24.09.2026
144
0

Ақтөбе облысында оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін білім беру нысандарын жаңарту және жаңа ғимараттар салу жалғасып жатыр. Биыл өңірде 9 жаңа мектеп пен 1 мектепке дейінгі ұйымды қоса алғанда, 10 білім беру нысанын жөндеу­ге 3,2 миллиард теңге бөлінді. Ал жаңа оқу жылына дейін өңірде 4060 орынға арналған 7 жаңа мектеп пен 2 жапсарлас ғимарат пайдалануға берілмек. Бұл жұмыстың барысы мен жоспар туралы Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаевамен сөйлескен едік.

                                                                                                                Реновация жалғасады
Өңірдегі білім беру саласын жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының мектептерді реновациялау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат — білім беру ұйымдарын бірыңғай заманауи инфрақұрылым талабына сәйкестендіріп, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасау.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, өңірде 2027 жылға дейін 24 мектепті реновациядан өткізу жоспарланған.
— Бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшу мақсатында өңірде 2027 жылға дейін 24 мектепті реновациядан өткізу жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 7 мектеп жаңғыртылса, биыл 8 мектепте жұмыс жүргізіліп жатыр. 2027 жылы тағы 9 мектепті жаңарту көзделген, — дейді Ақкенже Тындыбаева.
Былтыр жоспарланған жұмыс толық орындалып, 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл жұмысқа облыс бюджетінен 3 миллиард теңге бөлінген.

                                                                                                      Заманауи кабинеттер саны артады
Биыл реновация Ақтөбе қаласындағы №37, №22 және №17 мектептерде, сондай-ақ Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді, Темір ауданындағы С.Бәйішев атындағы, Шалқар ауданындағы №8 және Мұғалжар ауданындағы Құмсай орта мектептерінде жүргізіліп жатыр.
Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, осы мектептерді жаңғыртуға 567 миллион теңге бөлініп, 42 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Жаңа кабинеттер қатарында химия, физика, биология, математика,
география, информатика, тарих, қазақ және ағылшын тілдеріне арналған оқу бөлмелері бар.
Бұдан бөлек, мектептерде робототехника, STEAM-зертханасы, алғашқы әскери және технологиялық дайындық, инклюзия­ны қолдау кабинеттері жабдықталуда. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Мектепкітапханалары мен жиһаздары да жаңартылып жатыр. Ғимараттардың шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, едендер мен есік блоктары ауыстырылды. Сумен жабдықтау, кәріз және электр желілері секілді инженерлік жүйелер де жаңартылды. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақын. Нәтижесінде 4 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын қауіпсіз, жайлы әрі заманауи талаптарға сай мектептерде бастайды.

                                                                                            Жаңа мектептер оқушыларға есік ашады
Білім беру инфрақұрылымын дамыту қолданыстағы мектептерді жаңартумен ғана шектелмейді, өңірде жаңа білім ошақтары да салынып жатыр.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірде жаңа оқу жылы қарсаңында 7 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында бой көтерді. Атап айтқанда, «Алтын орда» тұрғын алабында — 900 орындық, «Оңтүстік-Батыс-2» шағын ауданында — 300 орындық және «Шилісай-1» тұрғын алабында — 600 орындық мектеп ашылмақ.
— Аудандарда да жаңа білім ошақтарының құрылысы аяқталуға жақын. Мұғалжар ауданындағы Ащысай негізгі мектебінің 60 орындық ғимараты, Темір ауданындағы Кеңқияқ және Шұбарқұдықтағы 600 орындық мектептер, сондай-ақ Мәртөк ауданындағы Кеңсахара ауылындағы 100 орындық мектеп жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдайды. Жаңа мектептердің төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр, — деді Ақкенже Тындыбаева.
Сонымен қатар қолданыстағы білім ошақтарының оқушы сыйымдылығын арттыру үшін №8 мектепке 300 орындық, Д.Қонаев атындағы мектепке 600 орындық жапсарлас ғимарат салынды. Апта басында Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепке жапсарлас салынған 300 орындық жаңа нысан пайдалануға беріліп, мектептегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.

                                                                                                  Оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, өңірде жаңа мектептер салу мен қолданыстағы білім ошақтарын жаңғырту қатар жүргізіліп отыр. Мұның өзі өңірдегі білім беру инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға мүмкіндік береді.
— Басты мақсатымыз — балаларға сапалы білім алуға қажетті жағдай жасау. Мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру арқылы оқушылардың білім алуына жаңа мүмкіндік береміз. Бұл жұмыс алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасады, — дейді Ақкенже Тындыбаева.
Осылайша, Ақтөбе облысында білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Бір жағынан, жаңа мектептер салынып, білім алушыларға арналған орындар саны артып жатса, екінші жағынан, қолданыстағы мектептер заманауи талапқа сай жаңғыртылып жатыр.
Жаңарған кабинеттер, заманауи зертханалар, жаңартылған инженерлік жүйелер мен қауіпсіз ғимараттар оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, педагогтердің де тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал бұл жұмыстардың алдағы жылдары жалғасуы өңірдегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
                                                                                                                                                                                                                                                                                              Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір