­ғының Батыры, 1941-45 жыл­дар­дағы сұрапыл соғыста ерен ерлік көр­сеткен әскери ұшқыш, Қос­танай об­лысының тумасыИван Фомич Пав­лов атындағы шаруа­шы­лыққа кар­топ жинасып келген­нен кейін жас­т­ық шақтың мәңгілік жа­сыл жай­л­ауы КазГУ градтағы жур­фактың әйгілі №5 жатақ­ха­насынан студент­тер­ге бөлме бөлу бас­талды. Осы шара барысында ғайып­тан тайып, Мақсұт­қа Африка құр­лығының орталығын­дағы Кон­­го мемлекетінен келген біз сияқ­ты бірінші курстың студенті қазанның түп күйесіндей зәңгі (негр) жігіт Мануэль Себастиян екеуіне екі кі­сілік бір бөлме тиді. Ғайыптан тайып дейтін себебім, ол кездері қазақстан­дық студенттердің шетелдік құрбы-құр­дастарымен бір бөлмеге қоныс­тануы мүлдем болмаған жағдай екен. Оның үс­тіне бөлмеге ордер беріп тұ­рып, жа­тақхана коменданты, – Мақ­сұт, Се­бастиян екеуіңе бөлінген бөл­­­менің әзірше ашқышы (кілті) бі­реу. Қасыңдағы студент шетелдің аза­маты, бөлменің кілті негізінен сол жі­гітте болсын, сен керек кез­де сұрап алып, амалдай тұр. Он күн­нің ішінде есіктеріңе жаңа құ­лып салып бере­мін, – депті. Мақсұт екі сөзге келмей ке­ліскен көрінеді. Келіскені бар бол­сын, үнемі ең кемі бес-алтаудан топ­тасып жү­ре­тін зәңгі жігіттер әуелгіде Мақ­­сұт­тың көзіне бәрі бірі-бірінен ай­­ны­майтын бір кісідей болып көрініп, ке­рек кезде кімнен кілт сұра­рын білмей дал болыпты. Бірақ екі-үш күнде оның да амалы табылыпты. Бақ­­са, зәңгі жігіттердің ішінде қоңыр шалбар тек Себастиянда ға­на бар екен.
– Сондықтан кілт сұрайтын бол­сам, бір топ болып келе жатқан негр жігіттердің әуелі бұтына қа­райтын бол­дым, – деп кеңк-кеңк күлетін…(Мі­незі ақжарқын сол Мануэль Се­бастиянмен бірінші курстың бел ортасы ауа біз де жолдас-жора болып кеттік.)
Қайта оралмас жастық шақтың шырқау шыңы – студенттік дәу­рен­ді Төлештің Мақсұтымен бірге өткізген замандастарының бірі ретінде мен бү­гіндері өмірден ерте кет­кен до­сым­ды сарқылмас са­ғы­н­ышпен жиі еске аламын. Мақсұт бауырымыз мінезі ашық, жайдары, қолынан келер көмегін ешкімнен ір­кіп қалмайтын әрі өнерлі жігіт еді, жарықтық. Қасы-көзі қиылған қыз­дай көрікті, оған қоса, өлеңді де нақышына келтіріп оқитын әрі сыңғырлаған гитараға қосылып, мөлдір махаббат хақындағы ли­рикалық әндерді сызылтып са­ла­тын менің Мақсұт досым шын мә­нінде студенттік ортаның нұры, жі­гіттің гүлі еді шіркін! «Ел мақта­ған жігітті, қыз жақтаған» деген­дей, өзі өнерлі, өзі әдемі жігіт Мақ­­­сұт сері бойжеткендердің на­зарына бірден ілігетін-ді. Ол әнді жүректен жүрекке жет­кізіп, шы­найы шырқайтын. Мә­селен, бү­гіндері белгілі ақын, та­нымал жур­­налист Нұрлан Қалқаның ту­ған ауылында өткен үйлену тойын­да ­біздің Мақсұт досымыз өзі эл­ек­тр гитарада ойнап, небір әсем ән­дерді төгілтіп, тойға жи­нал­ған дүйім жұрт­ты тәнті қыл­ға­ны бар.
Мақсұт марқұмның мені сүй­сін­дірген тағы бір қыры, ол шаруа­ға епті еді. Жатақханадағы қиюы ке­тіп, қи­сая бастаған шкаф-шифо­нер, сыр беріп, сықырлай бастаған орын­дық, аяғы сынған стол Ма­қай­дың қолы ти­се болды, қайтадан кә­деге жарап, жай­нап шыға келе­тін. Айтпақшы, Мақай екеуміз екін­ші, үшінші және төр­тінші курс­­та бір бөлмеде тұрдық. Ол та­мақты жақсы пісіретін, әсіресе, Ма­қайдың палауы керім дәмді шы­ғатын.
…1990 жылдан бастап, елдің қа­лып­ты өмірінің құты қашып, бе­рекесі кете бастады. Не болса, сол көзден бұлбұл ұшып, қас­қал­дақтың қа­нын­дай қат дүниеге ай­налды. Көп ұзамай Қазақстан өз тәуел­сіздігін жария­ла­ғанымен, қо­ғамдық формацияға қо­са, мен­шіктік қатынастар күрт өзге­ріп, ел­дегі әлеуметтік-экономикалық дағ­дарыс тереңдей түсті. Қаржы тап­шылығы қатты сезіліп, дала-қа­ла, үлкен-кіші, кәрі-жас тегіс қи­налумен бол­ды. Жас мемлекетті жап­пай жай­лаған күйзеліс Мақсұт до­сымның да қабырғасына қатты бат­ты. Әкеден ерте қалған Мә­кең­нің сол жылдары елдегі анасының, әпке-жезде, аға-жеңгелерінің, әсі­ресе, соңынан ерген қос қарын­да­сы­ның қамын ойлап, қамығуы жиі­­леді. Көп ұзамай ол құр уайым­нан нақты іске көшті. Мәкең оқу­дан қол үзбестен әуелі «Өркен», кейін «Алматы ақшамы» газетте­рі­не қызметке тұрып, анасы мен қа­рындастарына қаржылай кө­мек­тесуге кірісті. Бірде Алматыға, сту­дент аға­сына қыдырып келген кен­же қарындасы Гүлайымға көз­дің жауын алардай киім-кешек алып беріп, бауы­рын қатты қуант­қа­ны бар. «Адам көркі – шүберек» дегендей, алған киімдері тал бойы­на жараса кеткен қарындасының қуа­ныштан гүл-гүл жайнағанын кө­ріп, досымның да жүзі бал-бұл жан­ды…
1991 жылдың жазында, өзіміз үшін­ші курсты бітірген жылы мен Ермахан Әбдіраманов, Бақытжан Әлім­құлов, Нұрлан Қалқаев және Мақсұт Дүйсеков сынды студенттік дәуреннің қызығы мен шыжығын бірге көріп жүрген достарымды ту­ған жеріме, Орал облысының Ақ­жайық ауданындағы Шағатай ауыл­дық кеңесіне қарасты Қы­зыл­жар ауылына ертіп бардым. Әуелі пойызбен екі тәулік жарым жүріп Оралға, сосын облыс орталығынан екі сағаттың үс­тінде автобуспен жү­ріп, ауылға да жет­тік-ау. Ауыл-айм­ақтың дархан пейі­лі, қазақы қо­нақжайлығы бізге дағ­дарыс атау­лыны мүлдем ұмыт­тырып жі­берді. Алдымен біздің үлкен үйде, кейін аға-жеңгем мен әпке-жез­дем­нің һәм дос-жарандардың үй­лерінде шақырулы қонақ, күтулі мей­ман болып, несін айтасыз, ме­нің туған ауыл-аймағымда бір апта ар­ман­сыз аунап-қунадық. Біздің ауыл айнала орман-тоғаймен көм­керілген, іргесінде бақасы қойдай шу­лаған, балығы тайдай тулаған Жез­бұға атты көл бар, екі-үш ша­қырымдай жерде бұйралаңдап ер­ке сылқым Ақ Жайық өзені ағып жатқан табиғаты керемет кө­рікті жер. Қонақтықтан қол боста өзен-көлге шомылып, су жағалай бүлдірген теріп, балық аулап, та­би­ғат аясында балық сорпасын ішіп, жі­гіттер бір жасап қалды…
Сол жолы біздің ауылға барған төрт досымның үшеуі бүгіндері бір-бір отбасының отағасы, алды не­мере сүйіп отыр. Олар әр­қай­сысының бір­неше кітабы шыққан та­нымал қа­ламгерлер. Алайда өмір бойы өзекті өртер өкініш Мақсұт бауы­рымыз жоқ арамызда…
КазГУ-дің журфагына оқуға түс­кенше Ұлытау аудандық «Ұлы­тау өңі­рі» газеті мен Жезқазған об­лыстық ра­диосында қызмет іс­теп, журна­лис­тика туралы таным-түсінігін кеңейт­кен Төлештің Мақ­сұты университеттің білім бағ­дарламасын бес жыл бойы қи­налмай меңгерді. Ол өзінің жур­налистік қарым-қабілетін күндізгі бө­лімде оқи жүріп, қызмет істеген «Өр­кен», «Алматы ақшамы» газет­терінде-ақ көрсетті. Студент ке­зінде жазған публицистикалық са­рындағы мақала-материалдары үшін ел газеті – «Егемен Қазақ­стан­ның» тұңғыш студент-сти­пендиаты атанды. Газет-журналды бе­зендірудің техника-технология­сын шебер меңгерген ол біраз уа­қыт жасөспірімдердің респуб­ли­калық «Ақ желкен» журналында жауапты хатшы қызметін абырой­мен алып жүрді. Кейін туған өл­ке­сіне оралып, Жезқазған облыстық те­левидениесінде редактор қыз­ме­тін де мінсіз атқарды. Әттең, егер жер ба­сып жүрсе, менің Мақ­сұт досым күні бүгінге дейін біраз бе­лес­ті артқа тас­тап, біраз биікті ба­­ғындырған болар еді. Жарат­қан­ның жазғанына, тағ­дырдың сал­ға­нына не шара?.. Ол өзі­нің туып-өскен өңірінде 1995 жыл­дың то­ғызыншы маусымында суға шо­мылып жүріп, сүңгіп кеткеннен қай­тып шықпаған. Негізі Мақай жақ­сы жүзуші еді…
…Сені Жер-ана мәңгілікке құ­ша­ғына алып, жарқын жүзіңді то­пырақ жасырғалы біраз жыл өт­ті. Жердің шалғайлығы мен жұ­мысбастылықты желеу етіп, зи­ратыңа барып, арнайы зиярат ету­ді құнттай алмай жүрмін. Сөйте тұ­ра мұны таяу жылдардың ен­ші­сіндегі сауапты іс деп санаймын. Има­ның жолдас, жатқан жерің жа­рық болсын, жарқыным!
Жігіттің гүлі едің, сен…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облыстық
«Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Орал қаласы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.