СЕЗІМ МУЗЕЙІ: ЕСТЕЛІККЕ ТОЛЫ ЫСТАМБҰЛ ШАҺАРЫ
03.08.2022
3002
0

Сіз Орхан Памуктің «Сезім музейі» романын оқыған ба едіңіз? Оқысаңыз, осы роман негізінде жазушының өзі Ыстамбұл шаһарынан «Сезім музейі» атты арнайы музей жасағанын естіген шығарсыз. 1960-80 жылдардағы Ыстамбұл тіршілігін бейнелейтін, қала тұрғындарының сол шақтағы өмір салтын еске түсіретін музейге әлемнің әр түкпірінен жыл сайын он мыңдаған турист келеді. Онсыз да туризмі дамыған елдің рухани бейнесін қалыптастыруда Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Соның бірі – осы музей. Романда жазушы Пүсін мен Кемалдың махаббатқа толы жастық шағын бейнелейтін әр экспонатты Ыстамбұлдың бұлыңғыр көшелеріндегі коллекционерлердің қолынан қалай жинағанын да баяндайтын тұсы бар. Кино афишаларын сақтаған жәдігер жинақтаушы­лардың, басқа да коллекционерлердің өмірін шынайы суреттейді. Бізде 1930-50 жылдардағы театр қойылымдарының афишаларын сақтаған, жинаған адам бар ма? Табу қиын. Тіпті театр музейлерінің өзінде толық емес-ау…
Жуырда жазушы Жақсылық Қазы­мұратұлы Ыстамбұлға барған сапарында осы музейге арнайы барып, экспонаттарын өз көзімен көріп қайтқан болатын. Сондағы әсерін қағазға түсіріпті. Оқырман қауымға ой салар деген ниетпен ұсынып отырмыз.

 

Жазушы Орхан Памуктің «Сезім музейі» романын Ыстамбұлда қайыра оқудың сәті түсті. Зайыры, шығарманы жазылған топырағында оқудың әсері айрықша болатын көрінеді. Мысалы, «Сезім музейін» айтайық. «Ашық тұрған балконнан теңіз бен фикус ағашының иісі шыққан көктемнің керімсал желі» танауыңызды қытықтап, «Қыз мұнарасы» жақтан соққан қоңыр жел жаныңызды желпиді, Босфор бұғазы, ондағы кемелердің озандаған дауысы сізді өзіне елітіп, романдағы әрбір сюжет, кейіпкерлер шым-шымдап, бойыңызға сіңе бастайды. Ары қарай, Ыстамбұлдың тас төселген иір-қиыр көшелеріндей тарамдалған оқиғалар тізбегіне қалай бойлап кеткеніңізді сезбей де қаласыз. Тіпті бірде қаланың шет аудандарындағы қырқа-белдерге иін тірестіре салынған жатаған үйлерді аралап келе жатып, романда суреттелінетін «Құрбан айт күндері» ойыма оралды және бірде «Таксим алаңынан», «Долмабакше сарайынан» өтіп бара жатып, «1980 жылы 12 қыркүйек күнгі әскери төңкерістен кейінгі Ыстамбұлды» есіме алдым, ана бір тұста Кемал мен Шетин Шұқыржұмадан кеш шығып, ескі «Шевролетпен» жанұшыра зымырап бара жатқандай сезілді.

Әр адамның ішінде музей бар
Қаланың тар көшелері, «гректерден қалған ескі үйлер және оны мекендеген күрттер», боза сатушының қарлығыңқы дауысы, смиттің тәтті иісі. Міне, осының бәрі 1970 жылдардағы Ыстамбұл өмірін көз алдыңызға елестетеді. Бұл көріністер сол кездегі қала тіршілігін, адамдар өмірінің қалпын бұзбай, зат күйінде сақтап қалу үшін әлдебір коллекционер жинаған коллекциясындай әсер қалдырады.
Шығарманы оқып отырып, «Сезім музейін» қиялыңызбен аралап, қыдырып шығасыз. Музейдегі әрбір экспонатты ойша қолыңызбен ұстап, бедерін, демін, иісін сезінесіз. Кемалдың жүрегін нұрға толтырған, кейде «шеге сияқты ішіне батып, жанын ауыртқан» азапты махаббат хикаясына қаныға түсесіз. Тіпті 7 жыл он ай бойы күн аралатып, кешқұрым Шетин ефенді жүргізген ескі «Шевролетке» мініп Шұқыржұмаға, Пүсіндердің үйіне келіп кетесіз. Сөйтіп жүргенде жүрегіңіздің терең түкпірінде жып-жылы, тып-тыныш Сезім музейі қалыптасады. Бұл музей адамдар ұмытып бара жатқан кіршіксіз сезімді, асқақ махаббатты жыр етеді. Өткен өміріңіздің, балалық шағыңыздың бедер-белгісі қалған заттарға деген сағынышыңызды оятады. Құрметіңізді арттырады. Асылы, әрбір адамның ішінде кішкентай музей мызғып жататын көрінеді. Соны ұйқысынан оятып, бойына жан бітірсек, біздің өткен өміріміздің, балалық шағымыздың небір айшықты, әсерлі, әрі ащы да кермек тұстарынан сыр шертіп сөйлей жөнелетіндей сезіледі. Ішіміздегі музейді затқа айналдырып коллекция жинауға өзіміз жүрексінетін сияқтымыз. Ал роман кейіпкері Кемал өзінің адал махаббатын соншалықты шынайы суреттейді, әрі «ішіндегі кішкентай коллекционерге жан бітіріп», сезімін музейге айналдырды.

Ыстамбұл коллекционерлері:
сіріңке, қасық, шанышқы…

Коллекционер дегеннен шығады. Романда коллекционерлердің де тағдырымен танысасыз. Оқып отырып, кейбір оқиғаларға күмәнмен қарайсыз. Жанкешті коллекционерлердің түсініксіз мінезі мен жұмбақ болмысына таңғаласыз. Егер сіз Ыстамбұлдағы коллекционерлерді көзіңізбен көрмесеңіз, олардың коллекциясымен жақынырақ таныспасаңыз, сол әуелгі жұмбақ әрі таңданысты күйіңізде қала берер едіңіз!
Мен алғашқы коллекционерді Анталиядағы Калейчи ескі қалашығынан кезіктірдім. Тік шаншылған қайқайыс көшедегі кішкентай дүкеннің іші толған ескі заттар. Негізінен әр түрлі портреттер және көліктің ескі нөмірлері. Ұзақ саудаласып, ары-бері ырғап жүріп, Мерлин Монроның металдан жасалған портретін сатып алдым.Кейін, Ыстамбұлдағы Балат және Фенер көшелеріндегі қаз-қатар тізілген коллекционерлерді аралағанымда таңғалдым. Не іздейсіз, бәрі самсып тұр. Кейбір коллекционерлер иіліп амандасып, жылы жүзбен қарсы алады, кейбіреулері көз қиығын да салмайды. Әсіресе қымбат, құнды заттар жинағандары сізге пысқырып та қарамайды. Көбісі үңгір секілді қараңғы үйдің арғы түкпірінен бар екенін білдіріп, жөткірініп ғана қояды. Мұнда сіріңкенің қорабы, қасық, шанышқыдан тартып, газет-журнал, концерттің афишалары, магнитофон, кассета, музыкалық аспап, киім-кешек, үй жиһаздарының түр-түрі бар. Шаңға көмілген чемодандарды көріп, Алматыға алғаш қаракүрең чемодан сүйреп келген кезім (шекарадан өтерде бір доңғалағы сынған) есіме түсті. Тағы бір дүкеннен бүйірін шоқ тескен ескі пешті көріп, бала кезім, құм арасындағы қыстау үйдегі бүйірі қызып тұратын пеш ойыма оралды. Дүкендері бәрі қаңырап құр тұрған жоқ, ығы-жығы адам, кассета, магнитофон коллекциялық дүкенінен ағылшын, француздарды кезіктірдік. Осы дүкендерді аралап жүріп, «Сезім музейін­де» айтылатын коллекционерлердің тағдырына, жұмбақ өміріне шүбәсіз сендім. Біздің көргеніміз – коллекциясын жұртпен бөліскісі келген, кіріс көзіне айналдыруға құлшынған коллекционерлер, ал «Сезім музейін» құрған кезде Орман Памук іздеп тапқан, үйін коллекцияға толтырған әрі көп ешкімге көрсеткісі келмейтін, бұйығы, томаға тұйық коллекционерлер қайда? Бәлкім, ана бір тозығы жеткен жатаған үйдің бірінде өмір сүріп жатқан шығар?! Кім біледі…
«Сезім музейін» оқыған соң, коллекционерлерді аралап көргеннен кейін, Кемалдың махаббат хикаясына қойған ескерткіші іспетті музейді аралауға асықтық.

Құрбан айт, жаназа және Ибраһим пайғамбар…
Таксим алаңына дейін метромен жеттік де, ары қарай тар көшелердің біріне түстік. Жол жүрген сайын тарылып, еңістеп барады. Алыстан Галата мұнарасының ұшы қаралтқым бұлтқа оранып, мұнартады. Шұқыржұмаға жақындаған сайын Кемал мен Шетин ефендінің алғаш Тарық мырзаның (Пүсіннің әкесі) үйіне келген сәті көз алдымнан көлбеңбеп кетпей қойды. Кемал жүрегі өрекпіп, бойы бір ысып, бір суып қобалжып келеді. Сыртта жауын төпеп тұр, жүргізуші Шетин ефенді су-су болған көліктің әйнегінен сыртқа сығалап, үй нөмірлеріне үңіледі. О, тәубе, музейге таяғанымызда ақырындап, жауын жауа бастады, кәдімгі Алматыда жаздың басында жауатын майда, жылы тамшылар. Галата мұнарасы жақ тұтасып, түнеріп алыпты, жауын күшейетін сыңайлы.
Арнайы әкелген «Сезім музейінің» қазақ тіліндегі аудармасына (түрік тілінен аударған Маржан Ершу) Пүсіннің шаш қыстырғышы үлгісіндегі көбелек бейнеленген қызыл таңбаны бастырып, ішке кірдік (айтпақшы, егер сіздің қолыңызда романның кез келген тілге аударылған бір данасы болса, кітаптың 614 бетіндегі «бір рет жарамды» деген билетке таңба бастырып музейге тегін кіресіз).
«Қоңыр түсті барқыт костюм, ішінен қызғылт түсті көйлек киген» музей қызметкерлері бізді жылы қарсы алды. Романда жазылғандай бірінші этаждың оң жақ қабырғасына Пүсіннің әр жылдары шеккен темекісінің тұқылы қойылыпты. Әр темекінің астына қысқа-қысқа мәтіндер жазылған. Шынын айтқанда бұған онша таңғала қоймадық, әрбір темекі тұқылын Кемалмен бірге ойша жинағандықтан болар. Екінші этажға көтерілдік. Мұнда да біраз дүниелерге қанықпыз. Пүсіннің аяқ киімі, фото суреттері, Несібе тәтенің (Пүсіннің анасы) қол машинасы, оймағы, қайшысы, жібі, «Мелтем» газды суы және оның жарнамасы… Бір-бірлеп, көз қыдыртып өте бердім, кенет «Құрбан айт» деген жазуы бар сервантқа келгенде кідірдім. Есіңізде болса, шығармада Кемал мен Пүсіннің айт күндері Шетин ефендіге еріп қаланы аралап, Кемалдың әкесі Басмаджы мырзаға арақ іздейтін сюжет бар. Жол бойы көліктің терезесінен ашық алаңқайларда шалынып жатқан құрбандықтарды, кезегін күтіп иіріліп тұрған қоралы қойды көреді. Пүсін сонда «адамдар неге құрбан шалады?» деп сұрайды. Кемал мұны Ирбаһим пайғамбардың хикаясымен түсіндіргісі келеді. Бірақ кішкентай қыз мұның мағынасына бойлай алмайды, Кемал оған ызаланып, әбден ширығады. Дәл осы көрініс музейде айна қатесіз бейнеленіпті. Қора-қора қойдың, шалынып жатқан құрбандықтың ескі фотолары ілініп, қой сойған өткір қара пышаққа дейін қойылған. Ал серванттың жоғарғы тұсына Ибраһим пайғамбардың ұлын құрбандыққа шалғалы жатқанда, көктен көк кошқар түсетін бейнесі салынған сурет жапсырылыпты. Бұл бізге бала Кемал мен Пүсіннің дүниенің сырына қаныққысы келген, діннің сырына бойлағысы келген аппақ, аңғал көңілінің жанды бейнесіндей әсер қалдырды.
Мен тіпті «Жаназа» деген сервантты көрем деп күтпедім. Серванттың жоғары жағына адамның бас сүйегі ілінген. Оның астында Тешвикие мешіті, жаназаға жиналған қара нөпір адамдардың фотолары. Сіз бейне Кемалдардың үйінің мешітке қараған балконында Кемалдың анасы Вежихе ханыммен бірге мешіт ауласындағы жаназаға үнсіз қарап отырғандай боласыз. Вежихе ханым осы балконда үнсіз егіліп отырып, күйеуі мен ұлын ақтық сапарға шығарып салмап па еді, соны ойлағанда бойыңызды суық қариды. Енді бірде «Тешкике мешітінің ауласындағы шынар ағаштарының жапырақтары балалық кезімнен есімде қалған керемет, әрі жұмсақ дыбыспен сыбдырлайды» деген сурет тіліңізге оралып, таңдайыңыздың дәмін аласыз.

Темекі тұқылынан тұтанған сыр
«Сезім музейі» – бірнеше қыртысты, қатпарлы шығарма. Осы қатпар қыртыстар Пүсін салған Ыстамбұл құстарының артқы жағындағы сұрғұлт түсті қала көрінісі сияқты шығарманың өн бойына баппен сіңірілген. Мұнда жалаң махаббат хикаясы ғана сөз болмайды, тұтас бір дәуір, 1960-1980 жылдардағы Ыстамбұл өмірі соншалықты нанымды, әрі шынайы кестеленеді. Адамдардың тағдыры, әр кейіпкердің өмірмен күресі, қуаныш, қайғысы шебер өрілген. Дәл сондай шеберліктің бірі – Кемалдың бала кезі мен қазіргі өмірінің арасын жіптіктей нәзік сәуле жалғап тұруы. Автор сол нәзік сәулені бойлатып, оқырманды оп-оңай бала кезіне апарып, алып келеді. Музейді аралап жүріп те соны қапысыз сезінесіз. Мысалы, балконда қонақтаған қарғаның суреті. «Мерхамет» тұрғын үйіндегі пәтердің балконына қонақтап, махаббаттың қызығына батқан Кемал мен Пүсіннің тірлігін тыныш ғана тамашалап отырған қарға ғой бұл, оны ары қарай «… тура бала кездегі көрген қарғаларым секілді. Ол кезде анам: «қане, балам ұйықта, қарға қарап тұр» деп қорқытатын. Немесе «түсімде көрген теңіз суреті балалық шағымдағыдай көкпеңбек…» дейтін суреттеулер Кемалдың ғана емес, әр қайсымыздың жүрек түпкіріміздегі музейде мызғып жатқан естеліктерге жан бітіреді.
Бірде Кемал: «Бұл заттарға Пүсін екеуміздің бірге өткізген шақтарымыздың естеліктері емес, жан дүниемдегі алай-дүлей күйімнің қолға ұсталар айшықты өрнегі ретінде қарайтынмын» дейді, әрі оқырманның да дәл солай сезініп, түйсінуін қалайды. Музей аралаушылардың ішінен екі қытай қызы назарымызды айрықша аударды. Олар музейдегі әрбір экспонатқа соншалықты ыждағатпен үзіле қарайды. Пүсіннің түйме, түйреуіштерінің қасында ұзақ тұрды. Құстың үнін шығаратын есік қоңырауының жанында аз кідірді. Бәлкім мұны көргенде, Кемалдың «құстың үнін шығаратын есік қоңырауын менің де естігенімді және сол сәтте жүрегімнің кеңірдек пен аузымның арасында қыстырылып қалған бір құстай шырылдағанын елестетсін» дегенін тұла бойымен түйсінген шығар.
Музейдің үшінші қабатына көтерілдік. Тұтас бір қабырғаға «Сезім музейінің» қолжазбасы жапсырылыпты. Орханның оқырмандарына таныс жазу мәнері. Мәтіннің кей жерлерін сызып, үстіне қайта жазған, кейбір абзацты тұтасымен сызып тастаған, енді бір жерге сюжетті бейнелейтін сурет салған. Қолжазбаның қасына «Сезім музейінің» әлем тілдеріне аударылған отыз шақты нұсқасы тізілген, оның арасынан қазақша аудармасын таппадық.
Бөлменің төр жағына Пүсіннің төсегі, күнделікті пайдаланған заттары қойылған. Қабырғаға Ыстамбұлдың ескі фотолары ілінген. Пүсін көрпе жастығын тып-тинақтай етіп жинап, астынғы қабатқа түсіп кеткендей, қазір қайтып келетіндей күй кешесіз.
Жазушының музейді бар күш-жігерін сарп етіп, үлкен ыждағатпен дайындағаны бірден сезіледі. Музей журналындағы Орханның жұмысқа бел шеше кіріскен фотоларын көргеніңізде, осы байламыңызға шындап бекисіз. Пүсін шеккен темекі тұқылдарының астындағы қысқа сөйлемдерді Орхан өз қолымен жазыпты. «Сезім музейін» ашу үшін қанша уақыт ойланғаны, әлемнің қанша музейін шарлағаны, ескі заттарды жинау үшін қанша коллекционердің есігін тоздырғаны өз алдына, музейдің құрылысынан тартып, әр жәдігерді өз қолымен қойыпты. Қаламгердің шынайы махаббаты, әдебиет жолындағы жанкештілігі шынымен де жан сүйсінерлік.
Музейдің жертөлесінде шағын дүкен бар. Онда Орхан Памуктің кітаптары, Пүсіннің көбелек пішінді шаш қыстырғышы және әр түрлі сувенирлер сатылады.
Музей әкімшілігімен сөйлесіп «Сезім музейінің» қазақ тіліндегі аудармасын сыйладық. «Мүмкін болса, жоғарыдағы әр түрлі тілге аударылған «Сезім музейі­нің» қатарына қойсаңыздар екен» деген өтінішімізді де жеткіздік. Олар «әрине, қоямыз» деп қуана алып қалды.
Сыртқа шықтық. Жауын әлі басылмапты. Майда, ұсақ тамшылар жеп-жеңіл сібелеп тұр. Тар көшенің екі жағындағы дүкендердің дені біз келгенде жабық еді. Енді ашыла бастапты. Көбісі коллекционерлік дүкендер екен. Таспадай тартылған көшемен жоғары көтеріліп келеміз. Көп ұзамай жолдың қарсы бетіндегі сурет шеберханасын көзіміз шалды. Сақал-мұрты қудай, мосқал тартқан шебер шелектегі суға езілген бояуды сар еткізіп, жолға төге салды. Бойын жазып айналасына қараған жоқ, бүкірейген күйі ішке кіріп кетті. Қызғылт қоңыр бояу қырлы кеспе тас төселген көшені бойлап, аға жөнелді. Бояудың біразы тастың арасына сіңіп, енді біразы жауынның суына ілесіп, сабақ жіптей созылып, еңкіш көшемен төмен сырғып барады.
Шұқыржұманы артқа тастап, қырқаға шықтық. Көз ұшында «Сезім музейінің» қызғылт ғимараты бұлдырайды, одан ары бұлтқа сұғынған Галата мұнарасы мұнартады…

Ыстамбұл
04.05.2022

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір