Журналистиканың сарбазы еді…
11.08.2017
1293
0

Марал аға Хасенді ойласам, ащы да тәтті мұң кешемін. «Бетеге кетіп, бел қалды, бектер кетіп, ел қалды» дейтін қазақы болмыстық сөз бар, ажар кеміп, кемшін түскен ортаға байланысты мұң кешкендегі айтылған сөз бе дерсің. Ащылығы – ғұмыры қамшының сабындай келте қайрылып, бүгінгі қаламгерлердің ортасында тілі мірдің оғындай тіліп түсер қайран да қайран Марал ағамның жоқтығы, ал тәттісі –ол жайындағы естелігім, кеудеңді кеулеп қамұрық басқан өз мұңым өзіме кермек емес, әйтеуір. Ол қазақ журналистикасының сарбазы еді. Шын мәнінде. Айтар уәжім де жоқ емес…

Қазіргі БАҚ тілшілерінің жазғандары көңіл көншітпей жүр. Журналистикадан аулымыз алыс болса да, негізгі оқыр­ман­дар арқауын біз секілді қара­пайым адамдар құрайды ғой, «тіліміз һәм құлағымыз» біз үшін жазады емес пе? Ал өзің етене біліп тұрған саланы тіл­шілер қауымы үстірт қана шо­лып, түйінінде ақыл айтып кө­лгірситіні шын-ақ қын­жыл­тады екен. Уызына жарымай, ұнтақ сүт ішкендей жасанды тіл­шілер тек дереккөздерге жү­гініп, онсыз да белгілі жайтты көпшілікке көлденең тартуды әдетке айналдырғандай. Құқық қор­ғау қызметі, оның ішінде ішкі істер органдары, экономика саласы болсын, жалпы, ішкі жағдаяттарынан бейхабар екендігі анадайдан көрініп-ақ тұрады. Тіпті, білгісі жоқ, оған ұмтылмайды да. Журналистік ізденіс-зерттеуден ада, талдау жа­самаса да, қорытынды шы­ғаруға бейім. БАҚ-тың ежелден бергі дәмін келтіретін бұла қай­нары – жаңалықтармен шек­теледі. Басқасын айтпағанда, олар «репортаж», «очерк», «портрет», «шолу», т.б. журналис­ти­ка­ға тән төлтума жанрларын айырудан қалғандай. Бәрі бір с­тиль, біркелкі, бір түрпі. Айырым, ерекшелік болмаған соң та­тымсыз, дәмсіз жазғандары.Шетінен ақын-жазушылар. Төртінші билік деп қанша күп­сінткенмен, осынша­лық кейуа­налық күй кешуі – бі­лім­сіз­діктен, бейкәсібиліктен, із­де­­­ністің жоқтығынан, енжар­лықтан ба деген ой келеді. Көпке топырақ шашпайық, әйт­се де ондайлар баршылық еке­ні айдан анық. Шыққыр кө­зімізге сәуле, мүкіс құлағымызға саңылау тү­суі сиректеп кетті. Ал бұрын­ғылар олай емес еді…
Марал ағаның «журналистің әр мақаласын өз кезінде жазып тастағаны жөн, себебі, бір мәсе­ле жайындағы фактілер, кө­кей­дегі ойларды екінші оқиға басып кетеді. Мына бір ұшқыр за­ман­да журналиске жайбасар­лық жараспайды, ол әр оқи­ға­ның ізін тап басып жүру қа-жет», – дейтін сөзінің өзектілігі бүгін де артып отыр. Кәсіби жур­на­листің байламы осы.
Марал ағаның шығарма­шылық болмысын ашу үшін оны үш қырынан алып қараған жөн: журналистік, әдеби жазу­шылық һәм аудармашы­лық. Оның тілшілік-әдеби шы­ғар­маларын негізінен өткен ға­сырдың соңғы ширегі мен үс­тіміздегі ғасырдың басын қам­титын, сол кезеңнің бітім бол­мысын көз алдымызға со­қырға таяқ ұстатқандай айна- қатесіз айнытпай әкелетін, кеңес кезеңіндегі, тәуелсіздік ал­ған шақтағы қоғам ахуалын әйгілейтін туындылары құрай­ды. Оның жазбаларында орта­лық Қазақстан көлеміне ең­бе­гімен әйгілі болған тұлғалар ой-арманымен, ізгі жан дүние­сімен қазыналы өлкенің бір­туар азаматтары ретінде әспет­те­леді. Осын­дай сырлы, сыйлы жан­­дарға арнап жазған очерк­тер мен шығармалары өз дең­гейін­­дегі кемел дүниелер.
«Жақсыда жаттық жоқ» деген сөздің мәніне ол кісімен бір-екі жолыққанда-ақ иландым. Қазақша түсінбейтін ға­лым­дар үшін ғылыми диссер­тация­мның белгілі бір бөлігін орысшаға аударуға тура келгені бар. Орысша да, қазақша да қа­ламын қатар сілтейтін Марал ағаға сілтеді білетіндер. Содан бас­тап рухани жақын болдық. Қиналғанда қол ұшын бергеннен бе, қазіргі шақта ағаны есі­ме алсам ішкі дүнием, айна­ла-төңірегім мөп-мөлдір, аярсыз, аппақ түске малына кетеді. Осындай жақсылықтардың бә­ріне оның кісілігі себепкер бол­ды. Бұным қайтқандар ту­ра­лы жақсы сөз айту парызынан емес, іркіп қалмай, жасырмай бар шындықты бүкпесіз айту ғана.
Адамгершілікпен, аза­мат­тық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болған, жалғандыққа, өтірікке жаны қас, кісілік нұры тұла бойынан төгіліп тұратын, ардақты ағаны әрдайым мақта­ныш­пен еске алам. Айтылып келмей, телініп келетін Жарат­қанның маңдайға жазатын сыр­­қаты қаламгердің бар мүм­кін­дігін айқара ашуына жол бер­меді.
Пейілі дархан адамның пе­шенесі де мәнді болды.

Елеужан Серімов.
Қарағанды қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір