Тынымбай Нұрмағанбетов. АР АЗАБЫНЫҢ АҚИҚАТЫ
10.09.2020
782
0

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Уәдесіне берік, сертінен айнып кетпейтін қаламгерлердің қай-қайсысы да өмір шындығын суреткерлік шеберлікпен баяндағанда, ар-ұятының семсеріне жүрегі жараланып, ақиқатты айтудың жолын іздеп, оны көркемдік тәсілдермен берудің сан-алуан амалын таба білгені бесенеден белгілі. Тіршіліктегі кез келген құбылысты қырағы бақылап, әділетсіздіктермен жаны үнемі арпалысқа түсіп қалатын талантты тұлғалардың мазасыз ойлары әлемнің келешегіне алаңдаумен өтетіндіктен, өнердің ұлы мұраты анықталғаннан бері суреткер иллахи шындықтарды халыққа жеткізудегі міндетін әділ атқарып, адамдық ақыл-ойдың адалбақанына айналды.
Адам тағдырынан кіндігі үзілмеген, қоғам қасіретінен қабырғасы сөгілмеген ұстара сауалдарға жауап іздеген көркем сөз шеберінің талантты туындысы шындықтың шарайнасы ғана емес, ұлттық Рухтың қаншалықты биіктеп кеткенінің көрінісі де болса керек.
Шын мағынасындағы ірі суреткердің өткір жанары өнердің форма, стиль, композиция т.с.с. сыртқы эстетикалық сұлулығына ғана қадалып қалмай, әлемнің құпиясын, рухтың жұмбақтығын түп-тамырына дейін қазымырланып зерттеп, тастай қараңғы түнектен де азаттанудың сәулесін іздеп, ақтарылған шындықтардың арасынан тіршілік топырағының астында көміліп қалған адамдық болмысты тауып, әдебиет айдынына адамдық мұхиттың тұңғиығында жасырынған сұрақтарды алып шығып, жа­уабын беруді оқырман еншісіне қалдырумен келе жатқанына қай заман. Дей тұрсақ та, өмір боранында адасып, оңаша қалып, жүрегімізді жабырқатқан жалғыздығымызбен жағаласқанымызда, жан-дүниеміздің астаң-кестеңін шығаратынына қарамастан, көңілімізге медеу тұтатын жұбанышты басқа жақтан емес, әдебиет әлемінен іздейтініміздің құпиясы неде, осы?
Атақты Борхестың дуалы аузынан шығып, бұл күндері мәтелге айналып кеткеніне қарамастан, ұлы кітаптардың пенде баласына тек қуаныш сыйлап өтетініне өз басым аса сенбеймін. Қайта керісінше, кейбір талантты қаламгерлердің ішкі табиғатынан қасіреттің соққан хикаялары қуаныш сыйламақ түгіл, санамызды сансыратып, сезімімізді сергелдеңге салып, өзегімізді өкінішке толтырып, өртеп жібере жаздаумен келеді емес пе? Жұбатудың орнына, күлдіре отырып менің нәзік жанымды жаралап, жүрегімді жылатып жүрген сондай суреткерлердің бірі – Тынымбай Нұрмағанбетов.


Соған қарамастан, оны не үшін соншалықты қатты жақсы көріп, шығармаларын қайта-қайта оқи бергім келеді, білмеймін. Мен мына жалған дүниені сәулелі өнерімен нұрландырған қазақтың талай-талай мүйізі қарағайдай қаламгерлерімен араласып, шапағатын көрген бақытты жандардың бірімін. Білімі телегей-теңіз Әбіш пен Мұхтар, парасаты биік Төлен, сезімі сыршыл Сайын, көңіл толқыны арнасына симай тасыған Оралхан, тілі төгілген Қалихан… айта берсем, көп. Алайда Тынымбай Нұрмағанбетовке деген ықыласымның неге сондай ыстық, талантына деген құрметімнің неге елден ерекше екенінің себебін, өлтірсеңіз де түсінбеймін. Мүмкін, оның құпиясы, шығармаларын оқығанымда, біз сияқты пенделерге ұқсамай, дүниеуәи тіршілікке қызықпай, көзі тірісінде Рух аспанының төріне биіктеп кеткен шыншыл суреткердің өмірдегіге мүлде ұқсамайтын өнердегі болмысын жазбай танып, өзімнің адамдық табиғатымды тапқандай күйге түсетіндігімнен де шығар. Жалғандыққа жаны қас, сезімі сұлу суреткердің қолын қысу бақытының таланыма бұйырғанына шүкіршілік етіп, замандасы болғаныма қуанып, сырласы болғаным есіме түссе, кеудемді мақтаныш сезімі кернейтінін несіне жасырайын. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қаламгердің әр кітабымен танысқан сайын танымым тереңдеп, талғамым өсіп, ойларымен бірге өз ақылымның да толыса түскенін сезгендей боламын. Шебер қолмен өрілген шығармасын құмарым қанбай оқыған сайын, адам туралы талай-талай жұмбақтардың сырын ұққан менің де дүниетанымым кеңейіп, ойым кемелдене бастағандай ма, қалай?..
Адам – Құдайдың ұлы жұмбағы, ал оның табиғаты – иррационалды (ақыл жетпейтін) құбылыс. Дүние жаратылғаннан бері адам жақсарған жоқ, Құдайға да жақындай түскені шамалы, қайта керісінше, мейірімділіктің кейпінде келіп, құшағын ашқан зұлымдықтың соңынан ілесіп, жаңа заман орнаған сайын жаны күрделеніп, әлемнің қаны қарайып, қатыгезденіп барады.
Адамгершіліктен бөлек, зұлымдықтың да қайнар бұлағы болатынын жақсы білетін Тынымбай Нұрмағанбетов шығармашылығында ылғи да махаббат пен ғадауат майдандасқан рух жанартауы қопарылып жатады. Үнемі біз көрмеген дүниелерді байқап қалатын суреткер адам санасында жасалып жатқан қылмыстарды әшкерелеп, оқырманға жоғалтып алған парасаты мен рухани тереңдігін адаспай табуына көмектесіп отырады. Иненің жасуындай да жалғандық жоқ жазушы шығармашылығында оттай жанған ойлардың жалыны лаулайды. Соған қарамастан, бізде әлі күнге дейін Тынымбай талантының табиғатын дұрыстап тануға қадам жасалған жоқ. Ол туралы баспасөз бетінде азды-көпті жақсы пікірлердің айтылғанына қарамастан, суреткерлік құдіретін сәл де болса ашатын осы танымдардың ешқайсысы да бізге жазушының қарапайым да күрделі творчествосын жан-жақты саралап, егжей-тегжейлі талдап, түсіндіріп бере алмады. Біреулеріміз үшін ол ауыл тақырыбын жақсы білетін және жақсы жазатын жазушы, екіншілеріміз үшін ұлттық прозамыздағы Бейімбет Майлин мектебін жаңа биікке көтеріп кеткен қаламгер, үшіншілеріміз үшін оқырманды күлдіріп отырып жылататын ерекше талант, төртіншілеріміз үшін прозамызға қайталанбас ұлттық образдарды әкелген суреткер болып қалды. Бәрі дұрыс, бәрі де заңды, айтылып жатқан пікірлердің бәрі де орынды. Дегенмен, біз күрішті күрмегінен ажырата алмайтын ойымыздың шолақтығынан Тынымбай шығармашылығын талдауда айтылуға тиісті ең маңызды нәрсені – жазушының адамтануда көркем прозамызға қандай жаңалықтар әкелгенін ұмытып кетіп, ұлттық топырақтан нәр алған таланттың суреткерлік шеберлігінің арқасында әлем әдебиетінің классиктері Моппасан мен Чеховтардың биігіне көтерілген адамзаттың қаламгеріне айналғанын әлі дұрыстап тани да, зерттей де алмай әр нәрсенің басын шала шолып жүрміз.

Шындығында, осыдан елу жыл бұрын жарық көрген «Жұмаға қараған түн» әңгімесінен-ақ Тынымбайдың кесек талант екені бірден байқалып, ешкімге ұқсамайтын суреткерлік шеберлігі жарқырап көрінген-тұғын. Өкінішке қарай, жазушының осы шығармасына өз уақытында назар аударып, бағасын берген сыншы болмады.
Көлемі шағын оймақтай ғана әңгімеде есіңді алып еліктіріп әкететін керемет сюжет те, алып бара жатқан шытырман оқиға да жоқ. Бірақ француз қаламгері Флобер сияқты сөзді түрлендіруден гөрі, деталь поэтикасына қатты мән беретін жазушы кейіпкерлердің түлкі мінездерін ойнатып, хәл үстіндегі Пәрікүл кемпірдің жақындары мен туған-туыстарының пиғылдарында жасалып жатқан қылмыстарды асқан шеберлікпен әшкерелейді. Кішкентай ғана деталь арқылы пенде баласының табиғатында жасырынған екіжүзділіктің шын табиғатын көзіңізге шұқып көрсетіп, ащы ақиқаттың ішек-қарнын алдыңызға ақтарып тастай салады.
Адам қолымен істелетін зұлымдықтардың бәрі де ең алдымен оның пиғылында туып, уақыт өте келе санасын тұмандандырып, жүректегі имандылықтың отын сөндіріп, ақыры бүкіл қоғамның азып-тозып, жан дүниесінің жалаңаштанып кетуіне әкеліп соқтырады. Әңгімені оқып бола салысымен, «Пәрікүл кемпірге ажал тілегендердің адам өлтірген қылмыскерлерден қай жері артық» деген ой көңіліңнің бір түкпірінен оянып, жаныңа тыныштық бермей аласапыран күйдің арбауына түсіреді. Шығармадағы Құдай сүйерлік қылығы жоқ көп кейіпкерлердің бірінен өз болмысыңды жазбай танығандай болып, жұртқа беймәлім қылмысың әшкереленіп, күнәңді сезгендей қуыстана түсесің.
Өмір шындығын суреттеуде Тынымбай бір ғана тәсілдің қазығына байланып қалмаған – таңғажайып талант. Лирикалық прозаларымен орыс әдебиетінің адамтанудағы көкжиегін кеңейткен көркем сөз шеберлері Василий Шукшин, Виктор Астафьев, Валентин Распутиндердің әңгіме-хикаяларымен бір қатарға тұруға лайық «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Атақоныс», «Шашубай» т.с.с. шығармалар туғызған суреткер, соңғы отыз жылда «Ауған құстары», «Құпия кездесулер» сияқты өмір шындығын мистикалық, гротескілік, магиялық реализм тәсілімен берудің жаңа әдістерін қолданып, толайым табыстарға қол жеткізді.
Бақыт іздеп адасқан жандардың ар азабын тартқан ақиқатын романтикалық, реалистік шеңбердің аясына сиғыза алмаған суреткер көркем прозадағы жаңа көкжиектерге көзін тікті. Адамзат мойындаған классиктердің шындықты суреттеудегі әдісінен үлгі ала отырып, өнердегі өрісін ұлғайтты. «Кене» әңгімесінде ол тіпті анау-мынау емес, әлем әдебиетінде өрнегі бөлек жазу мәнерін қалыптастырған Франц Кафканың өзімен іштей бәсекеге түсіп, адам жанының шыңырауында жасырынған трагедиясының қат-қабат құпиясын ашты. Егер Кафканың «Құбылысында» адамның жәндікке айналу процесі ғана сипатталса, Нұрмағанбетовтың «Кенесінде» пендешілігі көп Бименнің жәндікке айналғаннан кейінгі тіршілігіне зор мән беріледі. Тынымбай үшін адамның жәндікке айналу процесі маңызды емес, жаны жәндікке айналған пенде арқылы арсыздықты, зұлымдықты әшкерелеп, дүниенің жалғандығын оқырман есіне салу әлдеқайда маңыздырақ.
Тынымбай Нұрмағанбетов – адамтануда біз күтпеген жаңалықтарды ашып, оқырманын үнемі таң қалдырумен келе жатқан суреткер. «Періштелердің өлімі» атты жазушының жаңа кітабы осы айтқан сөзіміздің тағы бір жарқын мысалы бола алады. Бұл еңбегінде жазушы өмір шындығын берудегі баяғы реалистік тәсіліне қайтып оралыпты. Жазушының шығармашылық өміріндегі өзгеріс жасқа қарамайды. Өзгеріс жоқ жерде суреткердің қиялы көмескіленіп, қаламының сиясы сұйылып кетеді. Әдебиетте даму болмайды.
Реалистік прозаға қайтып оралғанымен, бұрынғыдай емес, «Періштелердің өлімінде» ол мүлде басқаша жағдайдағы адамдық болмысқа үңіліп, адамдық бастаудың қалай лайланғанын суреттейді. Енді ол сау күндегі емес, ақыл-есін жоғалтқан кездегі, заңды жолмен келе жатқан шақтағы емес, қылмыстық жолға түскен мезгілдегі, күнделікті тұрмыс пен жанның қалыпты күйіндегі емес, аңдаусыз түнгі стихиядағы адам табиғатының тереңдігін ашып, оның шегі мен шекарасын зерттеуге ерекше ден қояды.
Осы тұрғыдан алғанда «Жыланның уы» хикаяты қоғамдағы әлеуметтік шындықты суреттеудегі – ұлттық әдебиетіміздің зор табысы. Бұл шығармадан біз аласапыран заман басталғаннан кейін өзгеріп кеткен жаңа әлем мен жұмаққа апаратын жолдан адасқан «періштелердің» абайсызда тозақ отына өртеніп кеткен тағдырларын көрдік, адамгершілік, ізгілік, мейірімділік сезімдері аяқ астында тапталып, ар-ұяттың еңсесі төмендеген өмір шындығына куә болдық.
Суреткер ар азабын кешкен кездегі ақиқатын айту үшін кейбір әсіре «эстет» жазушылардай стиль таңдамайды. Кез келген жазу мәнерін емін-еркін игеріп әкете беретін қабілеті күшті қаламгерді форма мен стильден гөрі, адам мен оның тағдыры, адам рухының жұмбақтығы мәселесі көбірек толғандырады. Ол біздің кейбір философ болып көрінуге жаны құмар жазушыларымыздай Құдай тақырыбын қызықтап, өз ойын тамашалап отырып алмайды. Құдайлық сәулені ол адамдардың тағдыры арқылы таниды. Аллаға шын ниетімен сенетін тақуадай жүрегінің түбіне кір сақтамай, адам туралы білетін барлық ақиқатын оқырманға жасырмай жайып салады.
Осы тұрғыдан алғанда өнерге жан-тәнімен беріліп, аз күндік жалғанның жылтырағына қызықпай, мәңгілік тақырыптардың тозаңын жұтып, өнердің тозағына төзіп келе жатқан Тынымбай Нұрмағанбетов шығармашылық мұратына жеткен – бақытты жазушы. Қаламгер үшін бойындағы өнерін сатпай, билікке жалтақтамай, әлдекімдерге жұмсалмай, жалпақшешейлікке салынбай ар азабының ақиқатын қорықпай айта білгеннен артық қандай биік мақсат болуы мүмкін? Айтыңызшы, қандай?
Сөзіміз шектеулі болғандықтан, біз бұл шағын мақаламызда әр шығармасы бір кітапқа жүк боларлық «Періштелердің өлімін» егжей-тегжейлі талдайтын келелі әңгімемізді кейінге қалдырғанды жөн көрдік. Оның үстіне сыншы Әмина Құрманғалиқызының «Қазақ әдебиеті» газетінде (№48-49; 7.12.2018 ж.) жарық көрген зерттеуінде бұл еңбектің ұлттық әдебиетіміздегі алатын орнына жақсы баға берілгендіктен, тақырыбымыз бір болғандықтан, ондағы ойлардың қайталанып кетуінен сақтандық. Дегенмен, ойымыз үндесіп жатқандықтан, «Қазақтың Тынымбайы» атты осы мақаладағы суреткер жөнінде сөз қозғаған сыншы пікірінің тобықтай түйінін оқырман есіне қайта салғанды артық санамадық.
««Періштелердің өлімі» – қазіргі қазақ қоғамы қасіретінің кульминациясы. Ол шетелдіктердің босағадан жыландай жылжып кіріп, бай қожайынға айналып, аңқау қазақты торына түсіріп, қармақ ұшындағы жемге айналдыруы. Күнкөріс үшін ғана ауылдан қалаға ағылған қазақтың бейкүнә, қулық-сұмдықтан ада, аңғал, ақкөкірек жастарының шетелдік қожайынның құрбаны болуы. Нұрмағанбетовтың суреттеуіндегі «қай ұлт екені де белгісіз, түксиген қалың қабақты, ала көзді» қожайын адам емес, қазаққа болашақта төніп келе жатқан үлкен бір сұмдықтың, кесапаттың жанды бейнесі тәрізді. Бұл – қазіргі шындық. Бұл – сіз бен біз қысқа күнде қырық рет сезініп, содан шошынып отырған шындық. Егеменді ел болдық деген кездің удай ащы шындығы. Соларға әй дер ажа, қой дер қожа бар ма? Бұл тақырыпты автор ашына жазады. Атқа тіл бітіре ме, құсты сөйлете ме – әйтеуір қазіргі қоғамдық биліктің, тіпті сонау «үлкен» адамдардың каррикатурасын Тынымбайдай жасап берген автор жоқ шығар».
Әмина Құрманғалиқызының дәл байқағанындай, Тынымбай ұлттық әдебиетіміздегі қазақ бейнесін мифологемалық, псевдоромантикалық сипаттан арылтты. Көптеген қаламгерлер қазақты тағдыры, тарихы, тартысы мен күресі жағынан көрсетсе, біздің автор қазақты ұлттық кескін-келбет, қазақы мінез-құлық, қазақы құндылық пен қасиет, қазақы рух, ішкі психологиялық дүрбелеңі, дүмпуі, арпалысы арқылы көрсетті. Бүкіл қоғамға, тіпті әлемге «кішкене» қазақтың көзімен қарап-ақ баға берді.
Бүкіл советтік әдебиетке ықпалын тигізген әсіре гуманизмнің Тынымбайдың да алғашқы шығармаларына әсері болғаны байқалатын. Алайда уақыт өте келе ол одан бас тартып, түбегейлі өзгеріп, біржола басқаша жазуға көшті.
Өз басым жазушының «Періштелердің өлімі» кітабына енген роман-хикаяттары мен әңгімелерін гуманизмнің жалауын желбіреткен туындылардың қатарына қоса алмаймын. Тіпті, біздің пікіріміз дұрыс болмай қателескен күніміздің өзінде, оның өрнегі өзгеше тоқылған шығармаларын трагедиялық гуманизмге жатқызуға болатын шығар.
Шын мәнісінде кітаптағы роман-хикаяттар мен әңгімелер – туындылар ғана емес, қоғам қасіретін ашып берген трагедиялар. Трагедия болғанда да оның ерекше түрі. Әлеуметтік фактордан бөлек, гуманизм идеясына алданған адам тағдырының – ішкі трагедиясы. Суреткер өз шығармаларында біреулердің ойын қайталамай, жалғыздық дертінен айыға алмаған адам трагедиясының сыртқа қалыбынан бөлек, ішкі себебін зерттеп, оны өз тұрғысынан бағалайды.
Тынымбай ұлттық топырақтан жаратылған – рух қозғалысының суреткері. Мұндай дауылды қозғалыста барлығы да қалыпты орнынан жылжып, өзгеріске ұшырайды. Ол адамды құмарға батып қиналған жағдайдағы кезінде ашады. Сондықтан да суреткер адам рухының тереңіндегі төңкерістерді көріп, ондағы қайшылықтардың сырын жақсы біледі. Тынымбайдың өнері көбіне – рухани болмыстың тереңдігін, метафизикалық шынайы өмірді сипаттайды, эмпирикалық тұрмысқа ол қызықпайды. Қылмыстық романдарды еске түсіретін «Жыланның уы» хикаятының ішкі желісінен біз үйреніп қалғаннан бөлек басқа бір шындықтың сәулесі жарқырайды. Әділін айтсақ, бұл шығармада суреткер сипаттаған тұрмыстың келбеті, өмірдің тәртібі, жершіл типтер – аса шыншыл емес. Адамның рухани тереңдігі, пенде баласының рухани тағдыры – шыншыл. Оқырманға ой салатын идеялар – шыншыл. Сондықтан да «Періштелердің өліміндегі» роман-хикаяттар мен әңгімелерді біздің қалыптасып қалған түсінігіміздегі нағыз реалистік шығармалардың қатарына қосу қиын. Ақиқатында, нағыз өнер – өмірдегіден де терең шындықтарды зерттейді емес пе. Нағыз өмірдің суреткерлік шеберлікпен тек символдар арқылы берілуі мүмкін екенін есімізден шығармайықшы, ол өнерге міндетті түрде шынайы күйінде енбейді. Өнер еш уақытта да эмпирикалық шынайлықты көрсетпейді, барлық кезде де ол басқа әлемге еніп кетеді, бірақ бұл басқа әлем өнерде символдық бейнелердің көмегімен танылады.
Ақиқатында сөз патшалығында Тынымбайдай ешкімге ұқсамайтын, ерекше құбылыстың пайда болуы кездейсоқтық емес. Заңдылық. Мифологема мен әсіре романтизмнің дертіне шалдығып, шындық ауылынан мекені алыстап бара жатқан қазақ әдебиеті күндердің-күнінде Тынымбай сияқты кесек ойлайтын, біздің желбуаз үмітімізді аямай талқандап тастайтын қатыгез талантты туғызуы тиіс еді.
Жазушы адамдық ойдың кенін кітаптан ғана іздемейді, көп жағдайда оны өзінің таза болмысынан, өнерге берілген адал мұратынан, шыншыл жүрегінің шыңырауынан табады. Көп оқып, көз ізденгенімен, өмірдегі алаяқ, екіжүзді, даңғойқұмар, мақтаншақ, пысық, жағымпаз, мансапқор пенделердің неге кемел дүниелер туғыза алмайтынының себебін зерттеп көрдіңіз бе? Өйткені Алланың алтын сарайындай жарқыраған ұлы Рухтардың қақпасы, шығармашылығы былғанбаған, адал махаббаты мен адамдық табиғатына кір жұқтырмаған адамдар үшін ғана айқара ашылады.
Әдебиет адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін – ұлы өнер. Міне, сондықтан да шын талант әдебиетке, адамдық бастаудың қайнарын лайлайтын қоғамның зұлымдығынан өмірді тазарту, ар азабының ақиқатын айту үшін келеді. Жүрегі оттай жанып, өмірдің әділетсіздігімен күресе алмаған жазушы еш уақытта да адам жанының суреткері бола алмайды.
Сөз өнерінің дертіне шалдыққан Тынымбай Нұрмағанбетов әдебиетке берген сертіне адал болып қалғанының арқасында адам жанының суреткері бола білді. Оның туындылары арқылы ұлттық әдебиетімізге ойы анық, сезімі тұнық, тылсымы терең жаңа әлем келді. Ол әлемнің аты – Тынымбай.

ПІКІР ҚОСУ