Әуесқойлық – әдебиеттің ісі емес…
14.04.2017
1872
0

Қызығу – психологиялық аспект, қызығу– жан қалауы. Тағы, қызығу – дүниядағы сансыз құбылыстарды зерттеп-зерделеп, ақиқатты танып-білуге деген құлшыныс. Анығында, сол құлшыныстың бір түрі. Себебі, құлшыныстың түрі көп. Оның түрі қызметіне қарай бөлінеді. Қызығушылық пен «Дүниежүзілік тартылыс күші» арасында бір тылсым байланыс бар. Әлгі «байланыс» адамды Ұлы істерге бастайды. Қызығушылық бала кезден байқалады. Біреу мұғалима, біреу спортшы, біреу ғалым, біреу дәрігер, біреу ғарышкер, біреу парақор, біреу ұры-қары, ал бәзбіреу бастық – әкім – депутат – шен-шекпенді дегендей нәрсе. Ал және бір маңызды да аса қажетті категорияны ұмытып барады екенбіз, ол – жазушы, ақын, драмашы, аудармашы, әдебиеттанушы, сыншы, жалпы алғанда, «асыл сөздің» қадір-қасиетін білетін адам. Гоголь «Шинеліндегі» Акакий Акакиевич Башмачкин естеріңізде болар?! Акакий қағаз көшіріп жазуды өмірінің өзегі етіп алған кісі еді ғой. Тіпті, қызметтен кеткеннен кейінгі бос уақытын баяғы жазуға арнап, содан ләззат алатын-ды. Жазушы адам тіршілігін соншалықты аянышты етіп суреттеумен қоса, қоғамдағы сабылысты, бос әурешілікті, құр жүрісті, бекершілікті көзіңе шұқып көрсеткенде о ахуал анау бір Ресейде емес, қазіргі Қазақстанда боп жатқандай күй кешесіз. Бір дүниені қағазға көшіріп жазу да қызығушылықтың бір түрі. Алайда, ол өрісі кең Өнер деген дәрежеге көтерілмей, тек қызығушылық деңгейінде қала бермек. Қызығушылықтың туған бауыры бар, оның ныспысы – әуесқойлық. Бүгінгі мақаламыз соған арналмақ.

Бәйгеден жүлдемен оралатын жүй­рікті жазбай танитын Толыбай сыншылар Біздің әдебиетте де бар. Алғашқы,  я кейінгі жазғаныңа қарап, екеуін салыстырып, «қамау те­ріңнің» қаншалықты алын­ға­нын, өсу мен өшудің қайсысы ба­сым түсіп: «Бап шаба ма, бақ ша­ба ма?..», – деп делебесі қозған оқыр­ман-жанкүйердің ойын­дағы­сын тамыршыдай тап басатындар аз емес.Тамырыңды ұстайды да бойыңа біткен «кеселді» еш бүк­пе­сіз айта салады. Құй ренжі, құй рен­жіме, ерік өзіңде. Мініңді тү­зеп, Абай поэмасындағы қақпа ал­дына келген күзетшінің Ескен­дір­ге қарата айтылған: «Мықты бол­саң, өзіңнің нәпсіңді жең!» – де­ген сөзі бәрімізге қатысты (жаз­ғыштық та нәпсінің бір түрі де­мек­піз (!). Егер «өзіңді жеңе» алсаң, он­да дамудың даңғыл жолына шық­қаның. Мысалы, Италияда ақын мен «шебер» деген сөз қатар­ласа жүреді екен. Әсілі, әуесқойға мұндай атақ берілмесе керек. Мар­құм боп кеткен Түркі­менбашы бір уақыттары Еуропа­ның клас­си­ка­лық музыкасын қажет етпей, Қор­дан өшіртіп тас­та­ған болатын. Бү­гіндері ол қайта қалпына келті­ріл­ді. Моцарт, Бетховен, Лист, Ви­дальди, Чайковский, Рахманинов ән өнеріне қаншалықты керек болса, әдеби авторитеттер сонша­лықты қажет.Ең алдымен өзіңнің қай деңгейде екеніңді білу үшін, салыстыру үшін. Ол – үлгі. Баяғы­да бір бала шеге қағамын деп бас бар­мағын бір емес, екі емес, үш-төрт рет ұрған соң, сол көріністі сырт­тай бақылап, шыдамы жетпе­ген бір шал-екең: «Қолыңнан кел­месе, қоя сал!», – депті ренжіңкіреп. Әлгі қарияның осы сөзі бүгіндері қа­зақтың көптеген қаламгеріне қа­рата айтылғандай. Екі-үш кіта­бы жарық көрсе болды, қағаз-құ­жат жиып, белгілі бір бірлестікке кір­сем деп асығу тенденцияға ай­нал­ғалы қашан.Бірақ Біз сол адам­дар­дың әдеби сауатын, білі­мін, қабі­лет-қарымын, дарынын, туын­дыларындағы көркемдік-эс­тетикалық құндылығын (егер бар болса, әрине) бағамдап, бағалап, бірнеше сүзгі – елек – ситодан өт­кізіп барып бір-ақ қабылдасақ жазу­ға деген жауапкершілігіміз бен оған қояр талабымыздың қан­шалықты жоғары екенін аңғартар ек. Қазақ әдебиеттану ілімінің бастауында тұрған ғалым Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясын» парақтап отырғанда, мына бір жолдарға көзіміз түсіп кетті: «Гон­чаровтың «Обломов» атты ро­манын алсақ, Обломов образы өз ортасының шындығына дәл, маңызы терең, тамаша үздік көр­кем образ. Ал сол романда оған қар­сы қойылатын Штольцтің образы Обломовтан анағұрлым әл­сіз, анағұрлым солғын. Романды оқып шыққанда Обломов өзінің мінез-құлық, іс-әрекеті, бойкүйез жалқаулығымен нақтылы тірі адам­­­дай көз алдыңда тұрады. Штольц олай емес, өйткені жазушы Штольц образын жасауда ая­ғын шалыс басып алған. Ол Што­льцті жаңа туып келе жатқан ка­пи­талистердің өкілі етіп көр­сетті, сондықтан оны ағартушы, еп­ті, өмірге икемді, қысқасы, жақ­сы, ұнамды образ етіп көрсетуге күш салады. Автор капиталис­тер­дің сол кездегі шындығына тән көп жайттарды терең суреттемей, қарпи шаншып қана өте шығады».Иә, Обломов – әлеуметтік-психо­ло­гиялық һәм философиялық об­раз. Гончаров «Обломовы» орыс адамы мен сол кездегі Ресей жұр­тының тағдыры жөніндегі роман. Бұл – елдің шешімтал тұсы, патриархалды Русь орнына еуро­па­ланған, капиталистік Ресей кел­гені туралы шығарма. Романда тра­гедиялық сәттер өте көп. Не­гізгі конфликт ескі және жаңа орыс қоғамы арасында өрбиді. Об­ломов ашық, емен-жарқын, ақжарқын, адал болумен қатар еріншектеу және ол елдегі осынау бір үлкен өзгерістен қорқақтайды. Обломовты көптеген әдебиет зерттеушілері «статикалық кейіп­кер» ретінде қарастыратыны сон­дықтан болар. Ал, Штольц кер­і­сін­ше, ол – «Жаңа» Ресейдің өкілі. Пысық, епті, сөзшең, кейде өзім­шіл, суыққанды, мейірімсіздеу.Об­ломов философтардың еңбе­к­терін ақтарыстырып отырып өзді-өзіне: «Когда не жить?» – деп сұ­рақ қоюының басты себебі – ол Өмір­де өз орнын іздейді, бірақ тап­пайды. Обломов идеалы сол бая­ғы тыныш, бірқалыпты тір­ші­лік. Өте ырымшыл әрі секемшіл Об­ломов өзді-өзімен және мына Әлеммен ымырасыз күресте әркез жеңілумен қоса, өмірге аса дайын бол­май шықты. Оның өлімі де ая­нышты. Қызметшісі Захар да сол бірқалыпты өмірге бой үйрет­кенадам. Обломовтың өлімі оған ауыр тиді. Андрей Штольц Илья Обломовтың антиподы. Дәл осы қос образ төңірегіндегі әдеби дау (Шекспирге қатысты секілді) әлі толастар емес. XXI ғасырдағы алаяқ Мавроди, ұлтшыл Лимонов, пысық Кашпировский, айқайшыл Жириновскийлер сол Штольцтың «ұрпақтары». «Жазушы Штольц образын жасауда аяғын шалыс бас­паған», керісінше Ганчаров ас­қан болжампаздықпен оқыр­ман­ға әркез «заманына қарай адамы» бар болатынын ұмытпауын өтін­ген­дей, үндеу тастағандай әсерде боласыз. Шын қаламгер формацияларды сынамайды, ол сол уа­қытта өмір сүрген адамдардың әлгі формацияға қарай икем­дел­гені, оған деген көзқарасы, заман мен құлқын құлына қалай айнал­ғаны немесе дәуірден жоғары тұр­ғаны жөнінде жазады. Бұны неге айтып отырмыз?.. Егер де біреу әуесқой болса, онда оған «жазушы» деген атақты қиюдың өзі ұят болар еді. Өз жазғанына, бір басына жетерлік өз кемшілігіне, жалпы өзіне үлкен әдебиетшіге тән тал­ғаммен, сынмен қарай білу де – деңгей. Бұл – өсудің, дамудың белгісі. Бұдан түйетініміз, кісінің өзіне деген талабы жоғарылаған сайын оның шығармашылығы да табысты болмақ. Біз бәрін пайда, түскен түсіммен ғана өлшеуге әдеттеніп алғанбыз. «Егер ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген сауал іспеттес жебірей мақалын ал­ғаш естігенде, тым қатқылды­ғына таң-тамаша қалуыңыз бек мүмкін. Дәл осындай критерий қазіргі қа­зақ әдебиетіне аса қажет боп тұр.  «Егер мықты болсаң, неге әлсіз шығарма жаздың?» деген сұрақ Бәрімізге ортақ. Оның жауабын әлі іздеумен келеміз. Біреу тап­ты, біреу тапқандай болды, ал бәзбіреу маңайламады да. «Әуес­қой екен­сің, онда әдебиеттен ау­лақ жүр!  Араны алатайдай бүлдір­ме, ластама, Бізге жаман ат кел­­­тірме, қараң жұғып жүрмесін. «Сөз өнерін» хобби  деп  ұғынсаң, одан да үйір­ме-клубқа бар…», – деп айта алатын ағайын бар ма екен, осы. Кезіндегі Шерханның Оралханды тапқа­нындай, талантты қалам­герлерді орталыққа тарту үшін алды­мен әдебиетте жүрген, әде­биетті өзінің рухани меншігі санайтын,  есептесең қос қол мен қос аяқтың саусағы жетпейтін әуес­қойлардан құтылып, жаңа плат­­форма жасалуы керек. Ол үшін ондаған жылды күтудің қа­жеті жоқ. Ең бірінші талапты кү­шейт­­пек қажет. Әуесқойлық – бел­гілі бір ұлттың әдеби по­тен­­­циа­лын әлсірететін фактор. Бір өкініштісі, сондай  диле­тант­тар­дың  көптігінен асыл мен жа­сықты айыра алмай қалдық. Достоевский: «Адамдар әбден аз­ғын­даған кезде ғана әдебиетке ден қояды», – депті. Біз осы шын­дықпен бетпе-бет келдік.
Психологтар әуесқойлардың істі аяғына дейін бітірмейтінін, тұрақсыздығын, ойы табан астында өзгеретінін, белгілі бір маман­дыққа аса адал болмайтындығын баяғыда-ақ дәлелдеген. Бұған қо­са, ұлт тамырының соғысы мен оның жанайқайын есту үшін де қаламгерге айрықша талант, ең не­гіз­гісі өз ұлтымен тамырлас, тағ­дырластықты терең сезінетін өте сезімтал жүрек, суреткерлік және терең пайым-парасат керек-ақ. Әуесқой мен шын жазушының арасы суреткерлік пен образ жа­сауға келгенде ажырай бастайды. Әуесқой жазған дүние оқырман үшін әсері аздау, ешбір селт еткіз­бейтін, жалықтырып жіберетін, тартпайтын, жай әншейін сөз бен сөйлем жиынтығы ретінде қа­был­дануы заңдылық.
«Дилетантизм» латын тілінен аударғанда«delecto» қызығамын, әуестенемін деген мағына береді екен. Дилетантизм – әдебиеттегі әуесқойлыққа анықтама беретін ұғым. Қиюы үнемі табыла бер­мей­тін мына қу тіршілікте кейде ме­рейің асып, ал кейде еңсең түсіп, не істеріңді білмей дағдарып, төтен­нен келіп төріңнен жұлып ала­тын көп жағдаяттар, қоғам­да­ғы сан түрлі құбылыс ақылыңды айран, ойыңды ойран етіп, тепе-теңдігіңнен айырып, теңселтіп жіберетін осынау мазасыз заманда бір қарағанда бәрі оп-оңай кө­рінеді. Жекеменшік баспалардың көптігі мен сүзгінің әлсіздігінен немесе мүлде жоқтығынан жолдан қосылғандар жазушы, поэзияны жалаң ұйқас деп түсінетіндер ақын болу сәнге айналды.Түрлі бір­лестіктерге кіргісі бар «жазу­шылардың» қазіргі заман әде­бие­тінің концептуалдық жетістігінен қаншалықты хабардар екен?.. Жазушылық  деңгейі ары кеткенде ортан қолдан сәл асатындар көр­кем­дікке негізделген көрікті ойлы, кестелі сөзді кемел шығар­маларды қалай жазбақ?! Ең басты сұрақ – осы. Жаңа есімдер немесе тасада жүрген таланттардың көбі кісілік, әділдік, адалдық жолымен өзін мойындатып, затын танытып үлгерді. «Асыл сөздің» не екенін, онда кімнің-кім екенін айқындап, терең талдап-танығанда таспадай тіліп, тарқата айтып бере алатын сыншы, әдебиеттанушы-ғалым­дар баршылық. Жаңадан келген қаламгердің кітап-жинағын­ сон­дай бір топ талқылап, талдап, саралап, іріктеудің қажеттігі туып тұр. Өйткені, «Елулікке» не «Отыз­дыққа» ену үшін тек экономика мен ғылым ғана емес мәдениет, өнер, әдебиет те үлкен үдеден шығуы керек. Жабы көп болған соң нағыз жүйріктің те кей-кейде көз­ге түсе бермейтіні бар. Біреудің ке­сірі біреуге тигендіктен, пы­сық­тар, ептілер алға озып, ал әдебиетке адал жандар сәл кешігіңкіреп қа­латыны бар. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» ғой, дегенмен Тынымбай Нұрмағанбетов, Мархабат Байғұт, Тұрсынжан Шапай секілді қазіргі қазақ прозасының мықтылары уақытында бағаланса дейсің. Әр жазушы өзді-өзіне: «Мен әдебиетке не бердім және сол дүниелер ұлттық әдебие­тіміз­дің қажетіне жарап жатыр ма?» – деген сұрақ қойса ғой. Сонда бәрі ап-айқын болмақ. Кубань Мемле­кеттік университеті философия кафедрасының доценті, философия ғылымының кандидаты Сергей Кожевниковтың «Дилетантизм в искусстве и повседневности» еңбегінде былай дейді (мә­тін өз мән-мағынасын жойып алмас үшін түпнұсқаны сақтай отыра беруді ұйғардық): «В обыденной речи использование понятия «дилетантизм» относится преимущественно к оценочным контекстам, где оно, как правило, приобретает негативный оттенок, характеризуя недостаток или даже полное отсутствие профессионального мастерства. Вместе с тем апологетическое отношение к дилетантизму обнаруживает себя на почве леворадикальных и нонконформистских идеологий, тесно связанных с «контркультурной» эстетической оппозицией». Ға­лым­ның айтуынша дилетантизм «мәдени құбылыс» бола тұра, бастауын, генеологиясын сонау Ежел­гі Грекиядан алады екен. Ол дами келе Италиядағы XVII манье­ризмге ұласыпты. Ал XVII-XVIII ғасырдағы неміс әуес­қой­лары түрлі академиялар  құрған-ды. Бірақ қалай болғанда да әуес­­қой­лық қауіпті дүние. Дүние­таным үшін, өнер үшін, әдебиет үшін, ұлт үшін өте қауіпті. Қауіп­тілігі сон­да, ол оба індеті секілді тез та­рай­ды. Кезіндегі Еуропаны жай­ла­ған обадан талайлаған адам опат болғанындай, дилетантизм де мемлекеттің өсіп-дамуына өзін­дік кедергісін тигізетіні анық. Шала сауаттылар мен өз ісін дұрыс біл­мей­тіндер, жай ғана бір нәрсе­мен әуестенетіндер қалайша қа­уіп­сіз болмақ?.. Қорыта келе айтарымыз, әуесқорлар мыналар деп тізім жасауға қақымыз жоқ. Оларды ек­шейтін, іріктейтін әдебиетші әрі сыншы – Уақыт. Алайда, айта-айта ауыз талған соң: «Тауық со­й­са да, қасапшы сойсын!..» дегенге тоқтайды екенсің. Әуезов айтқан «шала Шекспирлер» мен «толмаған Толстойлар» талғамды құртып қана қоймай, өнерді өлтірмек. Бі­реу жазушылыққа кәсіп не ма­ман­д­ық, тағы біреуі хобби, ал біреу өнер ретінде қарайды. Шамасы, әдебиет адамның жеке қабылдауы­на байланысты дүние ме екен деген ой келеді. Қалай болғанда да, әде­биет әуесқой­лар­дың нысаны емес, ол – өнер, ол – өмір, ол – биік­тікке, Көкке ұмтылумен па­ра-пар ұғым…

Әлібек Байбол.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір