ӨГІЗГЕ ТУҒАН КҮН…
Жатыпатар
Берік САДЫР
ӨГІЗГЕ ТУҒАН КҮН…
Ес біліп, ақыл тоқтатқан кезімде әкем атама қарата: «Әттең, әкемсің!.. Әйтпегенде, айтар едім-ау!», – деп кіжініп алды да, – Жасым келді-ау, ата сақалым аузыма түсті-ау деп, бір сәт ойласа қайтер екен. Кей қылығына қарап қарның ашады. Желп-желп, кей тірлігі шалдыкі емес, шаланыкі… Ішірткісін ішіп алып, гөй-гөйлегенінде «әкем еді» дегеннен біржола бас тартқың да келіп кетеді… Келін бар-ау, немере де есейді демейді, аузынан сөзі, өзінен бөзі түсіп түгесілетіні түңілтеді… Ойпыр-ай, кейбір құрдастары сияқты салмақты да, салиқалы қалыпқа түсер кезі болар ма екен! Аталы сөз айтып, көрегенді қылық танытар әкеден айналып кетпейсің бе! Әттең, әкемсің, әйтпегенде айтар едім!», – деп бармақ тістеп, бақалшы болғаны бар.
Сөйткен атам да бақилық болған. Зулаған уақыт, мен әкемнің жасына келіп, әкем атамның кейпін киген…
«Тартпасаң тумағыр» деген бар, кәртайғанында әкем атамның «кейпін» кигені…
Бір күні әкемнің әкірең қылығы өтіп кеткен болуы керек, оңашада: «Әттең, әкемсің, әйтпегенде кері кеткен қылығын бетіне басар едім-ау! Қылығы қылық емес, қарап отырып жының келеді. Кемпірімен керілдескені былай тұрсын, көрші-көлем, туыс-жекжатпен де ит пен мысықтай… Желп-желп, көп қылығы шалдыкі емес, нағыз шаланыкі. Ата сақалы аузына түскенде де арағын қоймаудан өткен өлермендік жоқ екен. Ішірткісін ішіп алғандағы кейпін көрсең… Баз кешіп, безіп кетуге бармын. Әттең, төрінен көрі жақын кезінде тастап кету обал-ақ! Ойпыр-ай, салиқалы да салмақты қалыпқа түсер кезі бола ма екен! Жөнімен қартайып, бедел-қасиетін сақтай білген әкеден айналдым! Әттең, әкемсің, әйтпегенде айтар едім-ақ!», – деп өкіреңдеппін.
«Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген бар. Бір күні балам арағына тойып келіп: «Әттең, әкемсің!» деп бастап… айтпағаны жоқ, ит терімді басыма қаптасын кеп… Әй, ит-ай, айтарын айтса да, қылжиярындағы соңғы сөзі «Әттең, әкемсің, әйтпегенде айтар едім!» болды.
Қайтейік, басқа түссе баспақшыл деген… Бағанадан бергі бұл «тегін концертті» – ес біліп, ақыл тоқтатқан немерем зейін қоя тыңдап отыр екен. Бұған да шүкіршілік…

«МАҚТАМЕН» БАУЫЗДАУ
Кешегі сілтегеннен мәңгіріп, бас ауырып, балтыр сыздап отыр едім Пықып құрдас хабарласып:
– Қалайсың-ей! – деп жатыр.
– Қиын! Ми қатпарымда құмырсқа ғана қыбыр-жыбыр… қу арақ қуырып барады.
– Үйдегің қайда?
– Дүкен кеткен дүрілдеп… кілт сылдырлайды, кіріп жатыр-ау деймін.
– Онда сен былай ет: оның кіргенін байқамағансып, осы отырғаныңда телефонда маған әйеліңді мақтап, мақтамен бауыздап көрші… Көзінше ол туралы көлгірсімейтініңді білемін. Ақылымды алсаң, сыртынан сыр білдірші. Нең кетеді, сылдыр сөзді аяйсың ба, төгілдірт, түбін түсір, не керек, ет жүрегін елжіретер сөз атаулыны айтып қал, – деген соң, онсыз да мәңгіріп тұрған бас қауашағыма күш түсірмей, Пықыптың дегеніне дес бердім.
– Әйелден айналып кетпейсің бе! Сөзге келмей шешіндіріп жатқызыпты. Қайтейік… дұрыс айтасың, қадірін білмей жүрміз ғой. Сыйынарым да, сүйенерім де бір өзі, – деп осы тектес оңды сөздерді айтып барып, – Қайтейік, қолда барда алтынның қадірі жоқ! – деп қайырып, тарпып басып асүйге бас сұғып: – Өй, қашан кіргенсің?.. – деп әйеліме елжірей қараған болдым.
…Бас жазарымды ішіп, сорпамды сораптап отырып, осы жағдайға жеткізген Пықыпқа іштей ризашылығымды айтып отырмын.
Бұл да бір табылған тәсіл болды.
Анда-санда, айына бір-екі рет кемпірді байқамағансып, телефонмен «біреумен» тілдескен болып, әйда, кемпірдің «ғажайыптарын» айтып, айыз қандырамын… «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген бер жағы екен, өз басым – айымды оңымнан тудырған, дегенімді болдырған әдіс-тәсілге бек ризамын!
…Бірде үйге ертерек келіп есікті кілтпен ашып кірсем, төргі бөлмеде күбір-жыбыр… құлақ түрсем, кемпір екен, біреумен телефонда ағыл-тегіл ағытылып отыр.
«Өстіп шат-шадыман болып жүргенім жаман шалдың арқасы… Тағдырыма ризамын! Осыған дейін бір рет те қолымды қағып көрмепті, болмайды деген сөз аузынан шықпады. Барым да, бағым да бір өзі» деген сөзді естіп, ет-жүрегім езіліп, ішке еніп едім:
– Өй, келгенбісің!? – деп құшақтап, бетімнен сүйді.
Күрең шайды ұрттап отырып:
– Әнеукүнгі айтқаныңды ала қой… – деппін.
…Бірде кемпір екеуміз қыдырыстап қайтып есікті кілтпен ашып үйге кірсек, кеше ғана кәмелеттік жасқа толып, көлік куәлігін алған кенжеміз біреуге телефонмен: «Әке-шешем аман болса көп өтпей көлік мінетініме сенімдімін» деп, ағыл-тегіл ағытылып отыр…
ҚҰЗҒЫН ҒҰМЫР ҚҰПИЯСЫ
Жүз он жасқа келген қарияға:
– Ақсақал, осынша ғұмыр кешуіңіздің құпиясын айтпас па екенсіз? – деп қолқа салған болып едік, әлі де ширақ, бірден:
– Шайпау шешелеріңнің арқасы… – деп, онысын түсінбей ақтарылған бізге:
– Басынан бастайын, – деп алды да, ағыл-тегіл ақтарыла жөнелді. – Туылғанда егіз болдық. Менен екі минөт ерте дүниеге келген ағам үйдің тұңғышы болып есептелді де, ол ерке, серке болып… Негізі – менің басыма әңгіртаяқ ойнатумен есейді. Отырсам опақ, тұрсам сопақ… есейіп етек жапқанша соның қолбаласы болдым… Зыр жүгіртетін, тыным таптырмайтын. «Барып кел, алып келден» бастап, кешке жатар орынға тұмсық тірей құлайтынмын… Осыма қарай ширығып, шымыр болып өстім. Мұны – бір деп қоялық.
Әке-шешеміз тұңғышы болғандықтан ағамды жиған-тергенін беріп, мектеп бітіре сала, жоғары оқу орнына тықты да жіберді.
Мен болсам мүләйімсіп әскерге кете бардым. Е, ондағы екі жыл әлі есімде…
Борышымды өтеп келіп, ауылдың қара жұмысына таңылдым.
Есейіп ер жеткен соң үйлену парыз… Туылғаннан жолым болмаған маған, алғашқы шешелерің шайпау болып шықты. Шайпаулығы – некенің ертесінде-ақ көгеріп-сазарып, талмасы ұстап тұрмай үш күн жатты. Сөйтсек, оның арақ-шарап, әсіресе, темекіге деген аллергиясы бар болып шықты… Әке-көке деп, ертесінде-ақ әлі құныға қоймаған темекімді тепкілеп көміп, арағымды әріге жібердім.
Әркезде оқуын бітіріп бастық болып жүрген ағама, оған еркіндік беріп ерлеген жеңгеме риза болып қоямын.
Қайтейін, көнеді екенсің, темекіні тастап, арақты татып алмай ғұмырым өтті емес пе…
Бастық болу қиынның қиыны екен, ағам бақырып-шақырамын деп жүріп, ақыры жүрек талмасы ұстап, зейнеткерлікке жетпей мүгедек болып мүләйімсігені бар…
Өз басым, өмірімнің отыз жылында таза ауа, тау-шатқал, өзен-көл маңында маңыраған мал баққаныма тәуба деймін.
Зейнеткерлікке бір мезгілде шығып, ағам бір мекемеге күзетші болып орналасып, ертелі-кеш бір орында тапжылмай отыратын болды.
Маңдайының соры бес елі баяғы мен сол мекемеге аула сыпырушы болып орналасып, ертелі-кеш тепең-тепең титықтап-ақ бітемін… Есептеп кеп жіберсем, күніне он шақырым жол жүріп, кәкір-шүкірді жинап жүріп, екі-үш вагон жүк түсіретін күш-қуатым кетіп қиралаңдап-ақ қалады екенмін.
Не керек, менен екі минөт ерте келген ағам біраз жылдан соң сол күзетшілігінде кірген-шыққанмен кергілесемін деп аяқ асты жүрегі ұстап, бақилыққа аттанды.
Шайпау шешелеріңе қайта оралайын. Арағымды алғызбаған, темекімді тартқызбаған шешелеріңе ризамын. Жетпістің жетеуіне келгенімде жарықтық көріпкел екен, маған: «Әлі біраз ғұмыр кешесің, бір айтқанымды тыңда» деп, өзінің күйеуге шықпаған кенже сіңлісін маған қосып, бақилыққа аттанып кете барды.
Содан «бір қызымнан бір қызым сорақы» демекші, шешелеріңнің қосып кеткен сіңлісі нағыз «сүр» болып шықты.
Отырсам опақ, тұрсам сопақ, үйде күн-түн айғай-шу… өз үйімнен безіп, ас ішер мезгіл мен жатар орныма жайғасқаным болмаса, ылғи дала безіп, қысы-жазы тау-тасты аралап, тағы болып күндерім өтті… Е, шырақтарым, тоқ етері – «жүзден асып жығылтқан» қос шешелеріңе алғысым шексіз, – деп кідіргенінде:
– Ақсақал, ғылымның айтуы бойынша жүз он бір жаста адам қайта жасарып, шаш пен тіс қайта шығады екен, – деп сәуегейлік танытып едік:
– Айтқандарың келсін, менің жасымды сендерге берсін. Ол үшін тасжүрек бауыр, те-пең-тепең тірлік бұйырып, шайпау келіндер маңдайларыңа жазылсын, – деп бата қайырды.
АСТАНА.