Ұрпақ рухын шыңдайтын кейіпкер
07.04.2017
3050
0

Смағұл ЕЛУБАЕВ


«Өмірде қиындық көрмедім» дегенді көрмеппіз. Тыңдап отырсақ, тірлік тауқыметін тартпаған жоқ. Ендеше, өмір адамға Алла берген сый емес, сын екені рас болды. Бірақ сынның да сыны бар. Бүгінгі кейіпкеріміз бастан кешкен сын – тым сиқы бөлек сын. Ондай сынды басқа бермесін.

Ол жасында ұзын бойлы, қа­лың бұйра шашты, көрікті жігіт болыпты. Таңдап жүріп өзі сүйген қызға үйленіпті. Кандидаттық қорғапты, дүрілдетіп. Алтын асық­тай екі ұл сүйіпті. Қызметі шарық­тап өсіп, Совминнен бір-ақ шы­ғып­ты. Жап-жас кезі ғой. Бақыттан басы айналыпты. Ендігі асуым докторлық қорғау деп жүріпті. Бірақ… Бірақ дәл осы тұста… 35-ке енді толған шағында, 1972 жылы тағдыр оны аяқтан шалыпты. Аямай шалыпты. Шапқылап жүрген сері жігіт бір күнде мүгедек болып шыға келіпті. Тағдырдың бұндай «сыбағасынан» кім де болса естен танары хақ. Ол да естен танады. Өйткені, мүгедек­тің де мүгедегі бар. Бұның пешене­сіне сызылған мүгедектік солардың ішіндегі ең сорақысы болды. Күні кеше ғана айдарынан жел есіп жүр­ген жігіт, жұлынға жасалған отадан кейін кереуетке таңылып, мүсәпір болды да қалды. Белде, аяқ, қолда жан жоқ, қимылсыз қалды. Өздігі­нен нәр тата алмайды. Өздігінен дә­ретке бара алмайды. Мүсәпірдің мүсәпірі. Сол түні ол жылаумен болды. Ойына не келіп, не кетпеді?! Жап-жас келіншегі бұның мешел болып қалғанын білмейді. Үйде, екі баласының жанында отырған шығар. Қайран Гауһар! Бар сенге­нің­мен сүйенгенің мен едім. Мен осындай күйге түстім. Ержан енді мешел. Мүгедек. Естігенде сен де естен танатын шығарсың! Өйт­кені, біз болашағымызды барлық Жан­наттың төрінен көруші едік-ау! Бұндай кәріптік басқа түседі де­ген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кір­ді ме екен! Біз бақыт бесігінде тербеле береміз деп ойладық. Олай ойлауға негіз бар еді. Бізде бәрі бар еді. Өзара түсіністік, бір-бірімізге деген махаббат бар еді. Алла Тағала бізге алтын асықтай екі ұл берді. Абырой, бақ-береке берді. Ой­пы­рым-ай, сол бақ-берекенің бір күн­гідей бол­мағаны ма?! Екі сәбиімнің жазығы не?! Енді олардың күні не болмақ!? О, Тәңірім! Қай қылығым­нан таптым?! – деп күңіренумен болды сол түні ол. Бұл ғалым, жазушы Немат Келімбетовтың ғұ­мыр­на­малық «Үміт үзгім келмейді» хи­каятын оқығаннан кейінгі әсер ғой.
Немат аға 5 жыл төсекке таңыл­ған­да жанында Құдай қосқан қоса­ғы Қуаныш жеңгей болған. Қи­мылсыз тақтай кереует үстінде жатқан адамды 5 жыл емес, 5 күн бағып көріңізші!? Басқа салмасын! Ал басымызға сол тауқымет түссе не істер едік?! Басына сондай тауқымет түскен Немат аға «Үміт үзгім келмейді» кітабында кейіп­кері­нің аузына мынадай сөз салады. «Гаухар! Сенің маған жасаған бір күндік қызметіңді былайғы әйел­дер күйеуіне, мүмкін, өмір бойы жасай алмас!» Осы ой астарына үңіліп көріңізші! Үңілсеңіз, зіл-батпан шындық жатыр. Айтуға, жария етуге ауыр, екі адамның ба­сына түскен ауыр. Қуаныш жеңгей осынау басқа түскен таудай тау­қыметке иығын тосады. Қаймық­пайды. Өз отбасының отын өшіріп алмау үшін күреседі. Арпалысады. Үй мен түз арасында зыр қағып ұр­шық­ша үйіріледі. Бір жағында – төсек тартып бебеу қағып жатқан отағасы. Бір жағында – балапандай аузын ашқан балалар. Екі ортада жанын шүберекке түйіп шыр айналады. Үйдегі тиын-тебен нанға да жетпей қалған күндер болды. Қарыз сұрай-сұрай дос-жарандарды да мезі қылған. Немат­тың дені сау кезінде үйден шықпай­тын көп құрбы-құрдастың қатары сиреген. Бұлар жалғыз қатал тағ­дырмен бетбе-бет қалды. Кейбір келін­шек­тер қарыз сұрайды деп көшеде бұны көрсе айналып қаша­тын бол­ды. Сондайда бұл қорла­нып, көз жасына ерік беретін. Жы­ла­са кө­шеде жүріп жылайтын.Бірақ үйде көз жасын ешкімге көрсетпейтін. Нематты жасытпау үшін. Өзін-өзі қай­рады. Қос құлыны үшін. Сынбау керек. Майыспау керек. Басынан бақ тайған осы үйдің енді қал­­ған жалғыз тірегі өзі еді. Бұл сын­са не болады? Ота­уының ша­ңы­рағы ортасына түспей ме?! Сон­дықтан бұның титтей де болса осалдық жасауға құқы жоқ еді. Нематты ажалдан арашалап қалудың жалғыз жолы өзінің де, оның да болашаққа деген үмітін өшірмеу еді. Мына Мұхит пен Қайра­тын­ қа­лайда қатарға қосу еді. Отанасы Қу­аныш осыны түсін­ді. Түсінді де осы жолда отқа да түсті, суға да түсті…
Төсекке таңылып жатқанымен Немат та осал жігіт емес еді. Тағдыр тоқпағы соққан сайын ол шар болаттай шыңдалды. Мүгедекпін деп мүжіліп жата бермеді. Қараса, тілі мен санасы сау. Ендеше, осы тіл мен санасын неге жұмысқа жекпес­ке?! Неге кітап аударып тиын-те­бен таппасқа?! Ол үшін не істеу керек? Нематтың көзі сөреде тізіліп тұрған кітаптарға түсті. Сөреде қазақ әдебиетінің классиктері иін тіресіп тұр еді. Соларды оқу керек, үйрену керек, ендеше. Экономист Немат өстіп әдебиетші болуға бет бұрды. Ол үшін көп оқу керек еді.Қо­лын­да, саусағында жан жоқ адам кі­тапты қалай оқиды? Қуа­ныш оның амалын тапты. Қолдан ағаш қон­дыр­ғы жасап, Нематтың кеудесіне қойды. Немат кітап пара­ғын тілмен жалап ашатын болды. Негізгі ма­мандығы экономист Немат күндіз-түн оқып филолог сту­дент­тің 5 жылда өтетін әдебиетін небары 3 айда оқып шықты. Әдеби тілін шыңдады. Бір абзал баспагер оған армян жазушысы Л.Гурунцтің «Шіркін, біздің Шушикент!» романын аударуға берді.
Енді аудармаға кірісейін десе, сөйлемдер ырқына көнер емес, асау аттай ытырынып. Бұл жаман қи­нал­ды. Жыларман болды. Бірақ шегінер жол жоқ еді. Бір романды 3 ай­да аударып шықты. Қуаныш қа­сында оның ауызша аударғанын қаламсаппен қағазға түсіріп отыр, күн демей, түн демей. Кереует ма­ңы қағазға толды. Романды аударып болғаннан кейін «Ал, оқы!» деді әйеліне. Қуаныш оқи жөнелді. Немат сонда өз ернін өзі тістеді. «Тоқтат!» «Тоқтат!» деп айқайлады. «Жырт!» «Өрте!». «Мынаны жын қаққан шығар!»,– деп Қуаныш жыр­ту­ға дәті бармай, бір бума қағазды құшақтап тұр. «Үш ай қолмен қа­ғаз­ға түсірген еңбегін қалай жырт­пақ?!». «Жырт! Құрт!»,– деді Немат жыларман болып. «Неге жыртамын?»,– деді бұл. «Қайта аударамыз!»,– деді ол. Енді Қуаныш жыларман болды. Қайран еңбек, қайран бір құшақ қағаз, түгел бір роман. Қай­теді?! Ақыры, жыртты. Қоқысқа­ тастады.
Немат қайтадан кітап оқуға кіріс­ті. Дегенге көнбейтін асау сөй­лем­дерді сөз шеберлері қалай құрықтаған? Шұқшиып қайта зерттеді. Содан бір күні Қуаныш қағаз-қаламын алып қайта отырды Нематтың ауызына қарап. Тағы басталды аударма. Арпалысқа толы тағы 3 ай өтті. Сонан кейін «Оқы!» – деді Немат.Қуаныш тағы оқыды. Бұ жолы Немат ашуланбады. Саба­сы­­на түсті. Аударманы баспаға ұсын­­ды. Бір күні баспагер келді үй­ге. «Ал көздеріңді жұмыңдар!»,– деді. Бұлар көздерін жұмып, қайта ашса, баяғы қопыраған бір құшақ қағаз әп-әдемі кітап болып көз ал­дында тұр! Төсекте жатқан Немат­тың көз алды бұлдырап, кітаптан көз алмай қалды. Сипайын десе, қол жансыз.Қуаныштың да қуа­ныш­тан есі шығып кеткен. «Шыны­мен, бұлар­дың еңбегінің жанғаны ма?!» деп.
Баспагер газетке оралған бір буманы қалдырып, үн-түнсіз шы­ғып кетіпті. Немат оған «Рахмет!» айтуға да үлгермепті, кітапты көріп есі шығып. Қуаныш газетке орал­ған буманы ашса… Мәссаған! Іші толған ақша! Енді оның көз алды бұлдырады. Қуанғаннан жүрегі жарылардай… Еңбегі жанды! Кітап шықты! Табыс тапты! Бұл үйдің төбесінен төнген түнек серпілді…Жабықтан таң шапағы сығалады… Содан үй іші жадырап сала берді.
Содан бастап төсек тартып жат­­қан Немат тынбай аударма жа­сауға кірісті. Табыс таба бастады.Жұрттан алған қарыздарын қайтар­ды. Өз күндерін өздері көре бастады. Табыс келе бастағаннан кейін Немат құлшынып жұмыс жасады. «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты Ұлы Да­ла әдебиетінің ежелгі түркі дә­у­ір­лерінен хабар беретін монография жазуға кірісті. Қуаныш жеңгей оған керекті әдебиетті Ұлттық кітап­ханадан ғана емес, хат жазып шетелдерден де алдыратын ассис­тен­тіне айналды. Нематтың әкесі Келімбет Бұхардағы Көгілташ мед­ресесін бітірген араб, парсы, шаға­тай тілдеріне жетік, ғұлама кісі бол­ған еді. Нематқа сол білім әке­ден жұқты. «Ежелгі дәуір әдебиетін» жазуға Нематқа жол ашқан сол білім еді. Төсекте жатқан Немат аталмыш тақырыпқа дүрілдетіп докторлық диссертация қорғады. Осынау Ұлы Дала әдебиетінің тарихын бірнеше ғасырға ұзартқан «Ежелгі дәуір әдебиеті» бүгінде жо­ға­ры оқу орындарында гумани­тар­лық факультеттер студентте­рі­нің «үстел үсті» кітабына айналды.
Төсек тартып жатқанына 5 жыл өткеннен кейін ғана Нематтың сау­сағы қимылдады. Отбасы үшін бұл бір тарихи оқиға болды. Осы күнді олар 5 жыл көздің жасымен суарып күтпеді ме? Құдай тағала көз жас­тарын көрді, тілектерін берді. Саусақ­қа жан бітті. Осы күнді күткен дәрі­герлер де оның төсектен тұрып, қоларбаға отыруына рұқсат етті. Немат балқонға шығып, жарық дүниені көруге асықты. Дәрігерлер оны қоларбамен бал­конға шығар­ды. Көшедегі халықты көргенде Немат қуаныштан айқайлап жі­бер­ді. Бірақ әлсіздіктен даусы шық­пады. Мына жарық дүниені өз көзіңмен көріп тұрудың өзі неткен бақыт еді! Ол «Үміт үзгім келмейді» кітабында осы сезімін тебірене жазды. Оның кейіпкері қиялдағы емес, өмірдегі Немат пен Қуаныш еді. Оқырман үшін кітап сонысымен қызықты еді. Қызығы, 35 жасында төсекке таңылған жанның ажалмен арпалысып жатып доктор­лық диссертация қорғауы, төсекте жатып «Үміт үзгім келмейді» атты ғибратты кітап жазуы еді. Жанын­дағы жап-жас жарының отбасын сақтауда қазақ қызына тән қай­сар­лық таныт­қандығы еді. Басқа түс­кен адам төзбес қиындыққа қара­мас­тан қос құлынын қатары­ның алды етіп тәрбиелеуі еді. «Үміт үз­гім кел­мейді» атты кітап айтқан осы­нау деректі оқиға бүгінде он­даған тілдерге аударылып, оқу­шы­сын тебірентіп келеді. Көзіқарақты шетелдік оқырман мүгедек жан жазған бұл кітапқа лайықты баға­сын беріп үлгерді. Бұл кітапта­ғы қазақ Немат бастан кешкен оқи­ға осындай тағдыр сынына түс­кен жандар үшін баға жетпес рухани құндылық деп бағалады.
Өткен ғасырдың 70 жылдары қазақтың Немат, Қуаныш тәрізді өрімдей екі жасы бастан кешкен нәубетпен сол нәубетті жеңіп шығу жолында осынау екі жастың жан­кеш­ті күресінің қайсар рухты ұрпақ тәрбиелеудегі таптырмас тәлімдік ролі туралы осы тұста ой өрбіткіміз келеді.
Бұл ретте бізге Батыс үлгі емес. Бүгінгі Батыс дәстүрлі отбасы құн­ды­лық­тарын күл-талқан етуімен үлгі көрсетуде. Батыс соңғы жарты ғасырда дәстүрлі отбасын қиратуда алдына жан салмай келеді. Отбасы құндылықтарына шабуыл өткен ғасырдың 60-шы жылдарында АҚШ-та басталды. Атышулы «сек­суалды революциядан» бастал­ды. Сол қозғалыс дүрмегіне Еуропаны да ілестіре кеткен қозғалыс, бізге батыс киносы арқылы жетті, 90-шы жылдары. Талай жас сол жабайы мәдениеттің құрбаны болды. Әлі бола бермек. Оның бір мысалы дәстүрлі отбасы дегенге жаны қас жергілікті феминист әйел­дердің Халықаралық әйелдер күні Алматы ортасында «Ни Бога! Ни мужа! Ни господина!» деп шулап ұран көтеріп шығуы болды. Бұл не деген сөз? Бұл Батыс белше­сінен батқан балшықтың шашырап келіп қазақ қоғамына да жа­ғыл­ғаны болды. Азған адам, азған қоғам өзі батқан балшығын өзгеге шашады. Қашан өзгені де былғап болмайынша тыным таппайды. Азған адам, азған қоғам өзі батқан моралдық былы­ғын «демокра­тия­лық құндылық» деп өзгеге таңады. Егер сен ол лақтырған балшықтан бойыңды аулақ салдың екен, онда сен олардың қас жауысың. Прогресс пен демократия жауысың. Батыс БАҚ-тары бөрі артындай шуылдап саған топырақ шашады. «Адам құқын таптап жатырсың!» деп. Бұл феминистер қозғалысы – «әйел теңдігі» деген әдемі ұран кө­тер­ген қозғалыс, түпкі мақсаты отбасы институтын ойрандау болып табылатын қозғалыс екенін айдан анық дәлелдеді. Сақ бо­лайық, ағайын!
Алпысыншы жылдарда отау құрған жастар Немат, Қуаныш тағдырына біз осы тұрғыдан қа­радық. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін өзекті болып отырған дәстүрлі отбасы құндылықтарын қорғау, насихаттау тұрғысынан қарадық. Немат пен Қуаныш құрған жас отау қарадүлей тағдыр дауылын қандай құдірет арқасында жеңіп шықты деген сауалға жауап іздедік. Соның жауабын таптық. Жауабы осы екі жас шыққан дәс­түрлі отбасында жатыр екен. Нематтың әкесі айтып өткеніміздей Көгілташ медресесін бітірген діни ғұлама кісі болған. Соғыстан мүгедек болып оралған Келімбет колхоздан 3 гектар жер алып, сол жерге жалғыз өзі үлкен миуа бағын өсіреді. Күзде сол бақ жеміс берген кезде ауыл халқын жинап алып, бақтың жеміс-жиде­гін жұртқа таратады. Ешкімнен ақы алмайды. Келімбет өстіп жыл сайын өз бағының жемісін жұртқа тегін таратып отырады. «Неге ақы алмайсыз?» дегендерге: «Мен алға­ны­ма емес, бергеніме қуанамын!» деп жауап береді екен. Бұдан біз Келімбеттің Ұлы Далаға Иассауи ілімімен келген әулиелік сопылық мектептің шәкірті болғанын көреміз. Немат осындай ұядан ұшқан. Бас қосқаны Қуаныш Таза­бек­қызы да дәл сондай қазақтың иманы берік дәстүрлі отбасынан шыққан жас болатын.
Рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу ­– ұлт арманы. Ол үшін мектеп бағ­дарламасында, экранда ең алдымен ұрпаққа үлгі боларлық рухы мықты каһармандар жүруі керек.Насихатталуы керек. Тағдыры жанкешті күреске толы Келім­бетов­тер сондай, өмірдің өзі сом­даған кейіпкерлер. Ұрпақ рухын шың­дайтын кейіпкерлер.
Арамызда болғанда бүгінде Немат аға 80 жасын тойлап жатар еді. Жанкешті түрколог ғалым, жазу­шының ажалмен алыса жүріп жазған еңбектері аз емес. Біз олар­дың ішінде тек өзі туралы жазған деректі хикаятына ғана тоқталдық. Ғалымның әрқайсысы үлкен әң­гіме­ге лайық «Шәді ақын», «Ежелгі дәуір әдебие­ті» монографиялары, тарихи таным­дық «Ұлыма хат» эссесі, «Күншілдік», «Кәриялар» атты этика-филосо­фиялық шығар­ма­ла­ры бар. Немат Келімбетов Халықа­ралық Кафка, отандық «Құлтегін» сыйлық­та­рының иегері. Гумани­тар­лық Ғы­лымдар ака­де­мия­­сының академигі. Филология ғылым­ы­ның докторы. Профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір