ӨГЕЙ ӨМІР
07.04.2017
1994
0

Берік Шаханұлы


Мына өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген, көтерген, бәріне сабырмен төзген иманды әке-шешелерден бірге тәрбие алған тәтем Ақанға арнаймын.

Жаратқанның адам баласы­ның басына бірде зауал тудырып, жарық дүниесін тозаққа ай­налдырып, мына өмірден баз ке­шіп кеткендей күйге түсіріп; бір­де табиғат Ананың кең пейіл, мейірім шуағына бөле­ген­дей­ ма­мы­ражай, «қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалаған» дәурен кеш­тіретін алма-кезек тірлігі тә­різді табиғаттың да ауа райы­ның қыс­тың аязды, боранды, шіл­де­нің апшыны қуырған күн­дерінің де ара тұра жанға жайлы, жайма-шуақ сәттері болады-ау кейде.
Қыс – қыстау, жаз – жайлау ың­ғайындағы кешегі көшпелі тір­­шіліктен қалған жұқана әдет­­пен Қаратаудың теріс­кейін­дегі кең жазыққа қатпар-қатпар тау сілемдерінен оңашалана, сұ­ғына тұмсық тірей жатқан «Қоя­нбай» жотасының бауы­рын­дағы «Жаңа жол» колхозы­ның қоныстануындағы жұрт көк­тем шыға, киіз үйі бары киіз үйін, қосы бары қосын көтеріп, ауыл іргесіндегі беткейді жайлау етіп отыратын.
Бұл даланың жазы әдетте­гі­сін­дей биыл да ыстық, аңызақты бо­латын. Кешелі бері күн кенеттен алабұлттанып, аптаптың бе­ті алғауланып, мал-жан біткен еркін тыныстағандай күйде еді. Кеш­ке қарай салқын тартқан ауада үй айнала су сеп­ті­ріп, сыпыртып, киіз-төсеніштерін есік­­­тің алдына төсеттіріп, ел біт­кен далада отырған. Жаздың бір жанға жайлы кеші жақындап келе жатқан…
Жаратушы шебер жер бетін­де­гі әр өңір, өлкеге өзіне тән ерек­шелік, жарастық, көркемдік сый­лаған ғой. Сырт көзге сұр­қайлау, жадау, қоңторғайлау кө­рінетін, шөлейтті бұл ай­мақ­тың да көз тоқтатқан кісіге бай­қалатын сұлулық әлемі, кеңіс­тігі ба­ры айқын. Түстігі – күннің шы­ғысынан басталып ұлан­ғайыр созылып жатқан; батысы күнді ұясына қондыратын «Мың жылқының» көгілдір, көрікті шыңдарымен тұйықталатын, қа­рауыта мұнартқан Қаратау­дың алып сілемі. Теріскейі – Арқа­­ның аспанымен астасатын ұшы-қиырсыз, шексіз қазақтың сахара даласы. Қанша қараса да көзі тоймайтын, қиялына қанат бі­тіріп, әлдеқандай алыстарға, бей­мәлім армандарға жетелей­тін осы көңіліне ыстық көрініс-суретті тамашалай, айнала зер са­лып отырған бала Берден мы­на көгеріші кемшін, аңызақ жай­­лаған, құлазыңқы сары да­ла­да қалың өскен тал-дарақтары берекелі тіршіліктің белгісіндей болып, қарауыта көзге ұрып тұра­тын «Құмкент» ауылынан бер­гі кең жазықта бері қарай келе жатқан екі-үш жүргіншінің нобайын алыстан байқаған. Олар таяна келе үлкен қара жолдан шығып, бері қарай бұры­ла­тын жалғызаяқ соқпаққа түсті. Әне-міне дегенше, ауыл шетіне де ілікті. Бұлар – бір еркек, бір әйел жетегіндегі есектің үстінде төрт-бес жас аралығындағы екі бүл­діршін. Жолаушылар алдынан кезіккен кісілерден әлде­кімдерді сұрастырған сияқты. Олар осы ауылдың ортасындағы ең еңселі көрінетін, алты қанат ақ боз үйді нұсқап жатты. Бұл үй төңіректегі алыс-жақындардың бәрі атын атамай, «қария» дей­тін, Берденнің сүйікті атасы, әке­сі Серәлі-Шаханның ағасы, Бекет ақсақалдың үйі еді.
Берден есіктің алдында шаруа шаруалап жүрген шешесі Қа­дишаға:
– Апа, апа! Анау кісілер бізге ке­ле жатқан тәрізді. Атамның үйін сұрастырып жүр, – деді.
Шешесі:
– Кім?! Қай кісілерді айта­сың? – деп басын көтеріп жүр­гін­шілер жаққа зер салған. Олар бұл кезде қастарына таяп қалған. Бекет қария мен інісі Серәлі-Шаханның үйлері іргелес, қатар отырған. Қадиша жолаушылар қасына келгенде:
– Құдай-ау! Мынау Ұлбосын емес пе? – деп құшағын жайып, ал­ды­нан шыға берді.
Бейтаныс әйел:
– Мен бейбақпын ғой, жеңе­ше-ау! – деп аңырап келіп, ше­ше­сін бас салды. Абыр-дабыр дауыс­ты естіп әжесі Қына да үй­ден сыртқа шыққан. Жолаушы әйел ол кісіні де құшақтап, ағыл-тегіл көрісті. Әжесі мен ше­шесі де «Айналайынын» айтып, егілуде. Келген еркек – жі­гіт ағасы жасындағы, үсті-басы жинақы, мұнтаздай кісі жылаған шешесіне жәутеңдей қараған қасындағы екі бүлдіршіннің ба­сынан кезек сипап, тұнжырап кеткен. Сөйткенше көрші-қолаң жиналып, жылағандарға басу айтып, қонақтарды үйге енгізді. Біраз аңырап, мауқын басқан­дай, сабырға келген жолаушы әйел есіктен кіре бере төрдегі ең­сесі түсіп, қабаржып кеткен қа­рияға басы жерге жете ең­кейіп, сәлем жасады.
– Көп жаса! Құдай тілеуіңді бер­сін! Аман жүрсің бе, шыра­ғым, – деді қария ықыласты пейіл, күрсінген көңілмен. Сонан соң қол беріп сәлемдескен қо­нақ жігітке:
– Төрге шық, балам, – деді.
Үй ішінде бір сәт сілтідей тын­ған тыныштық орнаған. Ел­дің бәрі қария жаққа жасқана көз салып отырғандай. Осы үн­сіздікті ол кісі өзі бұзып, елмен бірге кіріп, есік жаққа таяу тізе бүккен келіні Қадишаға:
– Шахан әлі малдан келген жоқ па? Алдынан балалардың бі­рін жіберіп хабар бер. Келіп, қо­нақтардың жағдайын жаса­сын, – деді.
Берден адам баласы бетіне ту­ра қарап сөйлей алмайтын, әруақ болмыс, сұсты, сесті ата­сы­ның бұлай рухы түсіп, шөгіп, ала­сарған күйін бұрын көрген емес еді. Әлденеге ол кісіні аяп кет­­кендей болды. Бұл келген жо­­лаушылардың да кім екенін сез­гендей. Жастайынан үйдегі әң­гімеден естіп, құлағына қан­ғаны атасы Бекет пен әкесі Се­рәлі-Шахан он ағайынды бол­ған. Ең үлкендері осы атасы.
Он жетінші жылдың төңкері­сінен кейінгі дүрбелеңді кезеңде кезекті ажалынан кеткені бар, кісі қолынан нақақ жазым бол­ға­ны бар, жиырма сегізінші жыл­­дың «кәмпескесіне» дейін бұ­лардың төрт-бесеуі дүние сал­ған. Он ағайындының ең кі­шілері Бабыр, Отыншы, Қунақ жас­тай жаңаша сауат ашып, сонан соң өзгеше зерек, алғыр Ба­бырды Бекет өзі Ташкенттегі «орыс оқуына» апарып кіргізген болатын. Ол сол жақтағы мек­тебін бітірген бойда Қызыл өкі­меттің қызметіне жегіліп, жаңа құрылған аудандарда «комсомол ұясын» ұйымдастыруға белсене араласып жүрді. Кешікпей жо­ғары лауазымды қызметке ша­қыртылып, Ташкент жаққа кет­ті. Ол жақта дүрілдеп тұрған бас­тық деп еститін. Бетпақтың да­ласын төңіректеген бұлардың көшпелі жұртының ол жақпенен хабары ұзынқұлақтан ғана еді. Бірақ інілерінің дақпыртына мар­­қайып, көңілге тоқ санайтын. Жатса-тұрса тілеуінде еді.
Ел-жұрт үшін зар заманға ай­налған «кәмпескесін» өткізіп алып, «Қызылың» енді бұрынғы әулеттілердің тұқымы мен ел жақ­­сыларын жаппай қудалау – «құлақ» науқанын бастап берген. Бұл шаруа ата-бабаларынан қасиетті әулие, айтулы би, болыстар көп шыққан мұның әулетіне қырын соқты. Тап осы тұс­та сонау Ташкенттегі Бабыр­дың қазасы туралы оқыс хабар бұлардың төбесінен жай түсір­ген­дей болды. Қызылқұмда жа­­сы­рынып жүрген «бас­ма­шы­лар­­­ды» құрықтап, сол жақ­қа бо­­сып, көшіп кеткен елді қай­та­рып, «колхоздастыру» тап­сыр­масы жүктелген комиссияны басқарып барып, жау қолы­нан мерт болған.
Ауыл ішіндегі қуғын-сүр­гін­нің түрі мынау. Ақкөз қуда­лау­дың бір құрығы Тасыбай әулие­нің немересі Бектібай бидің ба­ласы Тырнақбай биден туған он ағайындының үлкені, әрі ел ісіне араласып, көзге көрініп қал­ған Бекетке түсетін тәрізі бар. Осыны сезген інісі Серәлі-Ша­хан:
– Сіз жаныңызға Отыншы мен Қунақтың бірін алып, бұл жер­ден жылыстап кетіңіз. Түр­кіс­тан жаққа осы елден біраз таныс кісілер көшіп барды. Со­лар­ды төңіректерсіз. Хабар алысып тұрармыз. Бәріміз бірдей ел­­ден қол үзіп кетпейік. Мен осын­да қала тұрайын. Арты қа­лай болар екен байқайық,– де­ді.
– Мұның құлақ асатын сөз екен, – деген ол кісі қасына інісі Отыншыны мен келіншегі Ұл­босынды және немере інісі Дос­маханның Қасымбегімен оның әйелі Айбаланы ертіп, бір түнде «қасиетті Түркістан, қайдасың!» деп тартып кеткен. Сол кеткеннен Қаратаудың күнгейін шола жүріп, жолай «Ащысай» деген жер­де ашылып жатқан шахтаға Отын­шыны жұмыскер етіп орналастырып, өздері «Қараспан» деген жерге келіп тұрақтаған. Олардың бұл хабарын ілуде-шалу, ара-тұра қатынасқан кісі­лер­ден естіп-біліп отырған Сер­ә­лі-Шахан:
– Әйтеуір аман-есен бір жер­ге жетіп, қоныс тепкен екен, – деп көңілін демдегендей еді. Осы­ның артынша бұл жақта отыз екінің әйгілі алапат аш­ты­ғы басталсын. Серәлі-Шахан қолында қалған жалғыз түйесіне бар ас-ауқатын, қара қосын артып, үстіне екі-үш майда балала­рын мінгізіп, әйелі Қадиша, іні­­сі Қунақ, келіні Айманды ер­тіп, Арқадан Қаратауға қарай бос­қан көптің ілегіне ілесті.
Өмір шіркіннің алға жыл­жыған ағыны тоқтай ма?! Тал­қа­ны таусылмаса пенденің кө­рер қызығы мен шыжығы біте ме?! Жарылқаймын десе жарат­қан­ның жақсылығы аз ба?! Бос­қан жұрттың үлкен бір толқыны Қаратаудың теріскей етегіне
ат­ басын тіреп, жаңа аудан болып құралып колхоз-колхозға топтасты. Бұлар – бір қауым жұрт «Қоя­нбай» қырқасының ете­гіндегі «Жайылма» аталатын жа­зықтағы көгілдір қойнауда «Жаңа жол» аталатын ауылдың ір­гесін көтерді. Егін егіп, мал ба­­сын құрап, отыз жетінің үрейі­нен де ес жиып, еңсе көте­ріп келе жатқанда қырық бірдің қыр­ғын соғысы басталып берді. Со­ғыс болардан бірер жыл бұ­рын:
– «Құлақтарды» қудалаудың айқай-сүреңі басылды ғой. Сырт­­­та жүре бересіз бе?! Ағайын­­ның ортасына келіңіз. Біз­дің туыс-тумаларымыздың көп­шілігі осында қоныстанды, – деп Серәлі-Шахан ағасын ша­қырып, көшіріп келген. Інілері Отыншы сол «Ащысайда» шахтер болған жұмысында қала бер­ген. Соғыс басталған бойда «Отын­шыны әскерге алыпты» деп естіген. Артынша қаста­рын­дағы інілері Қунақ та майданға аттанды. Жылға жетер жетпес уақыттың ішінде екеуінен де «қара қағаз» келді. Қунақтың артында алды мектепке барған, бір-біріне жетеқабыл үш-төрт баласы қалды. Отыншының ар­тында әлі мектеп жасына жетпе­ген үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы қалды «Ащысайда». Біреуді-біреу іздеп, қарайласатындай да заман емес. Оның үстіне жердің шалғайлығы бар, олармен бұлар­­дың хабары қалыс еді. Тек соғыстың соңғы жылдары ұзын­құлақтан «Отыншының екі бүлдіршіні бірдей шешектен ше­тінеп кетті» деп естіді. Кейінірек келіндері Ұлбосын соғыстан аман қайтқан, салтбасты жігітке тұрмысқа шыққанын білді. «Ал­дынан жарылқасын» деді бұлар. Басқа не шара?!
Еркек демей, әйел демей ең­бек­ке жарайтын адамның кол­хоздың шаруасына жегілген за­маны. Қыста Құмда, жазда Тау­да мал соңында бәрі. Серәлі-Ша­хан ағасын орталыққа қо­ныстануға отырғызды да:
– Ас-ауқат, киім-кешек­те­ріңіз, жаным тірі болса, менің мойнымда. Балаларға ие болып оқы­тыңыз, – деп қарияның қо­лын­дағы інісі Қунақтың бала­ларының қасына өзінің мектеп жасына ілігіп қалған үлкендерін әкеп қосты. Сөйтіп, бұлар «кім­сің?» «Атам баласымыз» болып өсіп келе жатқан. Қыста құмды қыстағанымен көктемнен қара күз­ге дейін Серәлі-Шахан осы аға­сымен жеңгесінің, ағайын туыс­тарының жаздағы айран-сүті, сусыны үшін қоныстанудың ір­гесіндегі осы жерді жайлайтын.
Малдан келіп, аттан түскен Серәлі-Шахан «көке-ау!» деп ал­дынан шыққан келініне көзі­нің жасы мөлтілдеп тұрып есен­десті. Үйге кіріп, келгендермен сә­лемдесіп шығып, мал союдың қа­мына кірісті.
Қалған жайға Берден кешкі әң­гіме үстінде қаныға түскен.
Шәй үстінде, тамақ үстінде жал­ғасқан шерлі сұхбаттан Бер­деннің көңілінде бөлекше сақ­та­лып қалған жәйт – Ұлбо­сын­ның екі жеңгесі – әжесі Қына мен шешесі Қадишаға қарата айтқандай болғанымен отырған жұрттың бәріне арнағандай, бә­рі естісін деген ыңғаймен:
– Жәкемді, Сіздерді сағын­дым. Тірлігімде бір көріп ке­тейін­ші деп келдім. Артында қал­ған екі тұяғының бірі тірі жү­р­се соны қара қылып, Отын­шы­ның ошағының отын сөн­дір­мес едім. Тағдырыма не ылаж?! Бұйрық болып, мына азаматпен кезіктім. Алла разы болсын, бө­тен сөзі, мінезі жоқ. Басымды сый­лайды. Құдай жазып мына екі кішкентай дүниеге келді. Ен­дігі үміт-тілегім осыларда. Осы екеуіне Жәкемнің батасын алсам деймін, – деген жүрекжарды сөзі.
Бұл таңды басқалары өзі бі­ле­ді, айрықша екі кісі өкінішке, са­ғынышқа толы, өткеннің елес­терінен арыла алмай, өксік­пен атқызған еді.
Ұлбосынның он жеті жасында бұл әулетке келін болып түс­кен, қайғысыз, мұңсыз бұла кү­­ні; ақар-шақар көп ағайын­ның үлкені де, кішісі де атын ата­май «Жәке!» дейтін, сұлу да сым­батты, сеті, ақыл иесі жан, ауыл ағасы, бүгінгі, мына Қа­ра­таудай қабаржып отырған қа­рияның алғаш көргеннен өзіне деген әкелік мейірімі; бұлардың бір-бірінен енші айырмаған, менікі-сенікі жоқ ынтымақ, бір­лігі; төңірегіндегі елге деген қа­дыр-сыйлары көз алдынан өтіп; сол бір мамыражай жастық дәуренін, жан дүниесінің бір түкпірінде жазылмас жарасы бо­лып қалған алғашқы қосағы, осы отбасының марғасқа ұлда­ры­ның бірі – Отыншысын са­ғын­ған.
Бүгінгі мынау Ұлбосынның бұ­ларды іздеп келуі, шынайы көз жасы, ақтарған сыры Бекет қа­рияның да ішіне шемен болып қатқан шердің қоясын қозғап жіберген еді.
Небір асылдары мен жиған-тергенінің бар құнарынан айырылып, сорлап қалып, азған-тоз­­ған күйінен енді қайта ес жиып келе жатқан мына төңі­рек­тегі жұрттың біразына қара­ғанда, обалы нешік, Бекет қа­рия­ның басындағы бүгінгі күйі шүкірлік айтуға тұрарлық десе, Аллаға асылық емес шығар. Әуе­лі Құдайдың сонан соң інісі Серәлі-Шахан мен келіні Қа­ди­ша­ның туыстық, қалтқысыз пейі­лі; бейнеткеш, қажырлы ең­бекқорлығының арқасы шы­ғар, қазір қария мен кемпірінің, қол­дарындағы немерелерінің «не ішемін, не жеймін» деген уай­ы­мы жоқ.
Пенденің адал ниеті мен ең­бе­гін Тәңірі далаға тастамаса ке­рек. Өтеуі болады екен ғой. Ста­л­иннің соғыстан кейінгі жыл­дардағы еңбек адамдарымен озаттарды ынталандыру сая­сатының алғашқы жемісте­рін же­ген колхозшылардың бірі осы ініс­і Серәлі-Шахан болды. Мал­шы­сы бабын тауып жайған күй­лі малдың күзгі күйегі ұрықты бо­лып, қыстан қоңы таймай шы­ғып, көктемде төлді төгіп бе­ре­тінін сонда көрді бұлар.
Қырық тоғыз, елуінші жыл­дардың іші еді. Серәлі-Ша­хан­ның бағымындағы алты жүз – жеті жүз бас ешкінің көктемде жал­қы туғаны болмады. Кілең егіз, үшем. Төл алудағы осынша­ма жоғары көрсеткіші үшін оған алғашқы жылы жүз елу лақ, ке­ле­сі екі жылы қатарынан жүз лақ­тан сыйақы берілсін. Көп ел­дің жекеменшігінде бір бас қо­зы не лағы жоқ заманда бұ­лар­ға осылай бір қора мал бітсін. Серәлі-Шахан жоқ-жесір, аға­йын­ға да қарайласудай қа­рай­ласты. Өздерінің де тұрмыс­тарын түзетті. Ең алдымен ағасының басына алты қанат ақбоз үйі тұрғызып берді. Аға­йын іздеген, ауыл аралаған, жай­лауда отырып, қымыз ішіп, қозы жегісі келген кісілер осы үйде бас қосып, осы үйден тарап жататын болды.
Сырт көзге Бекет қарияның көңілі түзу, шаруасы бүтін кө­рінуі кәдік еді. Алайда, өткеннің құсасы жүрегінің түбіне шо­ғайна мұз болып, ерімей, қатып қалғаны өзіне ғана мәлім-тін. Пенде, шіркін, ойланбай тұра ма?! Кей-кейде кешегінің қысас­тығы есіне түссе, сол шоғайна мұз тастай қарып, жан дүниесін ауыртатын. Теңіз дауылы алып ке­тіп, бөтен жағалауға шығып қал­ған жалғыздай құлазыған күй кешетін. Қалай дегенде де, Бе­кет қарияға бұл бір өгей өмір тә­різді еді. Өз өмірі сонау жас­тық дәуренімен бірге келмеске кеткен сияқты-тын…
Мына Ұлбосынның келін бо­лып ауылына келгендегі сәті қа­зір тап бүгінгідей көз алдында. Өздерінің сондағы салтанатты тұрмыс, шат-шадыман күй­лері; ұйыған тірліктері; бәтуасы бұзыл­маған, іргесі бөлінбеген, шалқар көлдей айдынданған ауыл-аймағы; сол ел-жұрттың ортасындағы сөз ұстаған, билік құрған жігіт ағасы кезі опындыра ойына оралып, сол қоралы ауыл, қордалы отбасынан та­қыр­да қалған бір түп жусандай ғана көгеріп, көрініп тұрған бү­гінгі тірліктері көз алдына ке­ліп, онсыз да орта көңілді онан сайын құлазыта түспесі бар ма. Онан бергідегі небір сүргін кешкен қилы кезеңдер, кезіккен тау­қыметтер, көрген қиянаттар; «заманына қарай – адамы» деген, дүниенің шырқы өзгеріске кісінің де пейілі бұзылады екен. Адамдардың нақақтан-нақақ бір-біріне жасаған жамандығы; басынан не зобалаңды өткізген мынау сорлы ел-жұрттың тағ­дыр талайы; замананың тексіз­деніп бара жатқан беталысы; осы әз за­манның толқыны бетке шы­ғарған бүгінгі «сұрқылтай­лар­дың» көкекше кегжеңдеп, ақкөт торғайдың құйрығындай тұш­таңдаған кейіптері; басынан өт­кен жақсыдан да, жаманнан да сабақ алмайтын пенде шір­кін­дердің парықсыздығы; бірі­нен соң бірі ойына оралып, кө­ңі­лін алай-түлей етіп, өткен­нің өкініш, қайғысы жанын же­гі­дей жеген еді. Сонау бір ала­сапыран кезде, басы қуда­лау­ға түсіп жүргенде інісі Бабыр­дың қазасын естіп, жаны күй­зел­ген сәтте жабысқан ескі дерті бо­латын. Сонысы қозып, түнде ішінен қан өтіп шыққанын кем­пірі Қынадан басқа ешкім сезген жоқ.
Ертесіне түс ауа «Ащысайдан» келген қонақтар қайтуға жи­налды. Бекет қария келген­дер­дің үлкен-кішісіне бірдей ба­тасын беріп, хош айтысты. Ауыл­дағы жұрт бір кісідей жиналып, хан көтере шығарып салды. Ұлбосынмен құшақта­сып, айырылысқан бір топ әйел оның артынан қарап тұрып, көз­дерін жаулықтарының ұшы­мен сүртіп қойып:
– О, шіркін, жалған-ай! Қи­май­ды да. Алғашқы қосағың­ның жөні бөлек қой! – десіп күрсі­ніс­ті.
Мұны айтып тұрғандардың көп­шілігі қырық бірінші жыл­дың жесірлері еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір