Бармақ тістеу

0
235 қаралды

Кемелбек ШАМАТАЙ


Көктемде
Нөсер төгіп өткенде,
Кәдімгі Пәштуан
Деп-демде
Диқан болып шыға келді.
–Жаңалық ашып,
Таң-тамаша қалдырам
Мынау елді.
Дақылдарды
Бөлек-бөлек екпеймін.
Артық тер төкпеймін
Сәнін келтіріп даланың,
Барлық дақыл өнімін
Бірге өсіріп аламын! –
Деді де шұғыл істі бастады.
Арпа, бидай, тарыны
Араластыра сеуіп тастады.
Алқабында оған қоса
Өткен күзде жел айдап келген,
Осы тұсты қолайлап келген
Түйеқарын, кекіре.
Есекмия… шетінен
Ісі жоқ уайым-қайғыңмен.
Ұшарын жел,
Қонарын сай білген
Қаңғыбас шөптің дәндері
Жердің тінін тесіп келеді,
Өзінің еккендерінен озып
Өсіп келеді.
Сіміре жұтып шуақты,
Бір кезде бәрі гүл атты.
–Көрдіңдер ме,
Жерімде тапқан жарасым,
Бәрі сәнді, бәрі асыл! –
Деп, оны көрген
Жер иесі шаттанды.
Бірақ олардың шын пиғылы
Тереңіректе жатқан-ды.
Жел айдап келген
Түйеқарын кекіре, есекмия
Жау шығып,
Арпа, бидай, тарыны
Жан-жағынан қаусырып,
Өкпесін сығып қысқанда,
Тап болды нағыз дұшпанға!
Бастарынан бақ ұшты:
Дәндерін толтыра алмай,
Қауыздары қабысты.
Осылай, олар піскенде,
Алқапқа орақ түскенде,
Бірге өскен келімсектермен
Қоса жинап алынды,
Қамбаға да салынды…
Бірақ оны өсірген диқанымыз
Ас етер кез келгенде,
Қара терге малынды.
–Мына пәлелерді
Таза дәннен
Ажыратып берші! – деп баяғы,
Астығының әр түрін
Бөлек-бөлек алқапптарда өсірген,
Арамшөп атаулыны ол маңнан
Түп-тамырымен аластап
Көшірген
Көршілеріне жалынды.
Өйткені,
Улы дәндер араласқан
Арпа, бидай, тарыны
Қабылдар емес қарыны.
Бекер қосып өсіріпті
Есекмия, шоңайна, кекірені!
Енді, міне,
«Әттең-ай!» – деп өкінеді.
Астық дәнін арамшөппен
Аралас өсіру
Дұрыс іс пе еді?!
Бармағын аямай тістеді.
Байғұс диқан
Жіберіп алғанын есені
Ұққанда, бірақ кеш еді…

АРҒА БАСТЫҚ БОЛҒАНДА

Нәпақасын тауып жейтін қоқыстан
Кәдімгі қарға гүлбаққа
Бастық боп келді оқыстан:
– Өй, мынау ненің иісі
Жер-дүниеге аңқыған?
Ал мынау ше,
Бұл неткен ән шалқыған?
Неге мұнда гүлдер өсіп,
Самал желпіп тербейді?
Сандуғаштың үндері
Неге биік өрлейді?
Неге менің бауырларыма
Төрден орын бермейді?
– Басеке,
Біз оларды шақырғанбыз,
Бірақ келмейді.
«Келу үшін бақтың ішін
Жүн-жұрқа, қоқсыққа,
Өлексе, боқтыққа
Толтырып бер!» – дейді.
Мұнда оларсыз
Өмір сүре аларына сенбейді.
–Міне, жөн білетіндер!
Сендер қашан саналарыңа
Дұрыс ойды ілесіңдер?!
Есіріп кетіпсіңдер, тіпті,
Болды, бітті!
Солардың айтқандарын орындаңдар!
Тартынбаңдар,.
Анау жұпар шашқан гүлдерді
Тамырымен жұлыңдар.
Бұлбұл мен сандуғашты қуыңдар!
Олардың орнына қарғалар
Қарқылдасын!
Күшіген де тартынбасын,
Осы тұстан көрсетсін
Жалтыр басын!
Жай көрсетіп қоймасын,
Қарға еместерді
Шеттерінен алқымдасын!
Демек, айналаны
Өлексеге толтырсын!
Тұмсық малып,
Шоқитындарым мол тұрсын.
Мұндағымен шектелмесін.
Өлексенің біразы
Шеттен келсін.
Малдары ауырып-сырқап,
Қырылып жатқан қора-қопсылардан
Көз жазбаңдар.
Өлексені лақтырып,
Тастағанша қозғалмаңдар.
Оларды
Қасқыр, түлкі, қарсақтан
Бұрын үлгеріп алып келіңдер,
Алдыма салып беріңдер…
–Ләббай, тақсыр!
Тек бізге тапсыр,
Қатырамыз.
Айтсаңыз болды,
Көктегі күнді де батырамыз! –
Деп жандайшаптар
Ашуы күшті
Қарға бастықтың жолында
Жапырылысты.
Үндері келгендері де,
Келмегендері де
Қарқылдасып аттандады…
Әне-міне дегенше
Бұрынғы бақтан бақ қалмады.
Бұлбұл мен сандуғаш
Бұл маңды тастап шықты.
Шықылықтаған торғайлар мен
Шырылдауық шегірткені де
Қалдырмастан бастап шықты.
Қайткенмен,
Өздерінің болмысына бағынады.
Оларға қайдан да
Сайрайтын бақ табылады.
Алдында,
Мінеки, жолдары!
Ал мұнда
Өлексе, қоқсыққа ұмтылған
Гу де гу көп шыбын,
Түйедей-түйедей көк шыбын
Күн көзін көрсетпей торлады.
Бәрінен қиыны:
Ойнақ сап құйыны,
Көргендер қарайтын таңдана
Паң дала
Бұрынғы кейпінде болмады.
Мүңкіген иістен тұншығып,
Біржола сорлады.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.