Фарабидің ізгі қала туралы шығармасы
07.04.2017
5387
0

Гүлжиһан
НҰРЫШЕВА,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Философия кафедрасының меңгерушісі

Түркі дүниесінің көрнекті ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің энциклопедиялық ілімінде философия ғылымы ерекше орын алады. Ол зерттемеген ғылым саласы жоқ, бірақ болмыс, таным, ойлау, тіл, жан, адам, қоғам туралы философиялық пайымдаулары аса маңызды. Адам өмірінің басты мақсаты – бақытқа жету, ізгілікті қоғамда өмір сүру деп түсінген оның ілімінен бүгінгі адамзатты мазалап отырған өзекті мәселелердің жауабын таба аласыз. «Біз әл-Фараби аңсаған ізгілік қаласын салып, парасатты қоғам орнатудамыз» деген Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында да осы ойлар жалғасын тапқан. Ғұлама философтың «бақытқа бірлесе, бір-біріне көмектесіп жету жолын таңдаған халық өмір сүретін ізгілік қаласы, оның Басшысы туралы» пікірлері қазіргі заман адамына өте керек дер едік. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде іске қосылып, табысты жүргізіліп отырған «Al-Farabi university – cmart city» ғылыми-инновациялық жобасы осы ілімге негізделген. Ғұлама ғалымның байырғы заманда аңсаған ізгілік ілімі бүгінгі күні де өзекті болғандықтан, «Философия әліппесі» айдары аясында әл-Фарабидің ізгілік қаласы жайлы шығармасының аудармасын ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.

Өзара көмекке мұқтаждық

Толық қоғам үш түрлі болады: үлкен, орта және шағын.
Үлкен қоғам – жер бетін мекендеп отырған барлық қоғамдардың жиынтығы, орта қоғам – қандай да бір халықтың, ал шағын қоғам – белгілі бір халық мекендеп отырған қала тұрғындарының қоғамы.
…Адамдарын ең биік бақытқа жеткізу үшін бір-біріне өзара көмек көрсету мақсатымен біріккен қала – ізгілік қаласы. Адамдары бақытқа жетелеу үшін бір-біріне көмектесетін қоғам – ізгі қоғам. Қалаларының бәрі бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін халық – ізгі халық. Дәл осылайша, бақытқа жету үшін тұтас халық бір-біріне көмектесер болса, күллі жер шары ізгіліктің мекеніне айналады.
Ізгілік қаласы – ағзаның өмірін сақтау және ағзаны толыққанды жақсарту жолында дененің барлық мүшелері бір-бірінің жетілуі үшін жұмыла әрекет ететін, сау дене сияқты. Адам тәнінің әрбір мүшесі жаратылысы мен қабілеті бойынша бір-бірінен ерекшеленетіні секілді (мысалы, денедегі басты мүше – жүрек, осы басты мүшеге өздерінің дәрежесі бойынша жақын орналасатын мүшелерден тұрады. Бұл мүшелердің өздері атқаруы тиіс белгілі бір қызметі бар), қала бірлестігінің мүшелері де өздерінің орналасуы бойынша бір-бірінен дәл осылайша ерекшеленеді.
Қалада белгілі бір адам – басшы және осы басшыға өздерінің дәрежелері бойынша жақын адамдар бар. Олардың әрқайсысы басшы көздеген мақсатты талап ететін әрекетті өздерінің қызметтік дәргейі мен қабілеттеріне сай жүзеге асырады. Бұл адамдар бірінші сатыда орналасқан. Олардан төмен, екінші сатыда – алғашқылардың мақсаттарына сай әрекет ететін адамдар орналасады. Әрі қарай – дәл осылайша келесілердің мақсаттарына сай әрекет ететіндер топталады.
Дене мүшелері – табиғи мүшелер, қала бірлестігінің мүшелері де табиғи болғанымен, олардың орындары және қаланың мүддесі үшін жүзеге асыратын қабілеттері табиғи емес.

Ізгілік қаласы басшысының қасиеттері

Басшы – адамдардың ешқайсысына бағынбайтын адам. Өзінің бойында туабіткен он екі табиғи қасиет­терді біріктірген адам ғана басшы бола алады. Ол он екі қасиет мыналар: толық жетілген, өзіне міндеттел­ген қызметті орындауға бейімделген; естігенін бірден түсініп және көз алдына елестете алады, айтушының түсінігі бойынша істің қандай болғаны және іс жүзін­де қалай болмағын салыстыра екшей алады; түсініп, көріп, естіп отырған нәрселерінің бәрін, ештеңені ұмытпай есінде жақсы сақтайды; қандай да бір заттың кішкене ғана белгісін байқағанда ол белгінің нені нұсқап тұрғанын тез түсінетіндей қырағы да алғыр; мәнерлеп сөйлей алады және өзі ойлағанның бәрін толық әрі анық жеткізе біледі; үйрену мен танымды сүйеді; тамақ, сусын ішуде және жыныстық қатынастарда ұстамды, табиғатынан ойыннан аулақ жүреді және ойынқұмар емес; шындықты және оны қорғаушыларды сүйеді, өтірікті және өтірік айтатындарды жек көреді; жаны таза және ар-намысты жоға­ры қояды; оның жаны табиғатынан барлық пасық істерден аулақ тұрады және туабіткеннен асқақ әре­кеттерге ұмтылады; жердегі өмірдің дирхем, динар және тағы басқа жақтарын жек көреді, табиғатынан әділдікті және оны қорғаушыларды сүйеді, әділет­сіз­дік пен зорлық-зомбылықты және оларға жақындарды жек көреді; өз адамдарына және бөтендерге әділ, әділетсіздік құрбанының шығындарын өтейді; әділ, бірақ қыңыр емес, әділдіктің алдында қасарыспайды, бірақ кез келген әділетсіздік пен опасыздықтың алдында тайсалмайды; өзі қажет деп санайтын әре­кет­ке баруда табандылық көрсетеді және батыл, ержүрек, қорқыныш пен жасықтықтан ада.
Мұндай қасиеттің бәрінің бір адамнан табылуы – қиын, табиғи дарынды адамдардың өте сирек кез­де­сетіндігінің және ондай жандардың аз екендігінің де себебі – осы. Егер де осы қасиеттерге ие адам ізгілік қаласында табылып жатса және жоғарыда айтылған қасиеттердің алғашқы алтауы немесе бесеуі әлгі тұл­ға­ның бойында байқалса, қабілеттілігі жағынан оған тең келетін өзге адам табылмаса, дәл осы адам ізгі қаланың басшысы болады. Мұндай адам табылмай қал­ған сәтте, қала басшысы мен оның ізбасарлары, егер де олар қаланың басында ретімен отырған болса, тағайындаған заңдар мен ережелер басшылыққа алы­нады.
Ізгі қаланың басшысын сипаттайтын келесі белгілер мынау:
Біріншіден, дана болу.
Екіншіден, бірінші басшы тағайындаған заң­дарды, ережелер мен салттарды біліп, жадында сақтап және өзі де осы ережелерді ұстану.
Үшіншіден, өзінен бұрын басшылық еткендер қан­дай да бір ереже туралы айтпаса, ереже жасауда тап­қырлық таныту, бірақ бірінші имамдардың үлгі­сімен жүру.
Төртіншіден, сол уақыттағы жағдайды да, бірінші имамдар болжай алмаған болашақ оқиғаларды да кез келген уақытта танып-білуге мүмкіндік беретін қырағылық және аңғарымпаздық қасиетіне ие болу; қаланың әл-ауқатын жақсартуды өзінің мақсаты етіп қою.
Бесіншіден, бірінші имамдар жасап кеткен және олардың үлгісімен өзі жасаған заңдарды халық мүл­тіксіз орындауы үшін өз сөзіне халықты ұйыта білу.
Алтыншыдан, әскери істерді жүргізуге қажетті дене күшіне ие болу, сонымен қатар, әскери өнерді – қызмет өнері және басқару өнері ретінде білу.
Бір өзінің бойында осы қасиеттердің бәрін біріктірген адам табылмаса, бірақ біреуі дана, ал екін­шісі басқа шарттарға сай болса, онда екі адам да қала басшылары бола алар еді. Осы қасиеттер адамдардың тұтас тобының өкілдерінің арасында: біреуі – дана­лық­қа ие, басқасы – тағы бір қасиетке, үшіншісі – тағы біреуіне, төртінші, бесінші, алтыншысы – тағы біреуіне ие болса, онда олар бір-бірімен келіскен жағ­дайда, бәрі бірдей ізгілікті басшы бола алады. Күн­дердің күнінде басшылықтан даналық тайса, онда ол басқа шарттарға сай болса да, ізгілік қаласы билеу­шісіз қалсын. Себебі, мұндай жағдайда ізгі қа­ла­ны даналықтан айрылған басшы билей алмайды, ал қаланың өзіне күйреу қаупі төнеді. Мұндай бас­шы­ның қасына ақылшы болатын дана адам табылмаса, қала біраз уақыттан соң міндетті түрде күй­рейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір