Күләш әлемі
07.04.2017
3380
0

Қандай да бір елдің әлемге әйгілі болуы – сол елдің білімді де өнерлі ұл-қыздарының ізгілікті іс-қарекет­теріне, игілікті жаңалық, жетістік­теріне тікелей байланысты. Сондай өркенді өнерімен елінің мәртебесін көтерген, келер ұрпаққа өшпестей өнегелі із қалдырған, заманында екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған атақты да асқақ тұлға – Күләш Байсейітова еді…

Өрелі өнер иесіне халқының берген бағасы дөп те дәл, нық та нанымды: «Қазақ халқының бұл­бұлы», «Күміс көмей, жезтаңдай әнші», «Шығыс халықтары өнер­паз­дарының жарық жұл­ды­зы», «Өнер саласындағы теңдесі жоқ Тұлға», «Қазақ опера өнерін дамытушы дарабоз дарын», «Опера­лық бейнелерді беріле де берік сомдаудың көшбасшысы», «Ұлы Отан соғысына өзіндік үлесін қосқан қайсар қыз», «Аты аңызға айналған өнер иесі», т.с.с. ондаған ұлықты ұрандар, жүздеген жарнамалар, мыңдаған мақалалар кезінде Күләш Жасынқызын баспа беттері мен радио-теле­дидардан, театр-опералық көрі­ніс­терде жан-жақты жария ете танытты.
Күләштің (Гүлбаһрам) кіндік қаны тамған жер бұрынғы То­қы­рауын болысының 2-ші ауылы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Жүзі жарқын, үнемі күлімдей қарайтын, әнге жасынан бейім сүйкімді бүлдір­ші­нін әкесі Күләш деп еркелеткен. Баласының бойындағы табиғи дарынды, өнерге ұмтылы­сын, әнге әуестігін, еңбекке деген талабын тани, оның болаша­ғын ойлай және сол кездегі ауыл­­­ға, ел басына түсер ауыртпа­лық­­ты ерте сезіне, өзі де өнерді қастерлей білетін әке 1925 жылы Күләшті Верный (Алматы) қа­ласына оқуға апарған. Өз беті­мен білім ала, өнер иелерімен ара­ласа өркендеуі Алматыда бас­талған. Алматы педагогикалы­қ институтына түсіп, осындағы көрке­м­-
ө­нерпаздар үйірмесінде, қалалық байқауларда әуенді қоңыр дауысымен көзге түседі. Іле 1929 жылы Қазақ драма театры жанындағы музыкалық драмалық студияда оқып, 1930 жылы Қазақтың тұң­ғыш драма театрына қабыл­да­на­ды. Ол кезеңдерде театрда Қ.Жан­­дарбеков, Қ.Байсейітов, М.Ержанов сынды тума таланттар бар еді. Күләш әу баста концерттерде әншілік өнерімен танылады. «Күләш екеуміз театр табалдырығын бірге аттадық. Әуелгі кезде, неге екені түсініксіз, бізге ешбір рөл берілмеді…» (Ша­ра Жиенқұлова, «Өмірім менің-өнерім»). Дегенмен, «Ал­тын­ға тең­дес асыл тас – су түбінде жатпайды» дегендейін екеуіне ең алғаш рет берілген рөл М.Три­гердің «Сүңгуір қайығын­дағы» матрос бала. Бірі – әнші, бірі – биші екі бірдей талант сол матрос баланың рөлін кезек-кезек ойнап, армандарына жеткендей күйге бөленіпті. Осылайша, теа­трда өткізілетін кештерде қойы­ла­тын шағын пьесалар мен спек­такльдердегі көріністерде ойнап, драмалық әртіс ретінде сахнаға алғаш шыққан Күләштің өнер ауқымы кеңейе бастайды. Ол 1930-34 жылдары Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н.В.Гогольдің «Үйлену тойында­ғы» Агафия, М.Әуезовтің «Ең­лік-Кебегіндегі» Еңліктің, т.б. рөл­дерді ойнауда әншілік-артис­тік қабілетімен жұрт­шы­лық­тың ықылас-ілтипатына бөленді. 1933 жылы Қазақстан К(б)П Өл­ке­лік комитетінің қаулысымен еліміздің астанасында тұңғыш музыкалық театр ашылатынын Республика халық ағарту комиссары – Халком Темірбек Жүрге­нов жариялай келе, ол драмалық театр әртістерінің негізгі құра­мын жаңадан ашылмақ музы­ка­лық опера театрына жіберу туралы ойын айтқан. «Опера» деген не екендігіне мән бермеген де түсінбеген әртістердің көпшілігі бас тартқанда, «Опера деген – ешбір қара сөзі жоқ, басынан аяғына дейін әнмен айтылатын спектакль, жүз шақты музыкант әндерді, арияларды жетелеп, әншіге сүйемел жасайды. Опера ­– өнердің ең жоғары сатысы» деген Құрманбектің сөзін естіген Күләш жаңа ашылмақ театрға баруды бірден қолдайды. Опера және балет театрының негізі қа­ланып, өнер әлеміне қазақ опера­сы­ның алғашқы нәрлі дәні себі­леді. Әрине, Мәскеуден өнер май­талмандары шақырылып, әнші мен бишілердің өнерлері жетілдіре де шыңдала түседі. 1934 жылы шымылдығы «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылып, Айман бейнесі арқылы қа­зақ қыздарының ибалы да инабатты болмысын, ақылды да арлы жаратылысын таныта білген Күләш Байсейітова опера театры­ның жарық жұлдызына айналады. Оның жиірек айтатын «Опера – музыка мен драманың син­тезі, біз оны сахнада аша бі­­­-
л­уі­міз керек» деген қанатты сө­зі теа­тр актерлері мен әнші­ле­рінің жа­дында ұстар қағидасына, өзі жас таланттардың ұстазына айналған. Осы театрда ол сомда­ған Қыз Жібек, Хадиша, Ақжүніс, Ажар, Сара, т.б. рөлдері сол кез­дегі тыңдаушылардың жүрегінен ор­ын тауып, оны «қазақ опера­сы­­ның патшайымы» атандырды.
Қазақ елінің өркенді өнерін танытқан, елінің даңқын асқақ­та­та да халқымыздың жадында сақталған шара 1936 жылғы Мәс­кеу қаласында өткен «Қазақ өне­рі­нің 10 күндігі». Сол жылы осы қалада Ресей, Украина, Грузия, Өзбекстан елдерінің де декадалары өтіп, олардың атақты да танымал композторлары мен ре­жис­сер­­лары (әрине, басқа елдер кл­ас­­сиктері де) қоса қатыса тыңдаған қазақ әнші-бишілері мен актерлерінің өнерлері ең жоғары бағаға ие болған. Осы жолы орыс шеберлерінің нелер ғаламаттары дайындаған мәс­кеулік әншілер де қазақтың өнер дүлдүлдеріне жол беруге мәжбүр болыпты. «Қыз Жібек» операсын­дағы «Гәкку» әнін шырқаған Күл­әш­тің даусы КСРО Орталық Ком­итетінің бас хатшысы И.В.Сталиннің өзін таңғалта, тың­дармандарымен бірге ұзақ қол шапалақтатқан. Сол шаралар қорытындысында Күләш Бай­сейі­­тованың кеудесіне КСРО старостасы М.И.Калининнің қолымен «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылып, сол жылы «Кеңес Социалистік Республикалар Одағының халық әртісі» атағы берілген. Ғажап дауыс пен қа­бі­­-
л­ет­тің, ғаламат патриотық рух пен еңбектің нәтижесі де жемісті.
Әуелде мецо-сопраномен ән шырқаған әйгілі әншінің таң­дайы құрылысының өзгешелігі назар аудартқан. Күләштің аса жоғары ноталарды қиналмай-ақ айта алатын шынайы да табиғи дауысы – жіңішке колоратуралық сопрано екені анықталады. Осын­­дай қайталанбас дауыспен ән сала, талай елдің өнер иелерін там­санту арқылы Шығыс хал­қы­нан шыққан алғашқы әнші әйел – Күләш Байсейтова болыпты. Оның даусының ерекшелігін Кеңес елі ғана емес, басқа елдер­дің дауыс танитын өнер иелері де мән бере зерттеп, жаза бастаған.
Әрине, жезтаңдай әнші тек қазақ композиторларының
туындыларымен шектелмеген. Музыкалық терең білімі болмаса да, ұлттық операмен қатар орыс халқының да, басқа елдердің де шығармашылығына ден қойған. «Евгений Онегиндегі» өр мінезді Татьянаны, грузиннің «Даиси» операсындағы мейірімді Мароны, «Чио-Чио-сандағы» аянышты Баттерфляйді, т.б. ойнаған уа­қыт­тарында қазақтар ғана емес, Ресейдің, басқа елдердің көрермендері, журналистері бас­па беттерінде Күләштің әйел бейнесін, әйел психологиясын, олардың жан-дүниесін шынайы да нақты көрсеткен рөлдік ойындарын бірде күле, бірде жылай тыңдап, ғажайып өнеріне таңғал­ғанын жарыса жазып, ризашы­лық­тарын білдірген.
Солардың бір парасын ғана назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:
«Айман бейнесін көркемдеуде Күләш мені тағы да таңғалтты. Талантты әншінің тамылжыған табиғатының құдіретімен өзінің бойына біткен, туған топырағы­ның нәрімен дарыған дара дауыс, туабіткен ғажайып талап-тілегі­мен ұштаса күтпеген жерден қи­сын-қиюын тапқандай. Әншілігі мен әртістік өнері бір шеңбер іш­інде біріге қабысып, біте қайнас­қандай. Ол қандай рөлді ойнасада барлық күш-қуатын, жүрек қа­лауын, актерлік талантын жұм­сай, шеберлік шегіне жетуге ты­рысатын. Жетті де…» (Қаныбек Байсейітов).
«Куляш Байсеитова это имя – легенда. Она была оперной пе­вицей, которая достигла невероятного успеха: 24-летнем возрасте получила звание народной артистки СССР. Ее имя славилось не только на весь Союз, но и далеко за его пределами. Появление Куляш на звездном небосклоне оперного искусства Казахстана было подобно вспышке яркой звезды. Она затмевала все вокруг» («Правда»,1936 г.).
«…Куляш Байсеитова в роли пленительной героини Кыз Жибек создает трогательный образ, и становится понятно все, что происходит на сцене. Артистка поет с искренной теплотой, и ее исполнение глубоко волнует зри­телей…» («Ленинградская прав­да», 1937 г.).
«…Бұл жас әншінің таңға­жа­й­ып бейнесі маған жан тебірен­терлік әсер еткенін мойындауға тиіспін… Әншінің құйқылжыта шырқауы жеңіл әрі тұп-тұнық мөлдір, ашық та айқын. Дауысы соншалықты өзіне ғана тән, ға­жайып та өзгеше… Мұндай күміс кө­мей, жез таңдай дауысты са­лыс­тыруға болатын басқа бір ән­шіні мен айта алмаймын…» (В.В.Барсова, КСРО халық әртісі).
«Ваш чудный образ Баттерфляй,
И плачь Маро в «Даиси»,
Наполнил душу всех людей,
Особенно в Тбилиси.
Теплом и радостью за Вас,
За Вас и за казахов…».
(«Молодежная газета» студентов Республики Грузии).
«Біздің үйімізге басқа қала­лар­дан, тіпті шет елдерден келген құт­тықтауларды, бума-бума газет-журналдарды оқып, әке-шешеміздің жетістіктеріне масайрайтын кездеріміз болатын, бірақ олардың бәрін оқуға, әсіре­се анамыздың уақыты болмайтын» (Құралай Байсейітова).
«Мен кімді ойнасам да, әдемі де асқақ Жібекті ме, салиқалы да сайқалдау Ақжүністі ме, болмаса мейірімді Маро не қайғылы Баттерфляйды ма.., менің алдымда АДАМ бейнесі тұрады. Мен сол адам­ды көрермендерге таныта біл­уім керек…» (Күләштің өз естелігінен).
Күләш Жасынқызының қай­раткерлік еңбегі де тарих бетінде таңбаланған. Өзінің лауазымдық қызметін және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік сыйлық тағайындау комитетінің, Дүниежүзілік Бейбітшілікті сақ­тау комитетінің мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарын беріле атқарған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ бұлбұлының барша ха­лықты, оның ішінде солдаттарды рухтандырар әндері радио торабынан, ел аузынан жиірек ес­тіліп, есімі баспа беттерінде жа­рия­ланған. Қан майданда кон­­церт­терін өткізіп, әндерінің құдіретімен жауынгерлердің жүректерін жалындатып, кеу­де­леріне күш бітіре рухтарын кө­теріп Ұлы Жеңіске жетуге өзінің бар өнерін, күш-қуатын аяма­ған.
Соғыс аяқталған жылдардан кейінгі Одақтас Республикалар­дың басына түскен тауқыметті жоюға, халықтың әл-ауқатын көтеруге белсене араласқан. «Өз рес­публикамызды ғана емес, КСРО үкіметінің «Қаусаған қала­лары мен қираған зауыт-фабрикаларын қалпына келтіру» шешімімен құрылған комитеттің Михаил Шолохов, Күләш Байсейітова сынды мүшелерінің халықтың мәдени өмірін, театр мен оқу орындарын бір жүйеде өркендетудегі іс-әрекеттері де аз болмады…» (Ш.Хасенов). Күләш Байсейітованың сол М.Шолоховпен бірге Варшавада өткен Дүниежүзілік Бейбітшілікті сақтау II-ші Конгресіне қатысып, жер жүзі халықтарын бірлікке, ынтымақшылдыққа шақыра сөйлегені де белгілі.

Тілеуғалы Әміртайұлы, ардагер педагог,
 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір