«ТАЛТҮС»: ЖЕТІМ БАЛАНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ
Т.Әсемқұловтың «Талтүс» романы – қазақ даласында күй өнері мен күйшілерді жаңғыртуға тырысатын, күйлердің тарихын, орындалу жүйесін, дәстүрлі музыкалық терминді зерттейтін шығарма. Алайда автордың өзі айтқандай, роман адамзаттық деңгейдегі бірнеше мәселені қозғайды. Оның ең маңыздысы – романдағы бас кейіпкер Әжігерейдің жетімдігі. Әжігерейдің жетімдігі – физикалық ғана жетімдік емес, рухани және экзистенциалды жетімдік. Әлем әдебиетінде жетімдік тақырыбы – ең көне тақырыптардың бірі. «Библиядан» басталып «Квазимодо», одан қалды Ф.Достоевскийдің «Жасөспіріміне» дейін жалғасатын туындылар адамзат санасында когнитивтік тепе-теңдікті орнатуда. Ал қазақ әдебиетінде Әжігерей секілді жетім балалар көп. М.Омарханұлының «Жетімі», «Қорғансыздың күні», «Көксерегі», С.Мұратбековтің «Жабайы алмасы», «Жусан иісі», «Жанболаты», О.Бөкейдің «Тортай мінген ақ боз аты», Д.Исабековтің «Бекеті», «Сүйекшісі», т.с.с. Бұл жетімдерден Әжігерейдің айырмашылығы өзін өнерден іздеп жолға шыққаны еді.

Жалпы, жетімдік ұғымы адамзатқа тән. Бірақ оны кім, қалай көтереді, түсінеді, соған байланысты. Кейіпкер жетімдігін экзистенциалық трансценденцияға айналдырды, сырын күйге ашты, күйшілік өнерді жанына серік етті, қуанышын да, қайғысын да, өкпе-ренішін де домбыра шанағымен сөйлетті. Нақтыласақ, романның алғашқы сөйлемдерінен бастап Әжігерей жетімдіктің ащы дәмін татады. «Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптаған емес. Тіпті балалық шақ болып па еді, есіне түсіре алмайды». Бұл жолдар Әжігерей тағдырынан сыр шертеді. Әуелден өгей шешесі Күлбағиланың қолынан күніне бірнеше мәрте таяқ жеп, итаяқтан су ішіп, «қорғасындай ауыр көзқарасынан» сескеніп өмір сүреді. Күй өнерінің киесін арқалап жүрген жас балаға өгей шешенің қорлық көрсетуі – өлім туралы ойларға да жетелейді. Осы сәтте бала мен табиғат арасындағы паралеллизм шебер суреттелген. Ол өлім мен өмір арасындағы арпалыста жүріп, жарыққа қарай ұмтылады, Жер-Анадан күш-қуатын жинайды. Кемеңгер табиғатпен тілдесіп, тіршілік берген Құдай басқасын да беретінін жақсы түсінеді. Көсеге сияқты өмірге сорың қалың болып келіп, тіршілікке бауыр басып үлгермей жатып, өмірден өтудің азабынан сескенеді. Ақырында Сабыт ақсақалға өгей шешесінен құқай көріп жүргенін айтады. Сабыт ақсақал балаға зорлық көрсеткені үшін қатты күйініп, Күлбағиланы сабай жөнеледі. Дәл солай зорлықты зорлықпен тыйғысы келеді. Күлбағила ауылына кетеді. Бірақ аз уақыт өткен соң Күлбағила қайта келіп, Әжігерейге мейірімділік таныта бастайды. Осы сәтте Әжігерейдің бойында туған анасымен қауышқандай ерекше қуаныш сезімі жүріп өтеді. Бірақ көп ұзамай Әжігерей артына қарағанда апасының тісі ақсиып, қорқынышты кейіпке айналып кеткенін аңғарамыз. Демек, кейіпкер санасында өгей шешеге деген қорқыныш мифтік мыстан бейнесін оятып, мифопоэтикалық тұрғыда репрензентацияланады. Осыдан-ақ жетім баланың көрер азабы алда екенін болжаймыз.
Осы ретте айта кету керек, Кұлбағиланың өзі де – тағдырлы кейіпкер. Шығарма соңына қарай автор Әжігерей апасының қатігез болмысының қалыптасу себептерін біртіндеп ашады. Ол 10 жасында ақтың әскерлері үй ішін түгелімен қырып кеткенін өз көзімен көрген. 10 жастағы балаға ең аяулы адамдарының қанға бөгіп, аса қатыгездікпен өліп жатқанын көру жан дүниесінде мәңгілік жазылмас жара қалдырады. Бала бейсанасында өлімді ерте тану феномені оянып, жетімдік архетипі белсендіріледі. «Бала жаны – мөлдір әйнек іспеттес. Оған түскен әрбір сәуле мәңгілік із қалдырады». Оның қатігездігінің, қатаңдығының артында өткен өмірінің көріністері менмұндалайды. Осылайша, Күлбағила да жетім қалған. Бұл – Д.Риццолаттидің «Айна» теориясына сәйкеседі. «Бір адам екінші адамның бойынан өзі сезінген эмоцияларды сезінсе, әрекетін өзіне ұқсатса, бұрынғы күйді бастан өткергендей болады». Сәйкесінше, Әжігерейдің бойындағы жетімге тән әрекеттері мен қылықтары Күлбағиланың жан-жарақаттарын қозғап жіберген. Бұл Күлбағиланың бойында ашушаңдық мінез-құлқын туғызып, күш көрсетуге үйірсектікті қалыптастырады.
Бақсақ, Сабыт ақсақал Күлбағилаға, Күлбағила Әжігерейге зорлық көрсетеді. Бұл әрекеттер ашаршылық, бодандық, соғысты бастан кешкен қазақ ауылдарының адамдарында бейсаналы түрде жүріп жатады. Ал Әжігерейдің жетімдігіне әлімжеттік қосылып, жан жарақаттарын тереңдетіп жібереді. Атап айтсақ, кейіпкердің физикалық, психологиялық және экзистенциалдық жетімдігі бала бойындағы ішкі «меннің» бөлшектенуіне әкеледі. Әдетте адам бойын физикалық немесе рухани аштық бойлап алғанда моральдық тұлғалалары, ішкі дүниесі, кісілік салттары түбегейлі өзгерістерге ұшырап отырады. Негізгі қалыбы, құрылымы бұзылады. Нәтижесінде, бірнеше «мен» адам бойында адам айтса, нанғысыз күреске түседі.
Бірі – тамырынан ажыраған, белгісіздікте өмір сүріп жүрген бала бейнесі. Ең қиын дүние – ата-анасыз өсу, бірақ одан да ауыры – қайдан тамырлағанынан хабарсыз болу. Әжігерей де әңгіме арасында абайсызда «апа» деп жүргені өз анасы емес екенін естіп қалады. «Ата» деп жүргені әке емес. Сонда анасы кім, әкесі кім, Әжігерейдің өзі кім? Күлбағила қанша жерден таяқтаса да «анам ғой» деген ой тыныштық тапқызатын. Ал енді аталған оқиға бала бойында бостық сезімін тудырып қана қоймай, оқырмандарды да ойландырады. Осы сәттен бастап, кейіпкердің өзіне және айналасына сенімсіздігі үңірейе түседі. Қысқа-қысқа диалогтар. Көпшілік ортада тұйықталып қалу. Өзінің жетім екенін білдірмеуге тырысып, кезіккен адамдармен жадырап сөйлесу. Өлімнен қорықпау. Домбыра құлағында жылдар бойы ойнаса да, сыныбына күйшілік өнері бар екенін білдірмеу. Жарыққа шығуға ұмтылмау. Кейіннен «Қандай ғажап күйшісің», «сабақты да 5-ке оқисың» деген секілді сөздерден өзін құрап алуға тырысу. Осы аталған әрекеттердің барлығы бала санасында экзистенциалдық жалғыздық күйі жүріп жатқанының дәлелі еді. Жүсіпбек Аймауытовша айтсақ, ата-анасының кім екенін, қайдан шыққанын, немен айналысқанын білмей өскен балада ішкі тірек болмайды. Ал ішкі тірек дегеніміз не? Ол не үшін керек? А.Құнанбайұлы «ішкі тіректі» ақыл, қайрат, жүрек деп білсе, Ш.Құдайбердіұлы ар ілімі екенін алға тартады. К.Роджерс: «Әр адамның жан дүниесінде өсуге, жетілдіруге ұмтылдыратын ядросы болады», – дейді. Демек, ішкі тірек – адамның құндылықтары мен мақсатын қалыптастыратын, болашақта табысқа жетуге ұмтылдыратын, жанға тыныштық сыйлайтын әлдеқандай күш.
Сондықтан болар, Әжігерей жанарына үңілген әр ер адамнан «әке», балам деп басынан сипағаннан «ана» іздеп тұрады. Кейде көшеде кетіп бара жатқан жүзі жылы әйелді көре қалса, «бәлкім, осы анам шығар» деген ой жылт ете қалады. Жанынан өте шыққанда өмірге деген өкпе-наласы қайтадан оянып, жанын отқа салады. Өзін ешқашан «толық адам» сезінбейді. Осы ретте шығармадан түс символикасын да бірнеше мәрте аңғара аламыз. Әдетте түске сену, түстен алған әсерлерімен тояттану – баланың тағы да ішкі тіректі қалыптастыру жолы. Романның басында, ортасында және аяғында Әжігерей әлдебір мейірімді адамның бейнесін түсінде көреді. «Әлдебір мейірімді адам… кім екені белгісіз… әйтеуір, мейірімді екенін біледі… Қолынан нық ұстап жетелеп келеді. Жол иісі аңқыған қаншама, өзен-көлдер». Жұпар аңқыған жолда жан дүниесі мейірімге тұнып тұрған әлдебір адамның жетелеп келе жатуы анасы болуы мүмкін деп болжаймыз. Себебі, мейірімді адам десе, есімізге ең әуелі ананың махаббатқа толы жүрегі түсетіні белгілі. «Әлдебір жақта туған анам өмір сүріп жатыр» деген ой Әжігерейдің санасынан бір сәтке де өшкен емес. Бәлкім, дәл осындай түс көру себебі де бейсанасында орныққан ақпараттардан болуы мүмкін. Ал, екінші мағынасы ретінде атасы Сабыт ақсақалды да алуға болады. Сабыт – әкенің де, ананың да орнын басқан, күйшілік өнерге қолынан тартып, жетелеп келе жатқан жебеушісі іспеттес. Одан бөлек, Әжігерей дастарқан басында Иләпі туралы айтылғанда да төбеден үш періштенің ұшып өткенін сезінеді. Жетім баланың «ішкі тірек» іздеу жолындағы қиялы қияларға бастайды…
Екінші «мен» – өзін табуға ұмтылған, күйшілік өнермен айналысатын, ақылы толысқан, болашағы жарқын азамат бейнесі. Шығармада Әжігерейдің ойлау жүйесімен барланатын оқиғалар ретіне бойлау арқылы жетім баланың болашағына сеніммен қарай аламыз. Ол әр күйдің тарихын білуге ұмтылып, күйшілермен терең сұхбаттар құрып, күй қағыстарын үйренеді. Тіпті жаңа күй шығаруға бейімделеді. Көненің көзі саналатын Сәруар қарттан жаңа күйлер үйреніп, ауылына дейін іздеп барады. Одан бөлек, мектептің аядай ғана кітапханасынан өз жасына сай емес, ересектердің өзі бірнеше мәрте қайталап оқығанда әрең түсінетін Эмиль Золяның «Жерминалын», Жеромскийдің «Евасын» оқиды. Дастарқан басында Сабыт ақсақалдың айтқан әңгімелерін жадына жазып алады. Одан өзіндік ойын қалыптастырады. Мектепте де үздік оқуға тырысады. Тіпті ұлдармен төбелесте де жеңіп шыққысы келеді. Мұның барлығының артында «маған біреу жылы сөзін арнаса екен», «мейірім көрсетсе екен» деген қалау, тілек жатыр. Кейіпкер қай «менді» көбірек қоректендірсе, сол «мен» Әжігерейдің болмысын құрап шығарады. Себебі, өмірдің мәні конструктивті ғылымнан тұрады. Адам дүниеге келгеннен анасынан, әкесінен, ата-әжесінен, туғандарынан, айналасы, дос-жаранынан, олардың ойлары мен сөздерінен, қызығушылықтарынан құралады. Бұл романда да Әжігерей өзінің жетім екеніне іштей қынжылса да ондай «көлеңкелі тұсын» көпшіліктен жасыруға тырысады, позитивті ойлау дағдысын қалыптастырады. Бәлкім, Әжігерей Күлбағиладан қорлық көріп жүрген шағында көп түңіліп, ертеңіне өкінішпен қараса, өз-өзін қамшыламаса, одан дарынды күй шығар ма еді, шықпас па еді, кім білсін?!
Үшіншісі – қорқыныштарынан құралған, ішкі сезімдерін толық танымайтын, бәрін үнсіз көтеретін «мен». Шығарманың аяғына қарай Сабыт ақсақал өмірден өтеді. Сабыт – дүниеге келе салып, бауырына басқан, бар жылы-жұмсақты аузына салған, «балам» деп еркелетіп, кісілік салттарды бойға дарытқан «әке» орнын толықтырған адам. Әйткенмен, автор Сабыт келместің қайығына мініп кете барғанда да аталап боздамайды, қыстығып жылап та алмайды. Жан дүниесінде жүріп өткен алапат күй ашылмай қалады. Оған себеп, жаны жарақаттанған балалар балалық шағынан алекситимиялық күй кешеді. Сезімдерін өзге түгілі өзінен жасырып, эмоцияларын көрсете алмайды, қорғаныс механизміне тығылады. Ол іштей осы оқиғаға дайын жүруі де мүмкін. Бірақ «жыласам да енді жұбататын кімім бар» деген ой кейіпкердің бойын керней береді. Сондықтан болар, ол бар мұң-қайғысын күйге төгеді. Дәл осыған ұқсас жағдай Әжігерейдің алғашқы махаббатынан ажырауында да көрініс табады. Гүлшатпен махаббаты әдемі басталып, барлық сатыларынан қол ұстасып өтеді. Әжігерей аспанда қалықтап жүргендей ерекше бақытты күй кешеді. Тіпті азын-аулақ уақытқа күй өнерінен алыстап та кетеді. Бірақ өкініштісі, шығарма соңында Гүлшат «Сенің сорың қалың. Өйткені өнерің биік. Атаң өнерді сор ғана көтереді деген» деп қоштасу сөзін айтқанда да Әжігерей жан дүниесімен Гүлшаттан ажырағысы келмесе де үнсіз қалады. Үнсіздік – келісу емес, сезімдердің жасырылуы. Осы ретте күрескерлік танытпай, қыз шешіміне келісе салуында да психикалық жарақаттарының әсері жоғары.
Шығарманың соңында Әжігерей анасы Қалимамен қауышады. Өгейлік көрсетіп жүрген Күлбағила да ол кезде Әжігерейді өз баласындай сезініп қалған еді. Қимайды. Қимаса да жақсы көргендіктен «анаңа бара ғой» деп рұқсатын береді. Бұл жерде де жетім баланың бойын қуаныш не өкініш кернемейді, тағы үнсіздікке жұтылады. Сезімдерінен қашады. Оған себеп 18 жасында анасымен қауышуы биографиялық факт еді. Бірақ 18 жыл бойғы болмаған балалық шағы мәңгілік жетімдік ретінде сана ағымында жатталып қалады. Осылайша, тағы да Әжігерей күй арқылы өткенге сағынышын білдіреді.
Нәтижелесек, автордың «Талтүс» романының көтерген тақырыбы – мәңгілік өмір сарыны. Әлемде жетімдер болмаса дейміз, бірақ жетімдік тақырыбы жазылмаса, қай тарапта тартарымыз белгісіз. С.Қасқабасов: «Жетімдік мәселесі – қазақ эпостары мен ертегілерінің негізгі фабулалық өзегі», – дейді. Ал, романда жетімдік мәселесінен туындаған мөлдір мұңның әлдиі әуезді шығады. Автор негізгі мәселе ретінде күйшілік өнерді шеберден шәкіртке қалдыруға ден қойғанымен, жасырын түрде жетім мәселесін алға тартады. Өзінің өміріндегі тар жол, тайғақ кешуін суреттейді. Әдетте, балалар 18 жыл бойы ата-анадан тәлім мен мейірімге қанып өсіп, 18 жасында ұядан түлеп ұшып жатса, Әжігерейде заңдылығы бұзылады. 18 жыл бойы тұл жетімдіктің күйін кешіп, әбден ер жетіп, ес тоқтатқанда ата-анасын табуы кейіпкер үшін аса түсініксіз еді. Ерте жастан тұрақты эмоциялық байланыс орнамаған. Сондықтан бала күніндегідей еркелей алмайды, тактильді қарым-қатынас құра алмайды. Мүлде бір бөтен адамдардың ортасына түсіп кеткендей күй кешеді. Одан бөлек, кейіпкер бойында тағы да ата-ананы жоғалтып алу қорқынышы туады. Д.Боулбидің түсіндірмесінде мұны «екінші жарақаттануға деген үрей сезімі» дейді. Соның әсерінен бала ата-анадан бойын аулақ ұстап, өзі алыстап кетуі де мүмкін деп болжанады. Қалыптасқан «мендермен» психологиялық реализм сәйкес келмейді. Мұндай кейіпкерлер қазақ және әлем әдебиетінде жиі кездеседі. Мәселен, О.Бөкейдің «Қар қызында» Қоңқай деп жүрген ішкі қайшылықтары басым, қоғамнан шет қалған, жағымсыз кейіпкер әкелері болып шығады. Қоңқай бейнесі – экзистенциалдық жалғыздық бейнесімен пара-пар. Десе де, шығарма соңында үш жігіттің біреуі әкесімен тұруға шешім қабылдайды. Одан бөлек, әлем әдебиетінде Марк Твеннің «Гекльберри Финнің бастан кешкендері» атты шығармасында да осы тәжірибе кездеседі. Гекльдің ұзақ уақыт бойы әкесінің болмауы және кейіннен пайда болуы, бас кейіпкердің санасында жарылыс сезімдерін тудырады.
Осы ретте шығармадағы негізгі кейіпкердің басты мәселесі неге жетімдік деген сұраққа жауап беріп көрелік. Әрине, жетімдік тақырыбы – К.Юнг ілімі бойынша, әмбебап архетип. Жетім баланың ішкі әлемі қашан да жұмбақ. Ал әдебиеттегі жетім кейіпкердің болмысын ашу қоғам мен адам арасында мәңгілік көпір орнатады. Жетім бала тақырыбы сол дәуірдің әлеуметтік мәселелерін ашады. Оқырмандардың да қорғансыз кейіпкерге деген аяушылық сезімі оянып, экзистенциалдық үрей кешеді. Осы ретте қорғансыздық түсінігі кейіпкердің әрекетке қабілетсіздігі, ерік-жігерінің жоғалуы, жағдайға бағыну сынды контекстік белгілер арқылы вербалданады. Әуелгі себеп автор бас кейіпкерге 1889 жылы дүниеге келген атақты күйші Әжігерей Дүйсеғұлұлының есімін берген. Бұл күйшінің де өмірбаянын ақтарсақ, ата-анадан ерте айырылып, жетім өскенін аңғара аламыз. Десе де, шығармада Әжігерей Дүйсеғұлұлының тағдыры суреттелмейді. Себебі, автордың санасында кейіпкерін Әжігерей деп атауының артында Әжігерей секілді күйші болса екен деген қалау мен ниет қана жатыр. Негізінен Т.Әсемқұловтың өмір жолынан таған тартады. Демек, романдағы Әжігерейдің прототипі – автордың өзі. Таласбек – шертпе күй мектебінің өкілі, өз жанынан туған 8 авторлық күйі бар. Автор да ерте есейіп, бақытсыз балалық шақтың дәмін татқан. Дүние есігін аша салып, дәл Әжігерей секілді нағашы атасының бауырында өседі. 7 жасынан 18 жасына дейін атасы Жүнісбай Стамбаев дәстүрлі музыкалық өнерді бала жанына сіңіреді. Таласбек 18 жасқа келгенде күйші атасы өмірден өтеді. Осы ретте Таласбек сұқбаттарынан да, «Талтүс» романынан да «ата-ана махабатынан қағылдым» деген атасына деген реніші бірде-бір рет байқалмайды. Себебі, Таласбек атасының арқасында күйшілік өнерді жанына серік еткені өмір бойына азық болды. Бұл ретте, кейіпкерді толық тану үшін, жан дүниесіне бойлау үшін авторды білуіміз керек. Оның санасындағы әлем моделі, ұлттық мәдени коды, өмірбаяны, туып-өскен жері, сенсорлық қабылдауы, жан жарақаттары кейіпкерде көрініс таппай қоймайды. Дарем атты Англия университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, 181 жазушының 63 пайызы шығармадағы кейіпкерлердің дауысын күнделікті еститінін айтса, 15 пайызы сөйлесіп жүргенін жеткізеді. Демек, автор үшін кейіпкер өмір сүретін әлем – параллелді әлем, ал кейіпкер болса, автордың екінші бір жағы немесе көлеңкелі тұсы деген сөз.
Э.Хемингуэйдің «Нағыз жазушы жетімнен шығады» («Настоящий писатель вырастает из сироты») деген тұжырымына сүйенсек. Т.Әсемқұловтың жетімдік тақырыбына именбей баруына да өз басынан өткен оқиғасы, өмірбаяны толықтай әсер еткен. Сондай-ақ өмірде көрген көптеген қиындықтар мен бейсанасында сақталып қалған оқиғалар желісі шығарма жазу барысында көрініс тапқан.
Қазақ әдебиетінде жетімдер туралы қалам тартқан жазушы жетімдер де баршылық. Мысалы, «О, Ақтан жас, Ақтан жас» деп жырлаған Д.Бабатайұлы, «Әпке», «Бекет» шығармаларын жазған Д.Исабеков, «Кәдімгі өздеріміз туралы» мен «Жылдар мен ойлардың» авторы әкесінен 6 жасында айырылған Ә.Тәжібаев, «Болмаған балалық шақтың» авторы А.Елгезек, «Имештің» авторы С.Шаймерден ата-анасынан ерте жастан айырылған, т.с.с. Байқасақ, осы аталған шығармаларды жазған авторлар санасындағы әлем моделін қағаз бетіне боямасыз түсірген. Дегенмен М.Мағауин «Мен» ғұмырбаяндық романында «Жазушы жетімнен шығады» деген сөзбен келіспейтінін айтады. Себебі жетім адам көп жағдайда тұңғиыққа құлауға бейім болады, ондай адамнан жазушы шығуы екіталай. Ал, Қ.Мырза Әлі «Иірімінде» Э.Хеминугейдің сөзімен келіседі. «Мен де жоқшылықтың, қиындықтың әсерінен ақын болып шықтым», – дейді. Қалай тартсақ та, жазушылардың жетімдік тақырыбына баруына әсер етуші факторлар көп.
Одан бөлек, жетпісінші жылдардың басында «Жеті жетім» деген физикалық және әлеуметтік жетімдігіне орай жан достардың тобы құрылған. Атауы нашар естілгенімен қазақ әдебиетіндегі жетімдік мәселесінің жазушылардың бойында көрініс табу мәселесін осы жерден де аңғарамыз. «Жеті жетімнің» басын қосқан О.Бөкей. Топта бізге белгілі жазушылар А.Сейдімбек, Б.Нұржекеев, С.Әбдірайым, К.Ахметбеков, К.Сегізбаев кіреді. Бұл суретте алтауы тұр. Жетінші топ мүшесі, суретті түсіріп тұрған Б.Нұржекеев еді.
Міне, осындай психологиялық қарама-қайшылықтардан қашқан бас кейіпкер Әжігерей ұлт аманатын арқалауға шешім қабылдайды. Әрине, бұл болашаққа деген ұмтылыс болғанымен когнитивті бұзылыстар айқын көрінеді. Кейіпкер өз-өзінен қашады. Бірақ жетімдік пен күйшілік өнердің ортасында жан мен тәннің жақындығындай байланыс жатыр. Себебі, ол үшін күй сазы қайғының баламасы істеттес еді. Домбыраның әр пернесінде балалық шағына деген аңсау сезімі жатты. Мақалада зерттеу нәтижелері ойын баласының қалай уайым баласына айналғаны жөнінде мысалдар келтірілді. «Қайғылы күйдің асқына келе ақырында диюға айналып, домбырадан бөлініп, өзінше жеке тіршілік құратынын бірінші рет көрді» деген жолдардан-ақ күйдің де мұң секілді өзінше тіршілік кеше алу қабілеті бар екенін ұғынады. Ақындар жан дүниесіндегі болып жатқан арпалыстарды өлеңмен шығаратыны сынды Әжігерей де бар уайымын күйге төгеді. Мұны «музыкалық терапия» дейді. Әжігерей күй тартқанда мұңын күйге көшіреді. Ішкі қысым сыртқа шығу барысында музыкалық тірек табады. Демек, осы мысалдарды негізге ала отырып, Әжігерейдің жетімдіктен құтқарушы ішкі тірегі – музыка деген шешімге келеміз.
Қорыта айтсақ, жетім тақырыбы – әдебиетте қоғамның ұят-ары іспеттес көркем бейне болса, ғылыми интеграцияда психологиялық, көркемдік, әлеуметтік тақырып ретінде сипатталады. Жетімдік – қоғамдағы институттардың жұмысының әлсіздігін бейнелейтін көрсеткіш. Жетімдік – биографиялық факт болғанымен, тұлғаның рухани жетілуіне жол ашатын баспалдақ. Ал прозалық шығармадағы Әжігерей – сол баспалдақпен биікке көтеріліп, жетімдігінің салдарынан туған жан жарақаттарын күй өнерімен, нақтыласақ музыкалық терапиямен емдей алған тұлға. Ал Т.Әсемқұлов – тыңнан түрен салған жазушы. Сондықтан Т.Әсемқұловтың «Талтүсі» – жетімдік пен күйшілік тақырыбын қатар алып, шебер суреттей білген тұғыры биік, өнер тілімен өнерілген психоэстетикалық роман.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,
әдебиеттанушы