МӘҢГІ ЕЛ МҰРАТЫ
«Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды».
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Президенті.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Халықаралық Түркі академиясының президенті,
тарих ғылымдарының докторы
Өміршең өркениет өзегі
Тарих – шындыққа айналған тағдыр. Әрқилы тағдырдың тоғысып, адамзаттың тұтас ғұмырын құрайтыны сияқты, түрлі ұлттың шежіресі де түйінделе келе, әлемнің ортақ тарихына айналады. Сондықтан дүние тегершігі айналған сайын тарлан тарихтың да қатпары арта түседі.
Еуразия кеңістігінің бағзы тарихына көз жүгіртсек, қуатты империялар құрған түркілер ғасырлар бойы ұлан-ғайыр аймаққа билік жүргізіп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге – Байкалдан Балқанға дейінгі орасан зор аймаққа иелік етті. Арғы түбі Алтайдан тарайтын айбынды ел тілі жақын, танымы мен талғамы ұқсас бір әлемді – ортақ өркениетті құрады. Қорғаны биік қалалар салған, алтын тақта отырып билік жүргізген айбарлы қағандар мен айбынды абыздар «Мәңгі Ел» орнатуды армандады.
Көне Қытай, Үнді, Иран, Мысырмен иық тіресіп, өзіндік төлтума мәдениетімен оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі адамзат тарихында ірі бетбұрыстар жасап, көптеген ұлттардың қалыптасуына ықпал етті. Шығыс пен Батыстың, түстік пен теріскейдің арасын жалғаған «Ұлы Жібек жолы» арқылы түркі даласы әлемдік сауданың күретамырына, дүниежүзілік дипломатияның дәнекеріне айналды. Жалпақ жаһанның төрт тарапын тоғыстырып, жақындастыруда жылқының жалында туған жауынгер жұрттың үлесі айрықша болды. Сондықтан бүгінде көптеген ғалымдар түркілерді «жаулаушы ғана емес, өркениетті жасаушы ұлт» ретінде бағалауда.
Өркениеттің бір өлшемі – әліппе екені әмбеге белгілі. Әрбір әліппе пайым мен танымнан, талғам мен түсініктен, дәстүр мен сенімнен туындайды. Ол алтын арқау, сиқырлы сандық іспетті ұлттың жадындағы асыл аманаттар мен қастерлі құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғайды, мәдениетті орнықтырады. Бұл тұрғыдан алғанда, жады мен жазуға айрықша мән берген түркілер бүгінгі батыс елдері әлі әліппенің не екенін білмей тұрған тұста төлтума таңбасын қалыптастырды. Асыл арқауы қадымнан бақиға үзілмей жеткен асқақ мұраттарын болашақ ұрпаққа табыстап, аманаттарын мұқалмас мәңгі тастарға қашап жазды.
Дүниені нұрландырған ислам діні Түркістан топырағында Бұхари, Матуриди, әл-Фараби, ибн Сина, Хорезми, Баласағұни, Иассауи сынды ғұламалардың білігімен жаһұттай жарқырап, жүйеленіп, іргелі ілімге, өміршең өркениетке айналды. Осы қайнардан нәр алған дала данышпандары философия, математика, алгебра, геометрия, астрономия, медицина сияқты ғылым салаларында бұрын-соңды болмаған төңкеріс жасап, адамзат өркениетіне зор жаңалықтар енгізді, Еуропадағы Ренессансқа түрткі болды.
Өзегінде тектілік пен кісілік, ілім мен парасат жатқан бұл өркениет толеранттықтың да тамаша үлгісін көрсетті. «Адамзаттың бәрін сүюді» уағыздаған Ұлы Даланың сан алуан тұрғындары бейбіт ғұмыр кешті. Түркілер құрған алып империяларда тең дәрежеде тату-тәтті өмір сүрген түрлі ұлт өкілдері өз тілдері мен діндерін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын одан әрі дамытып отырды.
Алтай мен Ақтеңіздің арасындағы алып аумақты мекен еткен түркілер байтақ территорияға қарамастан тұтастықтарын сақтай білді. Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шексіз кеңістікте ғұмыр кешкен баһадүр бабалар атамекенін ардақтап, оны алтын таққа балады. Дүниенің төрт тарапына үңіліп, тоқпақ жалды тарпаңды ерттеп мінген олар туған жерді тұғыр етті. Қазір дүниенің түркілер мекендеген қай бұрышына барсаңыз да, Ұлытау мен Қаратау, Алтай мен Талас, Ақсу мен Қарасу, Сейхұн мен Жейхұн сияқты жер-су аттарын кездестіретініміз сондықтан. Бұл – ғұмыры жорықта өткен жаужүрек ұландардың жеріне деген сағынышы болса керек. Тіпті, Үндістанды тұтас билеп, өз дәуірінің ең құдіретті патшаларының бірі болған Бабырдың да жазбаларынан жеріне деген осы сағынышты сезесіз.
Байтақ түркі тарихының терең тамырлары байырғы тайпаларға барып тірелетіні белгілі. Дүниеге тарыдай шашырап кеткен туыс жұрттың өзегін құрайтын бұл іргелі ру-тайпалар барған жерлерінде көбіне жұтылып, яки ұмытылып кеткенімен, түпкі қазықтары қазақ жерінде қағылғандықтан, олардың атаулары да қарашаңырақта қаз-қалпында сақталып қалған. Сондықтан алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайұлы:
«…Енші алып, қалың түрік тарасқанда,
Қазаққа қарашаңырақ қалған жоқ па?», – деп жырлағандай, қазақ жері – бүгінде түгел түркінің ата жұрты, құтты қарашаңырағы һәм күллі Дала өркениетінің жауапкершілігі жүктелген алтын бесігі екенін ұмытпаған абзал.
Құтты қуат қайнарлары
Қоғамтану мен тарих философиясының атасы саналатын Абдрахман Ибн Халдун бұдан алты ғасыр бұрын жазылған «Мұқаддима» атты атақты еңбегінде «асабийе» деген ұғым қолданған екен. Ол – жақындық, жәрдемдесу, ортақ мүдде, күш біріктіру, құлшыну, сыртқы жауларға бірге тойтарыс беру сияқты мағыналарға келеді. Ибн Халдунның жазуынша, қанның тартуы мен жанның жақындығы шежіре арқылы тайпалық бірлестікке немесе мемлекетке айналады. Ал мүдде бірлігі мен ардың үндесуі – мәдениет пен өркениетті құрайды. Ол «өркениет ағашының тамыры – көшпенділікте, кеудесі – мемлекет пен қала тұрмысында, дәні де мүдде бірлігінде» деп есептейді. Сондықтан Ибн Халдун «бүкіл өркениеттердің бастауында көшпенділер тұр» деген тоқтам жасайды. Бұл ретте ғұлама «көшпелілер» деп түркілерді де меңзеп тұрса керек.
Дөңгеленген дүние бір орнында тұрмайды. Темірқазықтың төңірегінде жылжыған жұлдыздар сияқты қозғалған ғасырлар керуені Ұлы Даладан бастау алады. Себебі, көшпенділер әркез әрекетте болады. Ал ұдайы қозғалыстан қуат туатыны белгілі. Сонымен қатар, табиғатпен етене байланыста өмір кешетін олар «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген ұстанымда болып, ар тазалығы мен абырой биігін әрқашан жоғары қояды. Осыған байланысты ынтымақ пен қоғамның бірлігі басты құндылық болып саналады.
Мәдениеттердің тағдырын адамзаттың ғұмырына теңеп, оның да «балалық шағы, ержетіп, есею кезеңі, кемелденуі және тоқырап, құлдырауы болады» деп жазған Ибн Халдун өркениеттердің құлдырауын қала тұрғындарының тоғышар әрекеттері мен ысырапшылдыққа байланысты қарастырады. Әйгілі Әмір Темірге кездесіп, кеңес берген ғалымның ойлары кейін ХХ ғасырда Арнольд Тойнбидің мәдениет туралы пайымдарына негіз қалады. Ал өз кезегінде бұл Л.Н.Гумилевтің баршаға белгілі «пассионарлық» туралы теориясына түрткі болды.
Расында, ұлы ойшыл айтқан ұлттар мен мәдениеттердің даму кезеңдеріне дәуірлердің алмасуы мен құтты қуаттардың дүмпулері ерекше серпін береді. Күллі адамзаттың тағдырына тікелей әсер етіп, тұтас құрлықтың картасы мен жағрапияны өзгертуге апаратын мұндай тектоникалық өзгерістер дүркін-дүркін айналып келеді. Бұлардың қатарына Қиыр Шығыстан Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Сібірден Солтүстік Үндістанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты бағындырған ғұндар мен көк түріктер дәуірі, Шығыс Түркістаннан Таяу Шығысқа дейін созылып жатқан Ұлы Салжұқ және Алтай мен Шығыс Еуропа арасындағы шексіз кеңістікке билік жүргізген Алтын Орда дәуірі сияқты аса ірі тарихи кезеңдерді жатқызуға болады. Ұлы Даладан бастау алған бұл ауқымды оқиғалардың барлығы да Еуразия кеңістігіндегі орасан зор өзгерістерге түрткі болды. Дәуір алмасып, жаңа мемлекеттер, ұлттар мен ұлыстар тарих сахнасына шықты.
Байқап отырсақ, мұндай тектоникалық өзгерістерге негіз болған дәуірлік дүмпулердің барлығына ортақ сипаттар бар. Біріншіден, Алтайдан бастау алған бұл мемлекеттер қазіргі қазақ даласында қуаттанып, содан кейін ықпал ету аймағын кеңейте түскен. Екіншіден, Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған құдіретті державалар «Ұлы Жібек жолы» сияқты әлемдік сауда-экономикалық жолдардың дамуына баса мән беріп, оны өз бақылауларында ұстаған. Үшіншіден, батысқа қарай бағыт ұстаған империялардың бәрінде ұлы мұрат, асыл аңсар болған. Олар әр кезеңде «Ергенеқон», «Өтүкен», «Жерұйық», «Жиделібайсын» деген сияқты түрлі атаулармен көрініс берсе де, түпкі қазықтары «Беңгу ел – Мәңгі мұратымен» ұштасып жатқан. Төртіншіден, бүкіл ұлы істер мен тарихи оқиғалардың басында құдіретті қағандар мен данышпан әміршілер тұрған. Қилы кезеңнің қиын шарттарын жеңе отырып, сын сағатта елін бастап, ғаламат ерліктер жасаған Атилла, Бумын, Естеми, Алпарслан, Бабыр сынды ұлы әміршілер мен даңқты қолбасылар әлем картасының қалыптасуына ықпал еткен. Сондықтан құтты мекен, экономикалық қуат, ұлы мұрат және тегеурінді тұлға Ұлы Даланың тұрғындарын ұлы өзгерістерге бастап отырған.
Қазақ хандығының қасиетті Қозыбасы тауында хан сайлап, ту көтеріп, жеке мемлекет болып шыққан ХV ғасырда да әлемдік өзгерістерге жалғасатын осындай дәуір алмасуына тұспа-тұс келген еді.
Алмағайып өзгерістер заманы
Ибн Халдун «мәдениеттер мен өркениеттер де шыңның шарықтау шегіне шыққаннан кейін, егер өзін жаңалай алмаса, ертелі-кеш тоқырау және құлдырауды бастан кешеді» деген екен. Ғұлама айтқан бұл қағидат түріктер үшін де өзгермеді. Жүздеген жылдар бойы Еуразия кеңістігіне жеке билігін жүргізіп, адамзат тарихына ықпал етіп келген ұлыстың абыройлы алтын ғасыры ұзаққа созылған тоқырау кезеңінің басына айналды. Алтын ғасыр дейтініміз, он бесінші ғасырда Османлы мемлекеті әбден кемеліне келіп, Ыстамбұлды бағындырды. Осылайша Рим империясының жалғасы болып келген Византияны тізе бүктіріп, оның үстіне Қособада батыстың біріккен қолына күйрете соққы беріп, Балқан түбегіне біржола орнықты. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада Мысыр Мәмлүктерінің дәуірі жүріп тұрды. Олар қасиетті Мекке-Мәдинаға иелік етіп, Иерусалим мен Шамға билік жүргізді. Үндістанда Бабыр таққа шығып, Ұлы Моғол империясы құрылды. Иран мен Кавказда Қарақойлы, Аққойлы әулеттерінің дегені болып, оның аяғы Сәфәуи мемлекетінің билігіне жалғасты. Осылайша Еуропа, Азия және Африкаға бірдей үстемдік етіп, өз әмірін жүргізген түркілер тұтастықтарын да сақтай білді. Халықаралық Түркі академиясының түркі елдеріне арналған «Ортақ түркі тарихы» оқулығын осы кезеңмен аяқтауды ұсынуы да сондықтан.
Дәл осы тұста Ренессанс дәуірінде ұйқыдан оянған Еуропа құрлығында да үлкен өзгерістер басталды. Габсбургтер әулетінің басшылығымен батыс біріге түсті. Ғылымның бұқаралық сипат алуына негіз қалаған дәуір басталып, Иоганн Гутенбергтің баспаханасы іске қосылды. Өнеркәсіп пен сауданың қарқынды дамуы соны мүмкіндіктердің жолын ашты. Португал теңізшілерінің ізденістері ұлы жағрапиялық ашылулардың басы болды. Колумбтың Америка құрлығына жетуі, Васко-да-Гаманың Африканы айналып өтіп, Үндістанға баруы – жаңа дәуірге жол ашты. Осы кезеңде Чжэн Хэ бастаған Қытай теңізшілері де Үндіқытай арқылы Парсы шығанағына және Шығыс Африкаға аяқ басты. Бұлардың барлығы жаңа сауда жолдарының ашылуына және «Ұлы Жібек жолының» өз маңызын жоюына апарып соқты. Ал бұл өз кезегінде Орталық Азияның және түркілер үстемдік құрған аймақтардың экономикалық тұрғыда құлдырауына, қалалардың күйзелуіне себеп болды. Сауда арқылы түсетін табыс көздері күрт азайып, әлеуеті әлсірей бастаған хандар олжаға таласқандай бір-бірлерімен аяусыз қырқысқа түсті. Осылайша жұтқа жаугершілік қосылып, бір кездері гүлзар баққа оранған кітапханалары бай түркі қалалары қаңырап қала бастады. Бұл орайда, қалалардың босап қалуына сол тұста Еуропаға зардабы ауыр тиген оба індетінің де салқыны аз тимеген болуы керек. Бұл мәселе әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
Әуелі өндірістен кері қалу, теңіз және мұхиттарға шыға алмау, ірі сауда жолдарынан айырылу, экономикалық мешеулікке ұшырау арқылы басталған тоқырау дәуірі көп ұзамай басыбайлы бодандыққа апарып соқты. Әрине, оның басқа да себептері болды. Бұл ретте, алдымен желмен жарысқан жылқы дәуірі аяқталғанын айтуға тиіспіз. Кеме және түрлі тасымал көліктері жылқының орнын алмастырды. Одан кейін жауынгер жұрттың жігерін жасытқан отты қару шықты. Түркілер ғылым-білімнің жаңа жетістіктерін жүзеге асыра алмады. Оның үстіне ілім мен діннің аражігі алшақтап кетті. Абай айтқан «алты бақан алауыздық» пен «бас-басына би болған өңшең қиқым» да елдің сиқын кетірді. Ағайынның азғанынан, бірліктің аздығынан береке озды, ел тозды.
«Дүние – кезек» деген. Шыңнан төмен сырғудың алғашқы нышандары айбарлы Алтын Орданың іргесі сөгілумен басталды. Осы кезде дербес шіркеуге ие болып, дін тұтастығына қол жеткізген солтүстік-батыс көрші Византияның мұрагері екенін жария етті. Ұлы империяның құлдырауы оның кішігірім хандықтарға бөлінуіне әкеліп соқтырды. Міне, осындай дәуірлер алмасқан алмағайып заманда Қазақ хандығы дүниеге келді.
Бір айта кетерлік жайт, осы кезеңде және одан кейінгі ғасырларда пайда болған хандықтар арасында тек Қазақ хандығы ғана өміршеңдігін көрсетіп, тұтас ұлтқа атын беріп, бүгінгі күнге дейін жалғасып жетті. Әулеттің, аймақтың немесе қаланың атымен аталған өзге хандықтардың барлығы да кейін тарих сахнасынан сырғып кетті. Сондықтан қазақ хандығының тарихын, Елбасы айтқандай, Орталық Азиядағы ұлттық тарихтың бас-тауы деуге де болады.
Алаш аңсары – Мәңгі Ел мұрасы
Қазақ хандығының құрылуын Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханға және елдің Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруіне байланысты өкпелеп кетуіне ғана байланыстырып қарайтындар аз емес. Біздіңше, жүз мыңдаған халқы бар іргелі мемлекеттің құрылуына мұндай «өкпе» негізгі себеп бола алмайды. Оның көптеген тарихи, әлеуметтік, экономикалық және саяси астары болса керек.
Алып империяның құлауы айбарлы жұртты есеңгіретіп кетті. Халық қайырсыз хандар мен әлсіз әміршілерден мезі болды. Ұлы мақсат пен ұйыстыратын ортақ мүдденің жоқтығы елді күйзелтті. Дегенмен, әлі бодандықтың қамытын киіп көрмеген бұла жұрт текті мінезінен айырыла қоймаған еді. Олар «еңку-еңку жер шалған» есіл күндерді аңсады. Ел айырылған осындай алмағайып заманда бұқараның тамырын тап басқан Жиренше шешен елді ынтымаққа шақырды, абыз ақын Асанқайғы желмаяға мініп, құтты қоныс Жерұйық-Жиделібайсынды іздеді. Бағытынан айырылған ел бағдар беретін билеушілер мен бірлікке шақырған билер арқылы береке табады. Сондықтан біздіңше, Қазақ хандығы құрылуының түпкі астарында да Ибн Халдун айтқандай, «асабийе» – яғни жақындасу мен күш біріктіру, құлшыну мен мүдде бірлігі, басқаша айтқанда, пассионарлық қуат жатты. Оны «Алаш аңсары», «Мәңгі ел мұраты» деп атауға болатын шығар.
Керей мен Жәнібек хандардың құрған жаңа мемлекеттің тұғыры ретінде Шу өңірін таңдауында да осы асыл аңсар жатыр деп ойлаймыз. Бұл орайда, орта ғасырлық дерек көздері Шу өңірінің түріктер үшін қасиетті жер болып саналатынын жазады. Мәселен, Гардизи «Суябқа жақын жерде түріктердің қасиетті тауы бар, олар осы тауға табынып, соған серт береді. Олар «бұл Тәңірдің тұрағы» дейді» деп атап көрсеткен. Қытай деректері де Суяб қаласының солтүстігінде қасиетті тауы түрік қағандарының тағына отыратынын айтады. Демек, Шу өңіріне бет бұрған Қазақ хандығы тарихи жадыны жаңғыртып, байырғы Батыс түрік (Он оқ) қағанатының мемлекеттік дәстүрін қайта жалғап отыр. Керей мен Жәнібек хандардың елді көне түркілік дәстүрге сай ағалы-інілі болып басқару да сөзімізге дәлел бола алады. Бұл орайда, кезінде Сыр бойында Салжұқ империясының негізін қалаған Тұғрыл мен Чағры бектер де өз елдерін осылай кезектесіп билеген болатын. Сондықтан Елбасының Ұлытаудағы ұлағатты сөзінде қазақ халқының тарихи тамырларын сонау ғұн, көк түрік және Алтын Орда дәуірімен сабақтастыра қарауында үлкен мән бар деп ойлаймыз.
Қазақ хандығының Шу мен Сыр бо- йын тұғыр етуінің тағы бір себебі – Еуразия кеңістігіндегі сауда жолдарына бақылау орнатып, экономикалық қатынастарға ықпал етуге ұмтылудан туған еді. Дегенмен, теңіз арқылы жаңа балама сауда жолдарының ашылуы Жібек жолын қайта қалпына келтіруге кедергі болды.
Көк түріктердің айбынды рухы дүркірей көтеріліп, осы құтты қуатты бағалай, бағыттай білген алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақ даласын тұтас билеуді, сол арқылы Жошы ұлысын – Алтын Орданы қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде: «Қасым хан күллі Дешті Қыпшақты бағындырып, Жошы ханнан соңғы уақытта ешкім қол жеткізе алмаған табыстарға жетті. Оның әскерінің саны миллионға ұласты», – деп жазған.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев таяуда ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», – деп атап көрсетті. Біздіңше, бұның көптеген дәйектері мен себептері бар.
Біріншіден, Қазақ хандығы Алтын Орда мемлекетінің аумағын қамтыды. Екіншіден, хандықтың негізін қалаған әулет Жошының кіндігінен тарады, осыған байланысты хандық «Жошы ұлысы» деп те аталып жүрді. Үшіншіден, Жошы мен оның айбынды ұрпақтары мәңгілікке тыныстаған Ұлытау мен Сарайшық Қазақстан территориясында орналасқан. Төртіншіден, Алтын Орда құрамындағы ру-тайпалар Қазақ хандығының ұйытқысына айналды. Ұлысқа қараған тайпалардың лек-легімен Қазақ хандығына келіп қосылуы, Қазақ хандарының да теріскейдегі туыстарымен ірі қақтығыстарға бармай, оларды бауырға тартуы бекер емес деп ойлаймыз. Бесіншіден, шаңырақ көтерген хандық құдіретті империяның дәстүрлерін жаңғыртуға ұмтылды. Қазақ елінің толерантты мінезі Алтын Ордадан қалған қасиеттің бірі болса керек. Міне, осындай себептерге байланысты Шоқан Уәлиханов кезінде «қазақтар өздерін Алтын Орданың ұрпақтары ретінде есептейді» деп жазған. Сондықтан Қазақ хандығын Алтын Орданың мұрагері деп атауға толық негіз бар деп ойлаймыз.
Құрылғанына көп уақыт өтпесе де құдіретті күшке айналып, Сығанақ пен Сауранды, Отырар мен Сайрамды қайтарып алып, Түркістанды астана еткен жас мемлекет кейінірек Самарқан мен Бұхараға, тіпті, Қашғар мен Ауғанстанға дейінгі аймақтарға жорық жасап, Орталық Азияға билік жүргізуге ұмтылды. Хандықтың айбынын асырып, абыройын тасытқан қаһарлы хандардың бірінің Ас- трахан маңайында мәңгі тыныстауы, енді бірінің Бұхара түбінде опат болуы да ұлан-ғайыр аймақты құраған ұлы мұраттың айғағы болса керек.
Ұлы дала ұрпақтары
Ұлы Далада аумалы-төкпелі заманда аттың жалында дүниеге келген Қазақ хандығы маңайындағы алпауыт елдермен бірде тату, бірде қату жағдайда ғұмыр кешкені белгілі. Бұл орайда, Қазақ хандығы тұсындағы халықаралық жағдай, көрші елдермен қарым-қатыныстары және хандар жүргізген мәмілегерлік саясат нақты құжаттар арқылы терең зерттей түсуді қажет етеді.
Мәселен, жиырма жыл бойы Тибетте білім алып, Будда дінін қатаң ұстанған Галдан Бошогту ханның қазақ даласына өз сенімін тарату мақсатында «діни соғыс» жариялап келгені қазір мәлім болып отыр. Бүгінде моңғол тарихшылары тапқан құжаттарда Бошогтыны Будда діні үшін күресуге батасын беріп, қаруландырып, жұмсаған адамның Тибеттің үкімет басшысы Дэсрид Санжаажамц (1653-1705) екені анықталды деуге болады. Алып елдердің «жабайыларды жабайылардың қолымен құрту» саясаты бойынша айтақтауымен және соқыр сенімнің жетегімен соғыс ашқан жоңғар хандығы ақырында тарих сахнасынан мүлдем жылыстап, жойылып кетті. Нәтижеде көшпелі империялар арасындағы ақырғы соғыста жеңіп шыққан Қазақ хандығы, Елбасы айтқандай, Ұлы Даланың мұрагері болып қалды.
Бұл да бізге түпкі ұраны бір болғанымен, ұстанымдары бөлек қалмақ-жоңғар билеушілеріне қарсы қазақ хандарының ғазауат соғысын жүргізгенін, ислам дініне бойсұнатын халқының қорғаны ретінде ғази атанғандарын әйгілейді. Сонымен қатар, дінді күштеп таңу үшін күрестің ақыр аяғы сол соғысты бастаған ұлттың тұтастай құрып кетуіне де апарып соғуы мүмкін екенін көрсетті.
Тарихты білмеуден өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Өкінішке қарай, біздің тарихымызда да әлі күнге ақтаңдақ беттер, ашылмаған парақтар аз емес. Тіпті, тарихымызда өшпес із қалдырған осы қалмақ-жоңғарға қарсы соңғы соғыс та жұрт жадынан ұмыт болған. Соңғы жылдары Қытай архивтерінен әкелінген мәнжу тілді деректерде ақырғы айқас, соңғы соққының Жетісу жерінде, Сарыбел деп аталатын өңірде өткені айтылады. 1761 жылы жасалған Цинлун картасында көрсетілгендей, Сарыбел – шығысы Күрті өзенінің бастауы, оңтүстігі Кекілік тауы мен Суықтөбе, солтүстігі – Қастек асуы. Бұл мәліметті Шоқан жазып алған «Абылай туралы жыр» да құптайды. Міне, осы жерде 1758 жылы қаңтар-ақпан айларынан бастап, шілде-тамыз айларында аяқталған ұлы шайқас болған. Бұл шайқаста Орта жүзден 2000 жасағын Түкжан батыр бастап келген. Кіші жүзден Ералы, Нұралы сұлтандар 5000 жасақпен қатысқан. Ал Ұлы жүздің қолын шайқаста шапырашты Атығай батыр бастаған. Осы шайқаста айрықша көзге түскен Атығай батырды Абылай хан кейін Қытайға елшілікке де аттандырған. Бұл тағдыршешті шайқасқа іле-шала Әбілпейіз сұлтан, Орта жүзден Қабанбай, Дәулетбай, Қожаберген, Көкжал Барақ, Жәнібек батырлар қатысқан. Ал Кіші жүзден 10 000 жасақпен бірге Сарытоған, Байтүгел, Қасмұрат батырлар келген. Сөйтіп, олар Қасақшира, Әңгідәй, Батыр-Обашы Букушаған, Чохор, Церең батырлар бастаған қалың қалмаққа күйрете соққы беріп, жоңғарларды Үрімжіге дейін қуып, қазақ жерін басқыншылардан мүлдем азат еткен. Тарихымызда бұған дейін мүлдем айтылмай келген бұл шайқас Үш жүздің мызғымас ынтымағын, Қазақтың бекем елдігін көрсетті. Сонымен қатар, «Аңырақай шайқасынан кейін Әбілқайыр хан өкпелеп кетіп, жақтастары жоңғар соғысына қайта қатыспаған» деген тұжырымның жалған екенін айғақтайды.
Жалпы, қазір «Әбілқайыр хан Ресейге өз еркімен бодан болды» деген тұжырымды да қайта қарайтын кез жетті деп ойлаймыз. Себебі, қазақ-орыс қатынастарында Құран сөзіндей көріп, қалтқысыз сеніп жүрген В.Я.Басиннің «Казахстан в составе России в ХІІІ – начале ХХ века» деп аталатын атақты кітабында осы мәселеге қатысты деректерді бұра тартушылық байқалады. В.Я.Басин, әсіресе, Брянцевтің ақпары мен Тевкелевтің күнделіктерін бұрмалай отырып, сөздерді өзгертіп пайдаланған. Мәселен, ол әскери одақ жөнінде ғана сөйлескен Брянцев пен Әбілқайырдың кездесуін баяндағанда ханның аузына «жоңғарға қарсы одақ құрмаса, қазаққа үлкен қатер төнетіні» туралы сөз салады. Сол сияқты, Тевкелевтің сөзін «Қазақтарға қауіп башқұрттан, қалмақтан, жоңғардан, Сібір қалаларынан және Жайық казактарынан төніп тұр» деп келтіреді. Бұл жерде В.Я.Басин «Ресейдің жазалау жорығы апат әкеледі» деп қорқытқан Тевкелевтің сөзін мүлдем алып тастайды да, оның орнына «жоңғар» деген сөзді қосып қояды. Жалпы, Тевкелев өз күнделіктерінде қатулы қазақтардан қорқып, оларды қаймықтыру үшін «егер басыма бір іс түссе Ресей үкіметі башқұрт, қалмақ жасақтарын қаптатып, қазақтарды табанының астына алады» деп айтқанын ашық жазған екен. Ал қорқыту арқылы өрбіген келеңсіз келіссөздерді қалайша өз еркімен бодан болуға бастаған қадам деп бағалауға болады?
Дәл осындай жағдайды Қытаймен қатынастар үшін де айтуға болады. Қытай тарихнамасында осы дәуір туралы «Абылай ханның Қытаймен қарым-қатынас орнатуы қазақтардың Цин патшалығына бодан болғанының белгісі және сондықтан Балқаштың шығысы мен оңтүстігі Қытайдың территориясы» деген өте ұшқары және қауіпті тұжырым қалыптасқан. Жақын жылдары жарық көрген мәнжу тілді тарихи құжаттар осы тұжырымдаманың жалған екендігін дәлелдеді. Халықаралық Түркі академиясының профессоры Б.Еженханұлы жаңа табылған Абылай ханның 1757 жылы Цин патшасы Цяньлунға жолдаған тұңғыш хатының 2 нұсқасы мен қытай тіліндегі нұсқасын салыстыра зерттей келе «Абылай ханның хатын Циннің орда қызметкерлері өз мүделеріне сай өңдеп, өзгерткен» деген терең тұжырым жасады. Бұл кесімді пікірін ғалым Түркі академиясының ұйымдастыруымен Пекинде өткен жиында бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берді. Сондықтан құжаттарды қайта қарап, оны ұлттық ұстаным арқылы пайымдап, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін зерттей түсу қажет деген ойдамыз. Қазақ хандығының 550 жылдығының тағылымы бізді осыған жетелейді деп сенеміз.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.