13.04.2026
178
1

Төлен ӘБДІК

Прозада алғаш рет сыни наразылықты бере білді

Әкім ағаны алғаш рет қай кезде көргенім есімде жоқ. Біз студент едік, ал  олар жас жазушылар болатын. Өткен ғасырдың 60-жылдары Қазақстанда ғана емес, кеңестік кеңістікте өзгеріс жүріп жат­ты. Өмірге ризашылықтың жоқтығы сезіле бастаған кез. «Бұлай өмір сүруге болмайды ғой» деген ойдың ашық айтылмаса да, іште жүрген шағы. Бұл тіпті Мәскеуде де сезіле бастады. Ақын-жазушылар арасындағы сол көңіл күй бізге де жетті. Әкім ағалар – әдебиет­ке сол кезде келген жігіттер. Әкім, Рамазан, Сайын, Қалихан, кейін бұларға Қабдеш қосылды. Өздері шеттерінен сауатты болды. Әсіресе Сайынның «Менің қарындасымы», Қалиханның тілінің құнарлылығы жиі айтылатын. Бұлардың  ішінде Рамазан көбірек сыналды. Кейін «Абайдың жұмбағын» жазып Мемлекеттік сыйлық алды. Бұл жазушылар көбіне ауылды жазатын.

Осылардың ішінде қолтаңбасы ерекшесі Әкім Тарази еді. Оның екі өзгешелігі болды. Біріншісі – қала өмірін жазды. Екіншісі – шығармаларында адамды сынау, қоғамды сынау үрдістері басым болды. Прозада алғаш рет сыни наразылықты бере білді. Совет үкіметінде қалыптасқан адамдармыз ғой, ол кездердегі жағдай белгілі, цензура өте қатал, аяғыңды қия бастырмайтын. Тіпті жазушының не жазғаны емес, не деп отырғаны да бақылаулы секілді кез болатын. Бірақ соған қарамастан, Әкімнің шығармаларында астарлы шындық жататын. Бұл кісі өзі астарсыз жазбайды. Шығарманың бетінде бір үлкен негізгі идея жатқанымен, астарында  тағы бірдеңе тұрады. «Бұлай өмір сүруге болмайды» деген идеяның көріністері байқалушы еді. Райымбек Сейтметовтің «Әкімнің бір пьесасын бір рет қорқа-қорқа әрең қойдық» деп айтқаны есімде қалыпты.
Біз осы жазушыларға қарап өстік, бой түзедік.  Олардан біршама кіші болсақ та, бізді баласынған жоқ. Жазушылар өз арасында Әкім, Рамазан Сайын, Қалихандарды бойлары қысқа болған соң «бес тапал» деп әзілдеп атайтын. Арасында сәл ұзындауы Сайын еді. Кейінірек: «Мен кеш туып қалдым, әйтпесе бесінші тапал мен болатын едім», – деп әзілдеп жүрдім.
Сол кезеңде қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов үлкен бедел иесі еді. Ол кісіден бір жақсы сөз есту әрбір жас жазушыға арман болатын. Өйткені ол кісі аса кірпияз адам, әңгімелесу қиынның қиыны еді.  Қазақи деуге де болмайды, тек сеніміне ие болу керек. Мысалы, Асқар Сүлейменов повесть жазғанда соған қатты риза болып,  Асқарды ресторанға шақырып өзі сөйлескен. Міне, сондай адам  Әкім ағаны туған баласы секілді жақсы көрген. Жазушылығына ықпал жасаған, қызметке алған. Бірақ ол жайында Әкім аға қатар жүрген бізге айтқан емес. Бұл да оның бойындағы үлкен жақсы қасиеттердің бірі деп есептеймін.
Әкім ағаның қазақтың кинодраматургиясына да сіңірген еңбегі өте зор. Бір кездердегі «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараштан» бастап  толып жатқан нағыз көркем кинолардың сценариін жазды. Бұл жағынан келгенде оның шығармашылық  ауқымы өте үлкен. Соның бәріне үлгеріп жүрді. Меніңше, ол үйде қамалып алып, «қалай да көп жазсам екен» дегенді мақсат етпеген сияқты. Себебі дос-жарандарына уақыт арнап, сырласып, әзілдесіп, емін-еркін жақсы өмір сүрді.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ

КСРО-мен сөз ма  йданында күресіп өтті

Мінеки, Әкім ағаның өмірден өткеніне де жыл болыпты. Ағамызбен 1972 жылы танысқан едік. Ол кісі Киногерлер одағының бірінші хатшысы, біз Кинокомитет Бас редакторы Қалтай Мұмхамеджаов ағамыздың қол астындағы қатардағы  бір редакторы болатынбыз. Қолымызға Әкім ағамыздың «Құйрықты жұлдыз» атты    әңгімелер жинағы түсті. Жинақтың ұнағаны соншалық, бірден пікір жаздық. Несімен ұнады? Тек өзіне тән жазу мәнерімен ұнады. Стилистикасы емес, адамға, қоғамға деген сыншыл көзқарасымен ұнады. Тарази таразысына түскен адам, қоғам сыртында кекесінмен суреттелген тұтас советтік қызыл шындық жататын. Қалтасында қызыл билет, отырғаны қызыл кресло Әкім қаламгердің қылышынан қан тамған бұл қызыл қоғамға деген кекесіні тосын сөз, тосын көзқарас, керек десеңіз, тосын батылдық, батырлық болып көрінді бізге. Қазақ әдебиетіне Советті сүймейтінін бүкпейтін сирек  қаламгер келгенін көрдік. Ең қызығы, осы ұстанымынан Әкім аға өмір бойы танбай, тайқымай өтті. Осы ұстанымы шағын әңгімелері  «Тасжарған» атты үлкен романға ұласқанда да ширай түсті. Советтік шындықты кекесінмен көрсетті, яғни қаламгер өле-өлгенше қазақ деген халықтың тілін, дінін, бостандығын бұғақтаған СССР-мен сөз майданында күресіп өтті деуге келеді.


Біз ағамызды азды-көпті білетін бір оқырманы ретінде осылай ойлаймыз.

Рафаэль НИЯЗБЕК

Тауға, тасқа салғанда шағылмаған

Көріп келем бәрін де көз ашқалы,
Кім-кімнің де бар шығар өз асқары.
Бірақ сенің рухыңнан биік емес,
Өзге жұрттың көтерген боз аспаны.

Жанарында тұратын от өріліп,
Ердің бәрі үйренген төте жүріп.
Айдыныңды асырып тұрған жоқ па,
Бір Алатау кеудеңнен көтеріліп.

Қара сөзбен жырлаған боз даласын,
Пір тұтпайды қай іні өз ағасын.
Көрген емес алдыңды кесіп өтіп,
Жұрттың бәрі білетін өз бағасын.

Ерте жеткен көгілдір көктеміне,
Көтерілмей тұра ма көк төріне.
Екі Әкім тумайды,
Аптап, күптеп
Алатаудың ексең де бөктеріне.

Жас күнінде тағдырдың суығы ұрмай,
Кім жетілген табаға қуырылмай.
Нық шегеге ұқсатам кейде сені,
Қаққан жерде қалатын суырылмай.

Ақ жұлдызы көгінен көрінгенде,
Кімнің бағы жанбаған көңілді елде.
Майыспайтын шегесің,
Қақса сені
Дүниенің ұлтыны сөгілгенде.

Тауға, тасқа салғанда  шағылмаған,
Сардар ерсің жолынан жаңылмаған.
Еркектерді ез деймін шеге болып,
Босағасына елдің қағылмаған.

Болашаққа жол тартқан кеме көріп,
Аға, сенің соңыңнан келем еріп.
Көк аспанды құлатпай ұстап тұрған,
Жұлдыз қанша төсіне шегеленіп.

Қан тамырын тулатқан құба белдің,
Бір құлыны сен едің Құлагердің.
Сендей ердің арқасы – босағасы
Мықты болса егер де туған елдің.

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ

Ақ сауыт – ақ көйлегің

Жылдардың артқа тастап сан белесін,
Жан аға, алға тартып сен келесің.
Киелі қара сөздің қуатымен,
Халқыңа қысылғанда дем бересің.

Байқасам, қол жетпейтін шыңда тұрсың,
Жақсыға ұлтын сүйген шын жақынсың.
Ақ сауыт – ақ көйлегің, қалам – найза,
Қорғаған ел намысын бір батырсың.

Бой емес, ойыменен асқан аға,
Сайындар саған бекер дос бола ма!
Қасында Бәйтеректің тебіреніп,
Отырсың тілекші боп Астанаға!

Жаныңды салып талай от-жалынға,
Есейген азаматсың ат жалында.
Түйіліп тұрымтайдай жыр оқиын,
Тойланып жетпіс бесің жатқанында!

Жетелер сүріндірмей сөзімді алға,
Бұл інің сасқан емес өзің барда.
Қоясың сауырыма қамшы басып,
Бауырым жүйрік аттай жазылғанда.

Асықпай маң-маң басқан, маңғаз аға,
Ұқсайды тектілігің ханзадаға.
Жүрмейсің жамандармен әсте қатар,
Түрмейсің құлағыңды даңғазаға.

Қаламы ойдан ұшқын жарқылдатқан,
Өзіңді етер туған халқың мақтан.
Таязға сыр алдырмас тұңғиықсың,
Түбінде ат басындай алтын жатқан.

Жалт етіп көрер еді мұны бірден,
Жан болса жүрегіңе шың үңілген.
Көп жаман қайдан білсін, аз жақсының,
Сыртынан бірі танып, бірі күлген!?

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.04.2026 | 11:43

Сіздер Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романын оқыған боларсыздар. Сол романда Жорға Күрең деген кейіпкер бар ғой. Тіл саясаты комитетіндегі Ербол Тілешов тура соның сұрпынан екен. Сұрқы да, құлқы да соған келеді. Тек бас қамын, пайдасын ғана ойлайтыны көзінен көрініп тұр. Тіл туралы бірдеңе деу керек болса, тіл саясаты комитетінен осыны жұмсай салады. Бұл жымсиып сөйлейді. Сонымен іс бітеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір