Айы оңынан туған ақын
07.04.2017
1325
0

Көгімізден орыс өлеңінің жұлдызы ағып өткенде Кеңес Одағы деген жарты әлемді алып жатқан жаһан дүниені тітіренткен сөз иесінің көз жұмғанын сезініп, өткен-кеткен өмір белестерін көз алдымызға елестетіп көрдік. Өйткені, ол бәріміздің ұзақ жылдардан бергі айнымас серігіміз болған еді.

Біз оны ұстаз тұтушы ек

«Жылымық» жылдарында өзін жалпақ жұртшылыққа ақын ретінде таныстырып, топтан қара үзіп, арғымақша алдыға суырылып шыққандар­дың бірі – Евгений Евтушенко еді. Біз оны ұстаз тұтуымыздың басты себебі – Совет әдеби-мәдени кеңістігіне көп жаңалық алып келуінде. Әлі есімде, 1969 жылы Мәскеуге барғанымда ол мен тоқтаған қонақүйге қоңырау шалып, таңғы асты бірге ішуге ынта-ықылас білдіріп, үйіне ша­қырды. Барып, Евтушенко бөлмесіне енгенім сол еді, үстел үстінен менің жаңадан жарық көрген «Қыш кітабым» жатқанын байқадым. Анықтап қарасам, біраз жері қарандашпен сызылған, кей тұсы белгіленген екен. Жинағым көңілінен шыққанын әрі бір түнде-ақ оқып бітіргенін жеткізді. Және ең ұнамды жері махаббат тағыны адамға айналдыра алатын күшке ие екеніне баса мән беріпті.
Мен Евгений Евтушенконы соңғы рет 1991 жылы Филадельфияда көрдім. Онда әдеби кеш-кездесулер өтіп жатқан еді. «Огонек» журналының Бас редакторы Виталий Коротич екеумізге: «Америкада қалып, университеттік ақын болыңдар!..», – деп қолқалады. Мен бас тарттым.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.   


Жерде туып, Көкке ұшқан

Мен Евгений Александрович Евтушенко шығармашылығымен соғыстан соң туған ақындар секілді өткен жүзжылдықтың алпысыншы жылдардың ортасында танысып, бар жан-жүрегіммен қабылдаған едім. Жыр ордасына айналған Лужникиден кейінгі жарық көрген жұқалтаң жинақтар өмірімізге романтика алып келіп, университет аудиториялары мен жатақханаларда, шетсіз-шексіз Дала төсі мен тауға серуендеп шыққанда-ақ бір деммен оқылып жататын. Біздің жастық дәурен мен есею жылдарымыз осылай өткенімен де, жалпақ Жаһанға аты мәшһүр Евгений Евтушенко өлең-жырлары шат-шадыман шақта да, қасіретті кезде де қасымызда болды, бір сәтке де ұмытылған жоқ. Америка, Ресей, Еуропа, Азия қаламгерлері аза бойы қаза боп, ұлы ақынды ұлықтап, соңғы сапарға шығарып салуда. Және барлығы шайырдың «Идут белые снеги, как по нитке скользя» деп басталатын өлмес өлеңдерін қайта-қайта оқудан жалығар емес.
Жеті миллиардтан асып жығылар жер жаһанның қатардағы бір мүшесі ретінде Евтушенконың шығармашылығымен жақсы таныс әрбір қазақ оқырманы менің осы пікіріммен келіседі-ау деп ойлаймын… Өйткені, ол адамзат тарихында өз үні, өз қолтаңбасы, өз өрнегі бар, өзіне тән айшықты үлгісі бар қайталанбайтын ұлы ақын. Евгений Евтушенко секілді ақындардың ішінде ұлт немесе шекара дейтін ұғымдар айтылуы мүмкін емес. Оның өлеңдері жалғыз орыс халқының ғана рухани қазынасы десек, қатты қателесеміз. Себебі, Евтушенко тек өткен ғасырдың «алпысыншы» жылғылардың ғана емес, адамзат тарихының арғы-бергі дәуірінде өмір сүрген ұлы ақындардың бірі де бірегейі. Біз сондай ақынды жоғалтып отырмыз. Ақынның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, рухы пейіш төрінде шалқысын!..

Нұрлан ОРАЗАЛИН.


Ақын әрі ойшыл еді

Мен 1959 жылы Мәскеуге барып, ММУ-ға түскен кезімді әлі ұмыта алар емеспін. О кезде өте дарынды әрі аса еңбекқор ақындар тіршілік кешкен еді. Солардың бірі – небары 16-ақ жасында Сібірден келген жап-жас бала Евгений Евтушенко болатын. 1959 жылы ММУ гуманитарлы факультеті жатақханасының жанындағы Сокольники саябағында әдеби кештер көп өтіп тұратын. Ол уақытта Евтушенко даңғарадай залдарға кіріп, өлең оқу құқына әлі ие болмаған. Сымбатты, жігерлі сыпайы және шабыт атты пыраққа мініп, қатты қанаттанып тұрған ақын Евгений Александрұлының дүйім елді аузына қаратып, «Стенька Разинды» оқып тұрған шағы жадымнан қалай шықсын?! Кейіндеу, ол Америкадан Отанына оралған соң барып қалың оқырман ортасынан табыла алды. Айталық, ол «Лужники» стадионына жиылған жұртты отты жырымен тербеп, ой-санасына әсер еткенде адам айтса нанғысыз сұмдық бір поэтикалық атмосфера орнаған сәт есімде анық сақталыпты. Бұл нәрсе маған азаттықты аңсаудың ғажап үлгісіндей көрінді.
Ертеректе ғой, бүкіл Совет Одағынан Гүржістанда еркін ойлылар ағылатын әдет бар-тын. Әр күз бен көктем сайын ақтаңгер ақындар Қара теңіз жағалауында бас қосатын. Таң ағарып атысымен-ақ теңіз жағалай жүгіріп бара жатқан Евтушенконы көресіз. Ол кісімен әңгімелескен әр тақырыбымыз қызу пікір-талассыз аяқталмайтын. Өйткені, Евтушенко тек ақын ғана емес, ойшыл әрі көсемсөзші. Шайыр болмыс-бітімінен Сібір халқына тән еркіндік пен кеңдік қатты байқалатын. Евтушенко поэзиясының ерекше қыры – шығармалары оқырман дүниетанымын қалыптастырып, ойшылдыққа бастайтын. Оның поэтикалық Әлеміне енсең болды, шыққың келмейді. Өршіл де рухты қаламгердің лирикасы өте нәзік және қылдан да жіңішке дегім келеді.

Мұрат ӘУЕЗОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір