«ҚАЗАҚТЫҢ ОҢ ЖАҒЫНАН АЙ, СОЛ ЖАҒЫНАН КҮН ТУДЫ…»
03.02.2017
1840
0


Кеңес БИЕКЕНОВ,
әлеуметтану ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

– 1917 жылғы Ақпан төңкерісін әлеуметтік конфликтология көзқарасымен талдап, таразылауға бола ма? Егер ол мүмкін болса, сол кездегі күллі патшалық Ресейдегі демей-ақ қоялық, қазақ даласындағы әлеуметтік көңіл-күйді қалай сипаттар едік?
– 1917 жылғы Ақпан төңкерісін әлеуметтік конфликтология көзқарасымен талдап, таразылауға болады. Бұл билік пен бұқара халық арасындағы қақтығыс нәтижесінің шынайы көрінісі. Халықтың әлеуметтік көңіл-күйін сипаттауда екі түрлі көзқарас қалыптасуы мүмкін. Біріншіден, патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды, себебі бұл төңкеріс халықтың саяси-әлеуметтік құқығын пайдалануға мүмкіндік жасады. Халық патша үкіметінің қанауынан құтылып, билікті өзгертіп, жаңа өмірге аяқ басуға мүмкіндігі көрінді. Бірақ екінші жағынан, қазақ даласындағы халықтың әлеуметтік жағдайы нашар еді. Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен, қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алмады. Жаңа биліктің орнап, қалыптасуына біршама уақыт қажет болды, ал әлеуметтік мәселелер өзектілігі күннен-күнге артып келе жатты.
– Патша тақтан құлаған соң қазақтардың әлеуметтік көңіл күйін ғылыми, қоғамдық тұрғыдан сол кездегі зиялы қауым қаншалықты талдап, таразылай алды?
– Патша тақтан құлаған соң қазақтардың әлеуметтік көңіл-күйін ғылыми, қоғамдық тұрғыдан талдаудың аз болуы ол кезде қоғамдық зерттеу еңбектердің жетіспеушілігінен болар. Әрине, бірқатар қазақ зиялылары барынша қолы жеткен жолдармен осы төңкерісті сипаттап, бағалап жатты. Бірақ сол жылдары жазылған, Ақпан төңкерісіне әлеуметтік тұрғыдан баға берген, сонысымен ғылыми тұрғыдан маңызды еңбектер, терең талдауларды атап өту қиын. Қазіргі таңда бұл әлеуметтік жағынан маңызды оқиғаны талдау, зерттеу тарихшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар мен өзге қоғамдық ғылымдардың еншісінде.
– Патшаның тақтан құлауы, қазақ даласындағы ақтар мен қызылдар тартысы сол кездегі қазақ қоғамын, қазақ құндылықтары мен болашаққа деген сенім, арманын қаншалықты өзгертті?
– Патшаның тақтан құлауы, қазақ даласындағы ақтар мен қызылдар тартысы сол кездегі қазақ қоғамын, қазақ құндылықтары мен болашаққа деген сенімін, арманын қалыптастыруда салмақты роль атқарды. Өйткені, бұдан бұрын үкімет қанауынан босап, күн сәулесі қыр баласына да түсеріне сенбеген қазақ бұқарасы, енді бұл төңкеріс жағдайды өзгертудің кілті деп сенді. Ақпан төңкерісі қазақ халқына тәуелсіздікке жетудегі алғышарты, маңызды кезеңі болып есте қалары айдан анық. Соған дәлел ретінде, ­1917 жылы ақпанда жарияланған «Қазақ» газеті шығарылымында «Қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды…» деп басталған мақаласы айғақ.

Әңгімелескен Қ.Серікқызы.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір