Сезімнен ой, ойдан пайым өрудің ұстасы
04.04.2022
1823
0

Тынымбай ағай Төлепбайұлын сырттай көптен бері білетінмін. Ақтөбе қаласында тұрған жылдарында әртүрлі орталарда кездесіп қалатынбыз. Сол кездерде ол кісінің шығармашылық адамы екенін де естігенмін, кейін қайсы бір шығармаларымен де таныстым. Кітаптарына жазылған оң пікірлерді де оқығаным бар. Алайда жазушының өзімен тереңірек танысуым өткен жылы болды. Астанадан жұбайымен елге келген жазушы ағамыз 80 жасқа толған екен. Облыс орталығы Ақтөбе қаласына келіп, облыс әкімінің қабылдауында болды. Облысымыздың ақын-жазушыларымен кездесіп, жақында ғана жарық көрген романы «Ұлы сезімнің» тұсаукесерін жасаған соң, ол кісі өзім туып-өскен ауылға барсам деген ойын білдіріпті. Облыс әкімшілігі және басқа азаматтар да бұл тілегін қабыл алған. Ол кісінің жасын, мінез-құлқын, талғамын ескерген болар, ағамызбен сапарлас болатындардың қатарына мені де қосыпты. Бұл сапарды бастап баратын облыстық «Ақтөбе газеттері» АҚ директоры Раукен Сағызбайұлы хабарласып, жолға шығатын уақытымызды айтты, келістік.

Сонымен біраз жол жүріп, ел арасында кіші Қазақстан Жазушылар одағы атанып кеткен Жарқамыс ауылына да жеттік. Осы күннен бастап Тынымбай ағаймен шын мәніндегі таныстығым басталды, екі күн бойы әнгімелестік. Бір байқағаным, бұл кісі қайсы бір ақын-жазушылардай ұшып тұрып, өлең оқып, кейбір тұста көсемсіп, ұзын-сонар әнгіме айтып, аузымен орақ орып, ел назарын өзіме аударамын деп елді запы қылатындар қатарынан емес, біртоға адам екен. Бірақ жайлап суыртпақтап айтқандарына құлақ салсаң, мәнді-мазмұнды әңгімелері сені елітіп, алыстарға ертіп, әлі де айта түссе екен дегендей көніл күйге жетелейтіндей, еріксіз тыңдауға «мәжбүрлейтіндей».
Айтқан әңгімелерінен ұққаным: се­к­сеннің сеңгіріне шыққан жазушы ағамыз, Байғанин ауданындағы ең бір елеулі өңір – Қазақстанға, Қазақ халқына белгілі қаламгерлер шыққан Жарқамыста туып, балалық шағы сонда өткен. Сол кездегі ауыл балалары қарапайым ойын да ойнайтын еді, үлкендерше ой­лай­тын да еді, үй ішіне, ата-анасына кө­мек­тесе жүріп, әлеуметтік тұрғыдан қа­лыптасушы еді. Айтуына қарағанда, Тынымбай ағай да осындай өмір жолын өз басынан өткерген. Ауыл балаларының ол тұстағы ең басты рухани азығы да, ой өрістерінің кеңеюі де, тілдік-танымдық ахуалдарының қалыптасулары да көр­кем әдебиетпен тікелей байланысты. Тынымбай аға бала кезден бергі әдеби кітаптарға құмарлығына қарамастан, «адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады» дегендей, мектеп бітірген соң технологиялық институтқа түсіп инженер-технолог мамандығын алған.
Бұрынғы Кеңес дәуірінде жас ма­манды оқу бітіргеннен кейін партия мен үкіметіміз жолдамамен еңбек етуге жіберетін. Барған жерде кем дегенде, үш жыл жұмыс жасауға міндеттейтін. Тынымбай ағай да солай істеп, өзі білім алған Оңтүстік өңірдің Жамбыл, Шымкент жағында біраз еңбек еткен. Тек өткен ғасырдың 80-жылдарында Ақтөбе жеріне оралған. Сондықтан да болар, ағамыз туған жерді қасиетті ұғым деп, ол туралы тебірене сөйлейді. Оның ұғымы мен сезімінде өзі туған Жарқамыста бәрі басқаша, жусаны да бөлек, бозторғайының әні де айрықша, ерекше… Ақыры осы сезім оны елге жетеледі, ол кәсіби инженер ретінде ел экономикасын, өзі туған өңірді дамытуға белгілі дәрежеде еңбек сіңірді. Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы машиналар жасау зауытында (Актюбсельмаш) инженерлік қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Бір қарағанда, осындай өмір жолы сол тұстағы көптеген Кеңес дәуірінің азаматтарына тән еді. Алайда Тынымбай Төлепбайұлының ішкі әлеміне үңілсек, тек өзіне ғана тән ерекшелікті байқар едік. Ол – ағамыздың әдебиетке деген ынтасының балалық шақта басталғаны, араға ұзақ жылдар салып, сол өз арманына қайта оралуы, жасының ұлғайғанына қарамастан өзі ойлаған арманын жүзеге асыруы. Бұл туралы Тынымбай аға біздің облыстық «Ақтөбе» газетіне берген бір сұхбатында: «Әдебиетке, жазуға ынтықтығым балалық шақтағы кітапқа деген құмарлығымнан басталды. Жарқамыстағы кітапхананы туған үйімнен кем көрмедім десем де болады, мен үшін ол ауылдағы ең сүйікті, ең ыстық жер болды», – дейді. Сол ауыл кітапханасынан қазақ жазушыларының шығармаларынан басқа, қазақ тіліне аударылған әлем әдебие­тінің туындыларын, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларды бірінен соң бірін оқиды. Солардың ішінде – Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны», Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосы» және басқалары бар. Міне, осында қызығушылықтың арқасында: «…мен де осы әдебиет әлемінің бір кірпіші болып қалансам, бір бөлшегі болып қалсам» деген арман оның көкірегіне берік орнады. Жасыратыны жоқ, бұндай сәттер жас, балаң кезде кім-кімнің де ойына келеді. Бірақ бәрі бірдей ол асқақ армандарын өзімен бірге өмір бойы алып жүрмейді.
Балғын шақтағы балалық арман орын­дала бермейді. Тынымбай ағайға жо­ғарыда айтқанымыздай, әдебиеттен алшақтау – инженерлік мамандық бұйырып, ол мамандығы бойынша қыз­мет атқарып, жастық жалыны мен білігін, білімін жұмсап, абыройлы еңбек етті. Дегенмен қызметі мен қаламын қатар алып жүру мақсатын еш уақытта естен шығармады, қолы қалт еткенде жазып жүрді. Соның нәтижесі болар, сонау 70-жылдарда, кейін халқымызға танымал болған Қуандық Түменбай, Дидахмет Әшімхан сияқты сол тұстағы жас таланттармен бірге Тынымбай Төлепбайұлының да әңгімесі жастарға арналған жинаққа енді. Ол тұста бұл – қазақ жастары үшін үлкен қуаныш еді.
Алайда мамандығы бойынша ин­женер-технолог Тынымбай Төлепбайұлы өмір бойы өндірісте жүріп, тиянақты шығарма жазуға уақыт таба бермейтін. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан бастап өндіріп жаза бастады. Соның арқасында жазушының бірінен соң бірі «Өмір сыры», «Қанағат» әңгімелер жинақтары мен «Шырғалаң», «Ғасырлар үні», «Ұлы сезім» сияқты үш романы жарық көрді.
Жалпы, әдебиетке егде тартқан уа­қыт­та келген жазушылар көп болған. Белгілі америкалық жазушы Харриет Доеррдің алғашқы романы 74 жасында жарыққа шыққан, ал танымал орыс жазушысы Сергей Аскаков көркем шы­ғарма жазуға 50-ге қарағанда ден қойған. Тынымбай Төлепбайұлы да – қалың оқырманына кеш танылған қаламгер. Тәкеңнің олардан ерекшелігі, ол өзінің қаламгерлік талантымен ерте, жас шағында белгілі бола бастаған. Оның айғағы – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында шыққан «Жас қалам» жинағына «Ымырт» әңгімесінің кіруі.
Жазушы Тынымбай Төлепбайұлы – жоғарыда айтқанымыздай, әдебиетке өндірістен келген қаламгерлердің бірі. Мысалы, қазақ әдебиетінің классик­те­рінің бірі Ғабиден Мұстафин еңбек жолының басында Қарағанды шахта­сында темір жонушы (токарь) болған. Ал жазушы Қалмұқан Исабаев Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, оның бойын жаяу аралап, 15 жыл өмірін канал құрылысшылары ара­сында өткізіп ол туралы кітап жаз­ды. Олжас Сүлейменовтің бастапқы мамандығы – инженер-геолог, ал жазушы Софы Сматаев – металлург. Басқа да мысалдар көп. Әдебиетке өзге саладан келгендер оған жаңа леп әкелді, өрісін, тақырып аясын кеңейте түсті. Міне, осы үрдісте біздің Тынымбай ағамыздың да үлесі бар.
Кейбір ақын-жазушылардың бойын­дағы бірде көл, бірде шөл құбылмалы мінез бұл кісіде жоқ десе де болғандай. Сондықтан ол жарқамыстық жерлес қаламгерлермен де, бүкіл қазақстандық қаламгерлермен де ешқашан сыйлас­тығын үзбеген. Ол жастық шағында қазақ тілі мен әдебиетінен өзіне сабақ берген, кейін танымал жазушы болған Тобық Жармағанбетов туралы айтып, оны жүрек жылуымен еске алса, өз за­ман­дасы бір мектепте оқыған, өзіне арналған «Тынымбай» өлеңінің авторы Есенбай ақын Дүйсенбаевпен достық қарым-қатынасын қимастықпен еске алып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлына сыйластық, тілеулестік лебізін білдіреді. Белгілі қаламгер Мәди Айымбетовке де көңіл көзі түзу.
Сондай-ақ әр адамның, азаматтың өзіндік өмірлік ұстанымы бар, өзі­нің мүддесі мен қызығушылығы бар. Бұл әсіресе жазушы қауымына, шығар­ма­шы­лық адамдарына тән. Тынымбай Төлеп­байұлының пайымдауынша, жазушы үшін ең бастысы – жақсы мен жаманды айыру жолында адамдарға ой салу, жер бетінен ізгіліктің, мейірімнің жоғалмауына үлес қосу. Тіпті өмірдің: ұрлық, коррупция, тәртіпсіздік, тоғышарлық пен надандық сияқты жағымсыз жағын жазып отырып, оқырманды жағымсыз әдеттерден біржола жеріндіруді, безіндіруді, ойлау керек. Жазушы қандай тақырыпқа қалам тербесе де түпкі мақсат біреу – адамгершілік өлшемінен аспау.
«Шырғалаң» романының негізгі идеясы – өткен ғасырдағы социализмнің көрінісін баяндап, қазақ халқының тағдырын суреттейді. Шындығын айту керек, бұрынғы Кеңес заманында өмір сүрген азаматтарымыздың ішінде сол заманды аңсаушылар баршылық. Ол, әсіресе- «аға халықтар» арасында! Ондайлар өз арамызда да бар. Бүгінгі әлеу­меттік қиындықтар кезінде, олар көбеймесе, азайған жоқ. Шындыққа тереңірек үңілсек, Кеңес заманының тоқырау жылдарында, ірі өндіріс орын­дарының, тіпті орта деңгейдегі өнеркәсіп орындарының бәрінің басшылары «аға ұлт» өкілдерінен қойылатын еді де, олардан қалғандарын сол саланың сауатты маманы болмаса да, «тәжірибесі мол», «ұйымдастырушылық қабілеті жоғары» тағы басқа желеумен тағы да соларды қойып, бірен-саран болмаса, қазақ азаматтарын жақындатпайтын. Сол басшылардың арасына кірген қазақтың жас мамандарына олар мұрындарын шүйіре қарап, «қолынан не келеді дейсің» деген астамшылықпен мойындағылары келмейтін. Жазушы қазақ мамандарының осы халін «Шырғалаң» романында жан-жақты көрсете білген.
Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, адам баласы қандай ортада өмір сүріп жатса, көпшілігі сол қоғамның ыңғайына қарай өмір сүреді, бейімделеді. Автордың «Шырғалаң» романында үлкен комбинатта еңбек етіп жатқан күллі жұрт та «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген қағиданы әбден мойындаған. Бұндай ортада адамдар шарасыздыққа мойынсұнып, амалсыздан сол жүйеге бой ұсынады. Билікке меритократиялық қағидамен келмеген басшылар сол жерге өз стандарттарын орнатады. Оған көнбеген, онымен күрескендер жеңіліс табады. Сонан соң қара халық амал жоқтықтан әр түрлі жолмен күнкөріс қамына көшеді де, сол жүйенің тетігіне айналады. Бұның кейбір мысалдарын 30 жыл бойы өзіміз өмір сүрген қоғамнан да көрдік. «Шырғалаң» романының авторы адам мен қоғам арасындағы осындай байланысты, сол байланыстан туындап жататын қоғамдық қатынастарды тап басып, танып қана қоймай, оны биік көркем шындық дәрежесіне жеткізіп көрсете білген.
Жазушы өмірінің жастық шағы да, жалынды кезі де өткен Кеңес заманында негізінен екі мәселеге көңіл бөлінетін. Оның бірі – шығарманың идеологиялық ұстаным талабының шеңберінде болуы болса, екіншісі – қай саланың да еңбек адамын дәріптеуі, еңбегімен жетістікке жеткендерді дәріптеу, жазу, үлгі ету.
Әділеттілік үшін айта кеткеніміз жөн, Кеңес дәуірінде өндірістің, шаруа­шы­лықтың өсімі мен жетістіктеріне басымдылық беріліп, соны атқарып жүрген адамдар көлеңкеде қалатын; жаңа мен ескінің тартысы басты мәселе болады да, осы тартыстағы адамдар, ұлттар тағдыры тасада қалатын. Т.Төлеп­байұлының шығармаларында аталаған мәселелер жан-жақты көтеріледі. Бірақ алдыңғы шепке адамсыз өнеркәсіп пен шаруашылық емес, адам тағдыры, соның ішінде еңбекке араласқан жас­тың да, жасамыстың да шырғалаңға ұшыраған өмір жолы, сол жолда басынан кешкендері шығарылыпты. Өйткені қашан да әдебиеттің басты мәселесі – шаруашылық емес, адам!
Тынымбай Төлепбайұлы – өз зама­нының рухани-мәдени болмысын терең игерген қаламгер. Ол өмірде еш себепсіз салдардың болмайтынын біледі. Баспасөз беттерінде басқа шығармаларынан гөрі көбірек талқыланған «Шырғалаң» романының мазмұны, ондағы оқиғалар бұған куә. Қаламгер туындылары қандай тақырыпты қозғасын, нендей гәпті тілге тиек етсін, ешқашан ескірмейді, өзінің өзектілігін жоймайды. Өйткені ол үнемі адам мінезінің астарын ашуға құлшынады. Мінез стихиясын тереңдете зерттейді, тебірене жазады. Ол – сезімнен – ой, ойдан пайым өруге ұста психолог суреткер. Жазушының тек қана өзіне тән сөз саптау, сөйлем құрау машығы бар, өзіне тән ойлау, жазу стилі бар. Сөз өрнегі, сөзбен сурет салу, дүниені сөздің суреті арқылы көру екінің біріне қона бермейді. Ойымыздың дәлелі ретінде жазушының «Ұлы сезім» романындағы зейнеткер Нұрлан мен гүл сатушы жас келіншек Гүлжанның арасындағы шынайы сезім­дерінің шығарманың әр жолында, әр тұсында өзгеше сыршылдықпен, өмір шындығымен баурап отыратынын еске түсірелік. Автор шығармаға арқау бола­тын әрқилы өмір көріністері мен тартыс­тарының сыршыл реңкі арқылы әйелге деген кіршіксіз махаббаттың, адами толғаныс пен тебіреністің өзегіне өрілген боямасыз шындықты көркемдік тұрғыдан айқын көрсетіп бере алған. Жазушының ізденіс ерекшелігі туралы ұзақ әңгімелеуге болар еді. Қаламгердің қаншалықты көп оқығаны бізге беймәлім, шығармаларынан оның көп тоқығандығы көрініп тұрады. Жазушының көркемдік әлеміне зерделей үңілген жан оның идеяшылдығына тәнті болып, талай жұмбақтың сырына қанығары шүбәсіз. Өйткені Тәкең – өте дегдар әрі кірпияз жазушы. Көлем қумайды, санның соңынан жүгірмейді. Шалажансар, күлдібадам асығыс-үсігіс жазылған еңбегін оқырманға ешқашан ұсынбайды. Жауапкершілік құдіретін қатты ұстанады. Сондықтан да әр туындысының иін әбден қандырып, ой сүзгісінен өткізеді, төзім мен шыдам, міне, осындай-ақ болар. Әрине, мұндай қасиеттерді Жаратушы барлық шығармашылық адамдарына бере бермейді.
Қазіргі заманның азаматтық позиция ұстанған парасатты жазушылары жазар алдында терең ойланып, жазу үстінде өзін құлдай қинаулары керек. Жаңа идеялар мен жаңа пайымдаулар жасап, өмірдің ащы-тұщы шындықтарын елеп- екшеп, мейлінше сұрыптап, барша адам атаулыны толғантып жүрген ізгілік пен жауыздық, махаббат пен зұлымдық, адалдық пен аярлық, қиянат пен қайырымдылық, найсаптық пен кісілік, озбырлық пен момындық қалай болғанда да, әйтеуір баршаға ортақ қайғы мен қуаныштың мағұрып пен машырықтай алыс аралығын қиялмен шарлап, адами ойлар мен адами топшылауларды қазақи санаға еркін сыйдырып, олардың бәріне қазақи реңк, қазақи бояу сіңіріп, ұлттық ой-сананың бүгінгі көрінісіндей етіп оқушыға ұсына білулері керек. Тәкең – осы талаптар биігінен шыға білген жазушы. Сондықтан да оның шығармаларын санмен емес, сапамен өлшегеніміз абзал.
Тынымбай Төлепбайұлы шығармала­рын­дағы кесек-кесек оқиғалар мен сан қилы ситуациялар тек есте қалар ірілігімен, жүрекке жылы тиер шынайы­лығымен ғана емес, осылардың бәрі­нің қазақы болмыс, қазақы психология, қазақы таным арқылы бе­рілуі­мен де ерекшеленеді. Жазушы шығармаларын оқи отырып, «Адам ең көп азапты, қарапайым ақиқатты, шындықты елемегеннен шегеді» деген Ф.Ницшенің анықтамасынан бастау алатын философиялық ой-тұжырымдар тізбегі барған сайын тереңдеп, бүтін бір ой аралына түсіп кеткеніңді байқамай қаласың. Жазушы өмірден әдебиеттің шындығын, әдебиеттен өмірдің шын­дығын іздейді. Азаматтық – адам қоғамындағы бар құбылысқа ар көзімен қарап, ақиқатты айта білу, шындық үшін күрес. Шындық қайда болса, әділдік сонда, ал әділдік ту тіккен жерде шындық салтанат құрады. Нағыз жазушы – адамды, қоғамды, табиғатты танытумен ғана айналыспайды, түптеп келгенде, адамды, қоғамды, табиғатты шыңдаумен де айналысады.
Адамгершілік, ізгілік, шындық, әділеттілік туралы ұлттық ұстанымдар мен идеялар жазушы шағырмаларының эстетикалық, образдық жүйесіне, көркемдік тұтастығына берік негіз болған әлеуметтік іргелі факторлар қызметін атқарады. Содан да болар, қаламгер ұсынған ой мен идея өзегінен адам жанының жарығы мен жылуы, пенденің ар алдындағы адалдығы мен азаматтығы оның өзінің де, айналасының да бағы мен бақытын ашатын құдіретті һәм жасампаз күш деген ұғым өріліп шығады. Жазушы шығармашылығының алтын арқауы – адамның адамгершілік қадір-қасиеті, ар алдындағы адалдығы мен тазалығы, өтірік-өсек пен қулық-сұмдыққа, ман­сап­қорлық пен дүниеқорлыққа, қызғаншақтық пен көреалмаушылыққа қарсы күрес. Бұл тұрғыдан алғанда Тәкең – адамгершілік биіктіктің, азаматтық тереңдіктің жазушысы, адамның ар-ожданы мен абыройының жаршысы. Қаламгер бағдардың дүниетанымы, өмірлік ұстанымы, басынан өткен оқиғалардың сабағы арқылы адам жанының көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін әлеуметтік психологиялық қозғаушы, тербетіп-тебірентуші күштерін ашады, олардың ізгілікті, иман­ды ағындарын суреттейді, сондай-ақ пендешіліктің баянсыз, ессіз, адамгершілікке жат сарындары мен олардың бір-бірімен бітіспес күресін де көрсетеді.
Қандай жазушы болса да, ол шын мәніндегі шығармашылық адамы болса, оның жаны ерекше. Себебі ол – ойдың адамы. Мойнында зор жауапкершілік тұрғандай, оның жұмысы да ешқашан бітпейді. Ол елдің де, халықтың да тамыршысы. Осы заманымыз, кейіпкерлеріміз туралы кітаптардың аз болуы жазушылардың материалдық та, моральдық та, тіпті әлеуметтік-қоғамдық жағынан тәуелділігінде болып отыр. Рухани аштықтан адам өлмегенімен, адамшылық қалпынан айырылады. Ұлттық салт-санадан ажырайды. Әдебиетінен айырылған ел ақшаның құлы болып, арды аяққа басады. Әдебиеттен айрылу – ұлттық рухани экологияға ұрыну. Халық рухани аштыққа ұшырамауы керек, ондай жағдайда ұлт идеологиясыз қалады, жас ұрпақ тәрбиесіз кетеді, ата-баба дәстүрінен, салт-санадан айырылады, өнер тоз-тоз болады.
Кезінде әйгілі Төле би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтын – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген екен. Көңілі жарық, жүрегі жылы Тәкеңнің достары – сыйластары мен қимастары көп. Ондай адам әмбеге амандық, саулық, жақсылық пен жемісті еңбек тілейді. Ондай адам жасы үлкен жақсыға – айнымас іні, жасы кіші жақсыға – айнымас аға. Ол – өзіндік адами болмысымен, шығармашылық қуатымен, адамгершілігімен келесі ұрпаққа үлгі-өнеге. Біз «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына барлық уақытта бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік кезеңінде өзінің адал ісімен, еңбегімен, білімімен, шығармашылығымен Еліміздің өркен­деп дамуына үлес қосқан, онысын жарнамаламайтын қарапайым адамдар ара­мызда көп. Ел-жұртымыз, кейінгі ұрпақ оларды білуі керек. Жазушы Тынымбай Төлепбайұлы – сондай үлгі тұтар тұлғалардың бірі.

Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір