Алтынбек Мерсадық. Көңілімде – сәби саз, көмейімде – көмескі үн.
09.03.2021
547
1

 

ЕСКІШІЛДІК ҺӘМ ЖАҢАШЫЛДЫҚ АБСУРДЫ

Ең үлкен азап – тозақта емес, мазақтан күю.
Ең үлкен күнә – серттен таю.

Жүзжылдықтардың дұғасын қайыра оқып,
Болмысын жылқының тұяғына жасырған
Бабаларымды аңсап отырмын.
Менің мұңлы жырларым…
Күйдің құдіретін түсіне алмайтын,
Қобыздың киесін есіне алмайтын,
Академиялық жап-жаңа кітаптай –
өзін-өзі жоғалтып үлгерген
есер ұрпақтың
соқыр көзімен оқылды.

Біз –
бәріміз оппозициялық қозғалыстың мүшелеріміз, –
Өлетінін білсе де, өмір сүретін,
Өмір сүрсе де, өлгісі келмейтін
және де
жеңіске санап мұны біз…
Тәтті қиялдың
ежелден бергі елесіне елтіп,
кәрі құзғынның қанаты серпіп,
Жалғаса берер күніміз.

Жаңашылдыққа жанымыз құмар,
Бағытсыз көштің басын кім бұрар?
Белгісіз.
Жүреміз ылғи,
Жарқын болашақ туралы қиялдап.
«Біз – мәңгілік елміз!»,
«Біз – жасампаз ұлтпыз!»,
Өтерсіз қанша жиі алдап,
енді сіз?..

Өмір – бұл саннан құралған ойын.
Ендеше, оны жаңадан бастайық,
Ережелерді өзіміз құрайық.
Жасайық қадам ағатсыз!
Бәрін ысырып қоя тұрғанмен…
Құлдықты қайтеміз санадан өшпес?
Құдайларды қайтеміз жауапсыз?

*

Оның…
Сағымға сіңген бейнесі қалар,
Естеліктердің сынығы.
Жұмақ аңқыған жейдесі қалар,
Ессіздігімнің жұғыны.

Менің…
Айтылмай қалған сөздерім қалар,
Уақыттың желі қозғаған.
Сертіме адал кездерім қалар,
Сағыныш дерті маздаған.

Біздің…
Жүректе жанның жарасы қалар,
Шын сүйгендігі үшін де…
Неліктен құмар наласы барлар,
Түннің көз жасын ішуге?..

НҮКТЕ

Таяздау санамның
шексіз кеңістігі ішінде
қап-қара нүкте жатыр.
Мен оған жақындаған сайын ол менен алыстай түседі.
Менің оған оралғым келеді…
Өткенге «қайта оралу» секілді,
Алдымнан шұбырған балалар жүгіріп шығады,
Күлкісі риясыз, шаштары кекілді.

Уақыт табы бәрібір дегенін жасайды,
Көзімнің алдында көлбеңдеген елестерге тек сағынышпен қараймын.
Өзімнің дәрменсіз кейпіме күйіп,
Өзімнің өткерген тәтті естеліктерімді жиып,
Жасаған күнә мен сауапты Ар сотына салып,
Ұятыммен өлшеймін һәм санаймын!

Мен қаласам да, қаламасам да,
Адамдардың хайуандығы немесе хайуаннан да бетер тіршілігі жалғаса береді.
Кейде содан жүрегім айнып, құсқым келеді.
Кейде содан жындана жаздап, ішкім келеді.
Бәрібір, қап-қара нүктеге қол созып,
үңілгім келеді.
Жеткім келеді Сана түкпіріндегі нүктеге!

Өмірдің менсіз-ақ жалғаса берерін білсем де,
Уақыттың қайталанбайтынын,
сағаттың бір бағытта сырғитынын көрсем де,
Өзгерткім келеді өзімді, сосын Дүниені.
Мен солай бақытты болғым келеді,
Түсімде де көрмеген сезімдерді кешіп,
Шетсіз де шексіз теңіздерден өтіп,
Мен солай Бақытты болғым келеді,
«Бастапқы нүктеге» жетіп…

Катарсис

Күмбір-күмбір күй саулап, күңіренген елеспін,
Көңілімде – сәби саз, көмейімде – көмескі үн.
Қолымдағы көзені тауысарға достар көп,
Жүректегі қайғымды бөлісерге жоқ ешкім.

Бөспе жұртқа бәрібір, барлығына кінәмшіл.
Даңғазалық өмірді көре қалсам, бұғам шын…
Жанның тылсым нұрына Ғарыштан кеп құйылған,
Өзіме аян түстерден тым өзгеше ұғам сыр.

Кескілескен майданның басы Бақыт, соңында Ар.
Тағдырды ұрмақ жұдырық қайта өзіме соғылар.
Табаныммен бұралаң қанды із кешіп өтсем де,
Маңдайымда өлеңнің салған түзу жолы бар.

Ештеңе жоқ қолымда… Тек мұң ғана жанымда,
Сан алуан күдігім шақырады сабырға.
Хәлді кешкен Ой шексіз, Сезім шексіз аяулы,
Шексіздіктің ар жағы – тік төртбұрыш қабырға.

Түнегімен ертеді мені өзіне қапас түн,
Үрей толы жанармен үнсіздікке матастым.
Құдай бар да, Құдай жоқ…
(Бітіспейтін дау осы)
Шартарапқа шашылған сауалдардан шатастым.

Кімді, нені күтемін?
Қашан, қайдан үн қатпақ?
Бұл әлемде киелі құпия бар мұң қатқан.
Өлең деген – сол нәзік құпияға жақындау,
Өмір деген – шешімі таусылмайтын жұмбақтар.

 Абстракциялы мезгілдер

Алакеуім…
Балконда тұрып, құшырлана шылым шектім.
Кенет,
Тас төбемнен ойлы бір дауыс естілді.
Мен оны Тәңірдің «аяни үніне» балап ем,
Ол да енді ескірді.

* * *

Таңсәрі…
Алаулап қанқызыл нұр көтеріліп келеді,
Үзілердей ақиқаттың көбесі.
Қырық жамау жанның жауып жыртығын,
Әуреленем неге осы?

* * *

Сәске түс…
Шоқ ішіне тығылып сан үмітім,
Күлге айналды. Күлімен көкті құшты.
Сұлулығын қымтаған асыл Күннің,
Құштарлығы келеді от тынысты.

* * *

Екінті…
Кеше оқыған дұғамды жаттау үшін
Жетпейді көңіл нұры сөзге үнемі.
Жүректің сығындысын сарқып ішсем,
Көз-айнам өзгереді.

* * *

Түн…
Қараңғылық торлаған қабырғада,
Билейді Ажалға ұқсас көлеңкелер.
Бір күні,
тірі құдай секілді, қорқыныш та
Өзінен-өзі өртенер.

 Бетховен. Ай сонатасы

Қайтадан, тағы қайтадан,
«Ай сонатасын» қой, панам!
                                                               Т.Ешенұлы

Әуенін естіп, иілсем меңіреу Айдың,
Болмыстың арғы шетінен көрінер қайғым.
Түн болып сөзден бүрлесе естеліктерім,
Мұң болып, көзден ып-ыстық төгілер айдын.

Кірпік ұшына ілініп бозамық сәулем,
Топырақ – жаным, ұялса сазарып жерден.
Шомылып Айдың мөп-мөлдір шұғыласына,
Мертіккен ойдан айығар, тазарып кеудем…

Көл толқып, тербеп… түйсігім ымдаса маған,
Жамалын Айдың жанарға ұрласа санам.
Қажыған…
бір сәт көңілдер нұрланар ма еді?
Бетховен үнін жүрекпен тыңдаса Ғалам.

Көктегі тәнім зерлі аспан төсінде жатса,
Балқиды жаным жұлдыздар көшіне батса…
Елесін кезем осылай ессіз сұлбаның,
Жабырқау көше жарығын өшірген шақта.

Назды саз елтіп, құлаққа төгілген тұста,
Қолымды созам қанатсыз көрінген құсқа.
Кеудеде жатқан тереңнен өрілген бұл үн, –
Өлімнен биік болғанмен, өмірден қысқа.

Тұманды ойлар тұмшалап, торықтырғанда,
Жалғыздығымды жолдағы жолықтырғанда,
Тыңдағым келе береді «Ай сонатасын»,
Төбемнен сары уыз Ай төніп тұрғанда…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.03.2021 | 15:18

Cаламатсың ба? Тамаша шабытың мен өрелі өнеріңе тәнті болып,айтарыңның анық,,болашағыңа сермеген құлашыңның кеңдігіне риза болып отырмын.Сәттілік!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір